Сағындықова шынар молдабаевна мұрат мөҢКЕҰлы шығармашылығындағы заман зары


Зар заман поэзиясының бастау көздері



бет9/15
Дата20.09.2023
өлшемі148,65 Kb.
#108897
түріДиссертация
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15
Байланысты:
Сагындыкова Ш. Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы заман зары

1.2 Зар заман поэзиясының бастау көздері
Әдебиетіміздің тарихы ежелгі дәірден тамыр тарататыны секілді поэзиядағы зар заман құбылысының да өзіндік бастау көздері, қалыптасу арналары, даму процесі бар. Ертедегі әдебиет нұсқаларында осы ағымның бастапқы нышандары – заманға көңіл толмастық, дүниеден жеріну, адами қасиеттердің азып – тозуын айтып, дәуірге наразылық білдіру сарындары байқалады. Уақыттың көші ілгері жылжыған сайын поэзиядағы мұндай көңіл – күй күшейе түсті. Ақыры әр қилы арнамен бір ағымға келіп тоғысты. Бұған тарихи дамуды зерделеу әрі әдебиеттің өсіп - өркендеу жолын саралау арқылы түсінік берілмек. Зар заман құбылысының мән – мағынасын ашып, бастауын қайдан алып, қалай өрістегенін айқындау үшін елдің тарихнамасына халықтың сөз өнерінің шежіресіне сүйенбей пайымдау жасау әсте мүмкін емес. Поэзияның қай түрінің де бай дәстүрі, терең тағылымы бар екені анық.
Қазақтың фольклорлық мұраларын қалыптастырған халық санасындағы мол оппозициялы ұғымдар зар заман әдебиетінің негізін қалайды. Ежелгі жұртпен бірге жасасып, тіршілігінің тінін құрап келе жатқан бір – біріне қайшы ұғымдардың қақтығысы, бәсекелестігі, рухани өрісті де қозғалысқа келтірмек және мұның әр кезеңдегі көріністері де түрліше болады. Бұл турасында фольклоист – ғалым Шәкір Ыбыраев былай дейді: “Жамандық пен жақсылық, ерлік пен ездік, кісілік пен кәсіпкерлікті, адамдық пен адалдықты, зорлық пен қорлықты, күштілік пен әлсіздікті, достық пен қастықты, өзімдікі мен өзгенікі дегенді халық өзінің әлеуметтік, қоғамдық, өмірлік болмысына қарай жіктеп келді… Бір ғажабы, мол оппозициялы ұғымдардың фольклор поэтикасындағы негізгі бітімі өзімдікі және өзгенікі деген түсініктердің маңына топтасуында екен. Әлгі айтқан ұғымдардың бір сыңары, яғни, жамандық, ездік, қастық, күштілік, зорлық, т. б. Мұнда негізінен өзгеге, дәлірек айтсақ, жауға тән қасиет болып шығады... Осындай ұғымдарды өзгелерден қол үздіріп,ұлттың өз ішіндегі кесір – кесапатқа қарай бұру Махамбет, Дулат, Шортанбай поэзиясынан көрініс тапты”.
Ел мен жерді, жігер мен намысты сақтап қалу үшін, талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, заманның зары мен запыранын көрген қазақ ұлтының қилы қалыптасу кезеңдері жайында жазушы Әбіш Кекілбаев былайша ой өрбітеді: “Шекарасын айдаған малының тұяғы, астанасын – жайлаған көлінің құрағы, береке бірлігін – ауыз екі уәде, тәртібі мен төрін ауыз екі уәж шешіп, дәулеті – төрт аяғына, әулеті – екі аяғына жалынған көшпелі қауым ішіне ала, іргесіне шала түскен кездің бәрінде де омырыла құлдырап, ойсырай дағдаратын зар заманға ұшыраған да отырған” [10.54]. Жұртымыздың тарихын талдап – таразылаған уақытта “зар заман” тіркесінің ойға оралатыны сөзсіз.
Ә. Кекілбаев қазақ даласы соңғы мың жылдықта зар заман дәуірін төрт рет бастан кешкен деп тұжырымдайды.
“Иман ұясы мешітте көпке уәжі өтпеген хазіретті Иассауи жер астына тірілей сүңгіп кетті, билік ұясы Ордада бекке уәжі өтпеген Қорқыт барар жер, басар тау таба алмай, ел ақтап кетті. Бұл – біздің күні бүгінге дейінгі желісін үзбей келе жатқан дәстүрлі рухани тарихымыздағы ең бірінші Зар заман еді”…[11.57].
Ұлы тұлғалардың өз ортасынан безінуі, оларды болмыстың қанағаттандырмауы – қоғамдағы рухани күйреудің, ар – ұяттың құнсызданғанына наразылықтың көрінісі. Заманның түріне көңіл толмастың, тіршіліктен оқшауланып, ізгілікті өзге бір әлемнен іздеу сарыны әдебиетімізге сол дәуір арқылы келді. Зар заман поэзиясының эсхатологиялық сипатының басым болуын да осы кезең ойшылдарының ақырзамандық тұжырымдары ықпал етті. Ал бұдан соңғы дәуір жаугершілік пен шапқыншылықтың залалымен байланыстырылады: “Қараталда іріген ұйытқы Еділ бойында қайта ұйысты. Бас – аяғы бес ғасырға созылған далалықтардың жаңа дәурендеуінің түбіне Ақсақ Темір жетті… Бір – бірінің жағасына жармасып жүріп, іргедегі ата жауларын қалай күшейтіп алғандарын өздері білмей қалған көшпенділер бірінен соң бірі жат құлқынға жұтыла бастады. Аран ауыздан алысырақ қоныс аударып аман қалудан басқа амал таба алмаған Асан Қайғы желмая мініп, жер кезді. Бұл – біздің тікелей бабаларымыз кешкен екінші зар заман еді” [11.60].
Келешектің келбетіне көрегендікпен үңілген Асан абыздың болжамдары кейін зар заман поэзиясының негізгі жемісіне айналғанын ескерсек, ойшылдық ғұмыр кешкен дәуіріндегі сауалды тарихи – танымдық тұрғыдан салмақтап саралаудың маңызы зор. Оның өлең – толғауларына өзек болған халықтық - әлеуметтік көңіл – күй зар заман жырларында да айқын көрініс тапты. Бұл ағымның жеке өкілдері Асан Қайғы тұлғасын идеал тұтты. Асан заманының сипатымен салыстыра отырып өз дәуірінің табиғатын кең танытуға ұмтылды. Жазушы ел тарихын қазақ халқының басынан кешкен зар замандар арқылы дәуірлегенде, әрине, алдымен өзгенің жеріне сұқтану әрекетінің алғашқы нышандары белгі берген. Кейіннен кең даланы емін – еркін билеп – төстеген отаршылдық кезеңді де қамтиды: “…Қаратау бойында қайтадан ес жиып, өз хандығына ұйысқан қазақтардың төбесіне тағы да қиқу төнді. Тағы да төбелестің астында қап, тағы да басымыз шашылды. Бұл – үшінші Зар заман еді…
Дәурені тасқанда көршілерді ықтырып, дәрмені басылғанда бос жатқан қоныстарға ығысып, әйтеуір, кең жүріп, кең тұрғанға үйренген күздіктерге ауып қона салар адыра қоныстар мен бөрікпен басыр алар бос белбеу көршілер де қалмады. Өзінікі түгілі, өз жер, өз суы мұң болды. Атақонысыңның шөлі – сенікі де, көлі – басқанікі, шаңдағы – сенікі де, шалғыны – басқанікі, бетіндегі қылтанақ түгі сенікі де, астындағы алтын қойма – қазынасы басқанікі заман туды… Күллі ұлысыңмен ұлытып жіберетіндей нағыз үлкен Зар заман осы болды”.
Қасіретке ұшырағанда кешегі күнді жоқтау, елдің зарын зарлап, қайғыру сарынын сонау Орхон ескерткіштеріндегі Күлтегін жазуларынан ұшырастырамыз. “Жазуда хроника мен жылнама, жоқтау аралас. Тілінде таптық қоғамы тән қаған, бек, тархан, тардүш, шад, бодан, құл, күң дейтін касталық сөздер басым. Жазудың әдеби, тарихи, этнографиялық, тілдік мәні айрықша зор” [12, 39] – деп Ә. Қоңыратбаев баға берген осы жәдігерлік ескерткіштерден кейіннен халықтың ой – арманымен, ұлттық ұлы мұратымен үндескен зар заман поэзиясына бастау – бұлақ болған негізгі желіні табатынымыз анық.
Орта ғасырлық ойшылдарымыздың бірі Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат – түрік» жинағындағы түркі халықтарының бейіттерінен зар заман жырларына айна – қатесіз ұқсас үлгілерді ұшырастыруға болады. Бұл бейіттердегі тұжырым бойынша, заманның ашуы тектіліктің жойылуына, бардың бағасының төмендеуіне, парасаттың азайып, пейілдің тарылуына, яғни, адамның азғындауына байланысты. Бейіттерде заманды бұзатын, сорақылыққа бастайтын нәрсе ретінде адам қолынан жасалатын жамандықтар ауызға алынады. («Заманның қас дұшпаны сұғанақ қол, Апарар сұмдықтарға сүреңсіз жол», пенделердің парықсыз іс - әрекеті түбінде жер – дүниені құртып тынатыны айтылады «Су тартылып, ауа болды жермен жексен»).
М. Қашқари сөздігіндегі өлеңдерге өзек болған негізгі желі – заман және адам. Өзгерген заманды, азған адамды біртұтас құбылыс күйінде қабылдап, тілге тиек еткен бейіттер аз кездеспейді. Мысалы:
Дүние қызынды,
Адам азып, бұзылды
***
Адамды заман күйі әлсіретті
***
Бүтіндей заман өзгерді,
Құтыртып жаман ездерді
Адамдар өтірік сөзге ерді,
Парасатты бек кеткен соң.
Заманға көңіл толмаушылық, адамның азғандығын айтып, торығушылық Қашқари заманына дейін де, одан кейін де болған. Яғни, әдеби шығармаларда үздіксіз жырланған тақырып, тұрақты мотив. Замана ахуалының, адамның ықылас – пейілінің өзгерісі «Диуана лұғат ат - түріктегі» поэзиялық шығармаларға өзек болғаны дау тудырмайды.
Заманның азғаны мен тозғаны туралы толғамдарды Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінен» («Құдадғу білік») де кездестіруге болады. Жүсіп адам бойындағы асыл қасиеттердің құнын кетірген, елдің пейілін өзгерткен кезеңнің келгеніне налиды («Ей, білікті, бақсаң заман сыңайын, Бәрі өзгерген, өзгерткен ел райын»), халықтың тағдырын ойлап қайғырады. Ғұламаның қалдырған мұрасын жан – жақты талдап – таразылаған кезде, зар заман ақындарының жырларындағы негізгі ой – толғамдар Баласағұн тұжырымдарымен берік үндесетініне куә боламыз.
Жүсіп:
Кішіде - әдеп, қалмады ақыл ағады,
Сыйластық жоқ, бөктік дау – шар, жалаға.
Әбубәкір:
Ағадан кетті ағалық,
Ініден кетті кішілік.
Жүсіп:
Ел ақшаның құлы болды, табынды.
Күміс кімде болса, соған жағынды.
Мұрат:
Ақшаны сүйеніп,
Айтқан сөзі бұл болды.
Жүсіп Баласағұн шығармасындағы ақыр замандық сарынның болжауды келер шақта емес, бастан өтіп жатқан әдеттегідей күйінде көрінуі көп нәрсені аңғартады. «Құдадғу біліктегі» заманның азуы, ақыр заманның орнауы, адамдық қасиеттердің жоғалуы ақшаның үстемдік етуі сарындары кейіннен, отаршылдық кезеңде туған зар – заман поэзиясына өзек болды.
Зар заман поэзиясының негізгі арқауы болып табылатын өз төңірегіндегі құбылыстарға көңіл толмаушылық, бей – берекет әрекеттерді ақыр заманға телу үрдісінің бастау бұлағы сопылық әдебиетінің ірі өкілі Қожа Ахмет Иассауидің әйгілі ақыл кітабы – «Диуани хикметтерінде» жатқаны дау тудырмайды. Мұны алғаш атап өткен М. Әуезов бастаған әдебиетшілер: «Заман азды, заманның ұлығы азды, байы азды, атасы мен баласы азды – бұның бәрі ақыр заман нышаны деу ескіден, XII ғасырда тіршілік еткен Қожа Ахмет Иассауиден қалған сарын»[13; 56].
Ұлы ойшылдың өлеңімен өрілген алпыс тоғыз хикметтің өн – бойын жайлаған «зар» ұғымы бар екені аңғарылады. Бірде жұрттың зары, бірде жеке адамның зары, кейде ақынның өзінің зары ретінде көрінетін бұл ұғым хикметтерде діни наным – сенім бойынша бұл дүниеде зар жыласаң, бақи дүниеде рахатқа батасың деп түсіндіріледі. Мәселен, «Зар еңіреумен күні – түні көзілмей бір», «Зар жыламай хақ дидарын көрмес, достар».
«Хикметтерде» сипатталған заман – қатігездік жайлаған («Ел – жұрттан мейір, шапағат кетті достар»), тәрбиесіздік пен арсыздық билеген («Үлкен, кіші адамдардан әдеп кетті, Қыз – келіншек нәзіктен ұят кетті») заман.
Ежелгі дәуір әдебиетінен бастау алатын өз ортасына көңіл толмаушылық, заманнан жирену мотивінің негізін құрайды. Дәл осы мотив бірте – бірте дами келе отаршылдық кезеңдегі зар заман ағымын қалыптастырған арнаның бірі болды.
Зар заман поэзиясының табан тірейтін тағы бір қазығы – болжал өлеңдер. Болжал өлеңдерде, әдетте, келешектен күтілген қауіп – қатер, кесел – кесапат жөнінде айтылады. Қазақ әдебиетіндегі болжал өлеңдерді саралағанда отаршылдық дәірді күн ілгері тұспалдаған Асан Қайғының толғамдарынан бастайтынымыз анық.
«Зар заман ақындарының барлығындағы сары уайым Асан бастаған сарын. Сондықтан зар заман ақындарының алғашқы белгісі Асан Қайғыдан басталады дейміз» [14; 201] – деген М. Әуезов.
Аты аңызға айналған бабамыз келер заманның сипатын айна – қатесіз болжап берген. Болашақта қиындықтың қыспаққа алатыны, ел ішінің азып – тозатыны, тіпті орыс билігінің үстемдік құратынына дейін айтылады.
Асан атаның алдағы дәуірге көріпкелдік жасаған осы бір өлеңнің М. Әуезовтың өзі зерттеу еңбегіне арқау еткен:
Мұнан соң қилы – қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып, жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені жаман болар.
Ол күнде қарындастан қайырым кетер,
Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер,
Ұлы, қызың орысқа бодан болып,
Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер.
М. Әуезов Асан Қайғыны қазақ елінің орыс билігіне мойын ұсынуы мәселесі әлі туындай қоймаған Әз – Жәнібек заманынан беріде, Абылайдың дәуіріне жақын кезеңде өмір сүрген адам деп есептейді. Бұл ойын жазушы: «Асанның айтқан сөздері келгенсайын ел оны, тіпті кәрі заманды болжап, біліп қойған кісі қылып, атағы мен білімін зорайтып, ғайыпты болжаған қыралығын күшейту үшін өз қолымен әдейі алыс заманға апарып қойғысы келеді» [15; 198] – деп негіздейді. Осылайша Асанды Абылай дәуіріне жақындатқан М. Әуезов сол кездегі зар заман ақынының екі түрін атап кетеді: «Мұның бірі, елге келер күннің жұмбағын шешіп беріп, үлгі өсиет сөйлейтін, болжап айтқан қария, екіншісі толғау айтқан жырау. Оның алғашқысы Асан Қайғы да, кейінгісі – Бұқар жырау».
«Қайран ел, есіл жұрт не болады?» деген ауыр сұрақ, алуан жұмбақ сол заманның барлық жақсысына тағдыр түйініндей кеселді түйін болған. Қалың қазақтың ішінен «Не болды?» деген сұрақты ең алдымен өзіне қойған Асан. Содан кейінгі заманда шыққан жақсының барлығы да сол сұрақты мың қайтарып айтқан, бірақ ешбір жауап беріп, шешу айта алмаған. Әуел басы Асаннан басталып барлық зар заман ақындары осы сұрақтың алдында не дерін білмей, қайғылы қара жамылып тұрып, амалы құрығандықтан күрсініп жылап, күңіреніп өткен – деген М. Әуезов сөзі тек ұлы ойшылдың өміршең сөздерінің табиғатын танытқандығымен ғана емес, кейінгі зар заман поэзиясы өкілдерінің шығармашылық болмысын дәл бейнелегендігімен де ерекшеленеді.
Халықтың ой – арманымен өзектес «Жерұйық» Асанның іздеген, бірақ таппаған нәрсесі. Ал «Зар заман» болжап білген, бірақ көрмеген дәуір.
Асан Қайғы есімі зар заман ақындарының ішінен Мұрат Мөңкеұлының шығармаларында көп ұшырасады. Мұның өзіндік себебі бар. Мұрат ақын Асан толғауларынан басталатын «ауа көшу», «қоныс аудару» сарынына үн қосады. Қоныстың құтсыздығы – ақынның негізгі тұжырымдарының бірі. Ол көшкен елдің әйгілі адамдарын санамалап жырға қосқанда, Асан есімін ауық – ауық атап отырады: «Асан би жердің үстін барлап кетті», «Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай, Біз түгіл осылардан қалған қоныс».
Асан Қайғыдан кейінгі жыраулар шығармашылығы жауынгерлік рух пен көтеріңкі пафосқа толы. Ұлы даладағы ұлы дүбірді құлаққа жеткізген осы сарын Бұқар толғауларында сәл өзгеше күйге аусады. Жан – жағындағы құбылыстарды да, алыс келешекті де жіті барлайтын жыраудың көңілінде алаңдау байқалады. Жырларында ақ алмастай өткірлік пен еңсені езген қайғы – мұң қос – қабат жүреді. Бұқар болашақ заманның сипатынан қауіптенген Асанның әуеніне ойысады, оның ой – тұжырымдарына өз үнін қосады. Асан Қайғының «Қилы – қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар», - деп келер заманға көріпкелдік жасаған сөзін Бұқар жырау былайша дамытады:
Қарағай судан қашып,
Шөлге біткен бір дарақ.
Балықтан шыққан бір қарақ
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп [ 16; 32]
Сондай– ақ кейбір деректерде Асан Қайғының бұлайша жұмбақтауының мәнісін ұғына алмаған Абылайханға Бұқардың түсіндіргені делінеді. «Қарағай басын шортан шалар» - үйлесімсіздікті үйлестіріп тұрған күрделі тіркес. Суда жүзген шортанның қара жердегі Қарағайдың басына шығуы топан су қаптаған заманақырды ғана көзге елестетсе керек. Бұқардың түсіндіруінше, ел басына зауал келсе, болуы мүмкін емес нәрсенің бәрі де болады: «Ойлама шортан ұшпас деп, Қарағайға шықпас деп»,- осынау тұжырымның көрінісі.
Балық атаулының ішінде аса бағалы емес шортанның көкпен таласқан қарағайдың басына ұмтылуы жақсылықтың нышаны болып есептелмейді. Сондықтан да Бұқар ол заманнан имандылық күтпейді. Керісінше, оңы сол, солы оң болып өзгеріп, асты үстіне, үсті астына қарай аударылған, басы аяғына, аяғы басына ауысқан бір аласапыран дүниенің келе жатқанын хабардар етеді:
Сондай заман жеткенде,
Шаңырағың күл болар.
Еліңе қауіп төнгенде,
Ата ұрпағың құл болар.
Қалаларың қас болар,
Қаскөйлігің бас болар [16;63].
Бұқардың зар заман ақындарынан айырмашылығы неде десек, Шортанбай, Әбубәкір, Мұрат өлеңдеріндегі осы шақта айтылған құбылыстарды келер шақта баяндауында. Зар заман поэзиясы – Бұқар болжамының ақиқатқа айналуының көрінісі. Бұл кезеңнің өкілдері «заманның азғанын, бай мен төренің дүниеге құнығып, қайырсыз болғанын, малдың айырбас болып, сауданың қадірі кетіп, ақша деген бәленің шыққанын ақыр заманның құбыжық белгісіндей көреді».
Сонымен, «Қарағай басын шортан шалар – Асан Қайғының жұмбағы болса, бұл жұмбақтың шешуін айтқан – Бұқар жырау».
Осы тұрғыдан алғанда Бұқардың дәірі де төрт құбыласы келісіп тұрған жоқ.
Әй заман – ай, заман – ай,
Түсті мынау тұман – ай.
Істің бәрі күмән – ай,
Баспақ – тана жиылып,
Фәни болған заман – ай.
Құл – құтандар жиылып,
Құда болған заман – ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман – ай, [16 ;31].
Бұқар жыраудың толғауындағы осындай оралымдар кейін зар заман поэзиясына өзек болды. Бұқар жырау өзі болжаған қауіп – қатердің қайдан келетінін де анық аңғартты. Ол шығыс пен батыстағы шеңгелі мықты қос көршінің арасына қоныс тепкен қазақ жұртының тағдырына алаңдады.
Сондай – ақ ұлы жырау батыстағы көршінің отаршылдық пиғылы жөнінде былайша болжам айтады:
Құдайды білмес, діні жоқ.
Жамандықта міні жоқ.
Осы сынды бір кәпір,
Аузы – басы жүн кәпір.
Жаяулап келер жұртыңа.
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртына.
Жемірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды.
Өлтірмей алар жаныңды.
Болжам сарынымен Абылайға айтқан толғауында ел – жұртқа төнер қауіп – қатерді нақтылай түседі. Енді «Күн батыстан бір дұспан» деп жұмбақтамай, болмай қоймайтын зауалдың хабарын айтады:
Бөтен елмен үйір боп,
Іргеңізді қоспаңыз.
Кәпір алмас демеңіз,
Наны қатты жемеңіз.
Зәбірі қатты бұл кәпір,
Алмай қоймас демеңіз.
Бұқар өз дәуірінде болашақ заман туралы түсінік қалыптастырды. Жырауға құлақ салсақ, келер заман – қазаққа жайлы болмайтын заман, рухани күйзеліске, азып – тозуға, жүдеп – жадауға, керек десеңіз, қырылуға әкеп соқтыратын заман. Бұдан шығатын жол жоқ. Кейіннен зар заман поэзиясындағы кеңінен көрініс тапқан көшпенді өмірдің қағидаларына жат құбылыстарға – қала, қорған, бекініс салуға («Кәпір қала салды, ойла»), мал – жанның есебін алуға («Қағазға жазар малыңды, Есепке алар барыңды») қарсылық қарсылық Бұқар жырау толғауларында да кездесуі дәуір өзгерістерін сезініп – түсіну хақындағы сабақтастық пен үндестіктің дәлелі.
Елдің келешегін, ұрпақтың ертеңін ойлап күңіренген Асан абыз бен Бұқар жыраудың болжамдары расқа айналды. Қазақ жұрты зорлығы мен зобалаңы, тепкісі мен теперіші, озбырлығы мен ойраны көп отаршылдық дәуірді басынан өткерді. Заманы зарлы, жүрегі шерлі халқымыз бабалардан жеткен сөз – «Қарағай басын шортан шалудың» не екенін ұқты.
Қазақ зар заман поэзиясы - өз дәуірін қызығы кеткен, базары тарқаған шақ деп сезінудің жемісі. Яғни, ақырзаманның ауылы жақын қалды деп түйсінуден туған өлеңдер. Әбубәкір Кердерінің мезгілдік ұғымдарды адам ғұмырының әр сәтімен байланыстырып («Жастық дәурен, жазға ұқсас, Кәрілік дәурен қысқа ұқсас»), пенденің бұл дүниедегі сапарын төрт санына теліп қоюы («Тірліктің дәуірін, Төртке бөліп болады»), соның бәрін салмақтап, «Қыс – қиямет белгісі» деп тұжырымдауы оның оқығаны мен тоқығаны көптігін, сана – сезімінің тереңдігін дәлелдейді. Сондай – ақ Шортанбайдың заманның азып – тозуы туралы толғай келіп, «Қыс көбейді, жаз аз боп, Бай таусылды, мал аз боп» деуінде де мән бар [17,145].
Зар заман поэзиясындағы ақырзамандық сарын екі түрлі ыңғайда байқалады. Соның бірі – «заманақыр таянды, қауіп – қатер жақындады» деп топшылау, екіншісі – «зауал келді, нәубет басқа түсті, демек, ақырзаман дегеніміз осы» деген түйін. Алғашқысы болжал өлеңдермен сабақтас, соңғысы – айналасындағы құбылыстардан жеріген ақындық көңіл – күйдің көрінісі.
«Заманақыр таянды» тұжырымын отаршылдықпен байланыстыру негізінен Шортанбай, Әбубәкір шығармаларына тән. «Әр нәрсенің болжалы, Келе жатыр жақындап», - деп өзінің эсхатологиялық формуласын түзген Шортанбай осы қағиданы мықтап ұстанды:
Заманақыр таянды,
Таянбай енді неғып тұр.
Артыңнан кәпір аңдып тұр.
Алайын деп қай күні
Аманат малдай бағып тұр.
Сондай – ақ Әбубәкір Кердерінің де ақырзамандық концепциясы өте айқын. Оның бұл турасындағы тұжырымдары діни қағидаларға, имандылық шарттарына негізделген.
Кердерінің заманның азып – тозуы хақындағы ой – пікірлері Асан Қайғы мен Бұқардың отаршылдық дәуір турасындағы болжамдарынан туындайды. Ұлы ойшыл «болуы мүмкін» деп тұспалдаған, ұлы жырау «Болар анық» деп нақтылаған зорлық – зобалаңды Әбубәкір өз көзімен көрді. Сондықтан оның зары болған, орныққан кезеңнің зары. Асан тұсында жұмбақтап айтылған заманның өз басына келгенін ол былайша жеткізеді:
Замана жылдан – жылға түрлі болды,
Күн болды қарағай басын шортан шалған.
Бақа би қалған көлге деген болып,
Біздерге әркімдер де көзін салған.
Әбубәкір эсхатологиялық көңіл – күйі әр түрлі ыңғайда көрініс табады. Бірде ол болмысты тұтас алып қарастырады. Бүкіл жер мен көктің арасындағы жабырқаулы дүниенің сипатын танытады:
Тұман басты заманды,
Біз заманға не қылдық.
Заманның түбі қылдай – ды.
Қыл үзілсе басыңнан,
Жалғыз сағат тұрмайды.
Аспанда ай, күн тұтылды,
Көріп пе едің мұндайды [17,142].
Осы тақылеттес толғамдарда заманды да, адамды да, табиғатты да кері кету, құлдырау процесіндегі басты нысандар деп түсініп, «бүлінген дүние» ұғымын орнықтыруға тырысу айқын байқалады. Дей тұрсақ та, Әбубәкір поэзиясында заманақырды жеке адам басындағы дағдарыс, теріс пиғыл, зұлымдық әрекет турасында түсініп – қабылдайтын тұстар да жетерлік:
Жақсыны жау да болса дұшпан тұтпа,
Жаманның басында тұр заман ақыр.
***
Бұзылған пенде ниетті,
Бұрынғыдай аспан, күн.
Біздіңше, бұл дін қағидаларына өте жетік Әбубәкірдің «қиямет күнінің қашан келетінін, ай мен күннің қай кезге дейін аман тұратынын Алла ғана біледі»,-деп ұйғарып, пәле – жаланың ұлғаюын күнәһар пенденің іс -әрекетімен байланыстыруының нәтижесі.
Ақырзаман мен қиямет күнін байланыстыру, бір мағынада түсіну Шортанбай өлеңдерінен көбірек байқалады. Оның ұғымында, белгі беріп келе жатқан жамандық атаулының барып тірелетін жері – қиямет қайым. Бұл күн Алланың пендеден есеп алатын күні. Шортанбай таптық мағынадағы қиямет күні ұғымына барынша ден қояды.
Зар заман поэзиясындағы эсхатологиялық түсініктің бір көрінісі - өз танымындағы заманақырдың белгілерін сипаттау. Мәселен, Шортанбай оны былайша көрсетеді.
Заманақыр кезінде
Қожасы жоқ құл азар,
Қонысы жоқ бай азар.
Азғанының белгісі
Байдың тілін жарлы алмас,
Ханның тілін қара алмас,
Өлінің тілін тірі алмас.
Заманақырды келеңсіз құбылыстардың жиынтығы түрінде көзге елестететін Шортанбай көбіне – көп үй – іші, оттың басы төңірегіндегі берекесіздіктен мысал іздейді («Заманақыр кезінде қойында қатын жатады. Ұрса тілін тартады. Күнәсі асқан бұл пенде, Құдайдан әсте қорықпады»). Шаңырақтың осылай бүлінгені – ел ішінің де азып – тозып бара жатқанының белгісі.
Әбубәкір Кердері адам бойындағы имандылық қасиеттердің аяқ асты болуын бір ауыз сөзбен былайша түйіндейді:
Заманақыр болғанда,
Біздің қазақ баласы,
Аяққа басып қор етті.
Не Медине, Мекесін.
Имандылықты ұмыту, хақ жолынан безіну, күнәға бату – ақырзаманға бастайтын кесел – кесапаттар десек, Дулат ақынның осы тақылеттес тұжырымдарына да тоқтала кеткен жөн болар еді. Ол отаршылдықтың зорлық – зобалаңын көріп, «қабағы қарс жабылған» қазақтың мұндай күйге ұшырауының бір себебін дінсіздіктен іздейді. Алланың бар екеніне мойын ұсынбағандықтан деп біледі:
Шариғат жолын тастадың,
Теріске елді бастадың.
Дулат «Аз нәрсеге, ант ішіп, Аруақты аттадым», - деп күйзелсе, Шортанбай ақырзаманның бір белгісін «Өлінің тілін тірі алмас», - деп көрсетеді. Бұдан Дулат өлеңдерінің болжалдық сипаты, болмысты тануы жағынан кей тұста эсхатологиялық сарынға жақын келетіндігі, бұл турасындағы дәстүрлі түсініктермен сабақтастығы жөнінде тұжырым жасауға болады [18,142].
Ал Мұрат Мөңкеұлының шығармаларында мұндай көңіл – күй аракідік қана байқалады. Тіршілік, болмыс хақында «қиямет» ұғымымен байланыстыра ой толғайтын, оның зар замандық концепциясы отаршылдық дәуір туындатқан құбылыстарға негізделген. Зар заман ақындары өздері азып –тозды деп есептеген кезеңдегі табиғат апаттарын ақырзаманның хабаршысындай көреді.
Эсхатологиялық түйсікті оятатын үрей, қорқыныш, қауіптің пайда болуы–айналадағы құбылыстардың жақсылық әкелмесіне көз жеткізгендіктің белгісі.
Түптеп келгенде, зар заман поэзиясындағы эсхатологиялық сарын отаршылдықтың болжаусыз залалдарын ойлап қауіптенуден, қазақ тұрмысына жат құбылыстардан шошынудан, көшпенді өмірдің моральдық – этикалық нормаларының аяқ асты болуына наразылықтан туындағаны анық.
Біз жоғарыда зар заман поэзиясын қалыптастырған үш бастау – бұлақты атап көрсеттік. Біріншісі – ежелгі дәуір әдебиетінен бері жалғасып келе жатқан заманаға наразылық мотиві, екіншісі – Асан Қайғыдан бастау алатын болжал өлеңдер, үшіншісі – халықтың таным–түсінігіне негізделген ақырзамандық сарын. Қазақ даласына отаршылдық кезеңнің орнығуы осылардың бәрін бір ағымға біріктірді. Енді заманаға көңіл толмастықты, қасірет – қайғыны күн ілгері сездіретін көріпкелді те, түбінде бір болмай қоймайтын ақырзаман туралы байлам да өзге жұрттың билігіне мойынсұнып, еңсесі езілген елдің шарасыз тағдырымен байланыстырылды.
Нақ осы ахуалға ұшыраған халықтың көңіл – күйі зар заман ақындары атанған Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір шығармаларында шынайы бейнеленеді. Әрине, әрқайсысында өз табиғатына жақын сарын басымдау көрінеді. Ал стильдік ерекшеліктері әр басқа. Бірақ осынау өлеңдердегі идеялық мазмұндастық, рухтың үндестігі олардың шығармаларын тұтас ағым, ортақ таным ауқымында қарастыруға жол ашады [19,24].




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет