Сағындықова шынар молдабаевна мұрат мөҢКЕҰлы шығармашылығындағы заман зары



бет12/15
Дата20.09.2023
өлшемі148,65 Kb.
#108897
түріДиссертация
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
Сагындыкова Ш. Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы заман зары

2 МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ.


2.1 М.Мөңкеұлының ескіліктің шырмауына иірілген өмір ағымы және айтыс өлеңдері
Мұрат – жезтаңдай шешен – жырау, төгілген ақпа ақын. Мұсылманша сауатты, дәуірінің алдыңғы қатарлы азаматы. Кең тынысты керемет шабыттың иесі. Халқының басына түскен замана ауыртпалықтарын көре де, көрсете де білген шынайы поэзия өкілі; елі, жері халқы үшін қасірет шеккен саналы суреткер. Ел тарихын емірене жырлап, аруағы асқан ержүрек батырларының образдар галлереясын қалдырған шын мәніндегі эпик. Табан асты тамаша сөз тапқыш ақпа – төкпе, нағыз профессионал импровизатор. Заманасы артқан ауыр жүгін елімен бірге арқалаған ғажап қайрат иесі.
Ақын 1843 жылы Қазақстанның батыс өлкесіне қарасты Қызылқоға жерінде, Қарабау жайлаған беріш елінде дүниеге келді. Әкесі Мөңке - өз еліне аты мәлім дәулетті адам. Тайсойған, Қарабау жерлерін мекендеген Қаратоқай ұлыстарының белді биі. Жайық бойын қыстай, Атырау аса жайлаған рулы елдің белгілі азаматы. Мұраттың әкесі ерте өліп, ата дәулетінен өз басы ешнәрсе көрмей, ағаларының қамқорлығында өмір кешіп, ер жеткен. Кейінірек Мұрат елі жұтқа ұшырап, өзі адай ағайындарына барып жан сақтаған. Айтылмыш пікірлер ақынның өткен өмірін еске алған өз сөздерінде айқын жырланған [30,142].
Бай Мөңке жер сауырысы, Тілеу Құлан,
Қайран жұрт көшуші едік толықсыған.
Шәй ішіп самаурыннан сәске түсте,
Көп едік тәкаппарсып мырзасыған,
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Тап болар тасқан жұртқа мұндай лаң.
Бұл жолдар, негізінен, қайғылы шақтың, кейбір ауыртпалығы көбірек кездердің сарыны.
Ақынның негізгі шығармаларына иек артсақ, ол онша жоқшылық зардабын тартпаса керек. Қалай болғанда да Мұраттың бозбала шағы өте көңілді өткен сияқты.
Тойсойған Орал бойы жүрген жерім,
Қызығын дәулетінің көрген жерім.
Ат мініп, мырзалардан нар жетектеп,
Қызылын әуестікке киген жерім,
Қиғаш қас, оймақ ауыз, бал тамақты,
Күнінде асаулықтың сүйген жерім…
Ақынның балалық шағы дәулетті ағайындарының ортасында, адал ниетті аға тәрбиесінің қалтқысыз қамқорлығында өткендіктен тез жетіліп, бойындағы табиғи талантының көзі дер кезінде ашылған. Он – он бес жасар Мұратқа “Ділмәр”, “Таңқылдақ”, “Өнері судай тасқан”, - деген асқақ атақтар таңылған. Ақын өзінің өсу – тәлім жолын анық басқан:
Дау емес, жол оқыдым, бала жастан
Өнерім он жасымда судай тасқан,-
деп дұрыс ескертеді. Асылы “Баланы жастан”,-деген емес пе? Талантының бұлақ көзін ашып, оның білімді, саналы боп қалыптасып кетуіне алғашқы тәрбиенің жөні бөлек болған. Есеттей көнекөз тірі шежіре шешен мен Матайдай ақын жанды мәдениетті азаматтардан өнеге алуы шешуші роль атқарған. Айтылмыш адамдар туралы бұрын – оңды жазылған деректер бар. Әсіресе, С.Мұқанов пен Қажым Жұмалиевтердің ескертпелері маңызды. Сондықтан бұл жайларды ежіктеп жату артық сияқты. Бұл тұста бір ескертер жай бар. Ол – соңғы жылдарға дейін ескерусіз қалып келген Мұраттың ақындығы туралы жазылған алғашқы еңбектер. Еліміздің еңсесін басып, зерттеушілеріміздің аузын буып, қаламын қағып, тауын шағып келген зұлмат заманның қасаң қағидасы, қатаң тәртібі, бұзақы бұйрықтары болғанын қазір көпшілік жақсы біледі. Мұраттың өз басы (бай, би баласы ретінде), творчествосы (ұлы халыққа достыққа қарсы феодалшыл - кертартпа) даулы боп құлыпталды. Оның үстіне, Мұрат еңбектерінің ең алғашқы жинағын шығарушы оған алғы сөз жазып, тарихи жағдайға үн қосқан ерекше дарын иесі, төкпе ақын екенін танытқан Халел Досмұхамбетұлы болатын. Ал бұл кісінің тағдыры тағы мәлім: “Алаштың” лидерлерінің бірі, халықтың қас жауы қатарында аталусыз қалып келді. Халық мәдениетін аяқасты етіп таптаған шолақ белсенділік билігі өрістеп тұрған жетпіске тарта жылдар бойы Мұрат творчествосы туралы жылы сөз айту, оның бетін ашып ақындығын таныту қияметтің өзі болды. Сақтана жүріп, әрлі – берлі сөз айтушылар Мұратты кертартпалар қатарына қосты да жіберді. Тек кейінгі қайта құру кезеңі әперген жариялылық, жақсылық өлгенімізді тірілтіп, өшкен шырағымызды қайта маздатты емес пе?! Ие, Мұрат творчествосын алғаш дұрыс танытуға күш салған Халел Досмұхамбетұлының орасан зор еңбегі, кеште болса, өз бағасын алатын күн туды. Қара құлып қақ айырылып, ел – жұрты үшін еткен еңбектің нұры шалғай шартарапқа тарауға мүмкіндік алды. Енді біз де Халелдің асыл сөздерін тірілте отырып, Мұраттай сұрапыл талант иесінің туындыларын өз қалпында елінің алдына жайып салуды зор мақсат санадық. Бірақ, жиналуы, басылымы, танылымы жолға қойылмаған жазушы туралы тиянақты пікір тұжырымдаудың оп – оңай болмасы да белгілі жай. Сөйтсе де, Мұраттай өзі жасаған заман жайын тап басып, оның нағыз шындық сырын аша білген, халқының болашағын ойлап қасірет шеккен шешен ақын мұралары толғантпай қоймайды. Талайдың талқысына түсіп, қаламына дем берері хақ.
Мұрат өзі өмір сүрген дәуірінің перзенті. Өскен орта, жасаған заман қай ақынға да болсын алтын бесік, ұшар ұя, талант талғамын, өнер өрісін, шығар биігін белгілейтін негізгі факторлар.
Мұраттың ақындық ортасын сөз еткенде, оны өсірген қоғамдық құрылыс, әлеуметтік тұрмыс, туған ел – жұртының салт – санасы, өмір құбылыстары ойға оралуы заңды. Мұрат творчествосының өз заманы тілектеріне жауап берерлік мұра болатын себебі де соған байланысты ашылуға тиісті. Сондықтан аталмыш мәселелерді аттап кетуге болмайды. Ол XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің Россия патшалығында бұратана боп, түгел бағынған, тәуелді кезі. Екі ғасырға созылған отарлау саясатын аяқтай келген патшалық – қазақ қоғамын мүлде өзгертіп, оның байырғы жағдайын, үйреншікті тұрмыс – тіршілігін, наным – сенімін, салт – санасын бұзып жатты. Тәуелді елдің билігі де, отарлардың өз қолындағы жер – су, мал – мүлікке қожалығы да бірте – бірте тежеле түсті. Сауда – саттық талан – тараж көзбе – көз жүріп жатқандықтан, оған да наразылық күшейді. Өзен, сулар мен орманды ну өлкелердің, ата қоныстың қолдан біржола шығып кетуі – заманындағы үлкен қасірет. Отаршылардың зорлық зардабы мен қаскүнем қорлығы күн санап, өрістеп, халықтың қайғы – мұңы ұлғая түсті. Ел басына қайғылы заман орнады. Енді одан құтылудың барған сайын жолы жабылып, біржола басы байлаулы, малы айдаулы халге душар болды. Мұндай қысылшаң жағдайға кездескен туған елге жәрдем берер, ел бастар, ата жолын сақтар ардагер азамат керек – ақ. Амал не, старшын, болыс, атқа мінерлер тобы түгел патша өкіметі қолында, соның дегенін жасап, халық басына қайғы орнатумен келеді. Бұрынғы бас алқа әділ би мен ержүрек батырлардан ел – жұрт түгел айрылыпты.
Ата – баба дәстүрімен ата мекенде өмір сүру, кең жайлау мүмкіндігі құрып бітіпті. Ақынның заман өзгерістері туралы түйіні осындай. Әрине, бұл қорытындыны Мұрат терең толғаныспен жырлай білді. Айтар ойын ашық та анық, әсерлі де әсем өлең жолдарымен кестеледі. Ақын шығармалары мәңгілік көркем туындылар қатарында кең тарап, қанша қысым көрсе де, ұмытылмай ел аузында сақталды. Ақын шығармалары кіші – гірім жинақ ретінде басылған кезі де болған-ды. Оны 1924 ж. Ташкент қаласында “Мұрат ақын сөздері”,-деген атпен Халел Досмұхамедұлы бастырды. Аталмыш жинақтың алғы сөзінде ол ақын жасаған дәуірге, отаршылар қысымына өте дұрыс баға бере білді. Патшалықтың қазақ өлкесіне тек қанап – тонап қоймай, оны Орта Азияға қарай тереңдете түсу үшін стратегиялық плацдарм жасамақшы саяси жоспарларының да болғанын ашып береді. Аталмыш алғы сөзінде Халел Мұрат поэзиясындағы наразылық сарынын да танытады:
“…Екі ғасырдағы патша өкіметінің жұмысы қазақты әбден бағындырып алып, қазақты көпір қылып Азияға аттау болды, қазақтың амалы таптайын деп тұрған патша өкіметінен құтылу болды. Дәуірлеп келе жатқан орыс байларының сауда капиталымен жауласам деп, кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылғандай болды…
Мұраттың өлеңдерінде патша хүкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Хүкіметтің жақсы жерлерін тартып алғаны, ел қамын жегендердің қамалғаны, өлтірілгені анық айтылады”, - дейді ол [31. 35]
Халел Досмұхамедұлының біз келтіріп отырған сөздері бұдан көп жыл бұрын айтылса да, тарихи жағдайды ғылыми тұрғыда, өз кезінде дәл бағалап, Мұрат шығармаларының негізгі идеясы ел тағдыры болғанын дұрыс танытады. Мұрат шығармаларының әрбір жолы кезінде Халел берген бағаға дәл келеді. Замана шындығын ол ақтара суреттеп, оған деген өзінің пікірін ашық айтады:
Әуелі жеңіп орыс елді алды,
Сартау, Астраханның жерін де алды.
Артынып Еділден соң Нарынды алды,
Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.
Ар жақтан Қайып алды, Науша қашып,
Тарлықтың сонан бері қаптағаны.
Тамәмді сумен, нумен қоршап ұстап,
Қазақтың мұнан жұтқа шалынғаны.
Қуалап Исатайды өлтірген соң,
Заманның содан бері тарылғаны.
Келтірілген жолдардағы ақынның “орыс”, -деген сөзі қазіргі халықтың қарым – қатынасының нығаюы кезіндегі ұғымға онша сай келмеуі мүмкін. Бірақ Мұрат сол сөзді: “отаршыл патша әкімшілігі” деген ұғымда қолданып отырғаны ескерілуге тиіс. Ақын қолданған “орыс” сөзінің шын мәні халыққа қаратылып айтылмағанын кезінде Халел дұрыс түсінген. Ол “Мұрат заманында қазақ елі патша хүкіметінің шенеуніктері ісінен басқа орысты көрген жоқ. Қазақтың көрген орысы патша хүкіметінің жиһангерлік саясатын жүргізген залымдар. Мұраттың замандастары нағыз орыс халқын, орыстан шыққан жақсыларды, ақ жүректі көрген жоқ”,-деп түсіндірді. Асылы, Халелдің бұл пікірлері де құптауға тұрарлық шындық. Қысқасын айтсақ, Мұрат творчествосының идеялық нысанасы – XIX ғасырдағы қазақ өлкесінің тарихи шындығы. Осы тұстағы ел – жұрттың жан – жақты күйзелістері, ішкі, сыртқы қайшылықтары, қазақ елінің басына түскен күйзелісі. Ақын аталмыш мәселелерді қазбалай тізбектеп, табиғи шындық қалпында әсерлі жырлайды. Өмір бойы халқымен бірге жүріп, солар тартқан тауқыметтерді өзі де бірге кешіп, елінің мұңын мұңдап, жырын жырлаған адал ниетті ақпа ақын болды. Ол өмір қайшылығын шешу жолын іздеп, алас ұрды. Қинала қиял кезді. Ел тілегін өз басы арманындай аңсап, күйзеле күңіренді. Асқақтата жыр толғап, романтизмге де бой ұрды.
Ақын қалдырған мұраларға көз салсақ, оның творчествосы кең арналы, сан салалы, білімді ақын тұрғысын танытарлық келелі. Қайбір саладағы шығармаларын алсақ та, бәріне ортақ бір сарын бар – ол таза халықтық әуен. Мазмұн жағынан бастан – аяқ ел мұңын, халық тірлігін көтерсе, түр, стиль жағынан фольклорлық сарынды сақтайды. Бұлай болу себебі айтпаса да түсінікті. Ақынның бала жастан алған тәлімі, көрген – білгені, өмірден жіпке тізіп түйгендері – бәрі өзі өскен қазақтың қақ ортасынан тарамдалады. Бала жастан ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, халық ақындары қатарлы өсіп жетіледі. “Ұяда көргенін ұшқанда ілмеске” шара жоқ. Халық творчествосы, ақындар поэзиясы болашақ ақынның талант көзін ашады. Жас талаптың бойына жиналған кәусар бұлақтай тұнық жыр, ойлы толғаулар төгіле ақтарылады. Сөз бастар алқалы топ, той думандар ақындар қатынасынсыз өтпейді. Себебі, поэзияға деген халық ниеті солай, ел дәстүрі осыны ғана керек етеді. Шаршы топ, алқақотан алдына шығып, өнер талқысынан өту ақындар арманы. Осы бір асқақ арман жас талап Мұраттың да бойын кернеп, ойын билеп тыным таптырмай, тынышын алғаны сөзсіз. Аты елге әйгілі танымал ақындармен ұшырасып, олармен тіл қағысып, өнер сынасып, ұтымды да ұғымды, жүйелі де жүйрік сөздерінің күшін асырып, ақын атағына ие болады. Ескі ауылда ақындыққа келер жол осы ғана, басқа жол жоқ. Мұрат айтысқа тым ерте, әлі жас, 15-16 жастар шамасында түседі. Алғашқа айтыстары және де басқа көптеген тіл қағыстары бізге түгел жеткен жоқ. Жеткендерінің көбі ересек кезде, ақын атағына ие болып, ел кезген шағында өнеріне елдің құмартқан кезеңдегі көпшіліктің көңіліне ұялағандары ғана. Олар көп емес. Баспа бетін көріп жүргені тек бес – ақ айтыс: Жаскелең, Бала Ораз, Жантөлі, Тыныштық, Ізім шайырлармен айтыс, тіл қағыс, дидарласу сөздері. Олардың ең мәндісі, біздіңше, Мұраттың Жантөлі қызбен айтысы. Бұл – екі ақынның әлеуметтік мәселені қозғаған жақсы диалогтары, өзінің тіл ұстарту үлгісімен де елеуге тұрарлық, ақындардың сөз тапқыш, ұтқыр, шешендіктерін таныта аларлық туынды.
Мұраттың Жантөлі қызбен айтысында Жантөлі Сара ақын сияқты күйеуінің кемтарлығы себепті Мұраттан жеңіледі. Басы таз, өзіне тең емес, кемтар адамға қосылғаны бетіне шіркеу болады. Таң сәрінен келіп, үй сыртынан Жантөліге тиіскен Мұрат оны ұтымды сөзбен торлап, бұлтартпайды. Жантөлі де оп – оңай шалдыра қоймайды. Амал не? Өзі сүймей тиген, тең емес күйеуінің қорлығы оның алдын орай береді. Қыран құстың қызыл түлкіні құтқармағаны сияқты Мұрат та алқымдай түседі.
Мұрат:
Жантөлі жас күніңнен болдық телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жантөлі үйіңнен шық көріскелі.

Жантөлі:


Құда – еке, жас күніңнен болдық телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Көп айдың көрмегелі жүзі болса,
Асықпай атыңнан түс сөйлескелі.

Мұрат: …Ақырып, ат ұстамай аттан түс деп,


Қарағым, маған айтшы ненің желі?

Жантөлі: …Болғанда сары жұлдыз қаз келеді,


Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Асығып, ат ұстамады деп айып етпе,
Көңіліміз – ояу, көзіміз – ұйқыда еді.

Мұрат: …Болғанша тапа – тал түс ұйқың қанбай,


Деп пе еді, қас әулие таз немені.

Жантөлі: …Айтқаның қатын өсек басыңа сын,


Құда – еке, дардай етіп ез немені…
Айтыс сөздерін естіп намыстанып отырған Жантөлінің күйеуі екі рет әйеліне “қой енді”, - деп қолымен қақпайлайды. Сонда ызалы Жантөлі күйеуіне:
Бір қақтың ақ бетіме ашуменен,
Жігітке ашу ұят асылы деген.
Ұрынған өзі келіп Берішке тимей,
Мен бе едім ақ қара бас құрт басың жеген?! –
деп, қолындағы домбырасын лақтырып жібереді;
Мұрат: Бір түгіл екі соқса, жаның шықсын,
Осыған кісі келер ме, басын көрген? –
депті.
Айтыс осылайша аяқталады. Бұл арада Жантөлі сөз таба алмай жеңілмейді. Оның да Сара сияқты еркіндігі болмағаны бетіне шіркеу болады.
«Мұраттың айтыстары негізінен қайымдасу түрінде келеді. Қайым өлеңдердің жолдарын қайыра қолданады. Өзінің жаңа ойын соған жалғай салады. Қайым айтыс формасы, көбіне, әзілдесу, қалжыңдасу, пікірлесу ретіндегі диалогтар. Мұратпен айтысқандардың біразы айтыстың осы бір халықтық түрін ұнатқан сияқты» [32.213]
Мұраттың Жылқышы деген ақынмен айтысы оның жасырақ шағында өткен. Төселген сақа ақын Жылқышыны жас та болса, етектеп, тиісе сөйлейді. Оны тұтқынға түскен құлдан шықтың, тегің төмен деп кемітеді. Жылқышының берген сұрауларына мүдірмей жауап қайырады. Айтыс екі ақынның өлеңмен сайысы ретінде айтар сөзге бөгелмей тапқырлық танытқандығымен ғана ескерерлік. Әйтпесе, үлкен мәселе көтерген айтыс емес. Екі ақын да елінің намысын қорғап, өздеріне мәлім жақсы адамдарын тілдеріне тиек етеді. Екеуі де өз елінің сойылын соға алатын ақын екенін танытады. Айтыс жеңіспен аяқталмайды. Тыңдаушы қауым Мұраттың жастығын, сүйтсе де тілге шешендігін танып, айтысты доғарады да, жүлдені Мұратқа ұсынады. Айтыстың аяқталмауына екі ақынның да байұлынан шыққандығы себеп болады. Ағайын арасына жік сала ма деп қауіптенеді. Осы Жылқышымен айтыс Мұраттың ақындық бетін ашады. 15-16 жастағы ақынға жолдама беріп, оның болашағына үміт артады. Әсіресе айтыстың соңғы жолдарындағы Мұраттың сөздері терең толғанысқа толы, өз алдына бір толғау сияқты мәнді дүние. Кекетпе бос сөздер айтуға наразылық білдіріп, ол елге, халыққы пайдалы сөз айтып, еңбегі сіңген белгілі адамдарды ардақтауға шақырады.
Дау емес, жол оқыдым бала жастан,
Өнерім он жасымда судай тасқан,-дей келе
Мұрат ел қорғаған ерді, мырзалығымен танылған азаматты, қайырымы мол дәулет иелерін дәріптеп, дүниенің өткіншілігін еске салады. Сол өлке қазақтарының тарихын, мекен жай, жайлау, қоныстарын термелеп білгірлік танытады.
Ойлашы дүниенің өзі жалған,
Өткен соң жігіттікке әркім де арман.
Баласы кіші жүздің адасқанда,
Есболай әулие еді атқа мінген...
Былайғы судың басы Қобда, Елек,
Екпіндеп сөз айтасың бөлек – бөлек.
Жігіттің халқына тиген пайдасын айт,
Сұрқия ұрыны айтып неге керек...
Мұрат пен Ізім шайыр айтысы дейтін – ұзаққа созылмаған қысқа диалог. Өзі ұрынған Ізім шайыр алғашқы сөзінен кейін Мұраттың өктем де тапқыр сөзінен тосылып, енді аузын ашпай, өзінің жеңілгенін мойындайды. Ілкі екпінді сөздері өзінің зиянына шығып, ұтылып қалады. Ізім өзінің тамадан тарайтын қарабура елінен екенін, - сом алатын, болат темірмін, қара қасқа қабанмын,-деп мақтан сөзін бастағанда, оған Мұрат:
...Қара болсаң, далада,
Қарауытып тұрған моласың.
Тама болсаң, келімсек,
Жетіруға қонақсың.
Сол таманың ішінде,
Ізім бір атты баласың,..
Темір болсаң, жаның жоқ,
Балға – төске түсерсің...
Қабан болсаң, шошқасың,
Шошқа болсаң, торайсың.
Бура болсаң, шөп жерсің,
Басқа малдан көп жерсің,-
деп жауап қайырады. Жауап сөздері логикалы – жүйелі болғандықтан Ізім ұтылғанын өзі мойындапты.
Мұраттың Жаскелең ақынмен айтысы да ұзақ емес. Үлкен бір тойды бастау рәсімі үшін таласқан екі ақын егесіп, көп ұзамай Жаскелеңді сөзден ұтып, тойбастарға Мұрат ие болады. Бұндағы ақын сөздері – түйдек һәм көркем. Әрі сөзі сомдап соққандай айшықты:
Алашта алаш болғалы,
Алаша атқа мінгелі,
Ала шұбар ту байлап,
Алашқа ұран біреу бергелі,
Әлім бе еді ағасы,
Шолпан ба еді анасы?!
Мұраттың Бала Ораз ақынмен айтысы да бастала түсіп басылып қалған қысқа тіл қағыс. Таз деген елдің Бала Ораз ақынын Мұрат Үйшіктегі жәрмеңкеде кезіктіріп айтысқа тартады. Сөз басталған шақта Байұлының екі ақыны тартысып жатқаны ұят деп, жиын басылары бұларды тоқтатып тастапты. Айтыстан үзінді келтіре кетейік:
Бала Ораз:
Жемнің бойын алдырмай,
Жемге қала салдырмай,
Дін қылышын сермедім.
Қарабау мен Қаракөл,
Тайсойған бүйрек ішінде,
Бұқпақтап көшкен берішке,
Тола ма менің шеңгелім?!

Мұрат:
Ондай қашқын, ұрыны,


Мақтауда етіп келгенің,
Топ ішінде өлгенің.
Заманға қарай сөз керек...
Және айтасыз берішті,
Беріштің ісі тегісті.
Келтірілген екі ақын сөздері де елінің басты батыр ерлерін тілдеріне тиек етіп, әрқайсысы өзі шыққан ұлыстарының арын арлап, сойылын соққан. Екеуі де талантты жүйріктер деуге куә боларлық жолдар.
Мұраттың Тыныштықпен айтысы да басқа айтыстарымен сарындас. Елу жастағы Тыныштық пен жігіт Мұраттың айтысы тепе – тең түспейді. Сүйтсе де екеуі де саңлақтар, Тыныштық та жүлде алып жүрген жүйрік. Мұрат оны кемпірсің, елің, байларың сараң деп кемітеді. Өзінің батырлары мен жомарттарын дәріптейді.
А, кемпір, дүниенің өзі жалған
Жалғаншы қолдан кетсе әркімге арман...
Алыстан мойын созып келген күні
Тап болдық тісі қайтқан кемпіріне – ай...
Кемпірмен елудегі айтыс деген,
Шеркештер, қорлық білдім осыныңды – ай...
Ар жақта Тілеубай мен Жолым өткен.
Жерінде көкжал сері болып өткен.
Нарында хан баласы итше сабап,
Ер еді дүниеге қолы жеткен...
Айтыс жанрындағы Мұраттың шығармалары – оның ақындық өнерге дағдылану жолын танытарлық және суырыпсалма ақпа жырау болғандығына куә боларлық туындылар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет