Санжар Керімбайдың facebook парағынан алынды
Бейсен Құранбекке арналған жоқтау өлеңдер
ҚАЗАНАМА
Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Жазсам жайрап жаралы далаң қалар!
Аруанадай аңырап анаң қалар,
Қарс айырылып менің ұлттық санам қалар!
Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Сенбеймін!
«Сізді өлді» дегендерге,
Қауесетке, жоқтауға, өлеңдерге.
Қайғысындай қазақтың –
Қайран тұлғаң,
Қалай ғана сияды денең көрге?
Достым:
«Ол енді жоқ» деп айта көрме,
Терең бір ағыстар да қайтады өрге.
Бар-дағы басын сүйе Алашыңның,
Бар-дағы «Жылама!» де байтақ елге.
Жоқ!..
Жазбаймын, Ол жайлы хабар жаман,
Күннің жүзін қарашы талураған!
Қасиеті ол – Қазақтың тоналмаған,
Зүлпыхарың еді ол – жоғалмаған!
Арасынан кіл дана, даралардың,
Мен оны Міңгілікке санағанмын.
ЖЕРден ұзақ бір жерге бара тұрам,
Қазасы ескіргенше Нар ағамның!..
Ұларбек Дәлейұлы
Бейсен бауырға...
Білдің бе екен, қысқа өмір сүреріңді,
Жұртқа берген жан едің жүрегіңді.
Алты алаштың баласын аңыратқан,
«Айтуға оңай» болмай тұр бұл өлімді.
Жақсы адамды тірлікте елепті кім?
Жел соққанда басады теректі мұң.
Ажалыңмен ұқтырдың ақырғы рет,
Өлімге де «Қарекет» керектігін!
Әлібек Шегебай
***
Қасқа тұлпарға мінгізген, ағам-ай,
Қасты ордаға кіргізген, ағам-ай,
Хан ұлындай жүргізген, ағам-ай,
Қай ісіме де мақұл болғаным-ай,
Адасқан жерде ақыл болғаным-ай,
Бауырыңда жүріп батыр болғаным-ай,
Қас жауырыныма қалқан болғаным-ай,
Алатаудай арқам болғаным-ай,
Бір өзі бүкіл ортам болғаным-ай,
Қараңғы кірсе, жарық болғаным-ай,
Қара да басы халық болғаным-ай,
Қайыра көруге зарық болғаным-ай!
Достарыңызбен бөлісу: |