Қазақ тілі туралы алғашқы зерттеу – неміс ғалымы Г.Ю. Клапроттың 1823 жылы жариялаған «Қазақ тілі жайында» деген француз тіліндегі мақаласы [1]. Шығыстанушы ғалым бұл мақаланы Парижде «Азия журналында» жариялаған. Мақаланың алғашқы бөлімінде қазақ тілі жайлы жалпы шолу жасалса, екінші бөлімінде французша-қазақша сөздік беріліп, сол арқылы қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктері, оның монғол тілінен айырмашылығы, түркі тілдерімен туыстығы салыстырылады. Содан бері қазақ тілі жөніндегі зерттеулер 1888-1902 жылдары қазақ зиялыларының мақалаларында үзбей жарияланып, мерзімді баспасөз беттерінде сөз етіледі. Мысалы, Р. Дүйсенбаевтың [2], қазақ тілі туралы газет бетіне тұңғыш мақала жазған Бөкен Адықовтың, Дінмұхамет Сұлтанғазиннің «Біздің қазақ туралы 5-6 ауыз» [3] деген мақалалары негізінен, «қазақ тілінің түркі тілдерінің ішінен алатын орны, қазақ тіліне басқа тілдерден сөз қабылдау принциптері, алфавит, орфография, пунктуация, т.б. болды» [4, 7-9]. Аталған мақалалар қазақ тіл білімінің негізін қалыптастыруға түрткі болады.