Сатылханова гульмира алихановна



Pdf көрінісі
бет23/66
Дата07.01.2022
өлшемі1,74 Mb.
#17302
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   66
Байланысты:
Satylkhanova Disser

асырады. 
Новелла үшін деталь табу аздық етеді, оны әбден екшеп, таңдап алу керек. 
Повесть,  романға  қарағанда  новелла  жанры  үшін  детальдың  қолданылуында 
барынша  дәлдік,  сақтық  қажет.  Шағын  көлемді  жанрда  деталь  арқылы  кең 
байтақ  даланы,  адамның  түпсіз  терең  рухани  әлемін,  мінезі  мен  әдебін,  іс-
әрекетін,  әртүрлі  психологиялық  жағдайларды,  кейіпкердің  бойындағы 
адамгершілік қасиеттері мен қандай әлеуметтік  топқа жататынын, сол арқылы 
бүтін  бір  елдің,  мемлекеттің,  қала  берді  дәуірдің  шындығын  шағын  дүниеге 
сыйғызып,  көрсете  білу  қажет.  «Детальдар  арқылы  кейіпкердің  қоршаған 
ортасы, халық тұрмысы шыншылдықпен бейнеленуі және сол дәуірдің мәдени-
тарихи,  тұрмыстық  ерекшеліктері  айқындалары  хақ»  [22,271]  дейді 
Г.Пірәлиева.  Демек,  талғап,  таңдап  алынған  деталь  арқылы  тұтас  сурет 
шығарып,  нақты  түсінік  бере  білу  қажет.  Бұл  жазушыдан  асқан  шеберлікті 
қажет  ететіні  түсінікті.  Детальдың  көркем  шығармадағы  маңыздылығын 
зерттеуші  Б.Майтанов:  «Көркемдік  ғимаратында  елеусіз  нәрсе  жоқ.  Егер 
жазушының  әрбір  деталь  төңірегіндегі  табан  аудармай  ізденетін  қажырлы 
еңбегін  еске  алсақ,  сөздік  композиция  бөлшектеріне  айрықша  мән  берудің 
үлкен маңызын түсіну қиын емес» [65,5-6] деп түсіндіріп өтеді. 
Бір  жазушы  шығарманы  қалай  бастап  жазарын  білмей,  Горькийден  кеңес 
сұрағанда ол: «Ең бастысы – деталь табыңыз... егер сіз деталь таба алсаңыз, ол 
сіздің  кейіпкеріңізге  жан  бітіреді,  қала  берді  сюжет  пен  ой  да  пайда  болады» 
деп жауап берген екен.  
Деталь  ой  қорытуға  да,  ерекшелеуге  де  керек.  Детальдың  құндылығы 
суреткердің  байқампаздық  күшіне,  оның  образдық  пайымдауының  дәлдігінде. 
«Абыройды  құрайтын  тек  деталь  ғана»  деген  екен  Бальзак  та.  Деталь  тек 
ерекшелік,  белгі,  жан-дүниенің  ұсақ  қозғалысы,  характердің  иілуі  ғана  емес, 
суреткердің  өмірден  дәл  тауып  алған,  ерекше  талғаммен  таңдап  алған,  тұтас 
дүние сыйып кететін шексіз ұсақ дүние. Міне, детальдың күші, мәні, маңызы, 
эстетикалық тиімділігі – бәрі осында.  
Деталь  көркем  туындыдағы  идеяны  ашуға  көмектеседі.  «Адам  –  өнердің 
обьектісі,  зерттейтін  заты,  мақсаты.  Ал  шығарманың  күші  адамның  бейнесі, 
оның ішкі-сыртқы дүниесі қаншалықты айқын да нанымды көрсетілгендігімен, 
оның  мінезі,  оның  қоғамдағы  орны  мен  рөлі,  басқа  адамдармен  қарым-
қатынасы қаншалықты шынайы да терең бейнеленгендігімен өлшенеді» [66,37-


31 
 
38]    дейді  М.Қаратаев.  Яғни,  әрбір  автор  негізгі  идеяны  кейіпкер,  белгілі  бір 
образ  арқылы  бейнелеп,  өрнектеп  жеткізсе,  оның  шынайы  шешілуі  кей 
жағдайда  характерлі,  жинақты  образдар  жасай  алуында.  Ал  бұл  өз  кезегінде 
детальдың  күшімен  жүзеге  асып  жатады.  Осы  орайда  айтылған  ғалым 
Т.Сыдықовтың:  «шығарманың  идеялық  мазмұнын  ұсақ  детальдар  арқылы 
түйіндеу  кейіпкер  психологиясын  білгірлікпен  тәптіштей  отырып,  образдың 
жан  сырын  ашу  жазушының  айнымас  «тәсілі»  болып  қалыптасқандығымен 
ерекшеленеді» [67,78] деген пікірі маңызды. 
Көркем шындықты беруде де детальдың рөлі ерекше. Шындығында көркем 
шығармада  барлық  бүтін  жекеден  құралады,  яғни  шындық  панорамасы 
детальдан  тұрады.  Шындықты  берудегі  детальдың  рөлін  Б.Кабдулов  былайша 
пайымдайды:  Ол  өнерде  ғана  емес,  өмірде  де  осындай.  Мәселен,  ұшқыш-
ғарышкер  ғарыш  кемесінде  ұшып  бара  жатып,  жердің  келбеті  мен  пішінін 
кішкентай  иллюминатордан  көреді.  Оның  барлық  планета  жөніндегі  түсінігі 
кішкентай терезеден көргенімен қалыптасады. Дәл сол сияқты жазушы да өмір, 
шындық,  құбылыс  туралы  ой-түсінігін  өзіне  тән  белгілері  мен  қасиеттерін 
жинақтаған  детальдардың  көмегімен  түсіндіреді.  Қағаз  беті  сонда  тек  құр 
сөздермен  толып  қана  қоймайды,  жарқын  көрініс,  суретке  айналады.  Сонда 
ғана жазушы суреттеген өмір, шындық, құбылыс эстетикалық күшке ие болып, 
эмоциялық  жылылыққа  толады.  Сонда  ғана  деталь  өзінің  өнердің 
миниатюралық  моделі  ретіндегі  рөлін  ойнайды,  детальдың  көмегімен  бір 
тізбекке  біріктірілген  оқиғалар  –  уақыт,  тарих;  жеке  коллизияда  –  қоғам 
қайшылығы,  дараланған  характерде  –  тип,  ал  жекелеген  тағдырда  –  дәуір 
заңдылығы көрініс табады [3].  
Детальдың міндетін зерттеушілер:   
1.Суреттеліп  отырған  құбылыс  арқылы  оқырманның  бойында  жарқын 
сезімге толы түсінік, елестету, көрсету (яркое чувственное представление); 
2.Оған әдейілеп эмоционалдық тұрғыдан әсер ету;  
3.Бірден, сол сәтте образдық қорытынды (түйін) шығару деп көрсетеді. 
Деталь  арқылы  біз  тұтас  дүниені  көбірек  танып-білген  сайын,  ол  бізге 
өзіндік қайталанбайтын тұтастығымен кеңейе бастайды, сонысымен ол көркем, 
эмоционалды және эстетикалық бай. Жазушы кейіпкердің мінезін тұтас күйінде 
бере салғанда, бұл бізге эстетикалық ләззат сыйлайды. Бірақ біз кейіпкер мінезі 
ұнағаны үшін немесе суреттеу техникасы ұнағаны үшін рақаттанбаймыз, бізді 
дәл  сол  бейнелеудің  көркемдігі,  жеткізудің  шынайылығы,  бөлшек  арқылы 
бүтінді  бере білудің  шеберлігі сүйсінтеді.  Мұны  зерттеуші  А.Молчанов  өзінің 
«На  вкус,  на  цвет...»  атты  кітабында  дәл  бере  білген:  «не  себепті  Илья 
Обломовтың  халаты  –  көркем  деталь  да,  ал  дәрігердің  портретіндегі  жалпыға 
міндетті  ақ  халат  –  көркемдік  емес.  Себебі,  «Обломовтың  халаты  –  оның 
қожайынының  кім  екендігі,  оның  жекелік  даралығын  білдіреді;  ал  дәрігердің 
халаты барлық дәрігерге ортақ жай сыртқы белгісі ғана» деп жауап береді [68]. 
Бұл  пайымдауда  детальдың  мән-маңызы,  оның  көркемдік-эстетикалық 
мағынасы  көрсетілген.  Детальдың  табиғаты  да,  ерекшелігі  де  осында,  ол 
суреттеліп  отырған  зат  немесе  құбылыс  жөнінде  әп-сәтте  толық,  біртұтас 


32 
 
түсінік  қалыптастырады.  Оның  мазмұнының  мағыналы  әрі  сыйымдылығы 
соншалық,  кейіпкердің  ішкі  әлемін,  даралық  ерекшелігін  көрсете  отырып, 
деталь  бір  мезетте  оның  әлеуметтік  жағдайынан  да  хабар  бере  алады.  Көркем 
шығармадағы  деталь  әлемі  жазушының  еркі  мен  мақсатына  бағынбайтын 
суреттеу  құралы,  оқырманның  эмоционалдық  қарым-қатынасы  және 
жазушының өмірлік тәжірибесі сынды факторлар арқылы құралады. Сондықтан 
да детальдың бойында обьективті әрі субьективті бастау бар. Мәселен, жазушы 
Кафка  новелласында  Грегор  Замзаның  қырықаяқ  жәндігіне  айналуы  детальды 
тұрғыда  егжей-тегжейлі  суреттеледі.  Бірақ,  Замзаның  бұл  жағдайына  қатты 
қиналып,  қайғырғаны  байқалмайды.  Керісінше,  қырықаяқ  жәндігіне  тән 
тықырмен  бөлме  кезіп  жүрген  Замзаның  өзі  оқырманның  бойында  тітіркеніс 
сезімін тудырады.  
Көркем  деталь  жеке  дара,  қайталанбайтын,  тыңғылықты  ойланып,  саналы 
түрде таңдалып алынған; көркем образға айрықша, нақты форма беретін тәсіл; 
қорыту  тәсілі  ретінде  көрінеді;  оның  артынан  адами  даралықтың,  «типтік 
жағдайдағы типтік характердің» тұтас әлемі ашылады. Деталь қатысқан «әрбір 
заңдылықты  өзгерту  немесе  бұзуға  талпыну  сәтсіздікке  әкеледі.  Детальды 
әдейілеп, саналы түрде бөліп әрі ұлғайтып көрсету, өткірлеу – көркем суреттегі 
барлық  өзіндік  белгілерімен  байланысты  орны  болғанда  ғана  көркемдігін 
сақтай алады. 
«Ғылым әрдайым бір ғана тәсілмен өз жолын іздейді. Ол  күрделі мәселені 
неғұрлым  жеңілге  бөліп,  ыдыратып,  алдымен  неғұрлым  жеңілдерін  шешіп 
алып,  содан  соң  ғана  кейінге  шегерген  күрделіге  қайта  оралады»  деп  жазады 
[69] В.И.Вернадский. Сондықтан кез келген ұғым, түсінікті ғылыми зерттеудің 
ең қажетті шарты оның проблематикасын анықтап, белгілеу және тыңғылықты 
түрде  жете  зерттеу  болып  табылады.  Яғни,  шешілетін,  қарастырылатын 
мәселені сұрақтар қатарына жүйелі түрде, дәйекті бөліп алу.  
Көркем деталь мәселесін қарастыруда деталь проблематикасы, оның негізгі 
бөліктері  мен  сұрақтары  құралатын  «пункттерін»  анықтап  алу  мәселесі 
туындайды.  «Көркем  шығарма  бармақ  сорып  тудыратын  дүние  емес.  Өмірді 
ыждаһаттап  зерттеп  барып,  көрген-түйгеніңді  көкіректе  қорыту  арқылы 
дүниеге келеді» [70,99] деп сөз зергері Ғ.Мүсірепов айтқандай, образ танымын 
бейнелеп,  мінез-құлқын  жан  жақты  ашып  көрсету  жазушының  шеберлігі  ғана 
емес,  интеллектісіне,  өмір  шындығын  терең  білуіне  де  байланысты.  Сомдаған 
образының  өзіндік  ерекшелігін  көрсететін,  шығарма  шырайын  арттыратын 
көркемдік  деталь  тауып  алады  да,  сонан  соң  зерделі  ойларын  суреткерлік 
шеберлікпен  жеткізе  біледі.  Көркем  шындықтың  шырайын  кіргізетін  басты 
компонент – деталь.   
Кейбір  еңбектерде  бүгінге  дейін  деталь  автордың  күтпеген  жерден  тапқан 
жаңалығы,  аяқ  астынан  ойлап  тапқан  кездейсоқ  олжасы  ретінде  айтылып, 
түсіндіріліп,  қабылданып  келеді.  Оған  «ұсақ  сәттер»  деген  атау  да  берген. 
Өкінішке орай, бұл айтылғандардың ғылыми негізі жоқ, сондықтан да дәлелді 
талап  ететін  теоремалар.  Шындығында  деталь  жай  ғана  бөлшек  немесе 


33 
 
нақтылық  емес.  Ол  құбылыс  жайында  тұтас  ұғым  береді.  Оған  қоса,  оның 
мазмұндық қана емес, пішіндік бастауы да бар.  
Е.Добин деталь мәселесіне ерекше көңіл бөлудің қажеттігін, оның басқалар 
ойлағандай  ең  оңай,  елеусіз  дүние  еместігіне  тоқталып,  арнаулы  еңбектерін 
арнады.  «Жазушы  өмірдің  көз  жетпес  шындықтарына  «телескоппен»  үңіле 
қарап,  оның  өзіне  ғана  тән  ең  ұсақ  штрихтарын  «микроскоппен»  тауып  ала 
алуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жазушы керемет байқампаздық пен образдық 
көзқарастың  дәлдігін  нанға  зәру  болғандай  қажетсінеді»  [71,301].  Зерттеуші 
деталь  табиғатын  түсіндіруде  мынадай  қасиеттерін  баса  көрсетеді.  Деталь  ең 
алдымен алдыңғы орынға шығып, бөлектенгенді қалайды. Ол оқырманның бар 
назарын  өзіне  аударуға  немесе  таңғалдыруға  талпынады.  Көркем  прозадағы 
деталь мәселесі көпқырлы, оны әр жазушы өзінше пайдаланады. Егер детальды 
ұсақ,  аксессуарлық  құбылысы  деп  танысақ,  олар  өмірдің  ортақ  қазанында 
бірігіп,  тұтасып  кетеді.  Яғни,  олар  ортақ,  жалпыны  түсіндіру  үшін  қажет 
болады деп түсіндіре отырып, детальға төмендегідей анықтамалар береді: 
«Деталь – өнердің ең кішкентай, миниатюралық үлгісі (моделі). 
Деталь – жекелік сипатта – тип.  
Жеке адамдар арасындағы коллизияда – қоғамның қарама-қайшылығы. 
Жекелеген тағдырларда – дәуір заңдылығы. 
Жекелеген оқиғалар тізбегінде – уақыт, тарих. 
Деталь  өз  табиғатында  орталық  нүкте  бола  отырып,  ортаға  кіріп  кеңеюге 
қызығушылық  танытады.  Кейде  елеусіз,  ал  кейде  мүлде  еленбейтін  күйінде 
заттың  негізгі,  түпкі  ойына:  мінез,  тартыс,  тағдырға  жымласып,  кірігіп  кетуге 
(қабысуға)  барынша  тырысады.  Сол  арқылы  көркем  шығармаға  қажетті 
мәнерлілікті, айқындықты, тиянақтылықты дарытады» [71,303]. 
Добин  өз  зерттеуінде  Чеховтың  детальды  ойната  отырып,  пайдалану 
шеберлігіне  тоқталады.  Чехов  өзіне  дейінгі  Гоголь,  Диккенс,  Толстой  сынды 
көптеген  жазушылар  салған  сара  жолмен  жүре  отырып,  өзіндік  дара  жолын 
қалыптастырған  жазушы.  Шындығында  ол  деталь  бойында  бұйығып  жатқан 
көркемдік  мүмкіндіктерін  жарқыратып  ашып,  көрсете  білді.  Жазушы 
детальдарында  аса  мәнерлілік  пен  айқындық,  орасан  зор  мағыналық 
сыйымдылық,  ассоциациялардың  кең  шеңберін  туғыза  алатын  қабілет  барын 
Е.Добин  дәл  көрсете  білді.  Чеховтың  образдық  жүйесінде  де  деталь  маңызды 
орын алады. Көп жағдайда ол көркемдік ойлау тәсілін анықтап береді. Жалпы, 
зерттеушінің өзі Чехов шығармаларын оқып, талдау арқылы деталь табиғатын 
тереңінен түсінгенін жоққа шығармайды.   
Бүкіл  саналы  ғұмырын  деталь  табиғатын  танып-білуге  арнаған  зерттеуші 
Е.Добин  оның  сипаттама  және  баяндау  деген  екі  түрін  бөліп  көрсетеді.  Оның 
бұл  бағыттағы  зерттеуін  И.А.Щирова,  М.А.Березняк,  И.Р.Гальперин  сынды 
филолог ғалымдар дамыта зерттеп, детальдың бес негізгі түрін бөліп көрсетеді: 
1.  Ауызша:  кейіпкерді  бір  ауыз  сөзінен,  адамдарға  деген  қарым-қатынасы, 
көзқарасынан танимыз;  
2. Портреттік: кейіпкердің сыртқы келбетін басты назарға алады; 


34 
 
3.  Заттық:  кейіпкердің  пайдаланатын,  ұстанатын  заттарына  орай  мінез-
құлқын ажыратамыз; 
4.  Психологиялық:  кейіпкердің  мінезіндегі  ерекше  белгісі,  іс-әрекеті  мен 
мінез-құлқындағы өзгерістері арқылы таныту;  
5.  Тұрмыстық:  кейіпкердің  киімі,  әдет-ғұрпы,  заттары,  жиһаздары,  тұрмыс 
қалпына байланысты тұтынатын заттары т.б.  
Детальдың  көркем  шығармадағы  орны  мен  қызметіне  қатысты  зерттеуші 
Ж.Дәдебаевтың пікірі де көңілге қонады. Автордың пайымдауынша, «қайсыбір 
жазушының  ойлауында  парасат,  логикалық  жүйе  басым  келеді.  Ондай 
суреткердің  қаламынан  туған  әдеби  шығарманың  мазмұны  мен  түрі  өзара 
өлшемді  түрде  үйлесіп,  ондағы  әрбір  деталь  ақылмен,  оймен  екшеліп, 
ерекшеленеді»  [72,301].  Детальды  жеке  зерттеу  обьектісі  етіп  алмағанымен 
зерттеуші  мазмұн  мен  пішіннің  бір-бірімен  айрылмас  байланыста  болатын 
басты  ерекшелігін  назарға  ала  отырып,  осы  тұтастықты  сақтауда  детальдың 
ерекше  орын  алатындығын  баса  көрсетеді.  Егер  деталь  мәтін  ішінде 
ерекшеленіп,  екшеліп  тұрмаса  мән-мағынасынан,  қасиетінен  айрылатындығы 
белгілі.  
Әдебиеттанушы ғалымдар детальды анықтауда көркем туындының ең ұсақ 
ажырамайтын  құрылымдық  элементіне  жатқызады,  бірақ  оның  шекарасын 
анықтауда  әртүрлі  көзқараста.  Олай  дейтініміз,  барлық  зерттеушілер  құбылту 
мен  айшықтаудың  көркем  детальға  жатпайтынын  бірауыздан  мақұлдаса  да, 
детальға  нақты  не  жатады  дегенде  ортақ  пікірге  келе  алмай  жүр.  Мұны 
Ф.В.Путнин: «поэтические приемы, тропы и фигуры стилистические обычно к 
детали художественной не относят» [73] деп кесіп айтады.  
Кең  ауқымда  алып  қарастырғанда  детальға  сыртқы,  материалдық, 
шығарманың  көркемдік  әлеміне  жататын  дүниелер  мен  адамның  жан 
дүниесінің  қозғалысын  білдіретін  ішкі  детальдарды  жатқызады.  Ал  тар 
мағынасында  –  көркем  туындының  тек  заттық  әлемін,  яғни  сыртқы, 
материалдық дүниелерді ғана жатқызады [74].  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет