Сатылханова гульмира алихановна


 Деталь табиғатының зерттелуі



Pdf көрінісі
бет24/66
Дата07.01.2022
өлшемі1,74 Mb.
#17302
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   66
Байланысты:
Satylkhanova Disser

 
1.3 Деталь табиғатының зерттелуі  
Деталь табиғатының өзі көпфункционалды. Көркем туындының тініне ене, 
кіріге  отырып,  сюжетпен,  тартыспен,  кейіпкердің  характерімен  байланысқа 
түсетін деталь табиғатын зерттеп білу мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түскен 
емес.  Бүгінгі  таңда  әдебиеттану,  лингвистика  ғылымында  деталь  мәселесіне 
қатысты толыққанды зерттеулер қатары аз емес. Детальдың өзіндік ерекшелігі 
мен  айырым  белгілері,  шекарасы  жөнінде  анықтаманың  соңғы  нүктесі 
қойылмады  десек  те,  детальдың  табиғаты,  көркемдік  қызметі  жөніндегі 
бірқатар ғылыми зерттеулерді атап көрсетуге болады.   
Қазіргі  әдебиеттану  ғылымында  деталь  ұғымын  көркем  шығармадағы 
микроэлемент  ретінде  түсінуден  бастап,  бірнеше  сөйлемді  немесе  тұтас 
абзацты қамту бар. Оның негізгі критерийлері ретінде ойдың аяқталған, белгілі 
бір  мағынаның  берілуін  алады  және  детальдан  ең  ұсақ  элементті, 
детальдандырылған сәтті бөліп алу тәсілі де сөз болып жүр. 


35 
 
Деталь  әдеби  үдеріс,  көркем  шығармашылық  табиғатымен  тығыз 
байланыста  дамитын,  ежелден  келе  жатқан  көне  дүние  болса  да  қазақ 
әдебиеттану  ғылымында  аз  зерттелген.  Деталь  мәселесі  орыс  әдебиеттануы 
ғылымында жан-жақты зерттеліп, тыңғылықты қарастырылған.  
Детальды  жалпытеориялық  және  әдіснамалық  жоспарлы  зерттеуде 
Г.Поспелов,  М.Храпченко,  Е.Добин,  С.Петров,  И.А.Щирова,  Л.Тимофеев, 
В.Кожинов,  М.А.Березняк,  А.Соколов  т.б.  ғалымдардың  еңбектері  маңызды. 
Деталь  мәселесі  жанама  түрде  болса  да  А.Чичериннің  «Идея  және  стиль», 
В.Шкаловскийдің «Проза туралы повесть», А.Чудаковтың «Чехов поэтикасы», 
Л.Гинзбургтың  «Лирика  туралы»,  Б.Галановтың  «Сөзбен  салынған  сурет. 
Портрет. Пейзаж. Зат» сынды еңбектерінде сөз болады. 
Деталь  табиғатын  түсініп,  талдауда  жазушылардың  өздері  де  баға  жетпес 
құнды  пікірлерін,  ескертпелерін,  көңілге  түйген  ойларын  айтқан  еңбектер  де 
баршылық.  Олардың  қатарында  Л.Толстой  («Об  искусстве  и  литературе»), 
М.Горький  («О  литературе»),  А.Чехов,  С.Антонов  («Письма  о  рассказе»,  «Я 
читаю  рассказ»),  А.Фадеев  («За  тридцать  лет»,  «Писатель.  Искусство») 
еңбектерін  атап  көрсетуге  болады.  Сонымен  қатар,  деталь  мәселесіне  арнап 
жазылған  Е.Добин  («Герой.  Сюжет.  Деталь»,  «Искусство  детали»),  В.Ковалев 
(«Поэтика  Льва  Толстого»),  Э.Мартынов  («Художественная  деталь  в 
литературном  произведении»),  Р.Шкраба  («Характер.  Стиль.  Деталь»), 
З.Паперный  («Деталь  и  образ.  Чехов  и  Толстой»),  М.Эпштейн  («О  значении 
детали  в  структуре  образа»),  В.Старикова  («Деталь  в  формулировке 
Ф.Энгельса»),  М.Щеглов  («Верность  деталей»)  сынды  ғалымдардың 
зерттеулері бар. 
ХІХ  ғасырдың  80-жылдарында  Ф.Энгельс  социал-демократтық  бағыттағы 
ағылшын  жазушысы  Маргарита  Гаркнесске  жазған  хатында  автордың 
«Қалалық  қыз»  повесі  мен  «Жұмыссыз  адам»  әңгімесіне  оң  бағасын  бере 
отырып,  «менің  көзқарасымдағы  реализм,  детальдардың  шынайылығынан 
бөлек,  типтік  жағдайлардағы  типтік  характерлерді  туғызу  шынайылығы»  деп 
жазады.  Осы  хатта  айтылған  «деталь  шынайылығы»  деген  тіркестің  қанша 
уақыт өтсе де зерттеушілер назарынан тыс қалып келгенін Ефим Добин орынды 
аңғарған деп ойлаймыз [75]. Е.Добин өз кезегінде біраз уақыт бұрын Ф.Энгельс 
айтып  қана  қоймай,  кейінгі  күннің  еншісіне  жазып  қалдырған  көркем  образ 
тудырудың  әмбебап  тәсілі,  деталь,  деталь  шынайылығы,  дәлірек  айтқанда, 
көркем  образдың  даралығы  жөніндегі  пікірін  елемей,  ескерусіз  қалдыруы 
мүмкін емес болатын. 
«Типтік жағдайдағы типтік характер» формуласы көп уақытқа дейін әдеби 
сыншы,  теоретик,  әдебиет  тарихын  зерттеушілердің  назарынан  тыс  қалмай, 
әбден  талқыға  түсіп,  оған  түрлі  ғылыми  еңбектер  арналды.  Ал  «деталь 
шындығы» деген мәселе соның көлеңкесінде қала берді. Зерттеушілердің дені, 
әсіресе  Е.Добин  бұл  мәселеге  Энгельс  пен  Бальзак  ерекше  мән  беріп,  көркем 
шығармадағы  детальдың  қажеттілігі  жөнінде  әлі  күнге  маңызын  жоймаған 
құнды пікірлер айтқанын көрсетіп берді.  


36 
 
Детальдың  көркемдік  қызметіне  бүкіл  саналы  ғұмырын  арнаған  
петербургтық  оқымысты  Е.С.Добиннің  маңызды  да  мағыналы  еңбектері 
ерекше. 1962 жылы жарық көрген «Кейіпкер. Сюжет. Деталь» кітабында деталь 
табиғатына  мән  беріліп,  толық  ашылса,  1975  жылы  «Деталь  өнері.  Байқаулар 
мен талдау» атты арнайы монографиясын жариялайды. Ал 1981 жылы «Сюжет 
және  болмыс.    Деталь  өнері»  атты  еңбегінде  негізінен  детальдың  қорытушы 
рөліне  тоқталып,  оның  көркемдік  қызметін  және  көркем  нақтылықтан  негізгі 
айрықша белгілерін көрсетеді. Е.Добиннің ойынша, деталь мағынасы мен күші 
оның  шексіз  ұсақтығы  біртұтастыққа  кіріккен,  «өнердің  миниатюралық 
моделі». А.Чехов, Н.Гоголь т.б. жазушылардың шығармаларын талдай отырып, 
ол  детальдың  адам  мен  қоғамды  көркем  зерттеудегі  маңызды  құралға 
айналғанын  дәлелдеп  көрсетті.  Теориялық  тұрғыдан  Е.Добиннің  жұмысы 
детальдың  табиғаты  мен  қызметін  анықтап  зерттеу  үшін  қажетті  әрі  құнды 
еңбек болып саналады.  
Орыс  әдебиетінде  детальға  байланысты  мәселе  өткен  ғасырдың  50-
жылдардың  соңы  мен  60-жылдардың  басында  көтеріле  бастады  десек  те,  ол 
жөніндегі  ең  құнды,  ең  мәнді  түсінік,  ұғымдарды  Л.Толстой,  И.С.Тургенев, 
Чехов  сынды  классик  жазушылардың  айтып,  жазып,  қалыптастырып  кеткені 
белгілі.  Әрине,  олардың  бірқатары  «деталь»  деп  атап,  түстемесе  де  ой-
пікірлерінің  ауаны  дәл  сол  детальды  меңзеп  тұрғаны  көзі  қарақты  оқырманға 
түсінікті.  Соған  азырақ  тоқталып  өтсек.  Сөз  зергері  И.С.Тургенев  өз 
шығармаларының  дүниеге  келуі  жөнінде  былайша  пайым  жасайды:  Мәселен, 
мен  қандай  да  бір  Фекла  Андреевнаны,  Петрды  немесе  Иванды  кездестірдім 
делік.  Күндердің  бір  күнінде  мен  басқалардан  көріп  те,  естіп  те  білмеген 
ерекшелікті  дәл  осылардың  бойынан  байқаймын  да,  маған  қатты  әсер  еткен 
нендей ерекшелік болды екен деп ынта қойып, үңіле қараймын. Бір уақытта әлгі 
Фекла  Андреевна,  Петр,  Ивандар  өз-өзінен  жоқ  болып  кетеді,  бірақ  олардың 
маған  жасаған  әсер-ықпалдары  менің  ой-санамда  жатталып  қалып,  өсіп,  пісіп, 
жетіле  береді.  Көз  алдымда  қалған  бейнесін  басқалармен  салыстыра  қарап, 
оларды  әртүрлі  құбылыс,  әрекет  аясына  біртіндеп  енгізіп,  сіңдіре  бастаймын. 
Соңында  тұтас  бір  ерекше  әлем  бейнесі  шығады.  Енді  осы  әлемді  бейнелеу 
қызығушылығы  туады  да,  мен  бұл  қызығушылықты  ерекше  бір  шабытпен, 
рақаттана отырып, суреттеп шығамын [56]. Зерттеуші Б.Кабдулов бұл үзіндідегі 
жазушының  айтып  отырған  адамдар  бойында  суреткерге  әсер  еткен  «ерекше 
бір  дүниені»  –  деталь,  кейіпкерлердің  бойындағы  характерлік  ерекше  белгіні 
сөз жоқ – деталь деп түсіндіреді [62,119]. Негізінде И.С.Тургенев егер жазушы 
өмірлік  құбылысты  рет-ретімен  суреттеп,  жаза  берсе  түбі  жақсылыққа 
апармайтындығын қатты ескерткен. Дәл осындай ойды: «шығармадағы көркем 
шындықтың  көсегесі  өмірдегі  шындықтарды  қаз-қалпында  қайталап 
шыққаннан еш уақытта көгермейтінін» [72] С.Әшімбаев та айтқан. Яғни, өмір 
құбылысын  оқырман  ойында  мәңгі  сақталып  қалатындай,  сезімін  дір  еткізіп, 
әсер  ететіндей  етіп  суреттеп  жазып  шығу  үшін  де  нақтылық,  іріктей,  таңдау 
қажет екенін алға тартады.   


37 
 
Деталь мәселесін зерттеуге арналған әртүрлі кезеңде әртүрлі басылымдарда 
жарық  көрген  М.Котов,  Ф.Светов,  Т.Батурина,  А.Абрамович,  К.Куров, 
Б.Подольский,  Ю.Климов,  К.Чистов,  И.Рыбинцев  сынды  зерттеушілердің 
ғылыми  мақалалары  бар.  1977  жылы  зерттеуші  Э.М.Мартынов  типтендіру 
үдерісіндегі  детальдың  рөлін  анықтауға  арналған  «Әдеби  туындылардағы 
көркем  деталь»  атты  монографиясын  жариялады.  Автор  негізгі  көңілді 
В.Быков,  И.Пташникова,  В.Адамчик,  А.Кудрявец  және  Б.Саченко  әңгімелері 
мен повестеріндегі деталь рөлін анықтауға бөлген.  
Бұл  еңбектерде  негізінен  детальдың  табиғатын  танып-білу  мен  қызметін 
анықтау  мәселесіне  арналған.  Мәселен,  М.Котов  деталь  –  бұл  суреткердің 
санасында көрініс тапқан, обьективті шындықтың сілемі; детальдың орны мен 
рөлі  –  шынайы  көркем  образ  тудыруда,  кез  келген  образ  жекелеген  штрихтар 
мен детальдардан құралып, олардың жиынтығы шығарманың көркемдік негізін 
құрайды деген ой айтады. Ф.Светов детальдың рөлі кейіпкердің рхани әлемін, 
оның  психологиясын  ашып  көрсетуде  танылады  деп  пайымдайды.  Т.Батурин 
детальдың  рөлі  мен  маңызын  оқиғаның  дамуымен  байланысты  қарастырады. 
К.Куров детальдың мән-маңызы шығарманың түпкі ойын жүзеге асыруда деген 
ой тастайды [76].  
Көркем  деталь  табиғатын  анықтауға  арналған  теориялық  және  жеке 
авторлық (монографиялық) еңбектер бар.  
Көркем  шығармадағы  қолданылатын  детальды  немесе  детальдар  жүйесін 
анықтау,  басқаша  айтқанда,  «шындықтың  түрін  өзгертіп  берудің»  шығарма 
идеясына сәйкес келуі – әдебиеттанудың өзекті мәселелерінің бірінен саналады. 
Оны  шешудің  ең  маңызды  жолы  детальды  жүйелеу,  классификациялау  болып 
табылады.  
В.Е.Хализевтің  «Әдебиет  теориясы»  еңбегінде  «Кей  жағдайда  жазушылар 
қандай  да  бір  құбылысты  толық,  жан-жақты  қамтып  көрсетсе,  кей  жағдайда  
әртүрлі мәселені бір ғана мәтіндік эпизодтарға біріктіріп (сыйғызып) көрсетеді» 
[25,305]  деп  жазса;  Л.В.Чернец  деталь  түрлерін  шығарманың  стиліне  қарай 
топтастыруды  ұсынады  [77,294].  Динамика  мен  статика,  ішкі  және  сыртқы 
суреттеулер  тұрғысынан  жазушының  стилі,  «стильдік  доминанттары»  анық 
аңғарылады. Егер жазушы тұрмыстың статикалық сәттерін (кейіпкердің сыртқы 
келбеті,  пейзаж,  қала,  ауыл  көрінісі,  интерьер,  тұрмыстық  заттар  т.б.) 
басымырақ  суреттесе,  онда  бұл  стилін  сипаттама  деуге  болады.  Бұл  стильге 
сипаттама детальдар сәйкес келеді.   
А.Б.Есин  деталь  типологиясын  зерттей  отырып,  негізгі  үш  түрін  ұсынады: 
сюжеттік  деталь  (Гогольдың  «Тарас  Бульбасы»),  сипаттамалық  (түсіндірмелі) 
деталь  («Өлі  жандар»);  психологиялық  деталь  (Достоевскийдің  «Қылмыс  пен 
жазасы»). Төл әдебиетіміздегі түрлі типтің басым келуі, өзіне лайық доминант 
стильді  тудырады:  сюжеттік  (Ә.Нұрпейісовтің  «Қан  мен  тері»),  сипаттамалық 
«С.Сейфуллиннің  «Тар  жол,  тайғақ  кешуі»),  психологиялық  («Т.Ахтановтың 
«Шырағың  сөнбесін»)  [78,211].  Зерттеуші  А.Б.Есин  автордың  сыртқы 
динамикаға  (ішінара  ішкі  динамикаға)  деген  концентрациясын  сюжеттік  деп 
анықтайды.  Мұндай  шығармаларда  сюжеттік  детальдар  көптеп  кездеседі.  Ал, 


38 
 
егер  жазушы  кейіпкердің  немесе  қаһарманның  ішкі  әлеміне  үңіліп,  оның  ой-
сезімін,  уайым-қайғысын,  арман-мақсатын  сипаттаса  психологизм,  ал 
кейіпкердің  ішкі  жан-дүниесін  суреттесе  психологиялық  стиль  болады.  Әрбір 
нақты туындыдағы сюжеттік, сипаттамалық немесе психологизм оның стильдік 
белгісін  құрайды.  Бұл  категориялар  бір-бірімен  сабақтасып,  сәйкес  келіп 
жатады.  
Сонымен, 
зерттеуші 
А.Б.Есин 
деталь 
жіктелуін 
сыртқы 
және 
психологиялық  деп  бөледі.  Сыртқы  детальдар  сыртқы  дүниені,  адамдардың 
тұрмысын,  олардың  өмір  сүру  ортасын  сипаттап:  портреттік,  пейзаждық  және 
заттық  болып  бөлінеді;  ал  психологиялық  деталь  адамның  ішкі  дүниесін 
сипаттайды.  Ғалым  бұлайша  бөлудің  шарттылығын:  «егер  сыртқы  деталь 
кейіпкердің  жан-дүниесіндегі  қандай  да  бір  қозғалысты  білдірсе  (онда  бұл 
психологиялық  портрет  болады)  немесе  кейіпкердің  уайым-қайғысы  мен  ой-
пайымын білдірсе психологиялық болып танылады» [27,75-76] деп түсіндіреді. 
А.Есин  сюжеттік  детальдарды  жеке  түр  ретінде  қарастырмайды.  Сюжеттік 
детальдарды  классификациядан  шығарып  тастауға  да  негіз  жоқ  емес. 
И.А.Жавороноктың  ойынша,  уақыт  пен  кеңістік  өзгерісіндегі  бірін-бірі 
ауыстырып  отыратын  жағдайда  кейіпкердің  өмірін  немесе  оқиғалар  тізбегін 
көрсететін  сюжет  тікелей  портретпен,  пейзаж  динамикасы  заттармен,  сондай-
ақ, кейіпкердің психологиялық күйін өзгертумен байланысты [79].  
В.А.Кухаренко  детальды  қызметіне  қарай  топтастырады  да,  бейнелеу, 
нақтылау,  мінездеу,  имплициттік  [80,113-116]  деген  түрлерін  атап  көрсетеді. 
Зерттеуші  И.А.Жаворонок  «Улицкая  шығармашылығындағы  көркемдік  деталь 
және  оның  қызметі»  атты  еңбегінде  автор  драмаларындағы  деталь  қызметінің 
прагматикасы  мен  парадигматикасына  жан-жақты  тоқталумен  қатар, 
романдарында  ақ  түстің  символикалық-мағыналық  доминант  ретінде  берілуін 
анықтап  көрсетеді.  Сонымен  бірге  заттық  детальдарды  ажырата  отырып, 
портреттік-костюмдік  детальдардың  кездесуін  сөз  етеді.  Әсіресе,  заттық-
тұрмыстық детальдарды бірге ала отырып, олардың атрибутивтік белгілері көп 
екендігіне  ерекше  мән  береді.  И.А.Жавороноктың  пайымдауынша,  детальды 
қызметіне қарай топтастыру дұрыс емес, өйткені, деталь бір мезетте суреттеліп 
отырған оқиғаны бейнелеп те, нақтылап та көрсете алуы мүмкін. 
Л.Р.Закирова  «Ф.Амирхан  прозасындағы  көркем  деталь  (түрлері,  қызметі, 
эволюциясы)»  атты  еңбегінде  детальды  көркемдік  компонент  ретінде 
танытумен  қатар,  басты  назарды  кейіпкерлердің  ішкі  әлемін  суреттеп, 
көрсетудегі  детальдың  қызметіне  аударады  [81].  Осы  бағытта  автордың 
бірқатар  психологиялық  туындыларан  талдап  береді.  Әрі  жазушы 
шығармаларындағы  комикалық  және  сатиралық  образдар  тудырудағы 
детальдың рөлін арнайы сөз етеді.  
Т.И.Лазарева «С.П.Данилов романдарындағы көркемдік деталь: типтері мен 
қызметі»  атты  ғылыми  жұмысында  детальды  зерттеудің  теориялық-
методологиялық бағытына көңіл бөледі [82]. Детальдың көркемдік қызметі мен 
классификация  принциптеріне  тоқталады.  Ғалым  жұмысының  негізгі 
құндылығы  –  көркем  детальды  психологизм  тәсілі  ретінде  танытуы  деуге 


39 
 
болады.  Кейіпкердің  психологиялық  көңіл  ауанын,  ішкі  сезімін,  көркем 
тартысты    портреттік,  пейзаждық,  заттық  детальдар  арқылы  беру  жолдарын 
кеңінен ашып көрсетеді.  
Е.С.Добин  деталь  мен  нақтылық  ұғымының  өзіне  тән  белгілерін  көрсетіп, 
түсіндіріп  береді:  «детальдың  мәні  мен  маңызы  –  шексіз  ұсақтықтың 
тұтастыққа бірігіп, кірігуінде, өзара жымласуында. Деталь нүкте бола отырып, 
ортаға кіру тенденциясына ие болады. Деталь – өнердің миниатюралық моделі. 
Деталь  мен  нақтылық  категориясы  әдетте  синоним  ретінде  жүреді:  екеуі  де 
Толстойлық  «шексіз  ұсақ  сәттердің»  түрлері  [28,93].  Деталь  секілді  нақтылық 
та  көркем  тұтастық  тініне  ене  алады.  Айырмашылығы  –  осы  мақсатқа  жету 
жолдарының  әртүрлілігінде.  «нақтылық  көпше  түрде  әрекет  етсе,  деталь  егер 
мотив (лейтмотивке) айналып кетпесе, жалқы күйінде болады. Деталь тұрақсыз, 
оның лейтмотивке айналып кетуін ғалымдар жоққа шығармайды. 
«Детальдың  анық  ұшырасуы  түрлі  дәрежеде  жалпы  фонмен  [(фр.  Fond  < 
лат.  Funds  =  негіз)  композицияның  негізгі  элементтерін  айыруға  көмектесетін 
жалпы  негіз]  контрастықта  (айырмашылықта)  болып  келіп,  композициялық 
амал-тәсілдер:  қайталау,  шегініс  т.б.  тууына  септеседі.  Деталь  өз  кезегінде 
қайталана  отырып,  қосымша  мәнге  ие  болып,  деталь  мотивке  (лейтмотивке 
нем.тілінде  =  негізгі  мотивке)  айналады  да,  көбіне  символ  дәрежесіне 
көтеріледі.  Мысалы,  Мәшһүр-Жүсіптегі  «жалаңаш»,  «соқыр»  және  «саңырау» 
символдық детальдарға жатады.  
Символдық  деталь  кейде  (көбіне  шағын  прозалық,  поэтикалық 
туындыларда)  тұтас  шығарма  атауы  ретінде  алынуы  да  мүмкін.  Бұған 
Б.Майлиннің  «Көзілдірік»  драмасы,  М.Көпейұлының  «Алтын  табақ»  және 
Ә.Найманбаевтың  «Ағаш  ат»  дастандарын  атауға  болады.  Деталь  –  мықты 
арқан сияқты көркемдік бірлік тұтастығын, композицияға автордың қатынасын 
бір желіге мықтап байлап ұстайды» [78,214]. 
Деталь – интенсивті, яғни өнімді, қарқынды, өсімтал. Зерттеуші Е.Добиннің 
пайымдауынша,  қалыптасқан  норманы  бұзу,  оқыс  жағдай  элементі,  әсірелеу 
осындай  детальдардың  интенсивтігін  сезінуді  туғызып,  оған  айрықша  «жүк» 
артады [71,305]. 
Нақтылық  –  экстенсивті,  яғни  сан  жағынан  көбейіп,  ұлғаяды.  Ол  көркем 
образ элементі емес, белгі, қарапайым белгіге жақын келеді, олар көп жағдайда 
ақпараттық,  кейде  эстетикалық  функцияны  атқарады.  Ал  детальға  идеялық-
көркемдік  міндет  жүктеледі.  Деталь  мен  нақтылықтың  арасындағы 
айырмашылық абсолюттік емес: оның өтпелі формалары да бар [27,27]. 
Р.Д.Цивиннің  еңбегінде  детальға  берілген  анықтама  да  өте  маңызды  әрі 
өзекті:  жалпыны  алып  жүретін  талдап  қорытудың  өзгеше  тәсілі,  дәлдік, 
нақтылық, ол сюжетте өзінен-өзі асып түсетін, өзін көбейтетін автордың түпкі 
ойына  міндетті,  деталь  –  бұл  безендірілген  талдап  қорыту,  типтендірудің  ең 
жоғарғы түрі [83,6]. 
В.Ф.Путнин  детальға:  «тұрмысты  суреттеудегі  заттық  нақтылықтар, 
портрет, пейзаж, интерьер, ым-ишара, субьективті реакция, сөйлеу мен әрекет» 


40 
 
деп анықтама береді [73,90]. Көркем детальға осылайша анықтама беру өнімді 
әрі тиімді. 
Портреттік,  пейзаждық,  заттық  және  психологиялық  детальдар  іштей  ұсақ 
бөліктерге  бөлінеді.  Көптеген  зерттеушілер  портреттік  детальды  статикалық 
және  динамикалық,  экспозициялық  және  динамикалық  деп  қарастыруды 
ұсынады  [84,258],  ал  пейзаж  бен  затты  –  сюжеттік  мотивировка  түрінде 
қабылдауды  ұсынады  [85,281].  Экспозициялық  детальдар  портрет,  пейзаж, 
интерьерді  мейлінше  тиянақты  суреттеуге  қызмет  етеді.  Әдетте  олар 
статикалық  болып  келеді  (қазақша  орныққан  деуге  болады),  сол  арқылы 
оқырман  кейіпкермен,  оны  қоршаған  ортамен  таныс  болады.  Сондықтан 
экспозициялық  және  статикалық  детальды  әдейілеп  бір  топқа  жатқызады. 
Детальдың  динамикалық  типі  суреттеп,  сипаттауда  жеке  қайталанбайтын 
нәрсенің  әлеуметтік-типтікке  айналуы,  детальдың  өмірдің  динамикалық 
үдерісіне кірігуі кездеседі. 
А.Б.Есин  портрет,  пейзаж,  заттық  және  психологиялық  детальды  нақты 
деталь,  символ  деталь  деп  бөледі:  «нақтылық  массада  көрінеді,  затты  және 
құбылысты  барлық  қырынан  суреттей  келіп,  символдық  деталь  біреу  ғана 
болады,  ол  ең  маңыздысын  бөліп  көрсете  отырып  барлық  құбылысты  бір-ақ 
қамтуға ұмтылады [27,76]. 
Деталь негізінен заттық «материалдық немесе идеалдық табиғатынан, яғни 
шығарманың  метасөздік  деңгейінде  ғана  өзіндік  орны  бар.  Поэтикалық 
көркемдегіш  тәсілдер,  құбылтулар  мен  стилистикалық  айшықтаулар  көркем 
сөйлеу элементтеріне жатады. 
Бұның бәрі көркем детальды анықтауға арналған теориялық-филологиялық 
бағыттағы еңбектер. Енді жеке авторлық еңбектерге шолу жасасақ. 
М.Веллер  «Әңгіме  техникасы»  [86]  атты  еңбегінде  көркем  шығармадағы 
детальдарға түс, иіс, дәм, дыбыс, портретті жатқызады. М.Веллердің пікірінше, 
қазіргі  әдебиетте  түс  шартты,  тура,  күшті  әрі  экспрессивті.  өйткені,  авторлар 
өмірдің  шындығын  емес,  оқырмандық  қызығушылыққа  мән  береді.  «Қазіргі 
әдебиетте  неопримитивизм  бой  алып  келеді.  Бұл  дегеніңіз  кез  келген  нәрсе 
болуы  мүмкін,  оның  түсі  тіпті  де  маңызды  емес:  бет  –  «қоңыр»,  «сұр», 
«көкшіл», «жасыл»; суат (ойық) – «күлгін», «көк»; шалғын – «күміс», «қызғылт 
сары». Түс детальдары суреттеліп отырған затты көрнекті, көзге бірден түсетін 
етіп  қана қоймайды,  тіпті  күтпеген,  әдеттегіден  тыс  етіп  жібереді,  сонысымен 
де адамға әсері күшті» [86]. Зерттеуші ХІХ ғасырмен салыстырғанда ХХІ ғасыр 
әдебиетіндегі  портретті  қысқа,  ықшам  деп  таниды.  Қазіргі  портреттің 
техникалық  жағы  қиындау,  өйткені  бір-екі  детальмен  образ  туа  салатындай 
портрет жасау қиындау» деп қорытады [86,15]. Бұл жайт бүгінгі жазушылардың 
детальдың  көркемдік  қызметіне,  жалпы  деталь  мәселесіне  ерекше  көңіл 
бөлетінін  аңғартады.  Жазушы  Е.Л.Улицкая да  өз  сұхбатында ол  үшін  «ғылым 
мен өнер бір тамырдан өсіп шығатынын» бірнеше рет айтып отырады [87]. Сол 
арқылы жазушы  өз дүниетанымының  жекелеген  ерекшеліктерін баса  көрсетті. 
Улицкая үшін әлемді оның бар құнды детальдарымен көре және суреттей білу 
өте маңызды.  


41 
 
Өткен  дәстүрге  сүйену,  көркем  суреттеу  құралдарының  тарихи 
сабақтастығы  детальдың  прозада  кездесуіне,  оның  динамикасына  әсер  етпей 
қоймайды.  Қазақ  прозасындағы  детальдың  кездесу  динамикасы  күрделі. 
Детальдың  эстетикалық-көркемдік  перспективасы,  оның  тарихи  қозғалысы, 
уақытқа  сәйкес  қозғалысы  –  деталь  «қорының»  үнемі  өзгеріп  отыратынын, 
өзгерген мазмұнға сай жаңа детальдардың туатынын, ескі детальдардың қайта 
жанданатынын,  олардың  дәстүрлілігін,  қайталанатындығын,  символикалығын 
көрсетеді.  Жазушы  суреттеп  отырған  өмір  шындығы  өзгереді,  қозғалады, 
шығарманың  мазмұны  өзгереді.  Соған  байланысты  пішін  де  өзгереді.  Дәл 
осыған байланысты көркем деталь әрқашан дәстүрлі және әрқашан жаңа.  
Ұлттық  болмыс,  белгілі  бір  халықтың  өмірі  мен  тарихы  өзінің  обьективті 
заңдары  арқылы  дамиды  және  жазушының  алдында  әрқашан  жаңа  қырынан 
танылып, көрініп отырады. Өмір дамуының бұл обьективті бағыты, оның жаңа 
аспектілері  оның  көрінісін  суреттеуге  сәйкес  келетін  элементтер  мен  пішінді 
талап етеді; осылайша дәстүрлі пішінге қайшы келмейтін, керісінше оны жаңа 
көркемдік  мүмкіндіктермен  дамытып,  байытып  отыратын  өмірлік-тарихи 
ізденістерге  жол  ашылады.  Осылайша,  көркем  шығармашылықтағы  өмірлік 
және  әдеби  ситуацияның  бірігуі,  өмірлік-тарихи  ізденіс  пен  әдеби-көркемдік 
дәстүрдің  бірыңғай  қорытпасы  туады.  Бұл  мәселелер  –  өмірлік-тарихи  ізденіс 
сұрақтары,  оның  көркемдік  дәстүрмен  бірігуі  –  прозадағы  дәстүр  мәселесін 
зерттеудің негізгісі болып саналады. 
Прозадағы детальдың рөлін зерттеуде алдымен оның көркемдік қызметі мен 
эстетикалық  құндылығына  ерекше  көңіл  бөлу  керек.  Өйткені  бұл  детальдың 
негізгі мәселесі болып табылады. 
Бурят  прозасындағы  деталь  мәселесін  қарастырған  ғалым  С.Ж.Балданов 
деталь  дамуының  ерекшелігі  ретінде  оның  ең  алдымен  фольклорлық 
метафоралық  детальдарға  арқа  сүйеп,  дамығанын  айтады  [88].  Бұл  деталь 
мәселесіне  нақты  тарихи  принцип  тұрғысынан  келуде  заңды  әрі  қажетті  этап 
болып  саналады.  Кейіннен  өмірдің  өзінен  алынған  детальдар  кірігіп, 
әдебиетімізде берік орнықты.  
Ғалым С.Ж.Балданов деталь мәселесін зерттегенде оның негізгі мәселелері 
мен бөлімдерін зерттейтін «пункттерін» анықтап алудың қажеттілігін алға тарта 
отырып,  бурят  әдебиеттану  ғылымында  детальдың  негізгі  мәселелерін 
зерттеуге  көңіл  бөлінбегендігіне  өкініш  білдіреді:  «Бурят  прозасындағы 
детальдың  көріну  динамикасы  күрделі.  Детальдың  эстетикалық-көркемдік 
перспективасы,  оның  тарихи  қозғалысы,  «қорының»  үнемі  өзгеріп  отыруы: 
мазмұнға  сай  жаңа  детальдардың  пайда  болуы,  дәстүрлі,  символдық, 
қайталанатын  ескі  детальдардың  қайта  жаңғыруы  зерттеуді  қажет  етеді. 
Жазушының  суреттеген  болмысы  қозғалыста  болғандықтан  өзгереді, 
туындының  мазмұны  өзгереді.  Соған  сәйкес  пішін  де  өзгереді.  Осымен 
байланысты көркемдік деталь дәстүрлі және жаңа болып отырады» [88,16-17]. 
Қазақ  әдебиетінде  де,  соның  ішінде  новелладағы  детальдың  көркемдік 
қызметін талдау, зерттеу мәселесі бізде кенжелеп тұрғаны белгілі. Тек новелла 
ғана емес, жалпы қазақ прозасындағы детальды зерттеудің нақты принциптері, 


42 
 
пішіннің  басқа  элементтерімен  әсер-ықпалы,  өмір  сүруінің  негізгі 
заңдылықтары  айқындалып  болған  жоқ.  Бұл  қазақ  әдебиетіндегі  детальдың 
қызметін қарастырудың қажеттілігі мен өзектілігін көрсетеді. 
«Әдебиет  танытқыш»  еңбегінде  А.Байтұрсынұлы  шығарма  компоненттері 
жөнінде: «Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлері үшеу:  
1) Әуезе; 
2) Әліптеу; 
3) Пайымдау. 
Дүниедегі нәрселердің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана емес, 
әр жағынан алып сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға алсақ, не 
ол  адамның  істеген  ісін,  айтқан  сөзін  әуезе  қылып  сөйлейміз,  я  болмаса  ол 
адамның  істеген  істерінің,  өзінің  жақсы,  жаман  болғанының  мәнісін,  себебін 
тексере, пайымдап сөйлейміз.  Осыған қарай  сөйлеген  сөзіміздің  түрі не  әуезе, 
не  әліптеме,  не  пайымдама  болып  шығады.  Көбінесе-ақ,  әуезе,  әліптеме, 
пайымдама  шығарма  ішінде  аралас  келіп  отырады»  [8,347]  деп  сипаттама 
береді. 
Ғалым  З.Ахметовтың  редакторлығымен  жарық  көрген  «Әдебиеттану. 
Терминдер  сөздігінде»  детальға  төмендегідей  анықтама  беріледі:  «Көркемдік 
деталь (бөлшек, бедер-белгі) – мағыналық, көркемдік мәні бар ұсақ ерекшелік, 
сөз  болып  отырған  нәрсенің  жекеленген  сипат-белгілері.  Көркемдік  детальдар 
қолдану  егжей-тегжейлілікке  елігіп,  майда-шүйдені  жіпке  тізгендей  тере  беру 
емес,  ол  әншейінде  оп-оңай  көзге  түсе  бермейтін  өзгешеліктерді 
байқағыштықтан, көрегендіктен туындайды, сондықтан ол өмір құбылысының, 
әр  түрлі  нәрсенің  ерекшелігін,  сондай-ақ  адамның  бойындағы  қандай  да  бір 
қасиет-сипатты  дәл  тауып,  бейнелеп  беру  шеберлігін  танытады.  Кейіпкер 
мінезіндегі,  кескін-келбетіндегі,  іс-әрекеті  мен  сөйлеу  мәнеріндегі  немесе 
шығарманың 
сюжеттік 
желісіндегі, 
композициялық 
құрылысындағы 
жекеленген  ерекшеліктер  немесе  суреттеменің,  баяндаудың  дәлдігін, 
нақтылылығын арттыра түсетін әр түрлі бояу-нақыштар – міне осылардың қай-
қайсысын  да  көркемдік  деталь  ретінде  алып  қарауға  болады  [35,195-196].  Бұл 
көркемдік  тәсілдің  айрықша  ұтымдылығы  –  аз  сөзбен  көп  мағына  беріп,  өмір 
құбылысын  ықшамды,  орамды  түрде,  ұтымды  бейнелеуге  ұмтылуында. 
Адамның мінезін, қимыл-әрекетін суреттегенде, бірнеше дөп басып көрсетілген 
сипат-өзгешелік  арқылы  оның  бейне-тұлғасын  көзге  тұтас  күйінде  айқын 
елестетуге мүмкіндік туады. Не нәрсе суреттеліп, қандай жағдай баяндалса да, 
бүтінді  жеке  бір  бөлшегі  арқылы,  тұтас  құбылысты  кейбір  дара  сипаттары 
арқылы  немесе  адамның  іс-әрекетін,  жүріс-тұрысын  бір-екі  қимыл-қозғалысы 
арқылы  әсерлі  көрсету  –  міне,  көркем  детальды  қолданудағы  жазушының 
шеберлігі осыдан жақсы аңғарылады» [35,195-196]. 
Қазақ әдебиеттану ғылымында деталь мәселесі Б.Кабдуловтан кейін арнайы 
зерттеу  нысаны  болмағанымен,  мақалалар  көлемінде  бірқатар  ғалымдар 
тарапынан  сөз  болды,  деталь  табиғатына,  көркемдік  қызметіне  қатысты 
маңызды  ойлар  айтылып,  нақты  мысалдар  арқылы  дәлелденді.  Профессор 
Т.Рахымжанов  «Романның  көркемдік әлемі»  атты  еңбегінде  деталь  мәселесіне 


43 
 
тоқталады.  Деталь  өнері  жөнінде:  «қазақ  қаламгерлері  аз  сөзге  көп  ой 
сыйғызып,  өз  шеберліктерін  шыңдай  отырып,  көркем  детальға  ерекше  мән 
береді.  Сыйымды,  мағыналы,  айшықты  детальды  орнын  тауып,  орайымен 
қолданады»  [89,112-113]  деп  ой  түйіп,  портреттік,  тұрмыстық,  этнографиялық 
детальдардың  кейіпкердің  ішкі  жан  дүниесін  ашуда  елеулі  міндеттер 
атқаратындығын сөз етеді. 
Т.Ақшолақов  өзінің  бірқатар  ғылыми  еңбектерінде  көркем  шығармадағы 
деталь  мәселесіне  ерекше  мән  берген.  Ғалым  көркем  детальдың  шығарманың 
эмоциялық  қуатын  күшейтуіне  тоқталады.  Сол  үшін  Ә.Нұрпейісовтың  «Қан 
мен тер» трилогиясының «Ымырт» дет аталатын кітабындағы балықшылардың 
безбүйрек,  рақымсыз,  жауыз  Федордың  қаһарымен  теңізге  балық  аулауға 
шыққан сәттегі және Мөңкенің баласы қаза болуына байланысты оқиға-деталь, 
штрих-детальдарды  талдап  көрсеткен.  Сонымен  қатар,  Ж.Аймауытовтың 
«Қартқожа», Б.Майлиннің «Түйебай», «Зәкіржан молда», М.Әуезовтің «Қараш-
Қараш», Ғ.Мүсіреповтің «Сөз жоқ соның іздері» шығармаларында авторлардың 
детальды  мақсатына  жарата  білген,  ұтымды  пайдалана  білгендігіне  тоқталып, 
мысалдар  арқылы  дәлелдеп  көрсеткен.  Әсіресе,  «Мұхтар  адам  жанының  сан 
алуан  құбылыстарын,  нәзіктігін,  «адам  көңілінің  ыстық-суықтығын»  бейнелеу 
үшін, соған орай өрнектер іздейді. Ал «оқиғаның дамуын өмірдің өз логикасына 
бағындырған  Бейімбет  ұластыруларға  бара  бермеген,  қарапайым  сөздерден 
оқиға өріп, адамдарын көбінде қимыл-әрекет үстінде көрсетеді, ұтымды, шебер 
табылған көркем штрих-детальдар арқылы кейіпкерінің характерін ашады. Сол 
көркем детальдардан авторлық позициясы да аңғарылады» [90,168] деген ғалым 
пайымдауларынан  детальға  ерекше  мән  беріп,  оның  кейіпкер  мінезін  ашуда, 
авторлық  позицияны  түсінуде  елеулі  рөл  атқаратындығын  меңзегенін 
байқаймыз. 
Зерттеуші  Қ.Мәдібаева  «Сәкен  Сейфуллин  «Тар  жол,  тайғақ  кешу»  атты 
мақаласында  жазушылық  шеберлігіне  тоқтала  отырып  «Сәкен  Сейфуллиннің 
кілт  үзіп,  шегініс  жасап,  ілгері  озып  отырып  баяндау  тәсілі,  сөзбен  сурет 
салудағы  таңдай  қақтырып,  таңқалдыратын  тамаша  тәсілдері,  сол  кезеңнің 
прозалық  шығармаларында  сирек  ұшырайтын  сөйлесу,  сөйлету  (диалог) 
үлгілері,  адамды  сырт  тұлғасын  киген  киім,  тұрған  тұрыс,  жүрген  жүрісімен, 
бір ғана детальға іліктіріп алып ішін аша, мінез-құлқын тұтас тартып отыруы – 
шығарма  арқауын  босатпай,  шымыр,  шиеленістіре  ширықтырып  өруі,  тіл 
айшық,  тіл  мүмкіндігінің  соншалықты  молдығына»  мән  беріп,  жазушы 
шығармаларының көркемдік сапасына баға беріп өтеді [64,24]. 
Ғалым  Г.Пірәлиева  «көркемдік  деталь  тұрмыстық,  заттық,  этнографиялық, 
портреттік,  пейзаждық  деталь  арқылы  кейіпкердің    рухани  әлеміне  тереңдей 
үңіліп,  адам  психологиясын  ашады»  [22,271]  деп  қазақ  прозасында  кездесетін 
деталь  түрлерін  нақты  көрсетіп,  олардың  кейіпкер  психологиясын  ашудағы 
қызметіне  жан-жақты  тоқталады.  Осы  бағытта  М.Әуезов,  Б.Майлин, 
Ә.Нұрпейісов, 
А.Сүлейменов, 
Ә.Тарази 
сынды 
жазушылардың 
шығармаларында кездесетін заттық, тұрмыстық, сыртқы психологиялық деталь 
түрлерін айшықтап, нақты мысалдар арқылы дәлелдеп көрсетеді. «Ғ.Мүсірепов 


44 
 
–  психологиялық  талдау  өнерінің  хас  шебері»  мақаласында  жазушының 
әңгімелеріндегі  көркемдік  детальдың  қызметін,  сол  арқылы  автордың  үлкен 
әлеуметтік,  философиялық,  эстетикалық-рухани  құндылықтар  жасай  білген 
ерекшелігін талдап көрсетеді. 
Зерттеуші  Қ.Жанұзақова  «Әдебиеттануға  кіріспе»  атты  оқу  құралында 
детальға кеңінен тоқталып, бірқатар тұшымды ой-пікірлер айтып өтеді. Автор 
«Көркем  шығармада  образды  сомдайтын  кіші  бөлшек  –  көркемдік  деталь. 
Көркемдік  деталь  шығармада  құбылысты  тұтасынан  суреттемей,  суреттелетін 
нәрсенің нақты бір қырын, жеке белгісін, бүтіннің бөлшегін дәл тауып, ұтымды 
бейнелеу арқылы оны көз алдымызға келтіреді. Жазушы шеберлігі, ең алдымен, 
өмір  құбылыстарын  іріктеу  мен  оны  дәл  детальдар  арқылы  бейнелеу 
ерекшелігінде  көрінеді.  Кейде  деталь  арқылы  автор  ойын  түсінуге,  қаламгер 
қолтаңбасын,  стильдік  ерекшелігін  тануға  болады»  [23,63-64]  дей  отырып, 
детальдарды портреттік, заттық, пейзаждық, тілдік детальдар деп жіктеп береді. 
Көркем  әдебиеттегі  суретті  сөздің  бірі  –  деталь  екендігіне  мән  берген 
зерттеуші  Д.Мамбекова.  Ол  қаламгер  К.Қазыбаевтың  романдарында 
портреттік,  пейзаждық  детальдардың  молынан  кездесетінін,  олардың 
динамикалық  үлгілерін  жасаудағы,  қаһарманның  бойында  кездесетін  өзіндік 
белгілерді  деталмен  жеткізудегі  автор  шеберлігін  талдайды.  Жазушы 
этнографиялық  детальдарды  орайымен  қолданған.  Мысалы,  «Сұрапылдағы» 
жанардың  босануында  көрінетін  қазақтың  ырымдарының  қолданылуы, 
«Ызғардағы»  Күлжамила  кемпірдің  жалғыз  баласының  жолына  ақ  қозыны 
құрбан  етіп,  басынан  айналдыруы  осының  дәлелі.  Сонымен  бірге,  жазушы 
халықтық-этнографиялық  детальдарды  тірілте  алған.  Көшпелі  елдің  үй-
жиһаздарын,  үй-ішінің  көрінісін  суреттеу  арқылы  сол  дәуірдің  әлеуметтік-
тұрмыстық жағдайын көзіңе елестетеді» [7,25]. 
Лев  Толстой  өзінің  атақты  «Өнер  деген  не?»  атты  мақаласында  көркем 
шығармашылықтың  ең  негізгі  міндеті  –  оқырманды  жазушының  ойымен, 
сезімімен баурап алу деп түсіндіреді және осы жетістікке, егер әрбір суреткер 
өнер  туындысы  қаланатын  «құнды  сәттерді»  тапқанда  ғана  қол  жеткізетінін 
айтады. Ал, осы «құнды сәттер» деп отырғаны – деталь мен нақтылық. Деталь 
мен нақтылық образдық тұтастыққа, баяндаудың ядросына «дәл жүрегіне» дөп 
тигенде ғана жүзеге асады. 
Көркем деталь өмір құбылысының мәнін нақтылаумен қатар, оны қорытады 
да.  Нақтылау  және  талдау  –  бұл  бөлінбейтін  үдерістің  екі  жағы.  Бұл  біртұтас 
үдерістің  ара  жігін  айырып  көрсетуге  деген  ұмтылыс  мәселенің  тек  біржақты 
шешіміне кеп тіреледі. 
Әдебиеттану  ғылымында  детальдың  заңдылығы  мен  кездейсоқтық 
мәселесін  шешуге  деген  талпыныстар  да  бар.  Ол  А.Дремовтың  ғалым 
В.Кожиновқа  айтқан  қарсы  пікірінен  байқалады.  В.Кожинов  Левинсонның 
образын  талдай  отырып,  былай  жазады:  «Өнердің  түпнұсқасы  немесе 
жетілдірілген  туындысында  «кездейсоқ»  элементтер  болмайды  және  болуы 
мүмкін  де  емес:  кейіпкерлердің  көзқарасы  мен  болмыс-бітімі,  жүріс-
тұрысындағы әрбір бояу, тіпті оның бет-әлпетіндегі детальдың өзі табиғи, әрбір 


45 
 
деталь  заңды  және  ойлаудың  жалғыз  формасы  болып  табылады»  [91]  деп 
жазады.  Зерттеуші  А.Дремов  оның  бұл  пікіріне  қарсы  шығып:  «меніңше, 
кейіпкердің  көзінің  түсі  маңызды  емес.  Левинсонның  көзі  көкшіл,  ал  егер  ол 
қоңыр  немесе  қой  көзді  болса  ше?  Левинсон  образындағы  басқа  да  көптеген 
детальдар  мен  сыртқы  келбетіндегі  штрихтардың  бәрі  заңды,  табиғи  деуге 
болмайды. Егер оның шашы жирен болса немесе сақалы қысқа да емес, шоқша 
сақал да емес, ұзын болса ше? Онда қандай заңдылық болуы мүмкін» [92,141] 
дейді. Бұдан Кожинов пікірінің асығыс, негізсіз айтылғанын байқауға болады. 
Дремов  сөзінің  де  жаны  бар.  Ол  суреткер  сол  сценаны  қалай  көргісі  келсе, 
солай  суреттейтінін,  соның  бәрінен  заңдылық  іздей  берудің  қажеті  жоқтығын 
алға  тартады.  Демек,  деталь  құбылысының  кездейсоқтығы  мен  заңдылығы 
арнайы қарастыруды, зерттеуді қажет ететін мәселе. А.Дремов детальдың пайда 
болуында заңдылық жоқ дегенді айтумен ғана шектеледі. Негізінде деталь мен 
нақтылықты ажыратуда абай болу керек. 
М.Щеглов  өзінің  «Верность  деталей»  атты  еңбегінде:  «Көркем  деталь 
атаудың  тура  мағынасынан  аңғарылып  тұрғандай,  бұл  жай  ғана  мағынасыз, 
ұсақ-түйек  дүние  емес,  нақтылық.  Бұл  көркем  тұтас  дүниенің  міндетті  бөлігі, 
тіпті  тұтас  көркем  образға  әсер  ететін  пайдалы  «радиоактивті»  бөлшегі  деп 
айтуға болады. Осылайша, айрықша деталь көп жағдайда бәсең рөл атқармауға 
тиісті,  олай  болған  жағдайда  автор  суреттеп  отырған  құбылысқа  көлеңке 
түсіреді.  Ол  көркем  туындының  барлық  образдық-эмоциялық  және  идеялық 
«жүйесіне», тұтас гармониясына бағынуы тиіс [93]. 
Демек, ғалым айтқандай, деталь мағынасыз нәрсе емес, көркем тұтастықтың 
бөлшегі, гармонияға бағынатын дүние. 
Өзінің  «Әңгіме  туралы  хат»  кітабында  зерттеуші  С.Антонов  та  «көркем 
деталь деген қандай керемет құбылыс» деген сұрақ қойып, соған жауап іздейді. 
Үлкен энциклопедиялық сөздіктегі детальға берілген анықтамаға талдау жасай 
отырып, өнердегі детальдың қандай да бір механизмдегі винт немесе шуруптан 
айырмашылығы аз екен, ол да нақтылықпен теңесетін, бөлшек екен. Солай ма? 
Жоқ, олай емес. Өнердегі деталь – үлкен, кездесе бермейтін тапқырлық, олжа. 
Деталь  өзіне  кеңістікті,  оқырманның  қабылдауға  дайындығын  талап  етеді 
[61,151]  деп  жазған.  «Деталь  –  керемет,  нағыз қажет жерде  айтылатын  көркем 
нақтылық,  ол  қас-қағым  сәттік  ұласпалы,  тізбекті  реакция  ассоциациясымен 
оқырманға  затты  немесе  құбылысты  тұтас  күйінде  сезінуге,  қабылдауға 
мүмкіндік береді» [61,145]. 
Детальдың нақтылықтары мен шек айырымына келгенде де ортақ пікір жоқ: 
олардың  беретін  мағынасының  әртүрлі  болуымен  қатар  экспрессивті  және 
характерологиялық деңгейін ажыратуда да әртүрлі көзқарастар бар.  
Детальды  образ  ретінде  тану  мәселесі  де  шешімін  таппаған.  Кей 
зерттеушілер  образ  бен  детальды  «тұтас»  және  «бір  бөлшек  қатынасындағы 
әртүрлі заттар десе, кей зерттеушілер детальдың өзі микрообраз деп таниды. 
«Образ  –  детальға  мүлде  ұқсамайтын,  өте  жоғары  категория;  деталь 
материалдық  және  жоғары,  мазмұн  мен  пішінді  біріктіретін  екіжақты  дүние» 
дейді  зерттеуші  Ф.Путнин  [26].  Ал  В.Г.Кочетованың  пікірінше,  деталь  – 


46 
 
бірнеше  күрделі образдардың құрамына  кіретін,  тіпті  соңғы  нәтижесінде  адам 
образымен  байланысты  болып  келетін туындының  ең ұсақ  образы.  Путниннің 
пікірін  ескере  отырып  көркем  детальға  «барлық  заттық  нақтылықтарды: 
тұрмыс,  табиғат  көрінісі,  портрет,  интерьер,  сондай-ақ,  ишара,  емеурін, 
субьективті  реакция,  қимыл-әрекеті  мен  сөйлеуін  де  жатқызады»  [94].  Ал 
Ф.Путнин 
поэтикалық 
тәсілдерді, 
стилистикалық 
құбылтулар 
мен 
айшықтауларды көркем детальға жатқызбайды.   
«Деталь» мен «нақтылық» терминдерінің айырмасын В.Г.Кочетова олардың 
бір-біріне  әсер  ету  жолдары  арқылы  көрсетеді:  жекелік  немесе  көптік, 
интенсивті  немесе  экстенсивті  деп  экспрессивтілік  деңгейіне  сай  бөліп 
көрсетеді. 
В.Г.Кочетова детальды «Деталь – тек портрет, пейзаж, зат, образдың жүріс-
тұрыс  формасының  барлық  белгілері,  сөйлеу  элементі»  ғана  деп  танып 
детальды  суреттеме  деталь  және  психологиялық  деталь  деп  екіге  бөліп 
көрсетеді. Суреттеме детальдың өзін портреттік, пейзаждық, заттық деп бөлсе; 
психологиялық детальды жүріс-тұрыс, сөйлеу деталі деп бөледі.  
Детальдың  да  тарихи  трансформацияларға  байланысты,  ұлттық  форма 
секілді,  ұлттық  болмыстың  өзгеруіне  тәуелді  болады  және  әдебиет  дамуының 
өзіндік заңдылықтарына бағынышты болады.  
Деталь  анықтаушы,  барометр  сияқты  әдеби  қозғалыстың  үдерісін  көрсетіп 
отырады.  Оның  қозғалысынан  идеялық-эстетикалық  даму  заңдылықтарын, 
болмысын  көркем  суреттеудің  негізгі  принциптерін  байқауға  болады.  
Детальдың табиғаты мынадай, шығарманың негізіне кіріп, тамыр жайып кетеді. 
Бұл  түсінікті  де:  көркем  образ  жасау  деталь  таңдауға  байланысты,  «өнер 
туындысы  құралатын»  (Л.Толстой),  ауызша  сипаттайтын  негізі  (арқауы)  ұсақ 
әрекеттерді, қимылды, ым-ишараны, ризашылығы, көңілі, ауызша бояулар мен 
реңктер. 
Деталь  әдеби  шығарма  пішінінің  негізгі  компоненттерінің  бірі  болып 
табылады.  Ол  бір  туындының  шеңберінде  немесе  көлемінде  және  тарихи-
салыстырмалы  жоспарда  талдауға  келе  бермейді,  қиындау.  Шығарманың 
арқауына  ене,  оның  ауызша  сипаттау  негізіне  кіріге  отырып,  деталь  сюжет, 
тартыс, кейіпкер мінезімен т.б. байланысқа түседі. Детальды зерттеу принципі 
көркем шығарманың барлық характеріне әсер етеді. 
Айқын  образдық  детальдар  жазушыға  ұлттық  өмірдің  ерекшеліктерін, 
колоритті  ұлттық  мінез  бен  әдетті  ашып  көрсетуге  мүмкіндік  береді.  Көркем 
туындыда  қаламгер  өз  тарапынан  көркемдік  детальдардың  тек  қажеттісін, 
шығарма  мазмұнына  сай  келетінін  ғана  таңдап  алады.  Өз  орнында  тұрған 
деталь  ғана  көркемдік  қызметін  мүлтіксіз  атқарып  шыға  алады.  Зерттеуші 
Л.М.Крупчановтың  «Шығарманы  тудыру  үстінде  қаламгер  оған  қажетті 
формаларды  үздіксіз  іздеп,  таңдап,  талғау  үстінде  болады.  Туындыдағы  әрбір 
элемент,  әрбір  деталь  тұтастай  ойды  білдіруге  қызмет  етеді»  [95]  деген  пікірі 
біздің  ойымызды  бекіте  түседі.  Детальдың  даму  тарихы  қалай  болғанда  да 
ұлттық  әдебиеттің  дамуын  сипаттап,  оның  даму  заңдылықтарын,  сәтсіздіктері 
мен жетістіктерінің себебін анықтауға көмектеседі. 


47 
 
Қысқаша  шолу  жасағанда,  әдебиеттанушылар  мен  сыншылардың  көркем 
шығармашылықтағы  детальдың  табиғаты  мен  қызметі  жөніндегі  ойлары  осы 
шамада  екенін  пайымдадық.  Зерттеушілердің  әрқайсысы  детальды  жан-жақты 
қарастырып, әртүрлі қырынан таныту арқылы бұл мәселені әрі қарай зерттеудің 
негізін  салып  берді.  Көркем  шығармашылықтағы  детальдың  әдіснамалық 
маңызын кеңінен ашып қарастыру, детальдың теориялық анықтамасын дәл бере 
білу,  әдебиеттанушылардан  көркем  әдебиетті  тудыратын  барлық  көркемсөз 
шеберлерінің  шығармаларына  терең  талдау  жасауды  талап  етеді.  Деталь 
мәселесінің  теориялық  негіздерін  жан-жақты  зерттеп  қарастыру  тек  ауқымды, 
кең көлемді, іргелі зерттеулер жүргізгенде ғана шешілетіндігі түсінікті.  
Деталь  –  жазушылық  шеберліктің  критерийі,  шешуші  шарты.  Деталь  жоқ 
жерде  өмірлік  шындықты  көркемдік  жинақтау,  характер  индивидуализациясы 
жайында  сөз  болуы  мүмкін  емес.  Деталь  тауып,  таңдап  алумен  ғана  жазушы 
таланты,  өзіндік  ерекшелігі  мен  айрықша  сөз  мәнері  байқалады.  Көркем 
шығармаға  қойылатын  негізгі  талаптың  бірі  –  оқырманға  тигізер  эстетикалық 
әсері, қызықтырып әкетуі.  
Ұлттық  әдебиетіміздегі,  соның  ішінде  прозадағы  деталь  мәселесін 
қарастыра  отырып,  біз  детальдың  жалпы  көркемдік-эстетикалық  критерийлері 
мен  (қазақ  новеллаларында  пайда  болу)  заңдылықтарын  өз  мүмкіндігімізше 
ажыратып, анықтауға талпындық. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет