117
3.1.1 Психологиялық деталь – кейіпкердің ішкі жан-дүниесін, оның уайым-
қайғысын білдіреді.
Психологиялық деталь – кейіпкердің іс-әрекеті, сыртқы қимылы арқылы
оның ішкі жан-дүниесін, оның уайым-қайғысын білдіреді. Қазақ новелласында
психологиялық детальдың әдемі үлгілері молынан кездеседі. Соның
бірқатарына тоқталсақ.
Соғыс ауыртпалығы қолына қару алып майданға аттанған жауынгерлерге
ғана емес, тылда күн-түн демей, үй көрмей, маңдай терімен еңбек етіп жүрген
ауыл адамдарының да үлесіне теңдей түскені белгілі. Олар жаспын, әйелмін,
қартпын деп қиындықтан сырғақсымай, ауыртпалықтан қашпай, жұмылып,
жұдырық болып, адам тағдыры тәлкекке түскен уақыт жүгін көппен бірге, ер-
азаматтармен бірдей арқалайды. Бұл бір жағынан олардың мақсат бірлігін,
қуаныш-қайғысының ортақтығын білдіреді. Ғ.Мүсіреповтың «Ақлима»
новелласында үш-ақ кейіпкер бар: хат жолдаушы, хат оқушы және хат
тыңдаушы. Солар арқылы автор сөздің адамның ішкі жан дүниесіне
қаншалықты әсер ететіндігі, сөз құдіреті тудырған асау сезім лықсып келіп
сыртқа ақтарылғандағы көңіл күй, тереңде тұнып жатқан дауыл күйдің жалын
атқандай ыстық лебін оқырманына да сездіре алған шеберлікке қол жеткізген.
Новелланың өн бойында оқырман Сапар болып қайғырып, Ақлима болып
еңіреп, Нұрила болып аһ ұрады. «Ақлима» – психологиялық новелла.
Адам психологиясының небір нәзік иірімдерін айқын көрсетуде детальдың
рөлі зор. Сол арқылы деталь сөзді «сырлы суретке айналдырып» (З.Қабдолов),
суреттеліп отырған құбылысқа эмоциялық жылылық, эстетикалық күш
дарытады. «Хатты оқып тұрған жаудыраған қой көзді, сұңғақ бойлы Нұрила
«сағындым ғой» дегеннен кейінгі көп ноқаттарға сүрініп кеткендей азғана
кідіріп қалғанда, ана жүрегін бұрқ етіп бұзып шыққан ыстық ірі жас
тамшылары стол үстіне тырс-тырс тамып кетті. Нұриланың да жаңа ғана ашыла
бастаған қызыл гүлдей үлбіреген қызыл еріндері дір қағып, биік ақ маңдайы
қызара қалып еді» [101,179] деген жолдардан хатты оқып беруге сылаң қағып
жетіп келген Нұриланың жүзінде жаңа ғана жайнап тұрған нұры сөніп, жан
дүниесінің лезде өзгеріске түскенін сырты әлпеті айғақтап тұр. «Сағындым
ғой» дегенді оқығанда Нұриланың өз даусы да қалтыраңқырап, азғана кідіріп
қалды. Жұп-жұмыр аппақ мойнында көгілдір тартып тұрған екі күре тамырдың
да лып-лып соққаны көрініп тұр. Өзегіңнен өтердей тіктеу қарайтын көздерінің
жанары жасқа шыланып барады. Әр саламен ақса да әлдеқайда түйісіп қалатын
өзен суындай, екі көңілдің төркіндес бір мұңы тоғысқалы келе жатқан сияқты.
Дәл осы жерде екі әйелдің жүрегі де домбыраның екі шегіндей екі түрлі
бұралса да бір күйге келіп, бір күйге қосылып тұр еді» [101,180]. Автор лықсып
келген толқынысты кейіпкер жүрегінен өткізіп барып қана сыртқа шығарады.
Адам-пенденің жан құбылыстарын сәтті барлап, хат үстінде барлайды, әрекет,
қас-қабақ қимылдарын қалт жібермейді.
«Үзіп-үзіп айтылса да ұзақ бір жыр естілгендей болып, өңдері бұзылып,
ажары сына қалған әйелдер біріне-бірі қарай алмай қалысып еді. Қызарып
кеткен мұрындарының қайсысын қыр мұрын, қайсысын қайқы мұрын деуің де
118
қиын болып қалған екен. Маңдайдан биік қайырып, жуан өріп, желкесіне
бостау сала салған қолаң сарғылт шашы Нұриланың жұмыр мойнын төмен иіп
әкетіп барады» [101,182]. Осылайша кейіпкерлерінің жан дүниесін, мінез-
құлқын күрделі психологиялық бұлқынысымен ашу – Мүсірепов қаламына тән
сипат.
«Нұриланың тізелері бүгіліп құлай берді де, қабырғаға сүйеніп барып әрең
оңалды. Ақлимада сүйемек боларлық та жай жоқ еді. Жаралы жүректер ұйып
қана, төмен тартып бара жатыр. Әлдене алқымға тығылып, жұтындырмайды
да» [101,184]. Жазушының дүние болмыс пен адамның тұтас үндестігін жасауға
негізделген гуманистік идеясы оқырман жүрегіне түсірер салмағы арқылы
шебер беріледі. Гуманист жазушының адамсүйгіш ізгі мұраты жазудың сан
түрлі ұтымды тәсілдерімен қатар, детальды да оңтайлы қолдану шеберлігі
арқасында шығарма болмысынан шашау шықпай, шынайылық қалпында әсер
берген.
«Нұриланың жүзі туған шешесі танымай қалардай еді. Хаттың бар салмағы
соған түскендей, құба талдай майысып, жаншылып кетті. Әлгіде ғана сылаң
қағып, сымдай ширатылып тұрған сұлу тұлғалы жас денесі босап, көлбең қағып
күлімдеп келе жатқандай көгілдір гүл төккен күрең жібек көйлегі де уқалана
қалыпты. Ақлимаға қарап қадалып қалған көздерінде наз да, таңдану да,
кінәлау да тұр» [101,186]. Кеше ғана артқа қайырылған қара шашты, қою
кірпікті, еркек пішінді жас лейтенант Қарағандының түнгі аязында сыртқы
киімсіз жүгіріп жүрген шымыр денелі танкист жігіттің екі аяғы жоқ кесілген
томардай, бет-аузы қара қожыр шормақтай, қабырғадан шеміршек алып, қоң
терісімен тыстатып жасатып алған мұрны бар жігітті Нұрила әрине көз алдына
елестетіп көруге де жүрексінеді.
Соғыс шындығы, соғыс қасіреті салған жан жарасы жайында қазақ қана
емес, бүкіл әлем әдебиетінде қаншама туындылар жазылды, жазылып та келеді,
жазыла да береді. Өткен ғасырдың 50-70 жылдар аралығында дүниеге келген
қазақ прозасында да соғыс тақырыбы жиі көтеріліп отырды. Денесі көмусіз
қалған боздақтар жайын айтпағанның өзінде, бар өмірі ойран-топан болған
арулар, жарсыз қалып, жас өмірі күйеусіз, жарсыз қалып, өксуге ұласқан жап-
жас жесірлер, жылап-сықтаған жетім балалар, ең ауыры – соғыста ұлдарын
мәңгіге жоғалтып, қан жұта күн кешкен әкелер мен аналардың жан
дүниесіндегі, жүрегіндегі жара жөнінде де бірқатар новеллалар жазылды.
Сондай бір новелла сюжеті де соғыс азабын тартқан қарт әке, жас ана
тағдырымен байланысты. И.Жақановтың «Парыз» новелласында жалғыз
ұлынан айрылып, соғыс салған қайғыны ұмыта алмаған қарияның ащы күйігі
сөз болады. Ұлының өлімінен кейін артынша-ақ көктей солғысы келмей,
етіктінің етегінен ұстап келіні Бәтима кете барды. Бірақ, оның бір ақылдылығы
«ат орнына тай төлеу» деп ұлы Әнуардың артында қалған баласын мұның
бауырына салған болатын. Қабырғасы сөгіліп, езіліп тұрса да келіннің бағын
байлауға ары жібермей, апыл-тапыл басқан немересін құшақтап қала берген
болатын. Бірақ, мұны ешуақытта немересіне тіс жарып айтқан емес. Себебі,
оның тым ерте шерлі көкірек болғанын қаламады, есейіп, ержетіп, қайғы мен
119
қуанышты бірдей көтеретін жасқа жеткенде анасын табатынына сенімді болды.
Араға бірнеше жылдар салып, ана мен бала машинаның кабинасында кездеседі.
Кездескенде де шешесі Бәтима бес баласымен күйеуі өліп, жесір қалып,
кенжесін орталыққа ауруханаға апара жатқан жерінен кездейсоқ тұңғышы
Мәжиттің машинасына тап болады. Тағдыр жолы оларды осылай тоғыстырды.
Ана жүрегі баласын бір көргенде қалтқысыз таниды. Сонша жылдар бойы
көрінгеннен сұрап, іздеп, бір көрсем деп армандап жүрген ұлын жолықтырып,
танығанда есеңгіреп қалды. Бетіне шіркеу болса да ананың «ұлым» деп
еміренгенде етегі жасқа толатын. Жасып, қажып қалатын. Ұлына қанша аңсары
ауғанмен, келе-келе жасқаншақтай беретін-ді. Әйел-ана осы күнге дейін
Мәжитінің өлі-тірісінен де мүлдем бейхабар болатын. Бірақ, баласына ынтық
қылған бір тәтті үміт ешқашан үзілген емес. Екі-үш таба нан көмсе, бір табасын
ізгі ниетпен «Мәжитім келіп қалар» деп артық көметін-ді; жалғыз биесінің
құлынын жал сайын – «Мәжитімнің бәсіресі» дейтін-ді; қауын ексе де бір бөлек
атызға «Мәжитім шөлдеп келер. Шөл басар қауын егейінші, өзінің несібесі» ғой
деп жүретін. Екі новеллаға да ортақ тақырып соғыс қасіретін тартқан
аналардың аянышты тағдыры. Екеуінің де тағдыры тұйыққа тірелген бейбақтар.
Немересі мен анасының кездескенін естіген сәттегі психологиялық реңкін
автор «Қасым қария дәл осы сөзден көкірегіне шаншу қадалғандай күркілдеп
жөтеліп, булығып қалды. Етсіз иегі кемсеңдеп, әп-сәтте ентігіп, талмаусырап
кетті. Көңілі әлем-тапырық. Мына кәрі жанары соның бәріне куә. Аспан
айналып жерге түссе де, күн орнына ай шықса да соғыс салған қайғыны
ұмытсын ба» [153] деген деталь арқылы келтіреді. Новеллада Қасым қария
бейнесін, қарт емендей қайыспас беріктігін жазушы шебер суреттеп, оның
мінезі мен іс-әрекетін тұтастықта ашып көрсеткен. Қаралы хабарды естіген
кезіндегі ішкі жан-дүниесін үңгілей қазып көрсетуден бастап, ой-санасын
сергелдеңге салып, отбасылық идиллиясын бұзған оқиғалар тұсында да өзін-өзі
нығыз ұстауын шынайы бере білген. Соғыс зобалаңы жанын жаралап, қанша
шырғалаңға салса да, Қасым қария өмірден өз парызына адал болып өтті. Бұл
оның жан-сезімінің ізгілігін, рухани ұлылығын танытады.
М.Айымбетовтың «Ұйқысыз түн» новелласында бір ғана түнде орын алған
Рысалы қарттың мазасыздануы арқылы берілген шағын туындыда алуан түрлі
трагедиялар, драматизм, халық тарихы орын алған: Ұлы Отан соғысы, оның
бейбіт халықты зар жылатуы, неміс ұлты өкілдерінің Қырым жерінен қазақ
даласына зорлықпен қоныс аударылуы, кең пейілді, қонақжай қазақ халқының
оларды құшақ жая қарсы алып, өздері күнін зорға көріп отырса да, соңғы
нанына дейін бөлісіп жеп, төрінен орын беруі, «соғыс» деген атжалманның
адамзат баласын ұлтына, жасына, жынысына қарамай жалмағандығын
көрсетуде автор психологиялық детальды ұтымды пайдаланады. «Кереуеттің
үстінде ауру әбден меңдеген өңі шаршаңқы әйел жатты. Мұның кіріп келе
жатқанын көрген ол әлсіз жымиған болды. Онысы біртүрлі жабырқау шықты.
Сөйлей алмады» [154]. Болды, бұдан басқа баяндау да, сипаттау да жоқ.
Осымен оқиғаның бүкіл атмосферасы анық болады. Алғашында кішкентай үш
баласы бар бұл бейшара неміс әйелін қанша жек көріп, жақтырмаса да, өзімен
120
көрші отыратындығына шыдай алмай, кеудесін ыза кернеп жүргенімен, әйелдің
ауыр тұрмыстан, аурудан бойын тіктей алмай, шиеттей бала-шағасын жетім
қалдырып, о дүниелік болып кетуі – Рысалының бүкіл көзқарасын өзгертіп
жібереді. Көрші әйелдің мүшкіл жағдайы оны егілтіп жібереді, қолдан келер
дәрмен-дәті болмаған жанның басындағы жайды айтқызбай-ақ ұғып, жан
дүниесімен сезінеді. Жесір әйелдің көз жұмар алдындағы әлсіз жымиыспен
сөзсіз білдірген өтінішін Рысалы көршілік, азаматтық парызым деп санап,
саналы түрде соны өтеп шығады. Кейіпкердің ұйқысыз түннен тыншу алары да
осы. Автор қарапайым қазақ азаматының ар алдындағы тазалығын, гуманизмін,
шексіз мейірімділігін дәрменсіз көзқарас арқылы жарқыратып ашып берген.
С.Мәуленовтың «Жүрек» новелласында: «Жүрек құрғыр баланың
жүрегімен бірге сыздап, шымырлап жаралы балапандай жанұшырып шырылдап
соғып тұр. Роза операция столында. Мен есіктің сыртында тұрмын. Есіктің
маңдайшасында операция жүріп жатқанына белгі беріп қызыл от жанып тұр.
Қабырғада үлкен сағат ілулі тұр. Мұндайда уақыт өтпейді екен. Маған сағаттың
тілі мүлде жылжымайтындай болып көрінеді. Екі көзім қызыл отта. Сол от
сөнсе баламның өмір оты сөніп қалатын секілді болып көңіліме ұялап қалған.
Операция 23 ноябрь күні сағат 8-ден 55 минут өткенде басталып, кешкі сағат 4-
тен 55 минут кеткенде аяқталды. Арада сегіз сағат өтті. Бұл сегіз сағат маған
сексен жылдай болып көрінді. Әлсін-әлсін есімнен адасып тала беремін.
Операция аяқталғаннан кейін Вишневскийдің өзі есікті ашып сыртқа шығып,
мені қысып құшақтап:
- Операция сәтті аяқталды, енді балаңыз өмірге қадам басып, ілініп кетер, -
деді.
Мен күлерімді де білмедім, жыларымды да білмедім. Операция сәрі, ауыр
жасалған болу керек. Вишневскийдің маңдайынан тер сорғалап, тамшылап тұр.
Екі қолын қайта-қайта қарысып қалғандай уқалай береді» [155]. Кішкентай
қызы Розаның жүрегінде ақау болып, өмірі сынға түскен сәтте Мәскеуге келіп
профессор Вишневскийге операция жасатқан ананың әңгімесінен алынған
үзінді бұл. Автор сегіз сағатқа созылған операцияның бітуін, бауыр еті
баласының аман қалуын үздіге күтіп отырған ана бойындағы ауыр
психологиялық ахуалды суреттегенде үздік тәсіл ойлап тапқан. Оқырманына
түсінікті әрі тигізер әсері күшті болу үшін әдейі осы жайды басынан кешірген
кейіпкердің айтуында береді. Ана жүрегі бала жүрегімен бірге сыздап, бала
жүрегімен бірге сырқырап ауырады. «Шымырлап жаралы балапандай
Достарыңызбен бөлісу: |