Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Халықаралық аренада мемлекетіміз өзінің тарихи, геосаясаттық және экономикалық факторларына байланысты көп ғасырлар бойы сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татуластық және олардың аймақтық біртұтастығын құрметтеу принципіне негіздеп жүргізіп келеді. Қазақстанның өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға дайындығы оның бүгінгі күні дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің санының көптігімен дәлелденіп отыр.
Бүгінгі күні қазақстандық сыртқы саясат басымдылығы ең алдымен Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен, ислам әлемімен тең құқылы қарым-қатынас құруга бағытталып отыр. Бұл тұрғыда 2006 — 2007 жылдары аталмыш мемлекеттермен және аймақтармен екі жақты байланыс едәуір алға басты.
Қазақстанның сыртқы саяси күш-жігері мынадай негізгі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған: 1) елдің тәуелсіздігін, қорғаныс қабілетін, ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын жан-жақты нығайту;
2) БҰҰ-ның орталық және үйлестіруші рөлі кезінде әділ және демократиялық әлемдік тәртіпті қорғау;
3) Қазақстан халқының тұрмыс деңгейінің үдемелі өсуі, көпұлтты қоғамның бірлігін, құқықтық мемлекет пен демократиялық институттарды нығайту, адамның құқықтары мен бостандықтарын іске асыру үшін халықаралық жасампаз ортаны қамтамасыз ету;
4) Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, "Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды" іске асыру, жоғары технологиялар негізінде жаңғырту және индустрияландыру, инвестициялар тарту, елдің "жасыл" даму жолына кезең-кезеңімен көшуі және әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі үшін қолайлы сыртқы жағдайлар қалыптастыру.