Бүгінгі күнде көшбасшылық мәселесі барлық ғылымдарда толыққанды зерттелуде. Мәселен, психология көшбасшының тұлғалық ерекшеліктерін зерттейді. Әлеуметтану көшбасшылықты әлеуметтік жүйенің негізінде қарастырады. Әлеуметтік психология көшбасшылықты әлеуметтік және психологиялық факторлардың өзара қызметтік процесі ретінде зерттейді. Ал, саясаттану саяси көшбасшылықты билік феномені ретінде қарастыра келе, оның табиғатын, қызмет ету механизмдерін, қоғамға ықпалын зерттейді. Сонымен бірге, тиімді басқарудың әдістері мен тәжірибелік ұсыныстары айқындала түседі.
Ғалымдардың пікірлерінше, өз бойында туа біткен қасиеттерді ұштастыратын адам ғана қайырымды халықтың басшысы бола алады: «бұл адамның мүшелері мүлдем мінсіз болуы тиіс, бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек; жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушісіне ойындағысын және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұларды ешнәрсені ұмытпайтын болуы керек; әйтеуір, бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған сәтте сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болу шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын тілмар болу шарт; өнер-білімге құштар болу, оқып үйренуден шаршап шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек; тағамның, ішімдік ішуге, сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек.
Жалпы көшбасшылық саяси салада саяси басқару негізінде түсініледі. Қайырымды халықтың басшысы болу үшін тек лидерлік қасиет қана емес, мемлекет те көшбасшылық қасиет танытуы тиіс. Мемлекет, ұлттың лидерлігі қазіргі теорияда жеке қарастыратын нысан болып табылмайды. Осы түсінікке сипаттама беруде көшбасшылықты ұстап қалу және иеленудегі заңдылықтарды айқындаймыз. Ал, жалпы мемлекет көшбасшылығын зерттеуде әлемдік ұйымдастырушылық - қызмет құрылымын, оның тенденцияларын, әлемдік қауымдастықтың тұрақты дамуына қатер туғызатын жағдайларын қарастырамыз.