СӘУЛЕМ
Ауылда мехнаттан кетіп аулақ,
Отырсам жүрегімде жалын қаулап,
Ауырған жаныма кеп демін салып,
Жалғыз-ақ сәулем келді көңілімді аулап.
Алдауыш көп достардан күдер үзіп,
Отырсам төңірекке көзім сүзіп:
Сұлуым, ерке сәулем қасыма кеп
Жанымды жадыратты рух кіргізіп.
Дер едің еріген бал бар мінезі,
Жылы жел ескен жазғы — тәтті сөзі.
Қақ жарып қара түнді нұр жайнаған
Жұлдыздай аспандағы екі көзі.
Екі бет саядағы қызыл шие.
Даусы сызылған күй гармоние.
Кең маңдай, екі қасы иген садақ,
Сөйлессең шығар естен сұм дүние.
Махаббат екі ернінде лебі жанған,
Ұқсайды қабысқан гүл шешек жарған.
Құйылған қара шашы екі иініне,—
Қара бұлт аспандағы жел аударған.
Ақ төсі ақ көбіктей толқындағы,
Аққудың ақ мамығы — ақ тамағы.
Арқада тағы өскен, сұлу сәулем,
Көңілімді жадыратшы келіп тағы!
НҰРА
Сағынып, Нұра, мен келдім,
Бұрынғы иең — байғұстың.
Айрылған сенен көп елдің
Жатырсың көрмей қайғысын.
Мекен болдың бір уақыт
Көшіп жүрген қазаққа.
Айырылып сенен бей бақыт
Сорлылар қалды мазаққа...
Сырыңды айтшы сен маған,
Атамыздың жайлауы!
Мың-мыңнан жылқы жасаған
Биелердің байлауы.
Айтпасаң да білем мен
Ішіңдегі сырыңды.
Қайғыдасың бүгін сен,
Айтпайсың бірақ шыныңды.
Хош, Нұра, тағы көргенше
Есендік берсін бір құдай.
Енді қайтып келгенше,
Ескі иең, жүрер құр жылай.
Бұрынғыдан қайғылы
Құстарың да сайрайды:
Қолдан келер еш не жоқ,
Жүрек от боп қайнайды.
ДОМБЫРА
Көкіректе қайнаған кек оңдыра ма?
Көңілді бір орынға қондыра ма?
Түнерген қара қабақ жадырасын,
Ән салып, күй күйлейтін домбыраға.
Аршадан кертіп жонып тиек салдым,
Ызаны тарқатуға домбыра алдым.
Күңіреніп, көтеріліп, қанат сермеп,
Домбырам, айтшы бәрін біздің халдің!?
Домбыра-ай, күйлер қоссын пернелерің!
Тарқатшы көкіректегі кектің шерін.
Қабақты қарс жауып тұнжырады,
Түнеріп, түгі шығып қайратты ерің.
Домбыра күйлегенде шыққан сарын,
Көкіректен ән салғанда шыққан жалын,
Күйдіріп әм мұздатып жан мен тәнді,
Әлемге біздің халдің айтшы бәрін?!
АҚҚУҒА
Келеді мұңды дауыс құлағыма,
Япырым-ай, бір сорлы әйел жылады ма?
Сағынып әлде қымбат бір адамын,
Көл қылып көздің жасын бұлады ма?
Уа, әне сыңқылдаған аққу екен,
Біреуге сәлем айтсам, айтар ма екен?
Әй, аққу, әй, сәлем айт жолыққанда,
Сарыарқа сынсыз сұлу біздің мекен.
Сол жақта естен кетпес бір адам бар —
Сорлы ана, ол сағынып еңіреген зар.
Көкірегі қарс айрылған «уһ» дегенде,
Емес ол опасы жоқ сұм сүйген жар.
Уа, дүние-ай, қанат бітіп құс боп ұшсам,
Сағынған сол байғұсты барып құшсам.
Шипа боп жарақатты жүрегіне,
Құшақтап көкірегіме басып қыссам!