БОЙ ЖАЗУ
Күй шіркін кейде серпіп қылаңдайды,
Кейде пәс, кейде сейдін, сыландайды.
Кейде жай кібіртіктеп, ақсай жылжып,
Кейде ырғып, ақ түлкіше бұландайды.
Сұлуша кейде әсемдеп бұрандайды,
Мәстекше кейде мешел тырандайды.
Кермеге байласаң да жерді тарпып.
Тұлпарша кейде шапшып тұралмайды.
Күй шіркін әуел құлаш салған еді,
Шалықтап өрттей жүйткіп жанған еді.
Дестелеп Көкшетаудың ертегісін.
Тізбектеп біраз жыр ғып алған еді.
Әйткенмен шіркін жүйрік талған еді,
Қарқыннан біраздан соң танған еді.
"Оқ жетпес" ертегісін бітіргенде.
Үзіліп жыр тізбегі қалған еді.
Бас жағы бұл ертектің жазылғалы,
Әңгіме белуардан қазылғалы,
Екі-үш жыл болса-дағы, - кейінгісін
Жазуға қалам алдым қазір ғана...