ЖАЙЛАУҒА КӨШУ
Ел көшкенде кең жайлауға таласып,
Жүк артысар аяқтарын тез басып,
Таң белгісі білінгенде сарғайып,
Ақырындап дүниеге нұр шашып.
Кәрі-жастар жүген алып жүгірер,
Жылқы келіп, ат ұстауға шуласып.
Аттарын ерттеп жүк артқанша ел арты,
Алды кетер шұбатылып бел асып.
Өз-өзімен әлек болар кеп жастар,
Көшке мінген асаулары туласып.
Көш артында қыз-келіншек іркіліп,
Бір жүруге біріне бірі қарасып.
Қатарласып жорғаларын салысар,
Желектері, үкілері жарасып.
Өзіне-өзі риза бола ыржаңдап,
Қастарында жүрген жігіт жанасып.
Тайға мініп балалар жылқы айдасар,
Ақсақалдар ілгері қоныс сайласар.
Өртеңді өpic, суы тұнық көлге кеп,
Ауыл қонып, үй тігісіп жайласар.
Көлге жауып жылқыларды суарып,
Желі қағып, шалғынға бие байласар.
Атпен барып тұнық жерден су әкеп,
Самауырлар үй алдында қайнасар.
Бұрынғы елден ерулік жеп соңғы ел,
Сары қазы, бағлан етін шайнасар.