Тақырыбы: Болашақ мамандық таңдауда кәсіби бағыт-бағдар берудің рөлі. Қазіргі заманғы сұранысқа ие және ие емес мамандықтар.
Мамандық таңдаудағы қателіктер.
Мақсаты: Адамның болашағы мамандықпен тығыз байланысты болғандықтан, жастарды мамандық таңдауда қателеспеуге үйрету. Әрі мамандықтардың әлемде және Қазақстанда қазіргі деңгейін анықтау және талқылау.
Қарастырылатын сұрақтар: 1. Ең мәртебелі, көп сұралатын қайдай мамандықтарды білеміз?
2. Педагогикалық мамандықты басқа мамандықпен салыстырғанда рөлі қандай?
3. Әлеуметтік педагогика мамандығының маңыздылығы туралы не айта аласыз?
Өткізу формасы: Пікірталас.
Көрнекіліктер: Презентация, диаграммалар.
Болашақта ел тұтқасын ұстайтын азаматтардың болашақ мамандығын анықтауға бағыт-бағдар беру – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында, әр оқушының білімі мен қабілеті деңгейінің тиімділігін бағалаудың біртұтас жүйесін жасау керек делінген [1].
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында көрсетілгендей, білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру болып табылады [2].
Мамандыққа бағдар беру жұмысы - тарихы өте терең, ежелден дамып келе жатқан психологиялық қызмет көрсетудің бір түрі. Психологиялық қызмет көрсету жұмысының қалыптасуы да мамандыққа баулу және мамандыққа бағдар беру зертханаларында басталған.
ХХ ғасырдың басында В.Вундт, Г.Мюнстерберг, А.Бине, Ф.Парсонс, П.П.Блонский т.б. ғалымдар ұйымдастырған зертханалар сыналушылардың психофизиологиялық ерекшеліктерін бағалау арқылы олардың мамандыққа жарамдылығын анықтаған [3].
Қазіргі кездегі мектепте жүргізіліп жүрген мамандыққа бағдар беру жұмыстарының негізін құрғандар В.И.Лебедев, Ю.П.Сокольников, А.П.Сейтешев, Е.П.Климов, Г.А.Уманов т.б. ғалымдар. Олар өз зерттеулерінде мамандыққа баулу жұмысының құрылымын, мазмұнын және пайдаланылатын әдіс-тәсілдерді анықтап, мектеп қабырғасында балалармен жүргізілетін мамандыққа икемділігін диагностикалау жұмыстарының бағдарламасын жасады [4].
Қазіргі кезде бұл жұмыс көпсалалы болып, әр саланың өзіне тән мақсаты мен міндеттері нақтыланды. Мектептің психологиялық қызметі мамандыққа бағдар беру барысында оқушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін және мамандыққа икемділіктерін анықтау негізінде психологиялық кеңес беру жұмыстарын ұйымдастырады.
Қазақстандық авторлар Р.Озғамбаева, Г.Саудабаева, Л.Мажитова, Ә.Мүсілімова, т.б. өз еңбектеріне «оқушыларға кәсіптік бағдар беруді» жан-жақты зерттеген. Мәселен, Г.Саудабаева кәсіптік бағдар беру жүйесін ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдай отырып оны «кәсіби дайындық» және «кәсіби іріктеу» тұрғысынан қарастырады. Нәтижесінде оқушыларға кәсіптік бағдар беру мәселесінде «кәсіптік бағдарын» және «кәсіптік дайындығын калыптастыруға қажет» деген пікірге келеді [5].
К.Өстеміровтің кәсіптік бағдар берудегі айтқан пікірі бойынша кәсіби бағдар беру – жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты саналы таңдап алуға дайындауға бағытталған мектеп мұғалімдерінің, технологтардың, дәрігерлердің, педагог-психологтардың, отбасының, еңбек ұжымдарының бірлескен іс-әрекеті
Жалпы білімнің үш міндеті бар, олар: баланың өзіндік жалпы дамуын, жан – жақты дүниетанымының қалыптасуын қамтамасыз ету және оны болашақта белгілі бір кәсіпке даярлау. Осы үш міндеттің ішінде қоғамдық даму күрделенген сайын баланы жастай алдағы кәсіпке дұрыс бағдарлай алу – ең көкейтесті мәселеге айналып отыр. Кәсіптік бағдар беру жұмысының алғашқы басқышы отбасы тәлім-тәрбиесінен басталып, одан мектеп, мектептен тыс мекемелер, кәсіпорын, шаруашылықпен ұштасып жатыр.
Оқушыларға кәсіби бағдар беру және болашақ мамандығын анықтап алуға ықпал жасау мектеп алдында тұрған міндеттердің бірі. Сондықтан психология мен педагогикада осы мәселеге үлкен көңіл аударылады. Әр мектептің оқушыларды мамандыққа баулу және кәсіби бағдар беру жұмысының жоспары құрылып, оны жүзеге асыруға педагог-психологтардың қосатын үлесі мол болуға тиіс.
Кәсіптік бағдар – бұл өзара байланыста компоненттерден тұратын тұтас жүйе. Оқушылардың әртүрлі қызметке икемділігін – ойын, танымдық еңбек (кәсіптік белсендіру) арқылы қызығушылығын дамыту; кәсіптік психодиагностика, кәсіптік кеңес, кәсіптік іріктеу, кәсіптік бейімделу және кәсіптік тәрбие қарастырады.
Адамның болашағы мамандықпен тығыз байланысты болғандықтан, кәсіби бағдар беру – адам болашағына көптен-көп пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Кәсіби бағдар беру арқылы сол кәсіптің қыр-сырын, мақсатын, мәнін түсіндіріп, көрсетуге болады. Ол үшін мамандық таңдайтын жастардан қандай мамандыққа икемділігі мен қабілеті бар екендігін әр түрлі психологтардың әдістемелері мен тесттері арқылы анықтап, білуге болады.
Тұлғалық таңдау мен өзіндік анықталу сұрақтарына байланысты мектепті түлектерінің кәсіби өзіндік бағалау ерекшеліктерін өзара байланыстылығы жайлы мәселе зерттеліне келіп төмендегідей қорытындылар жасалған:
1. Жасөспірімдерде мамандықты таңдауға саналы қатынасты қалыптастыру, іс-әрекетті саналы өзіндік реттеу жүйелерін, адекватты жоғары өзіндік бағалауды дамыту кәсіби өзіндік анықталудың негізгі мазмұнына жағымды әсер етіп, мамандық таңдау түрткілерін нақтылайды.
2. Кәсіби өзіндік анықталу процесіндегі жоғары сынып оқушыларының әрекетінің табыстылығы ̶ олардың белсенділіктеріне, субъективті ұстанымдарының қалыптасуына байланысты болады.
3. Мамандық таңдауды анықтайтын факторлардың ішіндегі ең маңыздысы сол кәсіпке деген қызығулар жүйесі жатады; алайда жоғары сынып оқушысының кәсіби өзіндік анықталу процесінің қалыптасуындағы осы нақты көрінген қызығулар жүйесінің дәрежесі жеткіліксіз. Мамандық таңдауда жоғары сынып оқушысының ішкі факторларға сүйену әрекеті, яғни, әрекетті өз бетінше орындай алуы, ептілігі, ішкі дайындығы, жоғары өзіндік бағалау ерекшеліктері кәсіби өзіндік анықталу процесінің психологиялық мазмұнын құрайды.
4. Әлеуметтік – экономикалық жағдайлардың өзгеруі жасөспірімдерді еңбек пен мамандық таңдауға дайындаудың, соның негізінде кәсіби өзіндік анықталуды қалыптастырудың жаңа ықпалдарды жасауды талап етеді. Кәсіби өзіндік анықталу мәселелерінің өзектілігін, маңыздылығын қазіргі жаңа уақыт талаптарына сай зерттеу жаңаша сипаттағы зерттеулерді талап етеді.
Жоғары сынып оқушыларындағы мамандық таңдауға деген саналы әлеуметтік қажеттіліктерінде кәсіби өзіндік анықталудың ішкі детерминаттары іс-әрекетті саналы өзіндік реттеу, кәсіби қызығулар дәрежесі, өзіндік бағалау ерекшеліктері мәнді рөл атқарады.
5. Кәсіби өзіндік анықталуда тұлғаның өзін-өзі бағалауы маңызды рөл атқарады. Егер оқушыда адекватты өзін-өзі бағалау деңгейі болса, көп жағдайда ол мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдайды.
Мамандық таңдауға байланысты қызығулардың мақсатқа бағытталған түрде жүйелі дамуы, жоғары сынып оқушыларында кәсіби өзіндік анықталу процесінің қалыптасу негізін қалайды және оның басты түрткі болып табылады.
Сонымен, жасөспірімдердің өзіндік бағалау ерекшеліктері мен мамандық таңдаулары өзара байланыста бола отырып, кәсіби өзіндік анықталуға мәнді әсер етеді. Жоғары сынып оқушыларындағы жоғарғы өзіндік бағалау кәсіби бағдарлануға байланысты жауапкершілік сезімдерін жоғарылатады.
Жоғарғы сынып оқушыларының, жалпы жастарды мамандықты саналы таңдауға дайындау – үлкен әлеуметтік – психологиялық мәні бар сұрақтардың бірі. Мамандықты дұрыс таңдау кәсіби өзіндік аныкталудың нәтижесі болып табылады. Қай елде болмасын мамандық таңдау әрекеті дәстүрлі түрде еңбек психологиясы мен кәсіби оқыту контекстерінде қарастырылады.
Оқушыларды көпшілік мамандықтар туралы түсінікпен қаруландыру, кәсіптік қызығуы мен бейімділігін, қабілеттілігін қалыптастыру және дамыту мақсатында оқушылардың дара ерекшеліктерін зерттеу, мектеп бітірушілерге мамандык таңдауға көмектесу, оқушыларды белгілі мамандықтың түрін меңгеруге бейімдеу – ата-аналар мен мұғалімдердің, болашақ педагог- психологтардың басты міндеті болуы тиіс.