«Кепілдендірілген» экономикалық өсу - қолда бар өндірістік қуатты (капиталды) толық пайдалана отырып, жиынтық сұраныстың салыстырмалы өзгерісіне байланысты кәсіпкерлердің психологиялық күтімдерінің барынша ақталуы кезіндегі экономиканың тепе-теңдіктік даму беталысы.
Алайда, тәжірибеде нақты өсу қарқыны мен кепілдендірілген өсу қарқыны арасында алшақтық бар, сондықтан Харрод капиталдың «табиғи» өсу қарқыны деген түсінікті де қолданды.
«Табиғи» өсу қарқыны еңбек ұсынысының өсуі кезіндегі толық жұмысбастылықты қамтамасыз етеді және сол табиғи өсу қарқынының еңбек ресурстарының өсу қарқынына тең екенін көрсетеді.
Экономикалық конъюнктураның жағдайы экономикалық өсудің кепілдендірілген және табиғи қарқындарының арақатынастарымен анықталады.
Егер ұлттық табыстың табиғи өсу қарқыны кепілдендірілген өсу қарқынынан қалып отырса (яғни, еңбек ресурстарының өсу қарқыны капиталдың өсу қарқынынан қалып отырса), онда кәсіпкерлердің күтімдері өсу қарқынына қарағанда ақталмайды, яғни еңбек ресурстарының тапшылығы инвестицияны қысқартады және экономикалық белсенділік дағдарысқа ұшырайды.
Егер ұлттық табыстың табиғи өсу қарқыны кепілдендірілген өсу қарқынынан артып отырса, онда экономикалық дамудың мынадай екі жолы орын алуы мүмкін:
а) өсудің нақты қарқыны кепілдендірілген өсу қарқынына тең болады. Бұл жағдайда экономика циклдік жұмыссыздықтың болуы кезінде қарқынды, әрі тепе-теңдіктік сипатта дамитын болады;
ә) өсудің нақты қарқыны кепілдендірілген өсу қарқынынан жоғары болады. Бұл жағдайда еңбек ресурстарының артықшылығы инвестицияның өсімін ынталандырып, экономикалық өрлеуге жетелейді, ұлттық табыстың нақты өсу қарқыны күтілетін өсу қарқынынан асып түседі.
Соңында, Харрод үлгісін мына анықтамамен қорытындылаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |