Сын есімнің заттануы
Заттану (зат есімге айналу), немесе Субстантивтену (лат. substantivum - зат есім) — басқа сөз таптарына жататын сөздердің зат есімге айналуы. Субстантивтену көбінесе сын есімдер мен есімшелерге тән.
Сын есім әдетте көптелмейді, тәуелденбейді, септелмейді. Егер сын есімге көптік, я тәуелдік, я септік жалғауы жалғанса, онда сын есім зат есімнің орнына жүреді. Осындай сын есімнің сөйлемде зат есімнің орнына жұмсалып, зат есімнің қызметін атқаруын сын есімнің заттануы дейді. Мысалы: Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат (мақал) деген сөйлемде жақсыдан, жаманнан деген сын есімдер шығыс септік жалғауында тұрып, зат есімнің орнына яғни адамнан дегеннін орнына (жақсы адамнан, жаман адамнан) заттанып қолданылған. Заттанған сын есім атау септік тұлғасында тұрып бастауыш болады. Мысалы: Ұялшак, сы-бағасынан құр қалар (мәтел). Баланың жақсысы — кызық, жаманы — күйік (А.) деген сөйлемдерде ұялшак, (адам кім?), жақсысы (бала кімі?), жаманы (бала кімі?) атау септікте тұрып, заттанып, бастауыш қызметін атқарып тұр.
1-жаттығу. Үзінділерден негізгі және туынды сын есімдерді табыңыз, туынды сын есімнің жұрнақтарын ажыратыңыз.
Ұзынша, арық, көсе, қыр, мұрынды, сида қара, тарбиған қара ауыз, тарбиған қызылша сақалды, күрең сары, боз, сұр, қапсағай қара тағы да толып жатқан суретті адамдар. (С.С).Қара сақалды, қара қалпақты, жүзі суық үлкен кісіге өз аруағын қорғай тіл қатқаны да, қызға әйелдің батыл адам екенін байқатты.(Х.Е.)Әуе тұп-тұнық, тап-таза, жібектей жұмсақ. (С.С.).Хасен-ұзынша бойлы, шүңірек үлкен сұр көзді, қыр мұрынды, ат жақты, ашаң сіңір денелі, көселеу сұр жігіт. (С.С.).Сұңғақты қыздың қолында кішкене көк чемодан.Ол өзі аңсаған бақшалы қаланың әлі де талай жерін аралай бермекші еді.Әдемі бір үн келеді, құлаққа сазды, қуатты үн, болашақ үні. (С.Ш.).
2-жаттығу. Берілген жұрнақтар арқылы туынды сын есім сөздер жасаңыз.
-лы, -дар, -и, -ыр, -тал, -шақ, -лық.
3-жаттығу. Сөйлемдерден туынды сын есімдерді тауып, қай сөз табынан жасалып тұрғанын анықтаңыз.
Жалтыр күннен ұялған жасты көзін сығырайтып, қарт жүзіне сансыз көп әжімін тереңдете, иреңдете жиып келеді. (М.Ә.). Жусан исі бұрқырап жататын көк қыраттар, жасыл белестер сап-сары боп күйіп кетті. (И.Жақ.). Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар, олақ жігіт оңай жұмысты күш қылар . (мақал). Онда бұл қалай, өте ұяң, жасқаншақ, тіпті келіссіз ұялшақ адам болғаны ма?Әлде жаннан асқан өр көкірек тәкаппар әйел ме? (Х.Е.). Күзге салым салқын тартқан едені сыз, қабырғалары ызғарлы, жер үйде тоңазыған келіншек астындағы қалың, ауыр көрпені үстіне тартқылайды. (С.Ж.). Көрікті жерде одан әрі ажар беріп тұратын кербез тау, өрмелі өзен, көркем көлсіз де табиғат сұлулығы жағынан да, табиғат берер байлық жағынан да еш жерден қалыспайтын көрінеді. (Б.Т.).
Достарыңызбен бөлісу: |