3.Грамматикалық категорияға тән негізгі белгілер қандай?
Грамматикалық категория, ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикалық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес. Екіншіден, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен сәйкестігімен, яғни олардың арасындағы диалектикалық сәйкестікпен, ондағы жүйелілікпен байланысты. Яғни кез келген грамматикалық мағына немесе қайсыбір грамматикалық форма грамматикалық категория құрай бермейді. Белгілі бір грамматикалық мағыналар бірлігі белгілі бір грамматикалық топ құрайтын сөздерге тән болып, солардың парадигмалық түрлену жүйесі болу арқылы грамматикалық категория құрайды. Үшіншіден, грамматикалық категория сипатына жету үшін грамматикалық мағыналар жиынтығы, бір жағынан, өзара бір тектес, бірыңғай сипаттағы, екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы мәндегі мағыналар болу керек. Яғни грамматикалық категория - өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы қасиетте бола алатын бірнеше (кем дегенде екі түрлі) тектес, мәндес грамматикалық мағынаның жиынтығы, бірлігі. Сол бірлік пен өз ішіндегі қарама-қайшылық арқылы және соның әрқайсысын білдіретін әр түрлі тәсілдер арқылы немесе соған тән арнайы грамматикалық формалар жүйесі я түрлену парадигмасы арқылы грамматикалық категорияның мәні, сипаты, шегі байқалып, айқындалады.
Грамматикалық категория морфологиялық және синтаксистік болып бөлінеді. Морфологиялық категорияларға етіс, түр, шақ, жақ, рай, септік т. б. жатады. Бұл категориялардың жүйелі түрлері сөздердін ірі грамматикалық топтарын (сөз таптарын) жасайды. Тілдерде грамматикалық категориялардың саны бірдей емес. Мысалы, қазақ тілінде орыс тіліндегідей вид, родкатегориялары жоқ.
4.Нөлдік форманың мәні және ол туралы көзқарастар
Арнайы грамматикалық көрсеткіші, тұлғасы болмай, формасы көрінбей тұрып, сөйлемде белгілі қызмет атқарып (сөздерді байланыстырып) белгілі бір арнайы грамматикалық мағына білдіруді нөлдік форма (формасыз форма) деп атауға болады. Яғни нөлдік форма – басқа да грамматикалық формалар сияқты өзіне тән белгілі бір жеке грамматикалық мағынасы бар, яғни парадигмалық түрлену жүйесінің бір түрі болып табылатын, сондықтан сол түрлену жүйесінің синтаксистік қызметін (сөз байланыстырушы) толық атқаратын форма, бірақ осы мәндер мен қызметін тікелей көрсететін арнайы формасы жоқ тұлға және осы қасиеттері арқылы бір грамматикалық категорияның басқа да формасы бар түрлеріне қарама-қайшы болып, әрі онымен бірлікте, бір бүтін құрайды. Мысалы,
Жартасқа бардым, күнде айғай салдым,
Одан да шықты жаңғырық (Абай). – деген сөйлемде бардым, айғай салдым, шықты етістіктері мынадай грамматикалық мағыналарды білдіреді:
1)қимыл, салттылық мән: бар, айғай сал, шық түбірлері арқылы;
2)жедел өткен шақ –ды,-ты тұлғалары арқылы (бар-ды, айғай салды, шықты), алғашқы екі етістікке жекеше, І жақ, -м тұлғасы арқылы (барды-мға айғай салды-м) және үшінші етістікте 3-жақ мағынасы бар. Бірақ оны көрсететін арнайы форма берілмеген: шықты – О. Міне, бұл – нольдік форма.
Нөлдік форма жайында тіл білімінде әр түрлі пікір бар. Кейбір ғалымдар арнайы формасыз-ақ грамматикалық мағына бар жердің бәрін нөлдік форма деп қарайды. Мысалы, О.Н. Суник түрік тіліндегі иш сөзі ши деген түбір зат есім мен бұл жерде жекелікті білдіретін нөлдік форма тудырушы өосымшадан тұрады. Сөйтіп, атауыш сөздердің негізгі түбір күйіндегі тұлғалардың бәрі нөлдік грамматикалық форма дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |