«Морфология және сөздің грамматикалық сипаттары» тақырыбының мазмұнын ашуға берілетін сұрақтар:
Грамматикалық ұғымдарға түсінік беріңіздер
Тілдің грамматикалық құрылысын, оның негізгі ерекшеліктерін тануда тілдің грамматикалық құрылысына тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды анықтап, олардың ерекшеліктерін, сипатын анықтау қажет. Грамматикалық мағына мен оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және ол екеуінің жиынтығынан құралған грамматикалық категория – бәрі негізгі грамматикалық ұғымдар болып табылатындығы. Грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сөздің түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің немесе басқа да сөздермен түрлі қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және олар ортақ қасиеттері негізінде бір грамматикалық топтарға бірігетіні. Жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай грамматикалық мағына жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына, қатыстық грамматикалық мағына болып бөлінеді. Грамматикалық форма – сөздің сөйлеу процесінде түрлену жүйесінің тұлғалық көрінісі, әрі белгілі мәндегі грамматикалық мағынаны білдірудің тәсілі. Сөзге, түбірге жалғанатын не тіркесетін қосымшалар, префикстер, жүйелі ішкі флекция, суплетивтік тәсілдер - грамматикалық форманың берілу түрі. Грамматикалық категория - белгілі бір грамматикалық мағынаны білдіретін грамматикалық көрсеткіштер жүйесінен тұратын тілдік құбылыс. Грамматикалық категория болу үшін, ең алдымен грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың байланысы, екіншіден, олардың бір-бірімен сәйкестігі, үшіншіден, бір ғана грамматикалық мағына грамматикалық категория құрай алмайтыны, өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы бірнеше грамматикалық мағынаның жиынтығы, бірлігі болатыны. Морфологиялық сипаты жағынан лексика-грамматикалық және таза грамматикалық категориялар болып бөлінетіндігі.