2. Проблемалық оқыту әдісін технология деңгейіне көтеруі.
Қ.О. Бітібаева 80-жылдардың ортасынан бастап ауылда қызмет еткен кезінің өзінде
проблемалық оқыту мәселесін көтеріп, өз әдістемесінде қолдана бастайды. Ғалым ұстаздың
«Қазақстан мектебі» журналының 1976 жылғы № 10 санында жарияланған «Әдебиет
сабағындағы проблемалық оқытудың кей мәселелері» атты алғашқы мақалаларының бірі
соның дәлелі бола алады. Ұстаздың «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында 1983 жылы
жарияланған осы проблемалық оқытуға қатысты келесі мақаласы «М. Әуезов «Абай жолы»
эпопеясындағы Құнанбай образын проблемалық оқыту» деп аталады. Бұл мақалалар ұлы
ұстаздың өз әдістемелік мұрасының ішінде басты орын алатын Абай, Мұхтар
шығармашылығын оқыту мәселесінің мұғалімдік тәжірибесі басталған ең алғашқы кезден
бастап негізгі темірқазығы болғандығын дәлелдейді. Әлемдік әдістеме іліміндегі ең озық
әдістердің бірі болып табылатын проблемалық оқытуды өз тәжірибесіне негіз етіп алған
ғалым-ұстаз бұл әдісті кейін технология деңгейіне дейін көтереді. Көптеген еңбектерінде
атап айтып, мақалаларында осы жайлы ескертіп отырады. Мысалы, осы проблемалық оқыту
әдісі жөнінде ұстаз өзінің «Әдебиетті оқытудың әдістемесі мен технологиясы» атты
еңбегінде: «Оқушылардың таным белсенділігін, ойлау қызметін дамытуда, жетілдіруде,
оларға өз бетінше қорытынды, тұжырым жасата білуде проблемалық оқытудың маңызы
ерекше. Оқытудың бұл түрі арқылы мұғалім оқушы алдында проблемалық жағдаят
(ситуация) тудыратын танымдық-іздендіруші, шығармашылық сипаттағы зерттеу әдісіне
бағытталған тапсырмалар береді және оны орындата алады. Дегенмен де, осы проблемалық
оқыту әдіс-тәсілдерінің мүмкіншіліктері шексіз емес. Оқу материалының барлығы, барлық
тақырыптар проблемалық жағдаятты талап етпейді. Сондай-ақ белсенділігі, білім дәрежесі
орташа, не ортадан төмен сынып ұжымына проблемалық оқыту әр уақытта да жемісті
болады деуге болмайды. Бұл әдіс-тәсілдер оның үстіне уақытты да көп талап етеді. Өтетін
тақырып аса күрделі емес, әрі оқушы дербес, өздері шеше алмайтындай тапсырмаларға
төселген жағдайда ғана проблемалық оқытуды басшылыққа алу тиімді», - деп атап көрсетеді
[7, 9].
Осы аталған еңбегінің «Әдеби шығармаларды проблемалық талдау жолдары» атты
тарауында: «Тәжірибеде кеңінен тараған, әрі тиімділігімен, нәтижелілігімен көпшілік
ұстаздар еңбегіне мол кірген талдаудың түрі - проблемалық талдау. Проблемалық талдау
оқушылардың танымын арттыру, ойлау белсенділігін жетілдіруде үлкен рөл атқарады және
өзіндік ізденістеріне мол мүмкіндік ашады, әрі дамыта оқытудың негізгі бір жолы ретінде
де пайдалы. Проблемалық талдау сол көркем шығарма негізіндегі проблеманы дәл тауып,
нақты проблемалық сұрақтар әзірлеуді талап етеді. Ол үшін проблемалық жағдаят тууы
керек», - деп атап көрсетеді [7, 42]
Айтыс туғызатын сұрақтардың барлығын немесе оқушыларды ойландыруға,
іздендіруге негізделген сұрақтардың барлығын проблемалық сұрақтар деу де қате екендігін
баса айтады. Әдеби шығармалардан көптеген нақты мысалдар келтіреді. Бірнеше әдеби
шығармалар негізінде дайын проблемалық сұрақтарды кестелер арқылы береді.
Педагогикалық технология дегеніміз – «білім берудің тиімдірек формаларын іздеу,
табу, олардың өзара әсерлерін есепке ала отырып, оқыту, білім игеруді жоспарлау, соны
жүзеге асырудың және бағалаудың жүйесін құрайтын.білім беру мақсатына жету жолындағы
педагогикалық қызметтің, іс-әрекеттің жүйелі дамып отыратын жобасы» десек [8], Қ.
Омарғалиқызының біз қысқаша ғана сипаттап өткен жүйелі еңбегі проблемалық оқыту әдісін
өз тәжірибесінде технология деңгейіне дейін көтергендігінің нақты дәлелі бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |