Ақан сері Қорамсин
(1843-1913)
Ақан сері 1843 жылы Көкшетау облысындағы Қоскөл деген жерде
туған. Алғашқы арабша сауатын Ақан ауыл молдасынан алған. 13 жасқа
толғанда Петропавл қаласына барып оқуға түседі. Қалада алған білімі,
көрген-білгендері кейін әншінің шығармашылық қызметін дамытуға көп
септігін тигізеді. Ауылға келген Ақан өз өмірін қыз-қырқын, жас-желектер
арасында, уайым қайғысыз, ойын-сауықпен өткізеді. Оның ақындық,
әншілік композиторлық дарыны көпке таныла бастайды. Ақан сол кезде
қазақ қауымы қатты құрметтеген салт-дәстүрлерге, шаруа түрлеріне орай,
жүйрік саятшылыққа қажетті алғыр ит, аңға, құсқа салатын лашын, сұңқар,
ителгі, қыран ұстайды. Сондықтан ол ел арасында “сері” атанады. Әсіресе,
Ақан серінің әншілік өнері халық арасына кең танымал болды.
Ақанның көптеген лирикалық әндері сұлу қыздарға арнап шығарылды.
Әншінің әсем әуенді, кең тынысты, ыстық сезімге толы “Балқадиша”,
“Мақпал”, “Екі жирен”, “Қараторғай”, “Ақтоқты” әндері халық арасына
өте кең тараған. Өзінің сүйікті тұлпары Құлагерге арнап “Маңмаңкер”,
“Құлагер” әндерін шығарды. Алайда қазақтың әнші- композиторы Ақан
серінің тағдыры да аянышты болды. Сол кезде қалыптасқан дәстүрлерге
88
байланысты ақын өзі сүйген қыздарына қосыла алмады, өзі мәпелеп баққан
тұлпары Құлагерді Сағынай байдың асында ұйымдастырылған бәйгеде бір
бақталастары шоқпармен ұрып өлтірсе, екінші бақталастары сұңқары
“Көкжендетке” у беріп өлтіреді. Осының бәрі жиналып, әншіні ауруға
ұшыратады, сөйтіп ол елеусіз жағдайда қайтыс болады. Алайда, Ақан
серінің артында рухани мұрасы, өшпес әндері қалды.
Мұхит Мералиев
(1841-1918)
Қазақтың дарынды композиторы және әншісі Мұқит Мералиев –
лирикалық тамаша әндердің авторы және орындаушысы. А.В.Затаевич оны
“Қазақтың Баяны” деп атады. Балалық шағы жайма –шуақ молшылық
жағдайда өтті. Әкесі баласын әкімдікке, ел билеуге тәрбиелегісі келсе де,
Мұқитты ол қызықтырмады. Жасөспірім шағынан бастап музыкаға, әнге
әуестенеді, көп ұзамай әншілігі дүйім жұртшылыққа белгілі болып, даңқы
бүкіл батыс өлкеге жайылады. Мұқиттың алғашқы әндерінің бірі
“Айнамкөз” тамаша сұлу қыздың түрін бейнелейді. Одан кейін
шығарылған “Алуаш”, “Қилым”әндері де өмірлік бақылаулар нәтижесі еді.
Егер жоғарыда айтылғандар лирикалық әндер болса, “Жылқышы”, “Үлкен
Айдай” әндері драматизмге және өмірлік патетикаға толы шығармалар еді.
Әсіресе, барлық ұлдары мен жалғыз қызынан айрылған әкенің терең
қайғысын бейнелейтін Мұқиттің “Зәуреш” атты әні халық арасына кең
тарады. Мұқит әкенің орны толмас қайғысын асқан шеберлікпен бере
білді. Осы ән туралы академик А.Жұбанов “Замана бұлбұлдары” атты
еңбегінде былай дейді: “Мұқит музыкасы әннің қайғылы мазмұнын одан
әрі тереңдете түседі, оны сабырлы түрде тыңдау мүмкін емес. Оның түпсіз
қайғысы адамды бей-жай қалдырмайды”. Қазақстанның көптеген
композиторлары әртүрлі бейнелеулерде оны өз шығармаларына енгізді.
89
“Зәуреш” тақырыбына траурлық марштар жазылды. “Зәуреш” жоғары
регистрде басталады, мелодиясы тегіс, созылмалы, қайғылы. Әнде бір-бір
бөлек, артық, қажетсіз нота жоқ. Әрбір дыбыстан аса зор мұң, орны толмас
қайғы, айрылу сезіледі. “Зәурешті” тек ән деп қарауға болмайды, ол-
кішігірім, аяқталған реквием. Мұқит әндерінің арасында “Паңкөйлек”, “Ақ
иіс” әндері де өздерінің аса әуезділігімен, кең тыныстылығымен мұндалап,
тыңдаушысын өзіне қаратып алады. Композитор Батыс Қазақстанда кең
дамыған әншілік мектептің көш бастаушысы болды. Мұқит әндерін
өзіндей айтып, халық арасына жеткізген кісм бар дегенде ең алдымен
республиканың халық артисі, қайталанбас талант иесі Ғарифолла
Құрманғалиев ауызға ілінеді. Күміс көмей әнші еліміздің талай-талай
сахналарында Мұқит әндерін бұлбұлша сайратып, өз тыңдаушыларының
алғысын алды, артына мол мұра – орындаған әндері мен шәкірттерін
қалдырды. Мұқит дәстүрін жалғастырушылар арасынан бүгін біз тамаша
әншілер легін көреміз. Олар республикаға еңбегі сіңген әртіс Мекес
Төрешов, Қатимолла Бердіғалиев, Рая Латифуллина, Сәуле Жанпеисова,
Айгүл Қосанова, Пахаман Құттымұратов және т.б.
Сөйтіп, ұлы композитордың “Панкөйлек” әнінде айтылатын арманы
орындалды.
Жаяу Муса
(1836-1929)
Жаяу Муса Байжанов, қазақтың белгілі әншісі және композиторы ұзақ,
мәнді өмір сүрді. Оның шығармашылығы қоғамда орын алған әлеуметтік
әділетсіздікке қарсы бағытталды. Жаяу Муса өз заманының арабша және
орысша сауатты, оқыған адамы болды. Ол 1835 жылы Павлодар облысы,
Баянауыл ауданында туған. Ауыл молдасынан сауатын ашқаннан кейін, он
бес жасында Петропавл қаласына барып көпеске жалға жұмысқа
90
орналасады. Жұмыс істей жүріп, өз бетімен білімін көтерумен айналысады,
орысша сөйлеуге машықтанады, жазу-сызуды, скрипкада, гармоньда
ойнауды үйренеді. Петропавловскіде үш жыл тұрғаннан соң, Мұса Омскіге
барады. Омск ол кезде үлкен мәдени орталық болатын, сондықтан да
Мұсаның дүниетанымы кеңейе түседі. Бұнда Мұса әскери үрлемелі
оркестрдің орындауында марштарды, вальстерді, мазуркаларды т.б.
европалық музыка түрлерімен танысады. Ол болашақ композитор
шығармашылығына игі әсерін тигізеді. Ауылына оралған Мұсаға жұрттың
назары бірден ауа бастайды. Ол қазақ және орыс әндерін айтады,
домбырада, гармоньда және скрипкада ойнайды. Жергілікті байлар,
Мұсаның халық арасындағы беделін көре алмай, оған “Жаяу Мұса” деген
ат қояды. Бірақ одан Мұса қысылмайды. Халықты аралай жүріп, қарны
тоқ байлардың әділетсіздігін, көрсеқызарлығын әшкерелеген әндерін
шығарады. Сондай әндердің бірі “Ақ сиса” әні күні бүгінге дейін халық
арасына кең тараған. XIX ғасырдың 70-80 жылдары Жаяу Мұса бірқатар
лирикалық әндерді, атап айтқанда “Қазақ қыздары”, “Тұрымтай”,
“Шолпан”, “Көгаршын”, “Хаулау”, “Сұрша қыз”, “Бозторғай” әндерін
шығарады.
Аса көрнекті халық композиторы Жаяу Муса Байжановтың
шығармашылығына, оның әндерін қызығушылық күні бүгінге дейін
толастаған емес. Оның әндерін үлкен-үлкен сахналарда кәсіби артистер де,
көркем өнерпаздар да үнемі айтып келеді.
91
Қазақтың аса көрнекті күйші-композиторлары
Құрманғазы Сағырбайұлы
(1823-1889)
Қазақтың музыкалық мәдениеті тарихына шығармалары толассыз
энергияға, динамикаға, жарқылдаған серпінге толы Құрманғазы халық
аспаптар музыкасының жарқын классигі ретінде енді. Оның “Серпер”,
“Адай”, “Сары-Арқа”, “Балбырауын” және басқа көптеген күйлері аса
әуезділігімен, жойқын серпінімен, сонымен қатар бойларында симфонизм
элементтерін жинағандығымен ерекшеленеді.
Құрманғазының алғашқы күйлері XIX ғасырдың 30-шы жылдары
шығарылды деген болжамдар бар. Солардың бірі “Кішкентай” 1836-1838
жылдарғы Исатай-Махамбет бастаған халық қозғалысына арналған.
Тағдыр Құрманғазыны сынаудан жалықпады. Қажымас күрестің адамы
Құрманғазы өмірінің көп бөлігін билік басындағылармен шекісумен
өткізді. Олар Құрманғазыға жылқы ұрлаушы, тонаушы т.б. жала мен
пәленің түрлерін жабумен болды, қайта-қайта түрмелер мен абақтыларға
жапты. Олардан Құрманғазы талай рет қашып шығып, қазақтың кең
даласын аралады. Осындай оқиғалар мен өмірлік тәжірибелер және
байқаулар Құрманғазы күйлерінің негізгі тақырыптарын құрады. Бірде
Құрманғазы Адай руы өкілінің киіз үйінде тап болды. Керегеде ілулі
тұрған домбыраны алып, өзінің ыңғайына сай бұрауын түсіреді. Үй иесінің
қызы үйіне кіріп, домбыраны алып тарта бастайды да, бұның бұрауын кім
түсірді деп сұрайды. Сосын Құрманғазы домбыраны алып, өзінің атышулы
“Серпер” күйін орындаған деседі. Күй тартылып болғасын, үйдегілердің
бәрі алдарында кім отырғанын түсінеді. Үй иесі және ауыл адамдары
Құрманғазыға үлкен құрмет көрсетеді. Қонақжай үй иелерінің құрметіне
разы болған Құрманғазы “Адай” күйін шығарыпты дейді. Құрманғазы өз
92
басына бұлт үйіріліп, түрмеге қамалған кездерін, одан қашқан сәттерін
бейнелеген, бірнеше күй шығарған. Олар “Ертең кетем”, “Қайран шешем”
т.б.
Әсіресе, “Қайран шешем” күйінің тартымды тарихы бар. Ең алғашқы
рет түрмеге айдалатын кезде, Құрманғазыны арбаға отырғызып әкетер
алдында, анасымен қоштасар сәтте көңілі босап, көзіне жас алса керек.
Мұны көрген анасы баласының жағына шапалақпен тартып жіберіп, “Ей
балам мен ұл тудым десем, ез туған екем ғой, көрсетпе маған көз
жасыңды”, деген екен. Анасының қайратына тәнті болған Құрманғазы
“Қайран шешем” күйін шығарған. Тағы бір күйі “Саранжап” өзімен
түрмеде отырып, тағдыр талқысын бірге бөліскен қалмақ батыры
Церенджепке арналған.
Бұлардан басқа ұлы күйшінің әртүрлі өмірлік кезеңдерде адам
тағдырының қуанышты немесе ренішті жағдайларын, туған жер табиғатын,
адамдардың
қарым-қатынастарын
бейнелейтін
тамаша
күйлері
“Сарыарқа”, “Алатау”, “Ақсақ киік”, “Төремұрат”, Байжұма” т.б. күйлері
қазақтың аспапты музыкасының алтын қорынан берік орын алып, ұлт-
аспаптар оркестрлерінің, жеке орындаушылар репертуарларынан түспей
келеді.
Дәулеткерей Шығаев
(1820-1887)
Қазақтың аспапты музыкасының XIX ғасырдағы көрнекті өкілі, белгілі
халық композиторы Дәулеткерей Шығаев болды. Оның көптеген
күйлерінің көркемдік маңызы күні бүгінге дейін жойылған жоқ. Оларды
қазіргі заманғы композиторлар өз шығармаларында кеңінен қолданып
келеді.
Ақсүйек отбасында дүниеге келген Дәулеткерейге қарапайым
халықтың тұрмыс –тіршілігі де жат болып көрінген жоқ. Ең әуелі лирик
93
композитор болғанымен, әлеуметтік әуендер де оның шығармаларынан
берік орын алды.
Дәулеткерей 1820 жылы Каспий жағалауында Сұлтан Шығай
Нұралыұлының жанұясында дүниеге келді. Әкесінен ерте бес жасында
қалған Дәулеткерей ағасы Сұлтан Меңдігерейдің тәрбиесінде болады. Ол
Дәулеткерейді ел басқаруға, билік басында болуға тәрбиелегісі келді.
Алайда, Дәулеткерей ақсүйектік дәстүрлерге иек артудан гөрі, музыкаға
құлшыныс танытып, көп ұзамай ел таныған шебер домбырашыға
айналады. Оның бұл жолды таңдауына себепші болған, сол өңірге танымал
домбырашы, күйші Мүсірәлі болды. Мүсірәлі Дәулеткерейге домбыра
тарту әдіс, тәсілдерін жалықпай үйретеді. Домбыра тартудың қыр-сырын
әбден үйренген Дәулеткерей енді өзі де күйлер шығара бастайды.
40-шы жылдардың бас кезінде Дәулеткерей өзінің алғашқы күйлерін
“Қыз Ақжелең” және “Қосалқаны” шығарады. Бұл күйлерді шығаруға
өмірлік байқаулар түрткі болады. Бірінші жағдайда Дәулеткерейдің аса
сұлу, әрі домбырашы қыз Ақбаламен кездесуі “Ақжелең” күйінің
шығарылуына себепші болса, “Қосалқа” күйшінің өмірлік әсерінен
туындаған лирикалық шығарма болды. Жалпы Дәулеткерей өз күйлері
арқылы қазақтың аяулы қыз-келіншектері бейнелерінің тұтас бір
галереясын жасақтады. Адамның көтеріңкі көңіл –күйін, ыстық та жарқын
сезімін,
жақсы
пейілін,
махаббатын
бейнелейтін
“Құдаша”,
“Жеңгемсүйер”, “Келіншек”, “Жұмабике”, “Бұлбұл”, “Байжұма” т.б.
күйлері – композитор шығармашылығының гуманистік мәнін айқындай
түседі.
Сонымен
қатар,
Дәулеткерей
күйлерінің
бірқатарынан
композитордың әлеуметтік жағдайларды түсінуге, оларға ықпал етуге
тырысушылық байқалады. Мысалы, композитор “Қарақожа” атты күйінде
өз замандасы, қатыгез әкім Қарауылқожаның бет-бейнесін музыка тілімен
аса нанымды суреттеген.
94
Дәулеткерей домбыраның көркемдік мүмкіндігін кеңейту бағытында
көп жұмыс істеді. Бұл талпыныстардың нәтижесінде домбыралық
музыкаға жаңа өң берген “Желдірме” және “Ысқырма” күйлері дүниеге
келді. Өмірдің мәні туралы лирикалық ойлар мен оның өтпелілігі
жөніндегі тұжырымдар композитордың “Топан”, “Тұндырма”, “Байжұма”
атты күйлерінен көрініс тапты. Жалпы алғанда композитор Дәулеткерейдің
шығармашылығын қазақтың аспапты музыкасына қосылған алтын қазына
деп қарастыратын болсақ, сол қазынадағы ең шоқтығы биік шығармасы –
философиялық мазмұндағы “Жігер” күйі болып табылады. Бұл күй арқылы
Дәулеткерей өзінің көп жылғы шығармашылық еңбегінің соңғы нүктесін
қойды.
Тәттімбет
(1817-1862)
Шығыс Қазақстанның аса көрнекті композиторы Тәттімбет болды. Ол
1817 жылы Қарағанды облысының Мөмкебұлақ деген жерінде туған.
Ауқатты жанұядан шыққан Тәттімбет өз өмірін музыка өнеріне, оның
ішінде күйшілікке арнап, бұл бағытта үлкен табыстарға қол жеткізді,
күйші композитор ретінде артына мол рухани мұра қалдырды. Тәттімбет –
Қазақстанда кең тараған шертпе күй мектебінің көрнекті өкілі. Оның
алғашқы күйлерінің қатарына “Қосбасар”және “Қаражорға” күйлері
жатады. Бұлардан басқа әйгілі күйшінің “Былқылдақ”, “Сылқылдақ”,
“Көкейкесті”, “Сары жайлау” күйлері халық арасында кең тараған.
Тәттімбет күйлері А.Жұбанов ұйымдастырған қазақтың Құрманғазы
атындағы мемлекеттік Академиялық ұлт - аспаптар оркестрі
репертуарынан берік орын алып, үнемі орындалып келеді.
95
Дина Нұрпейісова
(1861-1955)
Қазақтың аспапты музыкалық өнерінде Құрманғазы және Дәулеткерей
дәстүрін жалғастырып, оны одан әрі тереңдеткен аса көрнекті композитор,
күйші Дина Нұрпейісова шығармашылығы қазақ мәдениетіндегі жарқын
құбылыс болып табылады. Дина 1861 жылы Батыс Қазақстан облысындағы
Жаңақала ауданында туған. Динаның ұлы-күйші композитор дәрежесіне
көтерілуіне Құрманғазымен тоғыз жасында кездесуі және оның тікелей
шәкіртіне айналуы үлкен себепші болған еді.
Патша үкіметі “бұратана” деп есептейтін ұлт аймақтарының 18-ден
43-ке дейінгі азаматтарын тыл жұмыстарына алуды ұйғаруына байланысты
1916 жылдың оқиғалары Динаның санасында үлкен із қалдырады. Бұл кезде
домбыраны қалтқысыз білетін Дина 1916 жылдың оқиғаларына арнап
“Набор” атты күй шығарады, халыққа бұл күй “Он алтыншы жыл” деген
атпен тараған.
Өзінің саналы өмірінің жартысына жуығын, яғни 76 жасқа келгенше,
туған ауылында өткізген Дина 1937-жылы Алматыда өткен көркем
өнерпаздардың екінші слетіне қатысып, бас жүлдені жеңіп алады, үлкен
мәртебеге, табысқа ие болады. Бұның бәрі шынтуайтқа келгенде Совет
үкіметінің қамқорлығының арқасы еді. Жаңа қоғам құрылысының
табыстарының бәрі ескіліктің қалдығына қарсы күресте қол жеткен табыс
екенін, өз халқын өмірдің толық праволы қожасы еткен, экономика мен
мәдениет саласында таңқаларлық табыстарға жеткізген коммунистік партия
деп түсінген суреткер Дина өзінің атақты “Партия туралы” күйін шығарады.
Бұл күйде партияның арқасында асыл арманына жеткен адамның
ыстық, қалтқысыз сезімі берілген. Жасының ұлғайғанына қарамастан Дина
республикамыздың музыкалық қоғамдық өміріне белсене араласты. 1939
жылы Москвада өткен халық таланттарының бірінші слетіне Дина топ
96
жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Профессор Беляев “Халық
музыканттарының байқауы” атты мақаласында: “Халық бұқараның музыка
мәдениетін өркендету құралы ретінде байқау халық музыкалық
аспаптарының маңызын көтерді. “Домбыраның Жамбылы” Дина көрсеткен
асқан шеберлік, домбыра сияқты халық аспаптарын сақтау, оны өркендету
жолындағы үгіттің ең жақсы әдісі болып табылады”, - деп жазды.
30-жылдардың аяғында республиканың астанасы Алматыға келгеннен
бастап, Дина өзінің шығармашылығын советтік құрылысқа арнады. Сөйтіп
ол қоғам қайраткері де бола білді. Мысалы, 1940 жылы өткен Қазақстанның
жиырма жылдығына арнап “Той бастар” күйін шығарды. Дина бұл күйінде
бостандық алған экономикасы мен мәдениеті бар халықтың шаттығын,
қуанышын суреттейді. “Той бастар” жарқын болашаққа сенген халықтың
салтанатты маршы іспетті шығарма болатын. Сондықтан да бұл күй халық
арасында кең тарап, домбырашылардың, көркемөнерпаздар оркестрлерінің
және кәсіби музыка шеберлерінің репертуарынан берік орын алған
шығармаға айналды. 40-50 жылдары Совет адамдарының бейбіт еңбегіне
арналған “Еңбек геройлары”, “Сауыншы”, “Сегізінші март” күйлерін
шығарып, Совет қоғамы өміріне өзіндік үлес қосты.
Негізгі ұғымдар мен терминдер
Қазақтың аса көрнекті әнші-композиторлары: Біржан, Ақан, Жаяу Муса т.б.
Әнші-композиторлар әндерінің тақырыптары.
Әйел, Отан, туған жер тақырыптары.
Қазақтың ұлы композитор-күйшілері Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет,
Дина.
Олардың күйлерінің ерекшеліктері.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Қазақтың аса көрнекті әнші-композиторлары шығармашылығы туралы әңгіме
құрастырыңыз.
2. Құрманғазы мен Дәулеткерей шығармашылығында қандай ұқсастық және
айырмашылықтар бар?
3. Тәттімбет қандай домбыра мектебінің негізін қалады?
4. Дина күйлері қандай тақырыптарға арнап шығарылды?
97
XІІІ. Қазақ ағартушылығы және ұлт зияларының
рухани мұралары
XIX ғасырда түркі халықтарының арасында жәдидизм идеялары тарай
бастады. Бұл идеялар Ресей империясының білім беру саласындағы
экспансиясына қарсы бағытталған еді. Жәдид мектептерінде бұрынғы діни
мектептерде болмаған ғылым негіздері оқытылды. Бұл мектептердің негізін
салушы татар оқымыстысы И.Гаспринский еді. Туысқан татар, өзбек, қазақ
қырғыз, башқұрт т.б. түркі халықтарының ағартушылары Ш.Маржани, К.
Насыри,
А.Фитрат,
А.Ибрагимов,
А.Құнанбаев,
Ә.Бөкейханов,
Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Сералин, М.Шоқай, Ғ.Қараш,
С.Торайғыров және басқалар өз халықтарына білім беру ісімен жан аямай
айналысты.
Жәдид мектебінің мұғалімі, қазақтың көрнекті ақыны С.Торайғыров
өзінің ұстаздық мұратын 1916 жылы былай деп бейнеледі:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам?
А.Байтұрсынов араб емлесінің негізінде “төте жазу” деп аталатын
жаңа емле ойлап тауып, оны қазақ мектебіне пайдалануға ұсынды.
Мұсылмандық жаңа әдістік мектепті жақтаушы қазақ ағартушылары
білім беру ісінде жалаң діни қағидаларды оқытудың орнына, жалпы
адамзаттық құндылықтарды енгізу қажеттігін түсінді.
Қазақстан мәдениетіне үлкен үлес қосқан қазақтың алғашқы
ғалымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов орыстың әскери
мектебінің түлегі еді. Алайда Шоқанды қазақ даласында орыстандыру
саясатын жүргізуші болды деп бағалау үстірт пікір. Арғы атасы Абылайды
98
пір тұтқан Шоқан өз халқының мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге
тырысты. Бұған негізгі құрал оның ағартушылық әрекеті болды.
Қазақ ағартушылығына Еуропадағы ағылшын, неміс, француздардағы
сияқты жалпы ортақ белгілер тән. Ең бастысы - білім мен ғылымды
адамдарды бақытқа жеткізетін күш деп ұғыну. Алайда қазақ
ағартушылығының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Мұның өзі Шығыс
Ренессансына, тәуелсіз Қазақ хандығына және Ресей империясы
құрамындағы бодан халық тағдырына қатысты.
Ағартушылық мәдениеттегі негізгі тетік – адам. Шоқан сыртқы әлемге
“дала адамын” түсіндіргісі келді. Осы мақсатпен ол қазақ және қырғыз
халықтарының миф-аңыздарын, салт-дәстүрін, діні мен тілін зерттейді.
Шоқан жазған “Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының ескі аңыз әңгімелері”,
“Қазақтардағы шамандықтың іздері”, “Қашқария туралы жазбалар”,
“Сахарадағы мұсылмандық туралы” және т.б. ғылыми еңбектерде қазақ
және басқа түрік халықтарының мәдениетіне энциклопедиялық талдау
берілген.
Шоқанды тек қазақ ағартушысы деп шектеу жеткіліксіз. Ол шын
мәнісінде нағыз ренессанстық тұлға. Не бары 30 жыл ғана өмір сүрген ол
өзін дарынды тарихшы, тіл маманы, географ, мәдениет танушы ретінде
Еуропа мен Азияға таныстырып кетті. Патшалық Ресейде білім алған
империя офицері ретінде Черняев экспедициясына қатысты, басын қатерге
тігіп, Қашқарияға жасырын барды. Ф.М.Достоевский, С.Р.Дуров, Н.Г:
Чернышевский сияқты орыстың озық ойлы ғұламаларымен достасып,
алдыңғы қатарлы Еуропа мәдениетінен нәр алды. Шоқанның бар арманы өз
халқының төл мәдениетін, тарихын, тілін жоғары деңгейге көтеріп, жалпы
адамзаттық мәдениетке тең етіп қосу болды. Осының негізгі құралы деп
кейбір зерттеушілер Ресей мәдениетін қазақ сахарасында таратуды айтады.
Омбыда оқып жүрген кезінен бастап-ақ Шоқан екі түрлі Ресей бар екенігін
сезді: бірі – озық ойлы, адамзатты ардақтаушылар, екіншісі – отаршылар,
99
тонағыштар, итаршылар. Шоқан патша әкімшілігінің Қазақстан туралы
саясатына әр уақытта күдікпен қараған.
Шоқан араласқан тағы бір мәдениеттанулық мәселе мұсылмандық
туралы болды. Қазақтарды жылдам христианға айналдыра алмайтынына көзі
жеткен патша әкімдері исламның өздеріне қажетті жақтарын нығайту
мақсатымен далаға көптеген татар және Бұхар молдаларын жіберді. Шоқан
осы саясатқа қарсы шығып, орыс-қазақ мектептерін көбірек ашуды талап
етті. Бірақ бұдан Ш.Уәлиханов атеист болды және исламға қарсы күресті
деген пікір тұмау керек. Шоқан бұрыннан қазақтар арасында кең таралған
тәңірлік дін және шамандықтың (басқылықтың) маңызын көре білді,
исламға қарсы шығудан бас тартты; ол: “біз исламды құдалауды
ұсынбаймыз, мұндай қадамдар қарама-қарсы нәтиже беруі мүмкін. Бірақ біз
үкіметтің қандай да болсын білімге қарсы дінге қамқорлық жасамауын, және
далада ұрып-соғу мен қоқытуға негізделген теологиялық заңдарды күштеп
енгізбеуін сұраймыз және талап етеміз”, - деп жазды. Яғни, Шоқан
мұсылмандықтағы мәдени-тұтастық функцияларды көре білді. Ұлы
мәдениеттердің тоғысуында дүниежүзілік діндер интеграциялық қызмет
атқарады. Қысқаша айтқанда, Шоқанның қазақ мәдениетіне қосқан үлесінің
негізінде Батыстың да (орыстың да), Шығыстың да тигізген әсері емес, өз
халқының төл мәдениеті жатыр.
Қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан тұлға – Ыбырай
Алтынсарин. Ыбырай халық ағарту ісінің практикалық және дидактикалық
мәселелерін шешуге тікелей ат салысты, алғашқы педагогикалық оқулық
“Қазақ хрестоматиясын” және қазақ балаларына орыс тілін үйретуге
арналған оқу құралдарын жазды. Сонымен бірге Ыбырай қазақтың әдеби
тілінің негізін салушылардың бірі және халықтың ауыз әдебиетін, әдеп-
ғұрпын зерттеуші ретінде белгілі; ол жазған қазақтардың құдалық және
үйлену рәсімдері туралы, адамдарды жерлеу және еске алу салттары
жөніндегі еңбектері жоғары бағаланып, 1847 жылы Ы.Алтынсарин Ресей
100
географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің мүшесі болып
қабылданды. Ыбырай өз қызметі мен шығармашылығында нағыз ағартушы
бейнесінде көрінеді.
Ыбырай өзінің ағартушылық қызметінде миссионерлік орыстандыру
саясатын қолдаған жоқ. Ол өз халқын білімге, мәдениеттілікке шығарғанда
өркениетті елдер қатарына көтерілуді армандады.
Ыбырай 1884 жылы Қазан қаласында атақты “Ислам шариаты” атты
кітабын шығарды. Қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылған бұл
еңбегінде ол мұсылмандықтың негізгі қағидаларын қазақ мәденитіне шебер
қоса білді. Шығыс Ренессанысында қалыптасқан дін мен білімнің
арасындағы үйлесімділік идеясын (Әл-Фараби, ибн-Сина т.б.) Ыбырай өз
заманына байланысты дамыта білді. Қай дінде болсын, адамдар бір-бірін
сыйлау керек делінеді, ал мәдениетсіздіктің негізгі себептеріне надандық,
жалқаулық және мақтаншақтық жатқызылады.
“Ендігі жерде мынадай ақылды бұлжытпай ұстаңыз, - дейді Ыбырай
Н.А.Мозохинге жазған хатында, -бұл менің айтып отырған ақылым емес,
атақты философ-педагог Коменскийдің ақылы. Ол кісі: “Қолындағы барын
қанағат ете білетін адам, шын бақытты адам және біз өзіміздің адал
еңбегімізбен тіршілік етіп отырмыз дей алатын адам шын бақытты адам”, -
деген екен; ал тағы бір араб философы бақыттылық пен байлық неде –
дегенде –“ынсаптылықта”, - деп жауап берген екен; міне осы ақылды
алыңыз”.
Қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушы – ұлы философ-
ақын Абай Құнанбаев. Қазақ мәдениетінің ғасырлар бойы қалыптасуында
осы процеске сыншыл көзбен қарап, оны ақыл және жүрек таразысынан
өткізетін тұлға тым қажет еді. Абай, міне осындай тұлға болды. Абай өз
шығармашылығында қазақ елінің белгілі тарихи тұйыққа тіреліп
(бодандыққа түсіп), одан қалай шығуды білмей, болашағы туралы
күдіктенген жағдайын суреттеді. Осындай шым-шытырында ғұлама ақын
101
таза уайым мен зарлау дәстүрінен арылып, халық өмірінің кем-кетігіне ашық
көзбен қарап, оны емдеудің жолдарын көрсете білді.
Ортағасырлық озық мәдениетінен, қалалары мен төл жазуынан
айырылған халықтың бар сенімі фольклор еді. Көшпелі мәдениетке қолайлы
форма – ауыз әдебиеті, ел басқарудың ұтымды түрі – билер соты, алайда
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстанды Ресей өзінің тікелей
отарына айналдырып, жаңа әкімшілік тәртібін енгізді. Қысқаша айтқанда,
көшпелілік мәдениет орыс империясының әсерінен біртіндеп шайқала
бастады. Қалалар салынып, фабрика мен зауыттарда қазақ жұмысшылары
көбейе берді. Ресей экспансиясы қазақ сахарасындағы көне Шығыс
мәдениетін ығыстыруды өзінің негізгі мақсаттарының бірі деп санады.
Батыс (Ресей) мен Шығыстың (Ислам) өркениеттерінің арасындағы
Қазақстан болашаққа қарай жол іздеуге мәжбүр болды. Далалық мәдениет
осы ағымның ортасында өзіндік ерекшеліктерін сақтауға ұмтылды. Абай
орыстық білім мен техниканы насихаттағанмен, христиан дінінен қазақты
аулақ болуға шақырады. Ислам – халықтық мәдениеттің тірегі, оның рухани
қазығы.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Абай исламды қазақ халқына тұрақты жаңа өркениетті, жоғары
имандылықты қалыптастыру құралы ретінде уағыздады. 28-сөзінде ол былай
дейді: “Құдайтағала әрбір ақылы бар кісіге парыз деген, әрбір иманы бар
кісіге ғибадат парыз деген екен... Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек,
құдайтағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады?
Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама
дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң діннің өзі неден болады?”
Жоғарыда келтірілгеннен Абай діншіл, ескіні жақтаушы тәрізді пікірлер
тумауы тиісті. Оның мұраты – парасат және мәдениетке қолдаушы болатын
102
ислам. Абайды ағартушы діни ғұлама деп бағалаған дұрыс. Алла жаратушы
болғанымен, дүниенің тұтқасы, белдігі адам.
Абайдың өз шығармашылығында қойып отырған үлкен мәселенің бірі
– мәдени сабақтастық. Көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа ауыса
бастауына, Батыс мәдениетінің қазақ еліне таралуына қатысты дәстүрлік
мәдениет пен өзгерістердің ара қатынасын анықтау қажет еді. Ренессанстық
парсы – араб өркениетін жоғары бағалаған Абай нәр алған қайнарлардың
бірі – классикалық Шығыс поэзиясы мен суфизм.
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу Һәммәси
Мәдет бер я шағири, фәрияд.
Зар заман ақындарынан Абайдың айырмашылығы, ол әлі құрыған
уайым мен мұңның орнына қазақ мәдениетінің кертартпа жақтары мен
кемшіліктерін түсінетін көзашықтық пен оларды емдеу жолдарын көрсетеді.
Мәдениетті елдер қатарына қосылу үшін, - дейді Абай, ең алдымен қазақ
халқы төмендегідей кеселді қылықтардан құтылу керек: “Күллі адам
баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық,
екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-
ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің
дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан
шығады. Залымдық – адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір
жыртқыш хайуан есебіне қосылады”.
Осындай теріс қылықтарды атап айтқан Абай өз халқының бойындағы
кемшіліктерді де көрсетеді. Бұл жер де ол “біз ең жақсы халықпыз” сияқты
құр далбасалықтың орнына көршілес ұлттардың жақсы жақтарын
қабылдауға шақырады: “Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа
халықтың бәрі антұрған екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп... Енді қарап
103
тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің
жүрмеген жері, қалмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен
бірі ешбір шаҺари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың
“ахиреттігін”, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды... Ноғайға қарасам, сол
даттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда,
медресе, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар
біледі, салтанат әсем де соларда. Оның малдыларына құзғын тамағымыз
үшін біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз... Орысқа айтар сөз де жоқ, біз
құлы, күңі құрлы да жоқпыз”. Абай бұл сөздерін қазақ халқын жамандау
үшін айтпаған. Ол осы тарихи тұманнан шығу жолын іздейді. Абай қазақтың
жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді,
атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, парызыңды
атқар дейді.
Ұлттық
мәдениеттің
қорғаушысы деп
Абай
Руханилықты,
Имандылықты, Сезімді ұсынады. Ақыл, Ерік және Жүрек таласы
соңғысының пайдасына шешіледі.
Негізгі ұғымдар мен терминдер.
Шығыс ағартушылығы.
Жәдид идеялар және жалпы адамзаттық құндылықтар.
Түркі халықтарының жаңа интелектуалды элитасы.
Шоқанның қазақ халқының рухани мұрасын зерттеуге үлесі.
Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметі.
Абайдың жаңашылдығы.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Түркі халықтарының ағартушылары қандай мақсатты көздеді?
2. Шоқан Уәлиханов ағарту саласында қандай идеяларды ұстанды?
3. Ы.Алтынсариннің ағарту ісінде орыс ағартушы-миссионерлерінен қандай
айырмашылығы болды?
4. Абайдың қазақтың рухани мәдениетіне қосқан үлесі туралы әңгімелеңіз.
104
Достарыңызбен бөлісу: |