Қызыл жебе
– Өтірік айтасың, қатындардың бәрі опасыз емес. Опасыз
болса, патшаны өлтірмек болған орыстардың қатындары
байларының соңынан Сібірге неге барған?
– Оһо, сенің сауатың ашылып қалған екен. Мұны кім айтты
саған? А! Кім айтты? Әлгі оңбаған Бронников қой. Солай ғой,
ә? Оныкі сандырақ. Сенің жаныңнан оны дұрыс алып кеткен
екенбіз. Ал, о басында қасыңа бекер орналастырғанбыз. Көрдің
бе, жабайы киргизге декабристердің кім болғанын үйретуін.
Ақымақ, сен декабрист емессің, ал сенің әйелің артыңнан Сібірге
ілесіп баратын дворянка емес. Трубецкая мен Волконская бұзық
күйеулерінің соңынан іздеп барса, олар бай болған, қалтасы қалың
болған. Өз қаражатымен көшіп-қонған. Ал сенің қатыныңның
қалтасында қара бақыр да жоқ. Жолда бір жерде арам қатып
қалса, обалына кім қалмақ? Соны білген сенің қатының. Ол сенен
ақылдырақ екен. Міне, тілхаты. Көп күйсемей, жолға жинал!..
Приходько есік жаққа бұрыла бергенде, Рысқұлдың жан
дауысы шығып:
– Мырза! Онда маған Тұрарды ала кетуге рұқсат ет! – деп
ышқынды.
– Жасы жетпеген баланы каторгаға жіберуге заң жоқ, – деді
Приходько ашуланып.
– Онда мен губірнатырға арыз айтамын. Гүбірнатырға! – деп
қайталады Рысқұл, түрме бастығы губернатордан сескенеді-ау
деген үмітпен.
– Айт, айт. Арыз жаз, өзің жаза алмайсың. Анау Бронников
деген досыңа жаздыруға рұқсат бергізейін!..
Приходько кетісімен, камераның ішін күдік жайлады. «Сенейін
бе, сенбейін бе», – деді Рысқұл сілейіп тікесінен тік тұрған күйі
терезеден көрінген айға қарап.
Ай жарықтық толықсып тұр екен. Оның бетіндегі мең Рысқұлға
таныс адамның сүлдесіндей болып көрінді. Күндізгіден гөрі түн
баласы жортуылда көп жүрген Рысқұлдың ай бетіне анықтап
тұрып қарағаны осы болар. Бесағаштағы сайдың табанынан иін
ағашпен су көтеріп келе жатқан баяғы Қалипа марқұм мына түрме
терезесінен қарап тұрғандай екен. Аспандағы айдың меңі Қалипа
242
Қызыл жебе
болып елестегені Рысқұлды сәл сескендірді. Неге Ізбайша емес,
Қалипа еске түсті?
Қалипа марқұм Тұрар мен Түйметайдың анасы еді ғой. Тірі
адам тіршіліктің құлы. Тырбанып жүріп, өзектес жан жолдасы
болған адамның бейнесін көңілінен өшіріп ала жаздапты...
«Қайран Қалипа, сен болсаң маған ілесер едің. Ақ қар, көк мұзда
да бірге болар едің. Менің Тұрарымның анасы, Түйметайымның
анасы. Аруағың риза болғаны ма? Қысылтаяңда неге елестедің
көзіме? Кінәлі болсам, кеш мені!».
Тар терезеден ай қиғаштай берді. Ай бетіндегі мең үндемеді.
Үнсіз қоштасу шығар.
Ай тасаланып, камераның іші түнекке толды. Рысқұл еденге
жантайып, көзін жұмды. Әлгіде түсінде оқыған Ізбайшаның
хаты көңілінде қайта сайрай бастады. Көкірек көзіне Ізбайша
елестеген қалпында, кірпігі айқасып, Рысқұл қалғып кетті.
Ізбайша оны жаңа көргендей, түн қараңғысында танымай
қалғандай жұмсақ алақанымен бетін сипалады. Маңдайының
сызықтарына дейін түгелдеп, құлағының сырғалығын ұстап
көрді. Ақыры Рысқұл екеніне көзі жеткендей, бетіне бетін тақап,
ерінің мойнынан құшақтап, күрсініп қойып, көп жатты. Тәтті
түс Ізбайшаны ғайыптың ісімен Сібірге де, Сахалинге де алып
барады.
Сахалин сапарында жүріп, Рысқұл туған елін, Ақсу-
Жабағылының аршасын, Алатаудың ақ шыңдарын, жәдігері
Тұрарын, тұлымшағы селтиген Түйметайын өзегі үзіліп
сағынғанда, Ізбайшаны да аңсайтын болады. Жалған хат пәк
көңілді жаңылдыра алмайды.
Приходько үйінде Наташаның бәсіре бөлмесі болар еді.
Бөлме тап-тұйнақтай таза, шап-шақ қана. Бір қабырға кітап толы
шкафтар, екінші жақ іргеде жап-жалтыр қара пианино тұрады.
Жалтырағаны сонша, суретің көрінеді. Наташа гимназиядан
келген бойы, портфелін тастай салып, формалы киімін ауыстыруға
да шыдамы жетпей, пианиноның ауыр қақпағын ашып, нәзік
саусақтарымен піл сүйекті аппақ клавиштарды басып-басып
қалғанда, кішкентай жүрегіңнің қылдарын біреу шертіп-шертіп
жібергендей сиқырлы үн төгіліп жүре береді.
243
Достарыңызбен бөлісу: |