250
Қызыл жебе
қиығы көрінді. Беторамалдың көлеміндей ғана қиық. Ізбайша
тігіп берген шашақсыз орамалдай. Аспанның алақандай көлемін
көріп, Ізбайша есіне түскенде, Рысқұлдың бүйрегі бір бүлк етті.
Тым болмаса, қоштаса да алмай қалатын болды.
Енді қайтып
тірідей көрісуге тағдыр жаза ма, жоқ па, белгісіз.
Қоштасып, арыздасып қалу керек-ақ еді. Құдай қос көрмеді.
Ізбайша жазды деген тілхатқа Рысқұл сенген жоқ. Жүрегі құрғыр
ит қапқандай қапалы. Суынар, суалар кезі болса да жүректегі
сезімді сылып алып тастауға ешкімнің әлі келмейді екен.
Ізбайша мен Түйметайдан көз жазғалы екі жылға жақындады.
Олардан айырылу қиын да болса, уақыт өткен сайын бет-жүзі,
елесі көмескілене берген.
Ал Тұрардың жөні бір басқа. Түрмеге түскеннен бастап, түн
баласы өзімен бірге болған ұлының иісі әкенің жан дүниесіне
қылышпен қырып жусаң да кетпестей болып сіңіп қалған. Енді
сол Тұрармен айырылысатын қиямет-қайым азабы азынап тұр.
Бүгін түні бойы ол баласын бауырына қысып жатты. Амал
жетсе, Рысқұл өзінің көкірегін жарып жіберіп, жалғыз жәдігерін
қалталы қасқыр сияқты кеудесіне жасырып, алыс сапарға өзімен
бірге ала кетер еді, оған айла жоқ.
Түні бойы көз ілмей, қиянаттан мұздаған жүрегін жылытқысы
келгендей, Тұрардың ыссы басын кеудесіне қысып жатты. Бұл
түні оған өткен-кеткен хикаяны айтып, мазалаған жоқ. Айтар
әңгіме айтылып болған. Рысқұлдың керсоқпақ, кескілескен қиын
өмірі баласының басында үлкен бір кітап болып жазулы жатыр.
Рысқұл оқымаған жан болғанмен, көкірегі ояу адам еді. Түрменің
ұзақ түндерінде баласын ұйқыдан қысып отырып айтқан сырлары
зая кетпес. Тұрар енді бір жиырма жылдан кейін ұлы жазушымен
дос болып, өз әкесінің басынан
өткен шытырман шындықты
оған, арман ағысындай етіп айтып берер. Содан барып «Қараш-
Қараш» туар...
Рысқұлдың есіне, Саймасайды атар алдында, бір түп бұта
басында отырған кішкентай шымшық түсе кетті. Қар суырған
ызғырық жел қос қанатын кеулеп, жүнін қобыратқан сол шымшық
тырмысып бұтадан тырнағын айырмай қасарысып қалып еді.