208
Қызыл жебе
Тұрар не айтарын білмей, тамағына бір түйін тұрып қалды.
Бірақ оның ойын түсінген Рысқұл баланы жұбатып:
– Алаңдама, Тұрар. Мен қайтып келемін ғой. Сот үкімін
шығарар. Айдап жіберген күннің өзінде сені ала кетемін,
айналайын. Бара ғой жұмысыңа, бара ғой, Тұрар.
Надзирательдің көзінше Рысқұлмен қырын қабақ бола қалатын
Бронников қазір үндеместен Тұрарға болар-болмас ишарат
білдіріп, басын сәл изегендей болды. Ол: «Қорықпа, Тұрар», –
дегені. Есік сақыр-сұқыр жабылды. Баланы конвой сыртқа алып
кетті.
– Аман болсын, балаң ерекше зерек, – деді Бронников
Рысқұлмен шала-пұла түсінісіп.
– Айдауға баланы бірге ала кетпесем, ана иттер оны өлтіріп
қояды. Егер Тұрарға қауіп төнбесе, мен атылу жазасынан да
қорықпас едім. – Рысқұл теңселіп отырып, уайымының ен
үлкенін айтты. – Зерек дейсің. Жұрттың мұндай баласы көжесін
жыламай ішпейді. Ал бұл не көрмеді? Атаңа нәлет Саймасайдың
салдақылары менен гөрі қаһарын осы Тұрарға тікті. Иттер
сезеді оның зеректігін. Түптің-түбінде түбімізге жетеді деп
қорқады, залымдар. Мен сотталудан қорықпаймын, баладан
айырылып қаламын ба деп ұйқым шала. Егер мені итжеккенге
айдайтын болса, қатын-баламды бірге ала кетемін деп ұлықтарға
арыздануға бола ма, Ескендір? Сенің көзің ашық қой.
– Көзің ашық дейсін-ау. Көзі ашықтардың көзін томағалап
қойған заман емес пе? Егер жер аударылғандарға отбасын бірге
алып жүруге мүмкін болса, бала-шағамды мен де алдырар едім-
ау. Бірақ ондай атты күн қайда?
– Атасына нәлет, мен көнбеймін, оязға, одан болмаса Тәубенің
өзіне, одан болмаса, тура патшаның өзіне арыз жазамын. Сен
жазып бересің. Сай-сүйегін сырқыратып жаз, атасына нәлет.
Достарыңызбен бөлісу: