* * *
Осы кезде әзірейілінің асай-мүсейіндей сақырлап есік ашылды
да, надзиратель әдеттегіден гөрі көтеріңкі дауыспен:
– Жылқайдаров! Шық! – деді. Надзирательдің ар жағында
найзалы мылтықтарын серт ұстап екі айдауыл тұр екен.
209
Қызыл жебе
Рысқұл орнынан ыңырана тұрып, иығына шекпенін ілді, ескі
киіз қалпағын қолына алды. Бұрылып Бронниковқа қарап еді,
ол Рысқұлдың кетіп бара жатқанына қыбы қанғандай сыңай
танытып, зәрлі мысқылмен мырс етіп қала берді. Надзиратель
бұл кейпін аңғармай қалған жоқ. «Ә, бәлемдер, ырылдасып
жатырсыңдар ғой»,– деді ішінен.
Рысқұлдың аяғына табалдырықтан шыға бере кісен салды.
Бір тұтам ғана ұзындығы бар кісеннен адымы жазылмай, Рысқұл
кібіртіктеп барып сүрініп кетті де, қайта көтеріліп, еңсесін
көтеріп, бойын тік ұстап жан-жағына тәкаппарлана қарап,
қыбыр-қыбыр адыммен кете барды. Айдауылдың біреуі алдына,
екіншісі артына түсіп келе жатты.
Үш қабат есіктен өтіп, аулаға шыға келгенде Рысқұл көзін
қолымен көлегейлеп қалды. Күн жарқырап тұр екен, көзі қарықты.
Жарыққа бірте-бірте үйренген соң, аула түбіндегі атқора жаққа
қарап еді, Тұрар жалғыз дөңгелекті зембілмен жас тезекті сыртқа
алып шығып келе жатыр екен. Ауладағы ірің көз надзиратель
оның алдын кес-кестеп тұра қалды.
Тұтқынды қақпадан айдап шығар кезде, аулада артық жүріс
болмасқа керек.
Әкесі сыртқы қақпаға жақындаған кезде Тұрар шыдай алмай:
– Көке! – деп айқайлап жіберді.
Рысқұлдың тұла бойы дір-р ете қалды, бірақ қайырылған жоқ,
кісенін салдыратқан күйі қақпадан шыға берді.
Қақпаның сыртында трашпенке тұр екен. Тұтқын мен екі
айдауыл көлікке отырған соң, жарау қос ат көшені қоңыраулатып,
ілезде Старокладбищенская көшесіне түсіп, округтік соттың
үйіне қарай зымырай жөнелді.
Көшедегі адамдар қоңыраулы трашпеңкені әуелі салтанатпен
әкім келе жатыр екен деп қалады да, кісендеулі аяғы салбырап
отырған киіз қалпақты қазақты, алды-артына мылтық ұстаған
айдауылдарды көріп, бірі таңырқап, бірі үрке қарап, бірі тез-тез
шоқынып қала береді. Әлдекімдер басынан мыжырайған кепкесін
алып, бас игендей болды. Әлде әкім дей ме, әлде тұтқынға оң
сапар тілей ме, белгісіз.
* * *
210
Қызыл жебе
Сот үйінің алдына келіп тоқтағанда, секіріп-секіріп жерге
түскен қос айдауыл Рысқұлды демеп жібермекші еді, тұтқын
олардың қолын жасқап, өзі қарғыды. Теңселіп барып, бойын
жиып алды. Үйдің алды жапырағы алақандай емен, сырғасы
салбыраған қайың екен. Рысқұл соларға сұқтана қарап біраз
тұрды.
– Оу, арысым, Рысқұлым! – деген жарықшақ үнге жалт қараса
өзіне қос қолын жайып, көзінен жасы домалап, Ахат атасы келеді
екен.
– Бармысың, бауырым, сені де көретін күн болады екен-
ау, – деп құшағын жайып құлай беріп еді алдын айдауыл кес-
кестеді. Қаусаған кәрі көкірегіне мылтық тіреліп тұрып, Ахат
уақыттың аздығын сезді, енді қайтып Рысқұлдың кескінін көре
алмайтындай асыға сөйледі.
– Түрмеге талай бардым. Жолықтырмады, Рысқұл, кешір,
айналайын. Тұрарды да сағындым. Елің тозды. Омар бастаған екі-
үш ағайының елге көшті. Қорған, Шыныбек, Үсіп бауырларың
сәлем айтты. Оларды болыс ауылы босатпай, құлдыққа салып
қойды. Өзіңнен рұқсат болса, қаңғыған басымыз жолда бір жерде
қалмаса, елге қарай жылжысақ дейміз. Ізбайша мен Түйметайды
ала кетерміз. Молдабекті де ұстап қалмақшы еді, ол қашып кетті.
Қайда кеткенін білмейміз.
Айдауылдар тұтқынды асықтырды. Сот басталатын мезгіл
таянды.
– Рақмет, Аха! Екі дүниеде ризамын. Мені итжеккенге
айдайтын түрі бар. Алай-бұлай заман болса, Тұрарға көзіңнің
қырын сал. Ізбайша мен Түйметайға сәлем айт. Ағайынға
дұғай сәлем. Мені кешіре көрсін. Құдай тірі көрісуге жазсын.
Тірі болсам, босануға тырысармын. Көп уайымдап, ұнжырғаң
түспесін, түге! Аңырай берме, ағайын!
Айдауыл тұтқынды арқасынан итермеледі. Сот үйіне кірер
жерде тас баспалдақ бар еді. Бір тұтам кісеннен адымы ашылмаған
адам шыға алар емес. Рысқұл ерегіскенде бірінші тепкішекке
қосаяқтап секіріп шығып артына бұрылды.
– Бұрылма, жүр! – деп зекіген айдауылға Рысқұл қанжардай
көзбен жарқ еткізіп қарап:
211
Достарыңызбен бөлісу: |