Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет111/125
Дата07.01.2022
өлшемі1,34 Mb.
#20913
1   ...   107   108   109   110   111   112   113   114   ...   125
* * *
Комиссия тарап, Рысқұлды түрмеге қайта жөнелткеннен кейін 
вице-губернатор Верный оязына мына қатынасты жаза бастады.


223
Қызыл жебе
«Верный уезінің бастығына,
Жедел орындау үшін.
Облыстық  басқарманың  Ерекше  отырысында  каторгаға 
айдалатын киргиз Жылқайдаров Рысқұл өзімен бірге отбасын 
ала  кететінін  мәлімдеді.
Осыны хабарлай отырып, Облыстық Басқарма Сізден мынаны 
талап етеді: Жылқайдаров Рысқұлдың әйелінен қолхат алыңыз. 
Күйеуімен  еріп  айдауға  кетуге  риза  ма?  Егер  ризашылығын 
білдірген күнде түсіндірілсін: Бас түрме Басқармасының 1890 
жылғы 18-сәуірде шығарылған № 10 циркуляр бойынша, қазына 
ол  әйелді  және  балаларын  қаражатпен  тек  айдалу  пунктіне 
жеткенше  ғана  қамтамасыз  ете  алады.  Ал  күйеуі  айдалу 
пунктіне  жеткізілген  соң,  әйелі  мен  балалары  өз  күнін  өздері 
көруге  мәжбүр  болады.  Қазына  қараспайды.
Осы жағдайға көнетін болса, ол әйелдің және балаларының 
жасы, денсаулығы жөнінде толық мәлімет және қолхат алып, 
тез бізге жеткізіңіз.
Вице-губернатор Осташкин».
Жас  адъютант  бұл  қатынас  хатты  Верный  уезінің  бастығы 
Сорокин мырзаға өз қолымен апарып тапсырып, хатты қабылдап 
алғаны жөнінде, уезд кеңсесінің куәлендірген қағазын қалтасына 
салып кері оралды. Енді Ізбайшаның әлегі басталды. Ізбайшаны 
іздеуге ояздың өзі бас болып кіріскен.
* * *
Саймасай  өлді  екен  деп  сайдан  су,  шатқалдан  самал  тоқтап 
қалған жоқ. Тірі пенде тіршілігін көріп, баяғыша байы бай, құлы 
құл  болып  жүріп  жатқан  күндер  еді.  Мүсәпір  халге  ұшыраған 
жалғыз Қалдыбек қана. Болыстың жарым ақыл ұлын бұрын бәрі 
реті келген жерде шолжаңдатып, неше түрлі қылығына көнуші 
еді,  енді  сорлының  күні  күн  емес.  Саймасайдың  жан  бауыры 
Анарбайдан бастап, қыл аяғы қойшы-қолаңға дейін: «Ей, жынды, 
о, нақұрыс, о есуас!» – деп отырса опақ, тұрса сопақ, сүтке тиген 
күшіктей сүмелек етіп жіберген. Бірақ ауыш байғұстың бақыты 
сол: соның бәрін елемейді, намыс білмейді, күнінің ауыр екенін 
ойлап жатпайды. Арсыз, қамсыз қалпында жүре береді.


224
Қызыл жебе 
Анарбай алдағы съезге дейін ояздың шешімімен, сайлаусыз-
ақ  болыс  болған.  Бір  арманы  оңай  орындалған  Анарбай  енді 
екінші  арманның  азабын  көбірек  тартып  жүрген  жайы  бар. 
Нүкетай  сұлу  басынан  қара  шәлі  сыпырылмай,  іргеде  жоқтау 
айтып  әлі  отыр.  Оның  бірден-бір  әмеңгері  Анарбай  екенінде 
құдайдың да, құранның да, адамның да дауы жоқ. Бірақ ағасының 
жылын бермей, азан айтып ас шақырып, ат шаптырмай, Нүкетай 
жеңгесінің қойнына қол сала алмас. Нүкетаймен неке қияр күнді 
ойласа,  Анарбай  бауыры  балқып,  өзегі  өртеніп,  жүрегі  тулар.
Сол ынтызар күнді жақындату мұратымен Анарбай ағасының 
асын жыл толмай-ақ осы күзде атқарып жібермекші болып, жан-
жаққа жариялатып та қойды. Саймасайдың қайтуы өткен қыстың 
қақ ортасы еді. Қысты күні қалың қонақ қабылдап, ас беру рәсім 
емес. Оған күз лайық. Таяп қалған қыркүйектің ішінде ағасының 
ақтық қызметін атқарып, асудай арман-тілегіне де жетер.
Рысқұл  шынжырмен  шырмалып,  түрмеге  түскелі  бері,  қос 
өкпеден  қадалған  шөңге  суырылғандай,  тыныс  та  кеңейген 
сияқты.  Оның  ағайын-туыстары  да  бір-бірлеп  қашып-пысып, 
көзден  таса,  көңілден  ғайып  болды.  Осы  күні  кеше  Қорған 
мен  Шыныбек  дегендері  кетті.  Бір  қырсығы,  Рысқұлдың  әйелі 
Ізбайшаны  да  ала  кетіпті.  Бұған  Таубай  старшыннан  өзге 
ешкім  өкіне  де  қойған  жоқ.  Ауылнай  Таубай  шашын  жұлып, 
жер  сабалап,  Тау-Шілмембеттің  жұртында  қалған  Ахат  шалды 
сақалынан сүйреп: «Қайда, қайда?» – деп қысқанмен түк өнбеді.
Анарбай  болыс  Таубайға:  «Құрысын,  кетсе  кете  берсін. 
Артынан топырақ лақтырыңдар», – деп бұған онша мән берген 
жоқ. Сөйтсе, онысы бекер екен. Ояздан келген бұйрық ақ орданы 
жай  түскендей  етті.
–  Айттым ғой, ойбай, айттым ғой! – деп Таубайдың түкірігі 
шашырады.
–  Айтсаң,  неге  әзір  болмадың!  –  деп  Анарбай  ақырды.  – 
«Бүлінгеннен  бүлдіргі  алманы»  ұмытып,  Рысқұл  иттің  көзі 
жойылмай жатып, Ізбайшаны Тау-Шілмембеттен тартып алмақ 
болып  қоқаңдадың-ай  келіп.  Сенен  қорқып  қашып  кетті  енді. 
Қайдан  тапсаң  одан  тап!


225


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   107   108   109   110   111   112   113   114   ...   125




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет