228
Қызыл жебе
– Білесіз, Дәуке, сол Қырғызбай баяғыда біз елден кеткенде
Меркеде қалған. Әлі сонда. Рысқұл інісі Молдабек те, Ізбайша
жеңгесі де сол Қырғызбайды паналап барар-ау деп шамалаймын.
Дауылбай алдында бүк түсіп тұрған Омарды ұмытқандай, өз
ойына өзі бөгіп отырып қалды. Кәрілік жеңе бастаған шымыр дене
бір шөкім болып шөмиіп аянышты көрінер. Рысқұлдың қолынан
ажал табатын болыс алдымен Саймасай емес, Дауылбай еді,
тағдыр екен, алыстағы Шығыс-Талғар управителі жер жастанды.
Ал Рысқұл Бердіқұл ағасының кегін ұмытпай, Дауылбайға деген
оғын әлі жанып жүрсе ше? Түрмеде шынжырлаулы жатқаны
қандай жақсы. Оның итжеккенге айдалуы Ізбайшаның табылуына
іліктес болып тұр екен. Өкіметті сол Ізбайшаның ізіне тезірек
салып, құтылу керек бұл бәледен. Дауылбай писаріне әмір етіп,
оязға жауап жазды.
* * *
Аспараның Алатауы алшысынан түскен асықтайын алшайып
тұрғалы қай заман? Миллиондаған жылдар өткен шығар. Не
көрмеген Аспара. Ширек ғасыр бұрын Түлкібастан босып
шыққан жиырма үй Алсай-Сарыны да көрген. Сол жиырманың
ішінен Соқыр батырдың баласы Қырғызбай бұтаға ілінген
қаңбақтай осы Аспара бауырында қалып қойып еді. Басқалары
Меркеге тұрақтай алмай Алматы асып кеткен.
Әкеге тартып ұл тумас. Соқыр батырдың баласы Қырғызбай
зұлымдық-зорлықпен ашық айқасқа жоқ, күштіменен күреспейтін,
мықтыменен тіреспейтін жалтақ жан болды.
Бауырларынан орта
жолда бөлініп қалып, қалт-құлт етіп, текені – жезде, ешкіні – әпке
деп жүріп, Меркенің базарында делдалдық қылып, можантомпай
шаруа құрып алған. Мекені Аспара болысына қарасты Мықан
өзенінің бойында болатын.
Тау-Шілмембеттің басына зобалаң төнгенде, Молдабек сол
шала ұмыт болған ағайын Қырғызбайды тауып, Ізбайша мен
Түйметайды да ала келіп еді. Бірден Түлкібасқа тартуға батылы
бармаған. Қырғызбай қашқын туысты паналатуға қорықса да, кет
деп айта алмады. Тау-Шілмембеттің бар бәлесін Рысқұл өзімен
бірге алып қалса, қалғандарына өкімет қаһарын төкпес деп өзін-
өзі жұбатты.