243
Қызыл жебе
Ахат атаның қотыр ағаш домбырасынан өзге аспап көрмеген
Тұрар үшін пианино дегенің тек ертектің елесі. Бірақ ертек те
емес, түс те емес, жалтыр қара ағашын сипауға да жасқанып,
сиқырлы күй сандықтың қасында тұр.
– Ойнап көрші, – деді кенет Наташа Тұрарға айналмалы
дөңгелек орындықты ұсына беріп.
– Жоқ, мен білмеймін, – деп Тұрар шегіншектеп еді, Наташа
оны жеңінен тартты.
– Ұялмай-ақ қой, мүмкін, үйреніп кетерсің. Мүмкін, сенен
үлкен музыкант шығар. Сен өте алғырсың ғой. Аз уақытта
жазуды да, оқуды да үйреніп қалдың.
Тұрарға мына қыздың боямасыз шын сөзі жігер берді ме,
именбей барып орындыққа отырып, әуелі қаз-қатар аппақ
клавиштарға бір қарап алып, оң қолының сұқ саусағымен ғана
біреуін басып байқады. Дәу күйсандық мұны жатырқағандай
гүр ете қалды. Тұрар қысылыңқырап Наташаға қарап еді, қыз
сықылықтап күліп жіберді. Сонан соң басқа орындық әкеліп,
Тұрармен қатар отыра қалып:
– Кәне, бір ән айтып көрші. Мейлі қазақша бола берсін.
Ыңылдап, нобайын келтірсең болғаны, – деді. – Мен қосылайын.
– Ән білмеймін.
– Қойшы. Бірде-бір ән білмейсің бе?
Бесағашта әншілер бар-ақ еді. Бірақ әндері мұңды келетін.
Той-томалақта, боза жорада екеу-екеу қосылып айтысқанда,
сөздері мына сарындас келетін:
Жиырмаға
жиырма жуық дейді
Шаңырақты
көтерген уық дейді, ғашық жар.
Оралыңның барында ойна да күл,
Өлгеннен
соң қара жер суық дейді, ғашық жар.
Неге екені белгісіз, сол көп әндерден қазір Тұрардың есіне
түскені «Елім-ай» болды. Ахат та ұдайы осы әуенді домбырамен
тыңқылдатып отырар еді. Қазір Наташа қолқалап қоймаған соң,
бала сол әуенді ыңылдап айта бастап еді, Наташа ілезде қағып
алып, пианино тіліне түсірді.
– Қазақша бір сөз білмейсің, қалайша тез түсініп қойдың? –
деп Тұрар таң қалды.