Қызыл жебе
Сонымен бұл әңгіме ұмытылып та кеткен. Бір күні болыс
төңіректегі ауылдарды аралап қыдырып қайтпақ болып, атқа
қонды.Жанына бірер адам ғана ертті. Ішінде Таубай старшын
бар. Ауылға болыстың өзі келсе – тегін емес деп түсінетін халық
дүрлігіңкіреп қалған. Не тағы бір жаңа салық салынады, не
әлдекімді соттап, жазалайды. Болыс тегін жүрмейді.
Ел күткендей болмады: ешкім жазаланған да жоқ. Жаңа салық
та салынған жоқ. Болыс старшынның үйінен қымыз ішкен соң,
тамағына да қарамай, Тау-Шілмембеттің жатағына ат басын
бұрды. Аттың басын Рысқұлдың лашығының маңдайшасына
тіреп тұрып:
– Рысқұл! О, батыр, бері шығып кет, – деп дауыстады.
Рысқұлдан бұрын тысқа қасқыр көз қара торы бала атып
шығып, сырттағы аттыларға бақшиып қарап тұрды да лезде ішке
кіріп:
– Көке, болсаңшы, – деді Тұрар әлденеге бала жүрегі суылдап.
– Кім болса да өті жарылып кетпес, күте тұрады. Әбіржуші
болма! – деп зілдене айтты көкесі.
Рысқұл тысқа баласын ерте шықты. Тұрар шегіншектеп еді:
«Жүр!» –деді көкесі.
– О, болыс-еке! Жай ма! – деп Рысқұл ат үстіндегі Саймасайға
қол берді. Сонан соң Тұрарды итермелеп:
– Болысқа сәлем бер, – деді. Үйдей үлкен Қалды қызыл
айғырдың үстіндегі болысқа баланың созған қолы жетпеді, болыс
та еңкейе қоймады.
– Ә, әлгі жаман немең бе, батыр, – деп болыс балаға назарын
болар-болмас қана аударды. Созылған қолы ауа қармап, елеусіз
қалғанына ыза болған бала, болыстың мысқылды дөңгелек
жүзіне, қиығына әжім үйіріліп, күлімсіреген көзіне тікшие қарап
қалып еді, соны сезген болыс:
«Апыр-ай, бөрінің бөлтірігі әкесіндей жүрек жұтқан болар-
ау», – деп тіксініп қалды, еріксіз еңкейіп, қолын ұсына беріп еді,
бала көзінен шоқ шашырағандай тағы бір қарады да бұрылып
кетті.
Рысқұл мырс етіп күлді. Баланы айыптаған жоқ. Оның бұл
қылығын іштей құптап тұрған сияқты.
27
Қызыл жебе
– Е, болыс-еке, аттан түс. Келіп қалыпсың, шақырып келтіре
алмайтын қадірлі қонақсың. Лашық қой демесең, бұл үйдің түтіні
түзу, ниеті адал. Мейман бол.
– Әй, батыр-еке-ай. Мен түскен жерге ауыртпалық түседі.
Маған соятын қара қойды жеп қойған шығарсың.
– Е, жоқ іздеп жүрмін де, болыс-еке. Бәсе, неғып мені
сағынып қалды деп едім-ау. Ералының жазығы жоқ. Мен тартып
әкеттім. Мына бала сүзектен тұрды. Соған қара қойдың қалжасы
керек деген соң, ақысы мойнымда кетпес, бір тоқтыға бола
мазасын алмайын, болыстың алдына барып деп, қойшыдан сәлем
айтқанмын. Айып менен... қарызыңнан құтылармын.
– Ой батыр-ай, ер мойнында қыл арқан шірімес. Соны қойшы.
Ал енді келген шаруам, өзіңмен оңаша әңгімем бар.
Бірі аттылы, бірі жаяу, былайырақ сай қабағына қарай аяңдай
берді.
Болыстың бұл оңаша әңгімесінің мәнісіне түсінбеген старшын
мен шабармандар аңтарылып, Рысқұлдың есігінің алдында
тұрып қалды. Тұрар болса оларға бір, сай қабағына қарай кеткен
әкесі мен болысқа бір қарап жалтақтайды. Басқа бала болса, өз
үйіме мұншама лауазымды адамдардың келгеніне мақтанар еді.
Тұрар қайта іштей тітіркеніп тұр. Әйтеуір, осы келістің тегін
емес, жақсылық емес екенін әлдеқалай сәби сезіммен аңғарады.
– Әй, шешеңді!.. Шешең қайда? – деді ат үстінде ерігіп тұрған
Таубай старшын.
– Оның шешесінде нең бар? – деп екіншісі күлді.
– Мұның шешесі жас қой, білмеуші ме едің? Ізбайша сұлу
ғой кәдімгі. Мына қызғалақтың өз шешесі Қалипа марқұм қайтыс
болған соң, Рысқұлға болыстың ықтиярынсыз қосылған Iзбайша
ғой.
Бала боржық сарыға жауап берген жоқ.
– Дегенмен, өзі көкжал ғой бұл кірме. Әйтпесе үрерге иті жоқ,
сығарға биті жоқ, кедей неме, біреудің айттырайын деп жүрген
Ізбайшасын қағып кеткен жоқ па? – деп боржық сары старшын
тынбады.
|