51
Қызыл жебе
– Иә, анау болыстың Қалдыбек деген баласы айтты ғой,
бағана біз Солдатсай жаққа бүлдірген тере барғанда. Біз Қызыл
Жебені түнде сойып алдық деді. Өтірік десеңіз, өзінен сұраңыз.
Тұрар болса: «Мен Қызыл Жебемін, Қызыл Жебемін», – деп
мақтанады ылғи. Мақтаншақ өзі. Е, Қызыл Жебе болсаң соямыз
дегенім рас. Ойнап әншейін. Әйтпесе, шындап соймаймыз ғой.
Үлкендер үрпиісіп бір-біріне қарады.
– Оразбақ, айналайын, болыстың ол баласы байғұс есі
ауысқандау ғой. Жәй сандырақтап жүр де. Сен енді Қызыл
Жебені соямыз деп айқайлаушы болма. Мақұл ма, айналайын?
– Мақұл, ата, айтпаймын. Тұрарды да қуаламаймын. Ол
өзі де жылап жүр. Көкесін абақтыға қамап тастапты ғой, – деп
саңқылдады бейуайым Оразбақ.
– Бара ғой, айналайын. Тұрарға тимеңдер, – деді Ахат ауыр
күрсініп.
Үлкендер ұрса ма деп қорқыңқырап келген бала, бұлайша
оңай құтылғанына қуанып, үйден ата кеп жөнелді.
Отырғандар қатты ойда қалды. «Қызыл Жебе ұрланыпты»
деген хабар бұларға да жеткен. Ал енді, жылқының төресі
сойылыпты деген сұмдық суық сөз рас па, сандырақ па? Бұрынғы
салмақ, аз болғандай, иыққа тағы бір зіл қара тас құлады.
Омыраулап, одыраңдап отыратын Омардың өзі еңсесі түсіп кетті.
Саймасайдың сарсаңына Тұқымбайдың тозағы қосылмаса несі,
– деген соқыр уайым миларын шағып, шекелерін солқылдатып
отырған тәрізді.
Енді бұлар Рысқұл орыстың жылқысын алды деген жалаға да
тоба қылғандай. Ал егер Қызыл Жебенің бәлесі жұқса қайтеміз
деген уайым үрейге ұласып бара жатқандай.
– Иә, жаратқан алла, жар бола гөр! – деді Ахат қисық есіктен
қиғаш көрінген далаға жасаураған қызыл жиек көзін қадап.
Далада жарығы ырсиған келі мен сынып қалған жартыкеш келсап
жатыр екен. – Қарасу ішсек те, қайғысыз қыл, жаратқан. – Ахат
қолымен жер тіреп орнынан көтеріле берді. Мәжіліс жабылды.
Достарыңызбен бөлісу: