Қызыл жебе
жалғыз тіреуге әр жерінен шеге қағылып, қайыс-жүген, қамшы,
орама қыл арқан, бір десте адыраспан ілінген. Рысқұлдың жалаң
қабат көне шекпені мен ескі киіз қалпағы да сонда.
Босағада қотыр қабырғаға арқасын сүйеп, жүресінен отырған
алпамса кісі мазасыз көк шыбын жаққа атырыла бір қарап қалды.
Егер шыбын орнында адам болса мына бір алмас қылыштай
жарқ ете қалған қаһарлы көзден зәресі зәр түбіне кетер еді. Бірақ
шыбын деген мақұлыққа адамның көзқарасы әсер етпейді: көк
шыбын зарлағанын қоймай, жаман әйнекті сабалай берді.
Алпамса тұлға босағадан атып тұрып, басындағы киіз қалпағы
мен терезедегі шыбынды салып қалайын деп бір оқталды да,
тәуіп атаның көңілін бөлмейін деп қайта сап болды.
Қос тұлымшағын шуда жіппен түйген, кекілі желпілдеген
кішкене қыз айран құйған аяққа қолын соза беріп, дүңке
инеліктің баулығын сылдыратып алып еді, бағанадан бері бетін
қырын беріп, тізесін құшақтап үнсіз отырған әдеміше келіншек
әлгіміздің жалаңаш топ-толық балтырынан шымшып алды.
Қыз бала не дауыстап жыларын да білмей, не әкесіне арыз
ғып айтарын да білмей аузы кемсеңдеген, айранға созған қолы
ербиген күйінде тақыр жерде отырды да қалды.
Осы үйдегі жалғыз аласа ағаш төсектің үстінде жатқан ауру
бала қарындасы Түйметайдың түрін көріп күліп жібере жаздады.
Бірақ күлуге шамасы келмей, қан-сөлсіз, көгерістеу ерні сәл
ғана жыбыр етті. Аласа төсектен салбыраған арық қолын қоңқақ
мұрын тәуіп шал әлі ұстап отыр. Топ-толық, қарулы бала енді
қауқарсыз сүлде-сүйек боп қалған. Қараторы өңі қазір боп-боз.
Көзінің айналасына көгеріс көлеңкесі түскен. Бұрын тәмпектеу
мұрны енді ерекше сопайып, ебедейсіз көрінеді. Жанарында
ұшқын бар екен. Көк көлеңкелі ажал қанша төңіректесе де сол
ұшкынды өшіре алмапты. Кәрі тәуіп жұмулы көз бен салбыраған
қасының арасынан соны көріп отыр. Кәрі тәуіптің аңғарымпаз
көзі баланың шеке тамырының бүлкілінен-ақ бар жағдайды
пайымдаған. Ал енді қолын ұстап тамыр басып отырғаны, мына
өз аузын аңдыған ата-ананың көңілі үшін, әрі десе емнің түрін
айтуға уақыт ұтып, ойланып алмақшы.
11
Қызыл жебе
Төсек тартып жатқан ауру бала – анау отырған алпамса кеуделі
Рысқұлдың жар дегенде жалғыз ұлы Тұрар еді. Жатқанына жарты
айдан асты, аузына су тамызып, әке-шеше қасынан бір елі кетпей
отырғанына да жарты айдан асты. Әуелі оның науқасын ешкім
елеген жоқ. Жүзі сынық, ойынға зауқы жоқ салғырт тартып бір-
екі күн жүргенде, үлкендер оны жай тұмау-сұмау шығар деген де
қойған.
Өгей шешесі Ізбайша:
– Күн өтіп кеткен шығар, өмірі бала болып, тіл алып, тақиясын
киіп жүргенді білмейді, – деді.
– Иә, ол тақиясын тақия телпек ойнап жыртып қойған, – деді
қарындасы Түйметай. Ал әкесі Рысқұл баланы басынан сипап
қана қойған. Сонда әке жазған сезіктеніп те қалып еді: баланың
басы шашына дейін ысып тұр екен. Көнтек алақаны соны
сезген. Көпті көрген алақан өз сезігін білдіріп-ақ баққан. Әкенің
алақаны-ай десеңші! Сол алақан аялап өсірген балада арман бар
ма?
Рысқұл жаманға жорығысы келмеді. Күн тисе – тиген шығар,
– деді де қойды. Ал Тұрардың өңі солған гүлдей суала берді.
Кешке жақын тысқа дәретке шыққан бала үйге қайтып кіргенде,
табалдырықтан аттай бере құлап қалды. Кешкі ас-судың қамында
жүрген Ізбайшаның:
– Ойбай! – деген дауысы шығып кетті. Жүгіріп барып,
баланың басын сүйеді. Дауыстап сыртта жүрген күйеуін шақырды.
Жайшылықта ағасының әрбір ағат қимылын аңдып, бала мінезбен
бір мұқатып қалатын Түйметай да қазір оқыс шошынып, тұлымы
селтиіп, жыларман боп тұр еді. Жаман дауыстан жүрегі дір еткен
әке үйге барысша бір-ақ атылып кірді де, баласының әлпетінен
іштей сескеніп қалды. Бірақ сыр бермей, сабыр сақтап, Тұрарды
жерден көтеріп апарып, аласа ағаш төсекке жатқызды.
Міне, сол жатқаннан әлі тұрған жоқ. Рысқұл қатарынан үш-
төрт түнді ұйқысыз өткізді. Ерні кезеріп, күйіп-жанып бара
жатқан баланың аузына су тамызып отырды. Болыс ауылынан
Әкрәм молда келіп, үшкірген болды. Бірақ сыңайы ауруды енді
адам санатына қоспайтындай. Қоштасарда Рысқұлға:
|