Телғозы (қолын шекесіне қойып, честь беріп). Сонымен сағат тоғызға шейін Шыршық қаласы түгелімен біздің қолға түсті. Жалпы әскер, әсіресе біздің қазақ жігіттері ойламаған ерлік көрсетті... Есенгелдінің ғана қолға түспей тұрғаны болмаса... Ит екен өзі... Бірталай адамдарымызды қырып салды...
Жақып (ашулы). Есенгелдіні әлі күнге ұстай алмаған болсаңдар, «Шыршық қаласы түгелімен қолға түскен» бола ма? Не сандырақтап тұрсың өзің?
Телқозы (жапалақтап). Жалғыз ол ғана емес, полковник Жақып мырза! Ана бір Мәмбет дегендер тіпті пәле боп, казармаға жолатпай тұр. Оны қолға түсіреміз деп көп адам шығын қылдық...
Жақып. Ендеше, «түгелімен»деген сөзді тастап, «қаланың қақ жартысы бәлшебектер қолында» деуге аузың бармай ма?
Антонов (Телқозыға, қаттырақ). Алдама, офицер!
Телқозы. Алдау емес, господин офицер! Осы екі жердегі ұясын бітірсек, қала түгелімен біздің қолға кірген болады... Бар күшті қазір соған салып жатырмыз.
Жақып. Бар, жөнел! Жарты сағаттың ішінде қалада қару ұстаған жарты большевик қалмасын!
Телқозы. Орындалды деп біліңіз! (Бұрылып шығады.)
Жақып (ерсілі-қарсылы жүріп). Біздің әскерде біртүрлі жігерсіздік, сылбырлық бар. Барлық жұмысты алақандағыдай ашып берсек те, соны орындай алмайды, «қала түгелімен қолымызда», – деп былжырап тұрғанын көрдің бе иттің!..
Антонов (қызып). Господин полковник! Мен барып команданы қолыма алам. Жарты сағат емес, жарты минут ішінде Мәмбетті ұстап әкелем!.. (Шоңмұрын Жақыпқа иек қағады. Есіктен Айбала, Әбіш, Құлан кіреді).
Жақып (отырып). Барыңыз. Бірақ Қалшақ ақсақалдың жіберген аз ғана бастықтарының біз үшін өте қымбат екенін есіңізден шығармаңыз.