Орта Азия мен Қазақстан жері VIII ғасырдан бастап, араб халифатының құрамына кіріп, онда өмір сүретін халықтар ислам дінін қабылдай бастады. Сол кезден бастап түркі халықтарының жүз мыңдаған томдық рухани мұрасы мың жылдан астам уақыт бойы араб әріпімен жазылды.
Әл - Фараби мен Әбу Райхан Бируни, Ибн Синамен бірге шығыстағы Қайта өрлеудің (Ренессанс) философиялық көзқарасын қалыптастырып, оның идеологиялық негізін қалады. Шіркеу догмасы мен сословиелік құрылымға оппозициядағы осы идеологияның негізін қалаған олардың философиялық көзқарастары мен мистик-күпірлік ойлары әлеуметтік бір бағытта дамыды173. Олай дейтініміз В.К.Чалоян «Армянский Ренессанс» деген еңбегінде: “Шығыс мәдениеті, өз кезегінде одан кейін жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастар жағдайында пайда болған, мәдениеттің жаңа сатысын қалыптастыруға дайын Батыстың Қайта өрлеуінің ізашары болды. Шығыстың жетістіктері батыс әлеміне таяу шығыс халықтары мен елдері және византия-кавказ өркениеті арқылы берілгені тарихи дәлелденген. Сондықтан, феодалдық қоғамнан буржуазиялық қоғамға өту мәселесін зерттегенде оған Шығыстың әсері болмады деп, оның рөлін ескермеу дұрыс емес. Осындай өзгерістің алғышарты шығыс болды” деп дәлелдеген172. Сонымен қатар, Әл-Фараби мен Ибн Сина Шығыс Ренессансын қалыптастырған парсы-түркі поэзиясының ареопагиттік негізінің идеологиялық концепциясын жасады.
Әбу Насыр Әл-Фараби (870-950)
Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде "Тархан" деген атаудың болуы. Әл-Фараби 870 жылы Сыр бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі, Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің то-лық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби, яғни әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Бұл қаланың орны қазіргі Шәуілдір ауданы, Шымкент облысының территориясында. Сол түста өмір сүргендердің қалдырған нұсқаларына карағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Замандастары жазған шежірелер бойынша алғанда, оның арғы аталарының есімдері таза Түркі тілінде келтіріледі. Әл Фараби, Әбу-Насыр (Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ әл-Фараби ат-Түрки) (870-950) - Аристотельден кейін дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым. Энциклопедист, ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі – ғалымның жан-жақты тұлғасын көрсетеді. Деректерде сауатын Түрікше ашқаны, өзін ақын және күйші, әнші ретінде танытқаны айтылады.