Шымкент Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап, жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі. 2003 жылғы 1 қарашада Мексиканың Мерида қаласында жоғары деңгейде өткен саяси конференцияда БҰҰ Бас Ассамблеясы Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылдады. Конвенцияның мақсаты - жемқорлықтың алдын алу және жою. Конвенция жемқорлықтың алдын алу шараларын, сондай-ақ онымен күресудегі халықаралық ынтымақтастықтың механизмін қарастырады және соған сәйкес заңнамаларды жетілдіріп отырады. Конвенция ережелеріне сәйкес, сыбайлас жемқорлық салдарынан келген ақшалар қай елден келсе, сол елге қайтарылып отырады.
Қазіргі уақытта Конвенцияға 140-қа жуық мемлекет қол қойып, 80-ге жуығы ратификацияланды. Қазақстан осы Конвенцияны 2008 жылдың мамыр айында ратификациялады.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күреске белсене араласқандығын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық мемлекеттермен және тиісті халықаралық ұйымдармен сындарлы өзара іс-қимыл жасауға дайын екендігін көрсетті.
Сыбайлас жемқорлық даму деңгейіне қарамастан барлық елдерге өз әсерін тигізеді. Бұл экономикалық дамуды төмендетеді, демократиялық институттар мен заң үстемдігін әлсіретеді, қоғамдық тәртіпті бұзып, халықтың сенімінен шығады, сондай-ақ, осындай ұйымдасқан қылмыс пен лаңкестік адамның қауіпсіздігіне қатер төндіруіне мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлық елдегі байлықтың азаюына және өмір сүру деңгейінің төмендеуіне алып келеді.
БҰҰ мәліметі бойынша, жыл сайын параның көлемі 1 триллион долларға жетеді. Әлемдік экономика жемқорлықтың кесірінен 2,6 триллион доллардан айырылады. Бұл ЖІӨ (жалпы ішкі өнімнің) 5 пайызын құрайды. БҰҰ даму бағдарламасы бойынша, жемқорлықтың кесірінен дамушы елдердің өркендеуіне жұмсалатын көмектің көлемі 10 есеге азаяды. Егер сол кезде жемқорлықпен қарсы күресті күшейте түссе, онда алдын –ала мемлекеттік кіріс 4 есеге өседі. Жемқорлық азайа түссе, онда бизнес 3 пайызға жылдамырақ өсіп, бала өлімі 75 пайызға азайар еді.
Қазақстан жемқорлығы жоқ мемлекет құруды көздегендіктен, жемқолыққа қарсы іс-қимыл саясатын жүргізуде. Оның негізгі мақсаты ашық мемлекет құру, кәсіби мемлекеттік аппаратты құру, заңның үстемдік құруын қамтамасыз ету, бизнестің дамуына жағдай жасау болып табылады.
Осыған байланысты «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Ақпараттандыру туралы» заңдар қабылданды. Сондай-ақ «Ашық үкімет» жобасы жүзеге асуда, онда мыналар қарастырылады: Ашық бюджет – бюджеттен жұмсалған қаражатқа қоғамдық бақылау жүргізу үшін азаматтарға ерік беріледі, Ашық мәліметтер – мемлекеттік органның жұмысы туралы мәліметтер қоғамға қолжетімді (арнайы сайтар мен кәсіби сайттарда берілген), Ашық нормативті- құқықтық актілер – азаматтар мемлекеттік органның шешімдері мен нормативті- құқықтық актілерін талқылауға қатыса алады, Ашық сұхбат – қоғам мен мемлекеттік органның арасындағы байланыс дамуда (мемлекеттік органның жанынан 229 қоғамдық кеңестер құрылды, оның 75% азаматтық қоғамның мүшесі), Мемлекеттік органның тиімділігін бағалау – қоғамның мемлекеттік органның қызметі мен жеткен нәтижесін ашық талқылауға мүмкіндігі бар, мемлекеттік орталық органның басшылары, барлық дәрежедегі әкімдер мен ЖОО ректорлары жыл сайын халық алдында өз жұмыстары жайлы есеп беріп отырады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең тиімді құралдарының бірі автоматтандыру болып табылады, бұл адам факторын болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан сандық салаға көшуге кірісті. Еліміздегі барлық қызмет көрсету салалары толығымен электронды қызмет көрсетуге көшкен жағдайда, қызмет көрсетудің тиімділігі артып, тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлық қысқара түседі.
Мемлекеттік қызметтер саласы алғаш рет мемлекеттік бақылауға алынып отыр. Қызметтердің өз уақытында көрсетілуіне байланысты мониторинг күн сайын жүргізіліп тұрады және қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, қызмет алушылардан артық құжаттарды талап ету жағдайларын болдырмау шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізіледі, одан кейін стандартталып және регламенттеліп жасырын мемлекеттік қызметтер анықталатын болады.
Жыл сайын рұқсат етілген қызметтердің саны азаюда. Ағымдағы жылда Үкіметпен бақылау және қадағалау қызметтерін қысқарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда тиісті жұмыс тобы қызметтердің 40% -ын қысқартуға ұсыныс жасап отыр. Бұл тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықтың қысқаруына септігін тигізеді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін құрылған арнайы орган –Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі. Бұлар өз қызметінде бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді: сыбайлас жемқорлықты алдын алу және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет саласын бақылау және мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау.
Осылайша, Агенттік тек қана сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресіп қана қоймай, осы саладағы мемлекет саясатын түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді, халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттырады, сондай-ақ мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызметтер көрсету саласында бақылау жүргізеді
Сыбайлас жемқорлық барлық қоғамға кері әсерін тигізеді. Әрқайсымыз тікелей болмаса да жанама түрде сыбайлас жемқорлықтың құрбанына айналамыз. Ол бизнеске кедергі бола отырып, жалпы ел байлығының азаюына әкеледі, нәтижесінде жалпы ел байлығы азайып, ал бұл, өз кезегінде, әлеуметтік қызметтердің қаржыландыруын азайтады (мектеп, аурухана, жолдар, коммуникациялар, көріктендіру, полиция және т. б.) және мемлекеттік қызметтің сапасын төмендетеді.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықты жою – бұл тек қана мемлекеттің мүддесі мен міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір азамат бұл мәселеде алаңдаушылықты сезінуі тиіс, ешкім бұл зұлымдықпен күресте бейтарап қалмауы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғам мен мемлекет бірігуі тиіс. Сонда ғана сыбайлас жемқорлықтың көріністері азаяды.