5-тақырып. Ертегілер Ертегілер - әлемдегі барлық халықтардың фольклорында бар жанр. «Ертегі - халық жанынының айнасы», - дейді В. Белинский (1, 307). Халық өзінің ертегілерінде қиял түрінде болса да, қоғам өмірінің көптеген мәселелерін қамтиды. Оларда халық тілегі, көпшілік тұрғысынан әңгімеленеді. Академик М.Әуезов ертегілер жайлы: "Сыры жат табиғаттың, жер мен аспанның көзге көрініп тұрған белгілі қабатынан өтіп: «ішін шарласам, сырын ақтарсам, бергенін алсам деген ізденгіш, өршіл ойын танытады" (2,224б.), - деп жазады. Ертектанушы ғалымдардың пікірінше, бұл жанр палеолит дәуірінде қалыптасқан (3). Ертегі жанрының шығу көздері жайлы академик С.А.Қасқабасов былай дейді: «Ертегі жанрының алғашқы түп - төркіні - алғашқы қауымда пайда болған миф, аңшылар туралы әңгіме, аңыздар. Ертегі - аңыздық прозаның дамыған көркемделген түрі, көркем проза. Ертегі жанрының мақсаты - тыңдаушыға ғибрат беру ғана емес, сонымен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегі жанрының функциясы кең, ол әрі тәрбиелік әрі көркем - эстетикалық роль атқарады. Ертегілік прозаның басты мақсаты - сюжетті барынша ғажайыпты етіп, көркемдеп, әсірелеп баяндау» (4, 122б.). Қазақ ертегілерін зерттеу ісі Ә. Диваевтан басталады. Фольклортанушы өзі жинаған ертегілерін «Этнографиялық материалдар» деген атпен жариялаған. Ол қазақ ертегілерін тақырыптық жағынан а) ақыл, алғырлық, ә) әйелдер, б) шындық және әділеттілік, в) сараңдық пен жомарттық, г) байлық және кедейлік туралы ертегілер деп жіктеген. Бұл жіктеуден көретініміз - фольклортанушының тек тұрмыс-салт ертегілерін ғана назар алғандығы. Ертегілерді зерттеуге зор үлес қосқан – М.Әуезов. Ғалым «Әдебиет тарихы» (1927) атты еңбегінде ертегілерді мазмұнына қарай аңыз-ертегі, мысқыл-мазақ ертегілер, өтірік әңгімелер деп бөлген. С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбегінде ертегі жанрының тақырып ауқымы, кейіпкерлері, тіл кестесі сияқты бірқатар мәселелерін сөз етті. Кеңес дәуіріндегі ертегітануда «қазақ ертегілері қазақтың төл туындылары емес, олар өзге халықтардың фольклорынан енген сюжеттерден келіп шығады» деген нигилистік көзқарасқа негізделген теріс пікірлер де орын алды. Қазақ халқының тарихын, тілін, фольклорынан терең білімі жоқ П.Фалев осы пікірін дәлелдеуге тырысты. Ол пікірдің негізсіздігін Б.Кенжебаев дәлелдеді. Б.Кенжебаев ертегілердің композициясын, көркемдік тәсілдері мен бейнелеу үлгілерін талдады және осы жанрға тән «оқиғаны тізбекті баяндау» заңдылығы жайлы тұңғыш пікір білдірді (5, 4б.).М.Әуезов пен Л.Соболев «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген мақаласында қазақ ертегілерін шартты түрде а) қиял-ғажайып ертегілер, ә) хайуанаттар туралы ертегілер, б) тұрмыс-салт ертелілері, в) балаларға арналған ертегілер, г) аңыз-әңгімелер, күй аңыздары. Қазақ ертегілерінің зерттелу тарихындағы іргелі еңбек М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958) болды. Ғалым тұрмыс-всалт ертегілерінің басты мақсаты ғибрат беру екенін, ол топтағы ертегілердің сюжеті көбіне юморға, әзіл, қалжыңға құрылатынын айтты. 1970 жылдары ертегітану саласына теориялық құндылығы өте зор екі еңбек келді. Оның бірі – қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінің генезисін, жанрлық ерекшелігін, поэтикасын түбегейлі сөз еткен С.А.Қасқабасовтың «Казахская волшебная сказка» (1972) еңбегі болса, екіншісі – Е.Тұрсыновтың тұрмыс-салт ертегілерін бұрын қарастырылмаған аспектіде зерттеген «Генезис казахской бытовой сказки» (1973) еңбегі. С.А.Қасқабасовтың аталмыш еңбегі 1980-жылдары қара сөз түрінде айтылатын фольлор үлгілерінің барлық түрін толық қамтыған «Қазақтың халық прозасы» еңбегіне ұласты.