«Шәкәрім поэзиясындағы рухани құндылықтардың бейнеленуі» деп аталатын үшінші бөлімде ақын туралы тың деректер ғылыми айналысқа енгізіліп, Шәкәрімнің балаларының тағдыры жайлы соңғы жылдарда табылған мағлұматтар сарапталады.
Сондай-ақ баласы Ахаттың Шәкәрім ақынның мол мұрасын ұрпаққа қалдырудағы сіңірген еңбегі сөз болды. Оның кеңестік жүйе кезінде-ақ Шәкәрім еңбектерін Ұлттық кітапхана және Ұлттық академияның кітапханаларына өз қолымен тапсырғаны анық.
Ақын «Мұтылғанның өмірі» деген шығармасы – қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихындағы адамның жас ерекшелігі туралы жырлардың дәстүрлі жалғасы. Мұнда бала жасынан қартайғанға дейінгі өмір белестерін көркем бейнелей білген ол қазақ қоғамының баладан білім емес, билік күткен мінезін де ашық көрсетеді. Болыстықты өз еркімен қаламағанын, оның елдің қалауымен жасалғандығын ашып айтқан ақын сол болыстықтың салған залалын да жасырмайды. Ел ішіндегі берекесіздіктер ақынды бей-жай қалдыра алмайды. Оны ақынның «Жүрекке төгіп қанды ірің», «Ағызды ірің жарадан», «Жарылды жүрек көргенде», «Қан ағызса мұртымнан», т.б. сынды бейнелі тіркестерінен көреміз.
Ақынның «Екінші түні қалғанда» өлеңінің көркемдік ерекшелігі – дәстүрлі эпикалық дәстүрді жалғастыруында. Жеке тағдыры арқау болған толғауда кейіпкер мен қоңыр аттың диалогы арқылы кейіпкердің жай-күйі сипатталады. Бұрын соңды ақын өлеңдерінде кездеспеген бұл сарын дәстүрлі төл әдебиетіміздің ақындық талантпен, жаңа өрнекпен қайта жаңғырған түрі.
Шәкәрімнің ел бірлігін сақтау, халқының білімді, ғылымды болуын аңсаудан туған өлеңдерінде ел бірлігін сақтау жауапкершілігін алға тартады. Билік мақсаты елдің игілігі емес, керісінше оны жаныштау, қорқыту мен тонау екендігін сездіреді. Ақын өлеңдері арқылы осы құбылыстарға қарсылық білдірді. Адам бақыты білімде, еңбекте, арда және отбасы ынтымағында деген идеяны уағыздады.
Екіншіден, ақын қазақ жұртына тән бойкүйездік пен еріншектіктік, қорқақтықтың халық болмысына тигізетін зиянын баса айтты. Сол себепті өзгеріп жатқан дүниеге жаңаша қарауға және дұрыстыққа ілесе алмай, артта қалып қою проблемасы туындауы мүмкін екенін көре білді және одан сақтандырды. Үшіншіден, қазақ халқының діншілдігінің осалдығынан. Жаратушыны тану, ақиқатты және жаңашылдықты білуде, оларды өмірлік принципке айналдыруда қабілетсіздік көрсететін тұстары көп деп көрсетеді. Төртіншіден, кемшіліктердің бірі – руға бөліну, татулықтың аздығы. Бұлар отаншылдыққа, ел сүйгіштікке кері әсерін тигізуде, – деп білді. Бесіншіден, халықты басқарып отырған төбе топтың, халық еңбегін жеп, алдап, сатып отыратындығына қатты қынжылып, мұндай кертартпа құбылыстар қазақ болмысына кері әсерін тигізеді, – деп қорытынды жасайды.
Кезінде Шәкәрімнің қазақ баспасөз беттерінде оның ішінде «Айқап», «Қазақ» газет-журналдарында көптеген мақалалары жарияланып тұрған. «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» мақалалары жарияланған.
«Би һәм билік туралы», «Қазақта ай аты жоқ», «Ашық хат», «Семей обылысына қараған барша қазақ ағайындарына ашық хат», «Сын әм сынауды сынау», «Сөз таласы», т.б. еңбектерінде қазақ қоғамының дамуының әлеуметтік-саяси мәселелерін қозғайды. Ақын елді жөндеудің басты жолы билікті жөндеу деп біледі. Әділетті билік қана ел мүддесін көздейтін бір шараларды жүзеге асырады. Сондықтан билікке шын таза жандардың, білімділердің отырғаны абзал деген ұранды уағыздайды.
Би мен билік жөнінде билеуші мен биліктің ара қатынасын ашып, қазаққа тиімді жолдарын көрсетеді. Қазақ халқының мақсат-мүдделеріне сай келетін биліктің маңыздылығына мән береді. Халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге қабілетті, биліктің тиімді жағына назар аударады.
Сондай-ақ сын мәселесі, сын мәдениеті, сынның сауаттылығы жөніндегі ойлары да бүгінгі күні де мағынасын жоймақ емес.
Шәкәрімнің шығармашылығында ерекше ден қоятын тақырыбы – ғылым. Өмірінің соңына дейін оқу мен ізденіске, дүниенің терең тылсымына мән беріп, ой жүгірткен ақын ғылымның маңыздылығына айрықша мән берген.
Сондықтан Шәкәрім ғылым жөнінде адамға ең керегі жан тазалығы, ар тазалығы деп есептейді.
Сондай-ақ осы бөлімде ақынның «Жар», «Жаратушы» ұғымдары талданады. Ен далада Саятқораны тұрақ еткен кезеңіндегі Шәкәрім шығармаларының табиғаты бөлек. Оқшаулану, айнала дүниеден безіп тек Жаратушыдан ғана медет табу – биік рухани дамудың өз ортасымен қайшылығынан, сәйкестік таппай дағдарысқа ұшыруынан туатыны белгілі.
Шәкәрімнің өзіне дейінгі бүкіл рухани дәстүрді сіңіре отырып, өзінше бөлек көркемдік әлем жасағандығының куәсі – Жаратушы, Жар ұғымдарын көркем бейнелеу.
Ғаламның небір тылсымдық күштерін, жан мен тән, әлем жайлы ғаламат ойларын адамзат баласына сыр етіп, айтып, жазып кеткен Шәкәрім мұрасының дені Саятқорада жазылғаны белгілі.
Көп үшін тілек тілеу Алладан ізгілік пен махаббат аңсап, ел санасын жақсартатын руахани нұрды, сәулені сұрау Шәкәрім өлеңдерінің мағыналы да, мазмұнды бөлек бітімін құрайды. Халқының құрсаулы қамыттан көтеріле алмай жатқан езілген еңсесіне демеу боларлық күшті жаратушыдан тілеу оның толысқан, рухани кемелденген шағындағы тұжырымдарын танытады. Бұл кезеңдегі Шәкәрімнің өлең өрнегінің бөлектігі мен ой сұлулығы философиялық ұғымдарды суретті де, бейнелі іші мен сырты жымдасқан туындыларға айналдыра білгендігімен құнды.
Ақынның «Жарға жетсем болғаны» дейтін ой түйініне үңілсек, жаратушы образын бейнелеудегі асқақ та биік те ізігілікті зор махаббатты сезінесіз. Жаратушыны өз танымы арқылы оқырман жүрегіне жеткізу – Шәкәрім поэзиясының лейтмотиві. Сонымен қоса, адамның жаратушысына деген ғашықтығы арқылы ізгілікке құштарлық сезімі мен дүние тазалығының шыңы махаббат екеніне көз жеткізіледі.
Мұндай өлеңдерде қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлері, шығыс әдебиетінің желісі, Құран Кәрімдегі адам сүю, алла сүю сарындары қатарласа үйлесімділік тауып жатыр.
Барлық діндердегі адамгершілік, мораль тақырыбына терең мән бере отырып, барлық діндердің ортақ құдіреті – «Жаратушы – Құдай» мәселесін биік қояды. Бұл тұрғыда ақын дүниежүзілік жалпы адамзаттың даму тарихын білгенін көруге болады. Адамның жан-дүниесі, көңіл-күйі, ниет-мақсаты жаратушыны cүюге бағытталса, сонда ғана адам шын ләззаттың, шын махаббаттың шуағына шомылады.
Шәкәрiм танымындағы «жаратушы», «жар», «хақиқат», «шын» деген сөздер – «Құдай» ұғымын бередi. Оның шығармашылығында осы сөздер жиi қоданылады.
Көрем десең жарымды,
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жiбер барыңды
Қарсы ұмтыл қазаға [52, 238 б.].
Немесе:
Жарға ғашық болғаныма
Таңданатын түк те жоқ,
Жер жаралмай тұрғанында
Менде асықтың нұры бар, [52, 253 б.].
– деген өлеңнің алғашқы шумағындағы «мас бол, жүрек тазала» деген тiркестегi «мас» сөзi «ойға шому» ұғымын бередi. Шәкәрiмнiң жаратушы жайындағы сырлы ойлары поэзия тiлiмен әдемi сурет болып көркемделген.
Ақын өлеңдерiнде «шын» сөзi жиi қолданылады. Адам бойындағы қасиеттердiң «шынын», «шын таза жан», «шын сүю», «шын сыр» сөздерi арқылы өрнектеп, оны қоғамның жылдамдығымен астастырып, «шын дiн», «шын асық», «шын нұр», «шын хақиқат» деген ұғымдарға ұластырады.
Өзiнiң ерекше жаратылысымен, iшкi көңiл көздерiмен ақын – құдайды танып бiлуге ұмтылған «шын асық», жоғары сезiм иесi. Оның танымындағы «нұр» сөзінің мәнісі тереңде. Өлең сөздеріне әдемілік пен ізгіліктің, жаратушы мен адам арасындағы нәзік байланысты сездіретін «нұр» сөзінің қолданысы ақын шығармашылығының рухани көркем деңгейін ашуда ерекше өң береді. «Нұр» – сөзі Алладан келер мейірімділік, шындық, сұлулық, ізгілік ұғымдарының мәнін жинақтап, көркемдік жүк көтеріп тұр.
Сонымен Шәкәрім шығармашылығындағы адам болмысының Жаратушымен жарасымдылық табуын уағыздаудың мәні: Адам аллаға, ынсап пен еңбекке ұмтылса ғана жөнделмек. Жаратушыны, алланы, тәңiрдi сүю арқылы рухани тазаруға жетуді уағыздау – Шәкәрiм поэзиясының негізгі өзегі. Осыны жеткізудегі ақын қаламынан туған тың сөз суреттері мен ой образдары оның поэтикалық ерекшелігін айқындайды.