Шєкєрім поэтикасы



бет2/17
Дата22.11.2022
өлшемі291,5 Kb.
#51886
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Зерттеудің өзектілігі. Шәкәрім поэтикасындағы күрделі тақырыптарды дүниетанымдық тұрғыдан көркем бейнелеу үлгісін ғылыми саралау – бүгінгі қазақ поэзиясының бастау көзедерін анықтауға негіз болады. Соны ізденістер арқылы Шәкәрім өлең сөздерін жетілдіріп, рухани әлемімізді жаңа әдіс- тәсілдермен, бейнелік оралымдармен, жаңа сөз тіркестерімен образдық үлгілермен толықтырған. Шәкәрімнің поэтикалық әлеміндегі бейнелі суретті образдардың мәні қазақтың ғана емес, жалпы адамзаттық ақыл-ой дүниесімен астасып жататындығымен құнды. Қандай да бір мәселені тілге тиек етсе де ақынның ерекшелігі оны кең ауқымда алып, өлең өлшеміне өрісті оймен сыйдыра білген. Бұл қасиет сөз зергерінің шағын өлеңдерінде де, көлемді туындыларында да бөлекше бітімге, әсерлі айшыққа ұласқан. Ақын поэмаларының тақырыптық жүйесі, жанрлық түрі, идеялық және мазмұндық негіздері қазақ поэзиясындағы тың үрдісті танытады. Онда дәстүрлі шығыстық сөз саптау үлгісі мен батыстың дамыған әдебиетінің ықпалы өзара үйлесім тапқан. Шәкәрім Құдайбердіұлының көп қырлы шығармашылығы тақырыптық мазмұны, көркемдік болмысы алуан түрлі, әрі күрделі. Оның негізі қай қоғамның да көкейкесті мәселесі болып келген адам тұлғасы мәселесін көтеруде жатыр. Ақын шығармашылығының түп тірегін және шешуші мәнін құрайтын адам мен қоғамның, адам мен тылсымның (жар- жаратушы) мәселелерінің мәнін ашу іргелі зерттеуге негіз боларлық өзекті мәселе. Шәкәрім дүниетанымы өзі өсіп өнген жұрттың ауқымынан асып, бүкіл адамзаттық мазмұндағы ойлармен сабақтасып жататындықтан оның көркемдік әлеміндегі әрбір сөз қолданысы мен ой образының мәні терең. Сөз арқылы адам түзетпек болған сөз зергері шығармашылығының көркемдік поэтикасын ғылыми саралаудың аса маңызды қажеттілігі де осыдан туындайды. Өйткені барлық замандарға тән мәңгілік тақырыптарды (жан мен тән, өмір мен өлім, адам мен жаратылыс) бейнелеудегі поэтикалық үлгілер көнеден күні бүгінге дейін түрлі даму сатыларын басынан өткерді. Бұл жағдай Шәкәрім өмір кешкен аумалы-төкпелі трагедияға толы заманда ғана емес оған дейін де, бүгінгі күні де адамзат үшін аса маңызды тақырып. Ақын қалам тербеген аса елеулі тақырыптарда қоғам, әлеумет мәселелері терең ойшылдықпен көркемделіп ақын поэзиясы философиялық және терең әлеуметтік мазмұнға ие болады. Сонымен бірге руханиятымыздың өзгеше сипатты поэтикалық көркемдік болмысын қалыптастырып, аясын кеңейтеді. Әдебиеттің ежелден бергі обьектісі адам болмысы, адамды тәрбиелеу, жетілдіру болса Шәкәрім бұл тарапта қазақ қоғамының азаматын тәрбиелеудің өркениетті үлгісін әлдеқешан-ақ сомдаған, жеке адамды түзету арқылы қоғамды түзету, адам баласының өмір сүру барысындағы үздіксіз іздену, өзін-өзі жетілдіру мәселесіне ден қойғанда ғана тіршілікте үйлесім болатындығын ақындық шеберлікпен көркем бейнелеген.
Демек адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өзгерістерді поэзия тілімен өрнектеудің өзгеше әдіс-тәсілін тапқан ақын қазақтың төл әдебиетімен ғана шектелмей түбі бір түркі руханиятының мазмұнды туындыларынан сусындап, әрі әлемдік ақыл-ой жетістіктерінен үйренген.
Әдеби туындының көркемдік әлемі қаламгердің ой-қиялы және дүниетанымы мен сөз саптасына келіп тіреледі десек, қазақ өлеңінің кеңістігінде Абайдан соңғы ойлы өлеңнің өрнегін салған суреткер – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның шығрамашылығының поэтикалық жүйесіндегі өзіне тән ерекшеліктерді былайша сипаттауға болады:
Біріншіден, ақын өлеңге өнер ретінде қарап, оны өрелі ой айтудың құралына айналдырған. Сондықтан да өлең жолдарында философиялық таным мен поэзиялық көркемдіктің тұтастықта жарасым тауып, нәтижесінде қазақ поэзиясында жаңа мазмұндағы өлеңдік өрнектер мен келісті суреттеулер, тың түр мен мазмұн пайда болып ұлттың рухани әлемін жаңа бір сатыға көтерген.
Екіншіден, Шәкәрімнің лирикалық кейіпкерлерді сомдаудағы өзіндік қолтаңбасы шағын лирикалық өлеңдері мен көлемді туындыларында да сабақтастық тауып, ой мен сөздің мән мағынасын, әсерін арттыра түсетін: «шын нұр», «шын асық», «таза ой», «от жүрек», «тәтті тіл», «таза жан» т.б. көптеген эпитеттік қолданыстарды түрлендіре қолдануы ұлттық поэзиямыздағы көркемдік құралдарды тыңнан түлетіп қана қоймай, ақынның қаламгерлік қолтаңбасын айқындайтын айрықша белгіге айналған. Тек бейнелілік қана емес оның терең мазмұнымен өрілген өзгеше бітімі руханиятымыздағы жаңа бір көркемдік дүниені қалыптастырды.
Үшіншіден, ақын поэзиясындағы адам мәселесі өзгеше өрнекпен, бөлекше талап – тілекпен сомдалып, алдымен адам жан дүниесінің сапалы жақтарын дамыту баса көрсетіліп, адам табиғи жаратылыстың күрделі нәтижесі ғана емес рухани жан әлемі ерекше қасиетке ие болған құбылыс екендігін дәлелдеу үшін поэтикалық жүйе жасалды. Осы мәселені шешуде суреткер небір жаңа метафоралар мен ауыстыруды түрлендіре қолданды. Дәстүрлі адам мен табиғат бірлігін психологиялық тұрғыдан сипаттаудың тың үлгісін танытқан сөз шебері шынайы болмыс суретінен асып, адам мен тылсым арасындағы нәзік қарым-қатынастың сипатын танытудың жаңа жолын қалыптастырды.
Төртіншіден, ақын поэтикасы қазақ поэзиясында бұрын соңды қолданылмаған фразеологиялық оралымдармен бейнелі суретті сөздермен дараланады. Мысалы, «сұм жүректің оянбауы», «жебір ұлық қылған іс», «өлі жүрек», «көңілдің қабағы салбырады», «залым ғалым», «сұм ақын», «тозған ой», «азат ақыл», «күңшіл мұңдар» сияқты алуан сипатты адам психологиясының суреттерін ашатын сөз образдарымен халқымыздың өлең өрісінде ерекше стиль, мәнер және өлең құрау машығын алып келді. Осындай психологиялық оралымдар ақын кейіпкерінің көңіл күйімен қоса оның рухани ой- дүниесінің терең қалтарыстарын тануға да мүмкідік береді. Мұндай тың талаптарға өлең ұйқасындағы жаңа түр мен ырғақ та сәйкес келеді.
Бесіншіден, ойшыл ақынның шығармашылық поэтикасындағы Алла, жар, жаратушыны жырлау үлгілері дәстүрден ерекше сипатта көрінеді. Алланы дәріптеу, оны әділет пен тазалықтың қайнар көзі ретінде таныту үрдісі арқылы Шәкәрім жалпы адамзатқа ортақ қоғамдық мәні күшті мәселелерді көтереді. Дүниенің құпия сырларын танып білудің жолын жар, жаратушымен байланыста қарастыру арқылы «түзу адам» қалыптастырудың жаңа жолдарын ұсынады. Бұл тарапта да жаңа ұғымдар қалыптастырады. Мысалы, тек қана «нұр» сөзінің мағыналық өрісін кеңейту арқылы өлеңнің көркемдік сапасын биіктетіп қоймай жаратушыдан келген негіздің мәнін бүкіл ғаламға таратады.
Алтыншыдан, Шәкәрім шығармашылығының поэтикасы жанрлық, мазмұндық, стильдік күрделілігіне қарамастан қазақ халқының ұғымына сай, қазақи ойлау жүйесіне ұғынықты сипатта жазылды. Мұның өзі аса талантты тұлғаның жалпы адамзаттық құндылықтарды творчестволықпен игере отырып, оны өз жұртының игілігіне айналдыра білген ғұламалығын танытады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет