Шєкєрім поэтикасы



бет8/17
Дата22.11.2022
өлшемі291,5 Kb.
#51886
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17
Зерттеудің әдістері. Әдебиеттану ғылымына тән кешенділік, жүйелілік, салыстырмалық, объективті-аналитикалық, тарихи тұрғыдан жүйелі талдау, жинақтау, қорыту әдіс-тәсілдері басшылыққа алынды. Сонымен бірге зерттеу барысында салыстырмалы әдістер көбірек қолданылды. Сонымен қатар, отандық әдебиеттану ғылымының тұжырым байыптаулары, поэзияның табиғатын, эпика жанрлары, дастан, поэмалардың жанрлық-стильдік, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін қарастырған ғылыми еңбектер диссертациялық жұмысымыздың негізгі методологиялық әрі теориялық негізі ретінде қарастырылады.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен сарапталуы. Диссертация М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының абайтану және жаңа әдебиет пен қазіргі қазақ әдебиеті бөлімдерінің біріккен мәжілісінен және осы институттың Ғылыми кеңесі талқылауынан өтті. Зерттеу тақырыбына байланысты мақалалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен ғылыми басылымдарда жарияланды. Жұмыстың негізгі мазмұны Халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалып, ғылыми жинақтарға енді. Жұмыс мазмұны бойынша 30-дан аса мақала, 1 оқулық және 2 монография жарық көрді.
Жұмыстың құрылымы.  Зерттеу жұмысы кіріспеден, қорытындыдан және үш бөлім мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу тақырыбының жалпы сипаттамасы, өзектілігі, зерттеудің дерек көздері, мақсаты мен дерек көздері, зерттеудің негізгі нысаны, жұмыста қолданылған әдістемелер негізі, зерттеудің ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеудің теориялық және практикалық құндылығы, жұмыс нәтижелерінің талқылануы мен жариялану туралы мағлұмат беріледі.


«Шәкәрім поэзиясындағы жаңашылдық» атты бірінші бөлімде ұлттық өлең дәстүрінің үлгісін жаңаша мазмұндау мен көркемдеудегі, оның өлшем ырғақтарын түрлендірудегі сан қилы әдіс-тәсілдер ақын поэзиясының жаңаша қыры ретінде дәлелденді. Көркем сөз шеберінің көркемдік құралдарды құбылта пайдалануға шеберлігі адамның ішкі әлемінің сапалы жақтарын баса көрсетіп, өлең өрнегімен жүйелеуден көрінді. Ақынның ой елегінен өткізген пайымдаулары барлық қоршаған орта, дін, діл, өлім, өмір, махаббат жайлы танымы шығармашылығының негізгі арқауына айналған. Бүкіл жаратылысқа махаббат көзімен қарау, адамды сүю, Алланы сүю, қоршаған ортаға деген құрмет осылармен үйлесімділікте ғұмыр кешу – ақынның басты принциптерінің бірі. Қазақ поэзиясына жаңа өрнек берген ақын шығармашылығының бастау алар көзі, ұлттық әдебиетіміздің қайнар бұлағы болған түркі әлемінің, шығыс поэзиясының ықпалы да, қазақ ауыз әдебиетінің озық дәстүрлері де ақын поэзиясының табысты өркендеп дамуына үлкен әсер еткен арналар. Шәкәрім Абай мектебінен тағылым тәрбие ала отырып, қазақ поэзиясын мазмұны мен түр жағынан кеңеюіне ықпал етті.
Яғни, адамгершілік, гуманистік, ағартушылық, демократиялық және діни философиялық мәселелердің Шәкәрім өлеңдерінде синтезделініп көрініс табуы – қазақ поэзиясына енгізілген тың жаңалық. Ақынның көптеген өлеңдерін философиялық лирика ретінде бағалауға болады. Өлеңдері мен дастандарында әлеуметтік шындыққа адекватты, сол кезеңдегі тарихи дәуірге саяси өзгерістерге сәйкес келетін терең психологизм де бар. Шығармаларының негізгі кейіпкерлері – сол тұстағы қоғамдық ортадан алынған шынайы образдар. Олардың сезімі, жандүниесі, өмір құбылыстарын түсінуі, адами күйзелісі өмірде болып жатқан шындықтармен қабаттасып жатады. Шәкәрім поэзиясының тағы бір ерекшелігі – кез-келген адам санасы қабылдай бермейтін терең болмысты құбылыстарды таңдауға баруы. Бұл ретте ақын поэзиясы Абайдың философиялық поэзиясымен сабақтасып жатыр.
Бұл бөлімде ақын шығармашылығының көркемдік, дәстүрлік негіздерінің көзі анықталып, оның әлемдік поэзияның озық үлгілерін қазақ поэзиясына алып келуі жөнінде ой қорытылады.
Шәкәрімнің көркемдік поэтикасы – қазақ әдебиетінде жаңа бағыт пен жаңа үлгі ретінде дәлелденіп, ондағы қоғамдық рухани өмір туралы, руханияттың адамзатты тәрбиелеудегі орны туралы ерекше қайталанбас формалардың мәні сараланды.
Жеке тұлға танымын талдаудағы психологизм арқылы Шәкәрім өзінің сыншылдық, әрі реалистік поэзиясының бітімін қалыптастырып, өзіндік дербес ойлары арқылы ұлттық деңгейден, ғаламдық ақыл- ой деңгейіне көтеріледі.
Поэзиясының жанрлық, сюжеттік, композициялық ерекшеліктері әсіресе дастандарынан анық көрінеді. Ондағы кейіпкерлерінің мінез-құлқы, дүниетанымы, өмірмен біртұтас байланыста, тек қана өзінің ішкі дүниесін жаңғырту, дамыту арқылы іске асатындығына ден қояды.
Шәкәрім поэзиясының көркемдік поэтикасын сюжеттік-композициялық, стилдік, интонациялық, образдық ерекшеліктерінен көруге болады. Поэтикалық талдау Шәкәрім өлеңдерінің рухани-эмоциялық энергиясын ғана емес, олардың тәлімдік және танымдық байлықтарын, мүмкіндіктерін ашуға жол ашады.
Ақын адамның ішкі әлемінің күрделілігі және құндылығын ішкі сапа мәселелерімен бірлестіре көрсетеді:

Дұрыс деме құры ойлап,


Ақылға сынат, сабыр қыл.
Жығылмайтын дәлел тап,
Бірезу болма өзімшіл.

Мініңді тапса кім сынап,


Аяғына бар, жығыл.
«Қап, бәлем» деп кекті ұнап,
Сақтай көрме ойға зіл [52, Б. 92-93].

Осындағы «бірезу», «кекті» болу сынды жағымсыз ұғымдар арқылы, аз сөзге көп мағына сыйғыза білген. Адам мінезіне қатысты әртүрлі бейнелі образдарды ақын шығармаларынан көптеп кездестіруге болады:


Сөз, мінезі құбылса,


Ар, иманы жоқ деп біл.
Аулақта жемтік сыдырса,
Оны ойыңмен айуан қыл.

Дұспанға да бол әділ,


Түсірме ойға тат пен ніл.
Ұмытпа болсаң біздің ұл,
Осы өлеңді құлаққа іл [52, Б. 93].

Бірінші шумақта сөз бен мінездің құбылуын арсыздықпен, имансыздыққа балаған ақын, арсыз, имансыз жандарды айуанға теңейді. Досың түгіл, дұспаныңа әділ болу керектігін үлгі тұтқан ақын оқырманына өз өсиетін көркем жеткізе білген. Бұл – қазақ поэзиясындағы өсиет өлеңдердің жаңаша түрге енуі.


Шәкәрім шығармашылығында адамгершілік, ізгілік мәселелері халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтарымызбен тамырластықта алынып, көркемдік-эстетикалық мәні мен өлең өрнегіндегі өзіндік үні айқын айшықталады. Ұрпақ бойындағы ізгілікті, адамгершілікті жаңғыртуды көксеген ақын «ар-ұждан» мәселесін ең алдыңғы кезекке шығара отырып:
Еңбекпенен,
өрнекпенен,
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл,
қайнар өмір,
Ар білімі оқылса – [52, Б. 266 ].- деп тұжырымдайды.

Ақын осы өлеңінде қазақ поэзиясына Абай алып келген түр жаңалығын жалғастыра отырып, оны түрлендіре пайдаланған. Алғашқы екі тармақты ұйқасқа құрған ақын әрбір үшінші тармақты басқа ұйқасқа тізген. Өлеңнің алғашқы алты тармағындағы сөз кестесі кейінгі жолдарда мүлде басқа түрге ие. 7-16 тармақтардың кестесі мүлде басқа болып келеді де, өлеңнің соңғы алты шумағы әдепкі қайталауды сақтайды. Міне, осындай бір өлеңнің ішінен тармақ, буын, ұйқас құбылуы да қазақ поэзиясын түрі жағынан байытары даусыз.


Адамның ішкі жан-дүниесі, рухани құндылықтары жайындағы өлеңдерінде де Абай қалыптастырған идеялық-мазмұндық және көркемдік-стильдік дәстүрді жалғастырып, қазақ поэзиясының эстетикалық, танымдық деңгейін көтереді.

Еңбекке шыда ебін тап та,


Сабырдың түбі – сары алтын.
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі – өз халқың.
Нысап пен мейірім, әділетті
Жаныңдай көріп жан сақта,
Ол жолда өлсек, неміз кетті
Мақсұтқа жетпей қалсақ та [52, 34 б.].

Ақынның оқырманын ойшылдыққа шақыратын дүниетанымдық көзқарастарға құрылған өлеңдерінде ақын терең сыршылдықпен қатар өлеңнің әуезді ұйқасы мен ырғағына аса талғампаздықпен қарайды.


Оның шығармаларындағы терең астармен өріліп отыратын терең ойдың астарын түсіне білген жөн. Бір қарағанда жаратылыс туралы айтылғандай көрінгенмен, мына жолдардан астарлы саясатты байқауға болады:

Табылмас анық азат адам,


Жаралыс билер заманды.
Көрсетер мұқтаж, азап саған,
Тартқызар өмір жазаңды.

Құлданар сені күшті өкімет,


Ноқтасыз еркін ел таппай,
Қорлықта жылап, зарла да өт,
Бостандық болар жер таппай [52, 32 б.].

Мұнда патша өкіметінің қол астындағы отар елдерін бұғауда ұстауы, яғни күшті мемлекеттің ұсақ ұлттар мен әлсіз елдерді отарлау жүйесіне ақынның адам және қоғам, қоғамдық орта жайындағы көзқарастары емеурін арқылы беріледі.


Өкімет өшсе, залымдар көп,


Арлыға өмір сүргізбес.
Қарулы қасқыр құдайың боп,
Азаттық жолмен жүргізбес [52, 32 б.].

Шығыс, Батыс, орыс әдебиетінің озық үлгілерімен таныс болған ақын, қазақ өлеңіне жаңа мазмұн мен жаңа өрнек алып келіп поэзияға үлкен талаптар қоя білді. Осындағы «қарулы қасқыр» – отарлаушылардың көркем образы. Олардың қорқау қасқырлар сынды ашқарақтығын ақын осылайша бейнеледі. Бұл да ақын қаламына тәне бейнелі образ. Қазақ елінің еркіндігін аңсаған ақын шығармасының негізгі идеясы – тәуелсіздік.


Жан деген не


Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Жоғары өрлеп,
Дене жөндеп
Және мен деп келе ме? [52, 150 б.].
– деп, ақын өмір мен өлім туралы өлеңінде қазақ поэзиясын түрлендіріп, идеялық соны жаңалық алып келді. Өлең Абайдың үлгісімен («Сегіз аяқ») жазылып түр жағынан жаңалық енгізбегенімен мазмұн тереңдігімен ерекшеленеді. Қазақ өлеңінің құрылысы мен өлшемін түрлендіруімен, жаңаша түр мен мазмұн әкелуімен ақын өлеңдері өміршең. Поэзияға жоғары талап қоя білген ол өлең өрнегінің кестесін өзгеге ұқсатпай салады. Өзі көтеріп отырған мәселені нақты да, жинақы көрсете біледі.
Ақын бейнелеген лирикалық кейіпкерінің басты міндеті – рухани жан дүниесін байыту, ізгі істерді қолдау, ар-ұжданы жоғары болу. Яғни мінез-құлқы, болмыс-бітімі жағынан әділет пен арды ту еткен, елі мен жерін сүйген, жаратушысына жақын жандар. Шәкәрімнің ақындық жеке қолтаңбасы әсіресе лирикалық кейіпкер бейнесін сомдағанда дараланады. «Шын нұр», «шын асық», «таза ой», «таза жан», «тәтті тіл», «от жүрек» т.б. сөз тіркестерін қолдану арқылы кейіпкер психологиясын, оның адамгершілік сапасын айқындап көрсетіп отырады. Ақынның танымында адам өте күрделі, ол тек қана табиғи жаратылыс қана емес, сонымен қоса оның рухани жан әлемі күрделі құбылыс. Қазақтың дәстүрлі поэзиясындағы адам мен табиғат тұтастығын, жаңаша сипатта тереңдете отырып небір бейнелі сөздер мен метафораларды түрлендіріп қолданады.
Табиғаттың күйін, тынысын адам тіршілігіне ұқсату арқылы образды суреттер жасайды. Ақын поэзиясындағы образдылықты «сұм жүректің оянбауы», «жебір ұлық қылдай іс», «өлі жүрек», «көңілдің қабағы салбырады», «әділетсіз залым», «азат ақыл», «күншіл мұндар» сынды сөз тіркестерінен де көруге болады. «Қабағынан қар жауған қараңғы бұлт, «Жаралы біздің көңілге бір тамбады сіркіреп», т.б. сияқты бейнелі тіркестер арқылы қазақ поэзиясына жаңа бір психологиялық оралымдар енгізген. Адам ішкі дүниесіне терең бойлап, мінез-құлықтың әсерін аша көрсету арқылы жүрегінде жақсылыққа орын жоқ, өз мінін көрмейтін, өтірікпен күн өткізген адамдардың образын да шебер сомдайды.
Енді бір өлеңдерінде «күншіл мұндар», «өлі жүрек» метафорасын қолданып адамның кері кеткен кейпін берсе, «алжасқан ми», «тозған ой», «жалқау тартқан ой» сияқты теңеулер арқылы кейіпкерлер жандүниесіне тереңдей енеді. Ақын осы секілді қазақ поэзиясында бұрын қолдана қоймаған сөз тіркестерін жиі қолданады. «Өлі жүрек» тіркесі жөнінде М.Базарбаев: «Тас бауыр», «тас жүрек» деудің орнына «өлі жүрек» деуі (өзімшіл мұндарды) поэзияда ауыспалы мағынасында бұрын кездесе бермейтін жаңалық (өлген адам, немесе, сезімсіз суынған жүрек жайында талай айтылуы мүмкін, яғни өзінің тіке мағынасында: бірақ адам бейнесін беру үшін айтылған түрін кездестірген емеспіз)» [42, Б. 249-250], – деген болатын. Ақын жаңа сөз тіркестерін, метафора, теңдеулерді қолданғанда образдарды сомдай түсіп, ойдың, ұғымдардың мәнісін тереңдетіп, адам, қоғам, табиғат болмыстарын нақыштауға көмекші құрал қылып алып отырады. Сондай-ақ ақын «ақыл» ұғымын түрлендіріп, сөз тіркестерін жаңаша өрнекпен әрлеп отырады. «Аз ақыл», «сұм ақыл», «саяз ақыл», немесе «таза ақыл», «шын ақыл» т.б. Ақын «Ақыл» ұғымының өзін екі сападан көрсетеді. Ең негізгісі адам болмасындағы «таза ақыл» категориясы деп түйеді ол. Оның мәнін «Таза ақыл ақты барлайды, Дәлелсіз сөзді алмайды», – деп аша түседі.
Ол адамзат баласын таза ақыл билесе ғана, өмірі мәнді болады деген ойды ұсынады. Осы арқылы қазақ поэзиясында философиялық дүниетанымдық жүйенің жаңа лебін алып келгені анық байқалады.

Рух деген дінсіз таза ақыл,


Мінсіздің ісі шын мақұл.
Айуандағы ақыл ол емес.
Аз ғана сөзім – аз нақыл,
Құраныңды оқы нанбасаң [53, 231 б.].

Оған ақынның мына жыр жолдары дәлел: «Ақылдың көзін байлама, Білгіш деп басшы сайлама». Ал, «ақылдың көзін байлама» сынды оралымдардан ақынның көзге көрінбейтін дерексіз заттарға жан бітіруі, яғни кейіптеуге баруы байқалады. Ақын «Шалғыншы ойым ақылға, Ақылым тоқтап мақұлға» немесе «терең ой», «шалғыншы ой» т.б. сияқты сөз тіркестерін ақыл мен ой ұғымдарының байланысын ашуда пайдаланып отырады:


Қош бол,
Терең ойым,


Әлемді шарлаған
Қиын іске әдейі арнаған [53, 223 б.].

Әрбір іс-әрекетте ой мен ақылдың рөліне терең мән беріп «ой» ұғымын жоғары қояды. «Ой» ұғымының мәнін ашуда да жаңа тіркестерді қолдану арқылы философиялық пайымдар жасап, қазақ поэзиясының мазмұны мен түріне жаңалық енгізеді.


Абайдан бастау алған, жандүние сапасын арттыру, бейнелі тіркестер арқылы адамның рухани әлемін бейнелеудегі жаңа үрдістер ақынның өмірлік ұстанымы адам түземек идеяларына негізделеді.
Мысалы, «нұр» – метафорасын қолдану арқылы қазақ өлеңінің көркемдік жүйесіне өрнек қосса, «Жар» – абстрактылы ұғымы да символ ретінде қолданылған.
Сопылық сарынның ақын танымына тигізген ықпалынан туған терең мазмұнды «жар», «нұр» сөздерінің көркемдік сипаты әсіресе «Иманым» атты жинаққа енген өлеңдерінде кеңінен қолданылып, ақынның суреткерлік талантын танытатын қасиетке айналды.
«Ақ жүрек», «ақ ниет», «ар-ұждан», «таза ақыл», «шатақ дін», таза дін, т.б. тіркестер мазмұнға сай бейнелі түрде қолданылады. «Айнымайтын ақ жүрек» оралымында «ақ жүрек» сөзінен, белгілі бір тас түйін бұлжымайтын ұғым жасап, қазақ сөз өнерімен дүниетанымына тұжырым мен ғибратты сөз енгізді.
«Шын таза жан» ақын поэзиясында адам болмысын бейнелеудегі тыңнан әкелген лирикалық кейіпкері деуге болады. Себебі, «Шын таза жан» – жаратушының махаббатына бөленген жан. Осы кейіпкердің сапасын танытуда ақын Қасиетті құрандағы ілімге жүгінген. Өйткені, ақынның сомдаған «Шын таза жан» бейнесі – «таза ақыл» мен «ақ жүрек», «ақ ниет» тәңірісіне құлшылық қылатын рухани таза адам.
Ақын «Көз» сөзінде түрлендіріп «көңіл көзі», «іш көзі», «кеудесінде болса көз», «жан көретін көз керек», «көкірек көзің», «қайғырған біздің көңілден», т.б. тіркестер арқылы жаңа эпитет, теңеу, метафораларды қалыптастырған.
Халықтық жыр-толғаулардағы қасиеттерді Шәкәрім ақын «Ескі ақындық» атты өлеңінде әсем өрнекпен бедерлеп, бүкіл жыраулар поэзиясының болмысын ашады. Жыраулық поэзия табиғатына тән қыранның ұшқаны, ақ бөкеннің желісі, тұлпардың жүрісін, сағымдай желдің құбылуын жыраулар дәстүрінен үзілмеген алтын арқауды дәлелдейді:

Ойлай келсек, ескі жыр,


Салады тұлпар жүрісін,
Міне, байқа мұнысын.
Кейде жорға, кейде жел,
Бұлдыр қағып асар бел [53, 141 б.].

Шәкәрім өлеңдері сапалы қасиеттерге басымдық беріп жағымсыз қылықты қалай жоюдың жолдарын көрсетеді. Ақын үшін руханилық сапаны арттырудың бірден бір жолы – өзін-өзі тануы. Ізгілікке кедергі болатын ішкі дүниедегі нашар белгілерді жоюдың жолдарын да ақын поэтикалық өрнекпен көркемдеген. Ол адамның салдыр-салақтығы, жалқаулық, ашу сияқты психологиялық күйлердің адами қасиеттерді тұмшалайтын жағымсыздығын ашады.


Еріншектіктен – салақтық,


Салақтықтан – надандық...
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық [53, 102 б.].

Адамның өзін-өзі жеңіп тәннің емес, жанның тілегін орындауын көксеген ақын осындай баяндаулар арқылы поэтикалық айшықты да әсерлі образдарын туындатады.


Сондай-ақ ақын сөздің мәні мен маңызына айрықша мән беріп, жоғары талап қоя білген. Ақын ұғымында сөз құдіретті, ерекше – бір әлем. Сөз адам өмірін айшықтайтын әрі адам танымын танытатын дүние. Әрбір өлеңінде сөзге байыппен қараған суреткер сөз астарының небір мән-мағыналарын ашып немесе ауыспалы мәндегі түсінік танымды ұштайтын қолданыстарды орнымен де пайдаланған.

Шошыма, достым, сөзімнен,


Сөз – Құдайдан шыққан бу.
Ұқпасаң, көр өзіңнен,
Жұтқызайын нұрлы су [52, 286 б.].

Шәкәрімнің сөз құдіретіне қояр талабы Абайдың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» талабын тереңдете түседі.


Тәтті сөз бен түзу ой –


Тағдыр сыйы емес пе?
Әуре қылма, жаным, қой,
Мені күндеп егеспе! [52, 123 б.].

Он бір буынды дәстүрлі қара өлең үлгісімен жазылған өлеңнің түрі жағынан жаңалығы болмағанмен ақынның көтеріп отырған мәселесі, ұстанымы мен мақсаты терең де мәнді. Ол өлең өлшеміне қояр талабын былайша өрнектейді:


Қауымның қалауына тап келгендей,


Болғанын, болашағын айт көргендей.
Керістен тартып жырды жебелі оқтай,
Дәл тигіз қалағанға қас мергендей [53, 139 б.].

Ақын өз талабында ақындық дүниенің қыр-сырына терең бойлауды міндеттейді, өзінің өмір жайындағы түсінігін, ұстанымын көкейтесті арман-мақсаттарын бір ауыз өлең шумағына сыйғызып, шеберлік танытады. Өлеңнің сөзі мен түрін, ырғағы мен бунағының қатар жымдасып келіп, тыңдаушысына жетуіне айрықша мән беретін ақын:


Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,


Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.
Қаңсыған шөл даланы қанықтырып,
Жыр тасып, дариядай құйып жатсын, – деп түйіндейді [53, 140 б.].
Осы шумақтың өзінен ақынның өлеңге, ақынға артар жүгінің салмақтылығы көрінеді. Ахмет Байтұрсынов ұсынған өлеңнің түр – тұрпаты мен айшығы, көркемдік кестесі жөніндегі пікірлерін Шәкәрім ақын өз шығармаларында мұқият сақтап отырған. Өлең сөзінің қуаттылығы ақынның жүрегінен шығып, ары мен адамшылығын айқындап жататындықтан өміршеңдік сипат иеленген:

Арыңның болсын өлең айнасындай,


Көрікті, көптің ортақ пайдасындай.
Жосылып жатсын артта жортқан жолы,
Арынды асқақ өзеннің арнасындай [53, 140 б.], – дейді ақын.

Яғни Шәкәрім өлең өнерін өзі ғана биік деңгейге көтеріп қоймай, өлең жазуды көпшілік жүрегіне жету үшін өлең ұйқасы мен әдемі әуезділігі, ырғағы мен тақырыбы, іші мен сырты тең келетін көркем дүние жасау жауапкершілігін ақындарға жүктейді. Абай ұстанған «іші алтын, сырты күміс» өлең үйлесімін Шәкәрім де өзіндік өрнегімен тереңдеткен. Осылайша Шәкәрім ақын қазақ поэзиясында қалыптасқан дәстүрлі поэзияны жаңа мазмұн, соны түр жаңалығымен байытты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет