«ӘДЕБИЕТТАНУҒА КІРІСПЕ» ПӘНІ БОЙЫНША ДӘРІСТЕР:
№ 1 дәріс
Тақырыбы: «ӘДЕБИЕТТАНУҒА КІРІСПЕ» курсының міндеттері мен мазмұны
Дәріс жоспары:
1.«Әдебиеттануға кіріспе» курсының міндеттері мен мазмұны
Дәріс мазмұны
Филология факультеттері мен жоғары оқу орындарының тіл – әдебиет факультеттерінде «Әдебиеттануға кіріспе» және «Әдебиет теориясы» деген екі бірдей әдеби-теориялық курс оқытылып, үйретіледі.
«Әдебиеттануға кіріспе» (1-курс) пәні студенттерді көркем әдебиеттің жалпы қасиеттерімен байланысты маңызды теориялық-әдеби ұғымдармен, ілкі түсініктермен, жекелеген көркем шығармалардың ерекшеліктерімен, әдеби дамудың заңдылықтарымен таныстырады. Бұл курстың басты міндеті – филология факультетінің оқу жоспарына кіретін әдебиеттану курстарын тереңірек пайымдап, түсіну үшін қажетті негіз (іргетас) қалыптастыру.
«Әдебиет теориясы» жоғарғы курстарда оқылады. «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінің лекциялық және практикалық сабақтарынан алған студенттердің әдеби-теориялық білімдері мен біліктерін одан әрі қарай тереңдете, ұлғайта, дамыта, жалғастыра отырып, «Әдебиет теориясы» курсы отандық және шет ел әдебиеттерінің әдеби-тарихи курстарының көп қырлы ірі материалдарына арқа сүйейді. Бұл студенттерге әдебиет теориясы мен оның тарихы арасындағы байланысты түсінуге, теориялық-әдеби ұғымдарды тереңірек нақтылауға, оның тарихы тамыры мен мазмұнын аша отырып, оны қазіргі күнмен сәйкесетін жерін білуге үйретеді. Егер «Әдебиеттануға кіріспе» филология факультетінде әдебиетті үйренуге бастама болса, оған жол ашса, ал әдебиет теориясы студенттің жоғары оқу орнындағы әдебиеттен алған білімдерін жинақтайды әрі бекітеді.
«Әдебиеттануға кіріспе» үш бөлімнен құралады. Олар:
Әдебиеттің ортақ қасиеті (жалпы бітімі).
Әдеби шығарма
Әдеби дамудың заңдылығы.
Курстың мұндай құрылымы қатаң ғылыми талаптардан туындайды.
Әдебиеттің жалпы бітімін айқындайтын және оның жекелеген шығармаларынан алынған эллюстрациялық тұрғыдағы жекелеген мысалдар қанша жерден дәлелді әрі көркем болса да, әдеби шығарманың шынайы заңдылығын ұғындыра алмайды.
Бұл заңдылықты толық, жете ұғыну үшін әдебиетті тарихи тұрғыдан қарастырған абзал. Осылай еткен жағдайда біз бұл заңдылықтың әдеби дамудағы жай–күйін өзіне қашан жол салып және қай бағытта дамып бара жатқанын айта аламыз. Сондықтан да әдеби шығармашылықтың негізгі заңдылығы оның тарихилығында жатыр деп есептеуімізге болады.
№ 2 дәріс
Тақырыбы: Әдебиеттану ғылымы және оның салалары
Достарыңызбен бөлісу: |