67. Сөз тіркесінің жанаса байланысу формасын түсіндіріңіз
68. Ортақ матаса байланысқан сөз тіркестері туралы баяндаңыз
69. Ортақ қабыса байланысқан сөз тіркестері туралы баяндаңыз
70. Ортақ меңгеруді түсіндіріңіз
71. Меңгерудің анықтамасын айтып, түрлерін мысалмен түсіндіріңіз
Меңгеру – синтаксистік байланыс түрлерінің бірі.
Меңгерудің бағыныңқы сыңарлары барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септік тұлғалары арқылы басыңқы сыңармен байланысады. Басыңқы сыңар негізгі қызмет атқарады, осыған байланысты меңгеру:
есімді (бетегеден биік, жусаннан аласа);
етістікті (ауылдан келді, аттан түсті),
ортақ (айтқанын дұрыс көрді, жиырма күн мөлшерінде оралды) болып бөлінеді.
Есімдердің барлығы бірдей меңгеруде басыңқы сыңар бола бермейді, предикаттық қызметте жұмсалатын абстрактілі зат есімдер мен сапалық сын есімдер ғана басыңқы қызметте жұмсалады. Етістіктер табыс септігін меңгеруі негізінде салт және сабақты болып бөлінеді. Меңгеру толық сипатта да, жасырын түрде де келе береді (көрме аралады, кітапты оқыды). Меңгеру әр түрлі қатынаста жұмсалып, түрлі мағыналарды білдіреді.
Мысалы, барыс септігі арқылы жасалған меңгеру:
іс-қимылдың бағытын (оқуға кетті, далаға шықты);
нысанын (балаларға айтты, кітапқа қарады);
себебін, мақсатын (айтуға келді, баруға талаптанды) білдіреді.
Жатыс септікті меңгеру пысықтауыштық, анықтауыштық қатынаста тұрып, мезгілдік және амалдық мәнде қолданылады.[1][2][3][4]
Меңгеру (тіл білімінде) - қосымша тәсілі негізінде қалыптасқан синтаксистік байланыс түрінің бірі. Меңгеріле байланысқан сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарлары басыңқы сыңарларымен атау мен іліктен басқа септік жалғауларында тұрып байланысады. Меңгеру де басыңқы сыңар шешуші қызмет атқарады, өйткені басыңқы сыңар өзінің лексика-грамматикалық мағынасы арқылы бағыныңқы сыңардың белгілі бір септік жалғауында тұруына ықпал етеді. Меңгерілетін сөздер табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес жалғауларының бірінде келеді де, меңгеретін сөздер етістіктер, есімдер не екеуінің бірлескен тобы болады, осымен байланысты меңгеру іштей үшке бөлінеді:
етістікті меңгеру (мектепке келді),
есімді меңгеру (бізбен көрші),
ортақ меңгеру(сөйлегенін мақұл көрді).
Меңгеру - етістікке тән, сондықтан да бұлардың қабілеті есімдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мұны мынадан байқауға болады:
1) Меңгеру етістікке тән болғандықтан, оның тамыры тым әріден басталады. Мысалы, Орхон-Енисей ескерткіштер тілінде етістіктердің болмаса, есімдердің меңгеруі кездесе бермейді. Демек, есімдердің меңгеруі етістіктердің меңгеруі негізінде кейінірек қалыптасқан, сондықтан да есімдер меңгеру қабілеті жағынан да, сөз тіркесін құрау мүмкіншілігі жағынан да етістіктердей емес, тынысы тар;
2) Етістіктер лексика-грамматикалық мағынаға аса бай, сондықтан да бұлар қатарынан бірнеше септік жалғаулы сөздерді жетегіне алып, алуан түрлі грамматикалық мағынасы бар сөз тіркестерін құрайды. Мысалы, ауылға келді - бағытталған қимыл- әрекеттің орнын білдіреді; қаладан келді- қозғалыс-әрекетінің басталған жерін білдіреді; жаз айында келді - қозғалыс-әрекетінің мезгілін білдіреді; машинамен келді - қозғалыс- әрекетінің тәсілін білдіреді. Ал есімдерде мұндай қабілет бола бермейді;
3) Табыс жалғаулы сөзді етістік меңгере алатын болса, есімдер меңгере алмайды;
4) есімдер, негізінен, баяндауыштық (предикаттық) қызметте жұмсалғанда ғана меңгеру қасиетіне ие болатын болса, етістіктер өзінің лексика-грамматикалық мағынасына орай еркін меңгере алады;
5) Етістіктер меңгерілетін сөзімен берік байланысқа түсе алатын болса, есімдерде ондай қабілет жоқ, әлсіз байланысқа негізделеді, бірақ осындай ерекшеліктеріне қарамастан меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері тілімізде кеңінен қолданылады. Есімдердің ішінен сын есімнің меңгеру қабілеті мол, өйткені ол, біріншіден, сын, сапаны білдіретіндіктен, баяндауыш болуға бейім тұрады, екіншіден, сын есімге шырай категориясы тән, ал шырайдың мәні, негізінен, салыстыру үстінде айқындалады, салыстырудың дені шығыс жалғаулы сөз тіркесі арқылы беріледі(Саптанаттан көрікті, Салтанаттан көріктілеу).
Зат есімдердің ішінен сын есімге жақындау жатқан, жалпылық сипат алған түрі болмаса, нақты, заттық мәнді білдіретін түрі септік жалғаулы сөздерді меңгере алмайды (бізбен құда, сізбен дос, ұйымға мүше). Есімді меңгеру, "ортақ меңгерудің" негізінде жасалған, сондықтан да олар кейбір ретте белгілі бір жағдайға байланысты бірімен екіншісі орын алмасып қолданыла береді. Мысалы, өткен, келер шақты білдіру қажет болса, меңгерудің "ортақ меңгеру" түрі қолданылады да, осы шақты білдіру керек болса, есімді меңгеру түрі қолданылады. Мысалы, Әлимен жолдас болатын (өткен шақ), Әлимен жолдас болмақ (келер шақ), Әлимен жолдас (осы шақ). Меңгеріле байланысқан сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарлары мен басыңқы сыңарларының өзара байланысу дәрежесі біркелкі болып келмейді. Мысалы, Күләшті көрдім, үйде көрдім деген тіркестерде үйде көрдім тіркесі Күләшті көрдім тіркесінен әлдеқайда әлсіз байланысқан. Сондай-ақ кітапты берді, маған берді, өз қолымен берді сөз тіркестерінің байланысу дәрежесі де біркелкі емес. Берді етістігі табыс, барыс жалғаулы сөздермен берік байланысқа түскен де, көмектес жалғаулы сөзбен әлсіз байланысқа түскен. Тағы бір назар аударатын нәрсе, етістік бірнеше септік жалғаулы сөздерді меңгергенде, кейде оның біреуімен берік байланысқа түссе, кейде қатарынан екеуімен берік байланысқа түседі. Мысалы, киімді қолы босағанда машинамен тігу, малды иесіне дер кезінде тапсыру. Берік меңгеріле байланысқандары - киімді тігу, малды иесіне тапсыру. Осыған байланысты берік меңгерудің өзі іштей жалаң берік меңгеру (киімді тігу) және қосарлы берік меңгеру (малды иесіне тапсыру) болып екіге бөлінеді. Етістіктер меңгеруінің берік және әлсіз байланысқа түскен түрі болып саралануы тікелей басыңқы сыңар мағынасына байланысты. Егер меңгеру етістіктің тікелей лексикалық мағынасына байланысты болса, онда ол берік меңгеруге жатады да, ап қосымша граммат. мағынаға қатысты болса, әлсіз меңгеруге жатады. Сабақты етістік табыс жалғаулы сөзді меңгергенде, табыс септігінің жалғауы бірде түсіп, бірде түспей қолданылады (кітап оқыды, кітапты асықпай оқыды). Табыс септігі қандай тұлғада қолданылмасын, бәрі бір, екі тіркестің екеуі де объектілік (толықтауыштық) қатынасты білдіреді, сондықтан кітап оқыдыны қабысуға жібермей, меңгерудің қатарында қараған орынды.
Достарыңызбен бөлісу: |