ҚОШҚАРБАЙ. Өте қатты қапа боламыз!.. Қане, алып қойыңыз!..
Бәрі «Ішіңіз» деп Саудагер әйелді жан алқымға ала бастайды. БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Дүниежүзінің есі дұрыс ешқандай елінде әйелді арақ іш деп зорламаса керек!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Түһ, өзің бір қақсап қалған қақсауық шал екенсің! Көп емес, бір-ақ рет ішсін деп тұрмыз ғой!
ҚОШҚАРБАЙ. Бәсе десейші!.. Бір-ақ рет!.. Қане-қане, апасы, алып жіберіңіз енді
Жолсерік келіншек шығады. ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Бұл не шу? Жұрт ұйықтап жатқанде неге шулайсыңдар?
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. О, келдіңіз бе? Біз сіздерге қонақ болып... апырмай, өзіңіз бір әдемі бала екенсіз!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, сондай... Үріп ауызға салғандай...
ҚОШҚАРБАЙ. /әндетіп/.
Жассасын сұлу әйелдер!
Әсем әйелдер жасасын!
Жасасын жақсы әйелдер!
Қыз-келіншектер жасасын!
/рюмканы Жолсерік келіншекке ұсынып/. Қане, бір жүз грамнан қағып тастаңыз!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Собутыльникті тапқан екенсің!.. Бұл сендерге арақ ішіп, ойларыңа келгенді істейтін жындыхана емес!.. Бұл – пойыз! Үкіметтің пойызы!.. Қане, табандарыңды жалтыратыңдар!.. Шагом марш!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қарындас!.. Азаматша проводник, сіз байқап сөйлеңіз!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә сөйтіңіз! Беті жылтырып әдемі сияқтанғанмен тілі жаман ғой мынаның!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Мен сіздерге кетіңіздер деп тұрмын!.. Өз вагондарыңызға барыңыздар!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Кешіріңіз!.. Кешіріңіз, қарындас!.. Егер вагонымыз осы болса, сонда қайда кетуіміз керек?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә. Осы вагон... мынау купе. /Саудагер әйел орналасқан купені нұсқайды/. САУДАГЕР ӘЙЕЛ. /шошып кетіп/. Жо-жоқ. Мұнда бос орын жоқ!
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә-иә, ол біздің орнымыз... арақты естен танып іше бергенше ең әуелі орындарыңды тауып алмайсыңдар ма?