Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының жастардың рухани – патриоттық әлеуетін қалыптастырудағы



Дата27.03.2023
өлшемі23,91 Kb.
#76391

Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының жастардың рухани – патриоттық әлеуетін қалыптастырудағы алатын орны
Шүиіншәли А.С.
«Қайнар» Академиясы, Алматы қ.

Мына шетсіз, шексіз дүние-ғаламда өмір сүруді, мәңгілік кеңістігінен көрінуді мақсат етпейтін, мұрат тұтпайтын ұлт жоқ, ұлыс жоқ. Ұлт ойы мен ұлыс мұратының мұндай көсегелі биіктен көрінуін қамтамасыз ететін бірден-бір фактор–тарихи жәдігерлеріміз бен рухани құндылықтарымызды аялау, тіліміз бен дініміздің тұтастығын сақтау.


Құпиясы мен жұмбағы мол мына ойран-топыр заманалар тасқынында жоғалып кетпей, өз реңі мен бояуын, өз мінезі мен дәстүрлерін қызғыштай қорып, ұлт тұғырын сақтауға орасан қызмет етіп келген қазақ сөз өнерінің ең бір шарықтап биікке көтерілген кезеңі – ұлтымыздың рухани тарихына «алтын дәуір әдебиеті» болып енген жиырмасыншы ғасыр екені күмәнсіз [1, б. 5-7].
Толқын толастамайды, ағын азаймайды, өйткені тарих сыры ән-жырға құмар халықтың сезімімен, қиялымен, ойымен араласып жаңа бұлақтардың көзін ашады, сол арқылы дария суын молайтады. Осы жыр-дарияны толтырған қазақтың халық поэзиясы мен ақын-жырауларының есімі бүгінде айдай әлемге аян. Бұқар жырау, Дулат, Махамбет, Шортанбай, Абай–барлығы да өз алдына бір-бір жыр-дария. Олар үлкен дарияны құрап жатқан асау, арналы, сулы, нулы өзендер іспетті. Осылардан кейінгі кезектегі қазақ жырының тарихымен тығыз байланысты есімнің бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Бүгін, көне мұраларымызды түгендеп, қайта қарап жатқан заманда, Сұлтанмахмұтты да қайта оқу қажеттігі де осымен байланысты [1, б. 292].
Ақын 1920 жылы Көкшетау облысы, Уәлиханов ауданында дүниеге келді. Ауыл молдасынан сауатын ашып, кейіннен Баянауыл медресесінде оқыған. Троицк медресесінде білімін ұштап, «Айқап» журналында қызмет істейді. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығуды» діттеген ақын: «Жүргенше бұл өмірде надан болып, Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе»,-деп ғұмырын ұлтының рухани кемелденуіне арнады. Саяси-әлеуметтік лирикасында ұлттық ояну, отаршылдық саясат зардаптары суреттелді. Мысалы, «Орнымыз медресе оқып жүрген», «Шәкірт ойы», «Оқу», «Өмірімнің уәдесі», «Оқып жүрген жастарға», «Оқуда мақсат не?» т.б. өлеңдері [1, б. 534].
Өмірлік жолы ұрпаққа үлгі болатын ақын ағамыздың халқын қалтқысыз сүйген патриот болғандығының тағы бір айғағын бірнеше замандас жолдастарының ол туралы жазған пікірлерінен көре аламыз. Солардың бірі–ақын, сыншы Жарасқан Әбдірашевтің мынадай пікірі: «Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы несімен бағалы, несімен құнды? Туған халқын надандық құрсауынан құтқаруға ұмтылып, әділет пен шындық жолын шарқ ұра іздеген демократтығымен, парасатты патриоттығымен бе? Әрине! Әлеуметтік теңсіздіктің бетпердесін ашып, тұтас бір кезеңнің келбетін жасаған сыншыл реализмді дамытып, орнықтырумен, азаматтық тұғыры биік, белсендігі жоғары ақындығымен бе? Әлбетте! ...Бүгінгі замандас, болашақ ұрпақ, бүкіл адамзат үшін ше? Меніңше, ... адамды адам болуға үндеген ұлы гуманистігімен құнды!».
Тағы да Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларын жинау, бастырту, зерттеу ісімен айналысқан жазушы, тұңғыш Сұлтанмахмұттанушы Жүсіпбек Аймауытов былай деп еске алады: «Сұлтанмахмұт жас ақындардың ішіндені бір күшті ақын еді. Өнер-білім сәулесін аңсап, құраш ұшып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, алысып, жеңе алмай, мерт болды. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай, от-жалындай зулаған болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді» [3,http://toraygirov.pavlodarlibrary.kz].
С.Торайғыровтың «Оқу» атты өлеңіндегі:
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса басқа елдердей қатарға енбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп.
Көрші елдер өнерсізді қорлап күлмек,
Оқу мен бірлік болса, көзіне ілмек,
Қараңғы Қарынбайдай надан болсаң,
Байлығыңа иелік бермес күндеп,-деген жолдарының елін жерін сүйетін жас ұрпақтар үшін берер мәні зор. Елі үшін еміреніп еңбек еткен адамды халқының қастерлейтінін, еңбегінің еш кетпей, ел есінде мәңгі сақталатынын айтты. Өзге елдермен иық тірестіріп, өз елінің мәртебесін асқақтатып, толассыз байлығымызды жат қолына бермей өз ұлтымыздың игілігіне жарата білуде ең алдымен, білімге ұмтылудың, сонымен қоса, татулық-бірлікте болудың қажеттігін айқындай түседі.
Ал, келесі «Мен қазақ» өлеңі–оқыған жанның бойында ерекше толғаныс туғызатын, әсіресе, нағыз қазақ ұрпағына ұран болатын туынды болып саналады:
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім–қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын, – деген жолдар өскелең ұрпақты жігерлендіріп, еліміздің ұлтын ұлықтайтын азамат болуына қанаттандырады деп айтсақ қателеспейміз.
«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп, ақын қара басындағы міндетті ғана айтып қойған жоқ, өз халқының дертіне ем табу, мұқтаждықты, өнерсіздікті жою, сөйтіп халықты, мәдениетті, ерікті етуді ойлайды. Бар мақсаты оқу, өнер болған ақын кім не нәрсені ардақтай білсе, сол нәрсенің қадіріне жетіп жақсысын да асыра біледі деп насихаттайды. Сауат ашу, хат тану барысында Сұлтанмахмұт алдымен өзінің ана тілін қадірледі, соның барлық ерекше қасиеттерін танып білді. «Сүйемін туған тілді, анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Шыр етіп жерге түскен минутымнан, Құлағыма сіңірген таныс үнін», - деп, халқының асыл мұрасын бойына сіңіріп, жақсылығын мақтан етті. Өнер-білімді игеру адам баласын бақытты болуға бастайды, надандықтан арылтады, өмір сүруді жеңілдетеді дегенді жастардың ұғымына жеткізуге тырысады. «Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің, Алауыз азғын болсаң қоян жүрек», - деп жастардың намысына тие, арына қозғау сала сөйлейді. Сонымен қатар өнерлі, білімді болумен бірге ынтымақшыл, көпшіл болудың қажеттігін түсіндіреді. Өз халқын надандықтың қара түнек тұңғиығынан арылтып, тезірек жарқын болашаққа қарай талпынтса деген адал көңілі ақынның асқақ рухын ерекше байқатады. «Ден сау болса, тағдырдың, Көкке ұшырам күлдерін, Түрлентемін гүлдерін, Жігермен талап еткен соң, Қоям ба екен сүлдерін?», – дейді өр ақын. Бұл – жігерлі, қайсар азаматтың ертеңге деген зор сенімінен туған шын ниет. Жастарымызды жігерлендіре, серпілте түсіп, арына асыл рух сепкен ақын өлеңдерінің тәрбиелік мәні осы тұрғыдан көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыстың, жаңа жолдың иесі бола білген ақын өлеңдерінде саяси лирика мен табиғат лирикасы көп орын алады. Саяси-әлеуметтік тұрғыда халық мұң-мұқтажын, тілегін өз халі, өз арманы, өз мұңы етіп жырлайды [4, https://massaget.kz].
Бүгінгі таңда тіліміз бұрмаланып, өзге тілдің бәрін біліп, өз туған тілімізді ұмыта бастаған заманда ақын атамыздың тілге деген сүйіспеншілікке толы өлең шумақтарымен өрілген «Қазақ тілі» өлеңі сондай-ақ, «ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мәнде болу керек» - деген нақыл сөздері әрбір жанға тіліміздің қадірін ұғындырып, ана тілімізді сүйе білуге және сол үшін күйе де білуге үндейді.
Ақынның «Оқып жүрген жастарға» атты өлеңі білім үйренуге деген құшатарлықты арттырады:
Үмітпенен жоқ қуған, Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда, Біздер қайтып қаламыз.
Тәуекелге бел бусақ, Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ, Қусақ бәрін шаламыз.
Іс істейік бір болып, Ашылмасын саламыз.
Сұмдар салған жүректе, Аз ба біздің жарамыз?
Тепкісінде басқаның, Қор боп жүдеп барамыз.
Көріне көзге азапта, Мәңгі қайтып қаламыз?
Ойынды енді азат қыл, Қалсын былай балалық [5, б. 255].
Бұл өлеңде ақын өзінің соңынан ерген ізбасарларына оқудың қаншалықты маңызды екендігін, діни және басқа да ғылым салаларын жетік меңгерген адамның аспайтын асуы мен ала алмайтын қамалы болмайтындығын айта келе, қоғамдағы жағымсыз өзгерістер легіне еріп кетпей, қажыр-қайраттылық танытып, соңына дейін жете білген адам ғана өз елінде де, өзге елде де тек қана абыройлы болатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, ақын өзінің арманын «Арманым» атты өлеңінде баяндайды. Ақын бұл өлеңінде әлемдегі сырға толы құпияларды ашу – ғылым үйренген адамның ғана қолынан келетіндігін алға тарта келе, Абай заманында халықты өзінің артынан білім-ғылым үйренуге ерте алмағандығын айтады. Өзінің артындағы буыны қатаймаған өрендерге үміт артып, үйренген өнерлерімізді елге арнауды қалайтындығын жеткізді.
Қоғам қайраткерінің «Неге жасаймын?» атты туындысында өркениетті қоғам қалыптастыру жолында қанша уақыт кетсе де, қиындығына төзіп қажетінше жүретіндігін, өмірге қаншама ұрпақ келіп қаншама буын ауысса да сертіне берік екендігін жырлап, мына өлең жолдарымен қорытындылады:
Жасамаймын: «Еңбектің,
Жемісін көзбен көрем» деп.
Жасаймын: «Бір қолғабыс
Кейінгіге берем» деп. Бұл сөздер қазіргі қоғамда қызмет етіп жүрген, келешекте қызмет ететін адамның өмірлік қағидасына айналуы тиіс. [5, б. 352].
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!
Адамдықтың жолына,
Бастаған ерлер соңыңда,
Басқаға көңіл бөлмейміз,
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды алаш, өлмейміз!
Жасасын, алаш, жасасын! [6, https://abai.kz/post/38182].
Бұл – бүкіл Алаштың, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанда тұрып жатқан, жүректері қазақ деп соғатын әрбір Отансүйгіш азаматтың ұраны. Отанға деген адалдықты өлеңмен өрнектеп, өлмей тұрып артына із қалдырды. Олай болса ақынды өлді деуге хақымыз жоқ. Небәрі, 27 жыл ғұмырында қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған кемеңгер тұлғамыздың артында қалдырған қазақ ұлты, діні, тілі туралы туындылары – ұрпаққа үлгі насихат, теңдесі жоқ мұра болып қалды. «Ақыр түбінде қара бұлт ашылып, қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне, өз елін бақытқа бастар азамат боларына, бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімім бар»,-деп, болашақтағы жарқырап шығатын күннен күткен үміті ақталды. Еліміз аңсаған азаттығына қол жеткізіп, өз көсемін сайлады. Ұлт көшбасышыы тарих сахнасында елдігіміздің мәңгілік болуы үшін ұрпақ санасының рухани жаңғыруын мақсат етіп, ұлтын сүйетін ұлы адамдарды тәрбиелеуді қолға алды. Бүгінгі жастарымыздың патриоттық әлеуетінің қалыптасуы жолында Елбасымыздың «Қазақстан жолы» атты кітабындағы қанатты сөзін шамшырақ етіп қолдануымыз тиіс: «Сіздердің, бүгінгі жастардың – ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан мен жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыз – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену мезгілі. Сіздер осы жетістіктер мен табысқа жете беру рухын бойларыңызға сіңіргенсіздер. Атап айтқанда, біздің еліміздің тағдыры сіздердің тағыдарларыңызбен айқындалады» [7, б. 5].

Әдебиеттер

  1. Торайғыров С. Өлеңдер, поэмалар, роман. – Алматы: «Ан-арыс», 2009. – 312 б.

  2. Бұқар жырау. Энциклопедия. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2013. – 600 б.

  3. http://toraygirov.pavlodarlibrary.kz/books/kz

  4. https://massaget.kz

  5. Торайғыров С. Шығармалар жинағы. – Алматы: «Өлке», 2012. – 488 б.

  6. https://abai.kz/post/38182

  7. Назарбаев Н. Қазақстан жолы. – Астана, 2007. – 372 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет