ҚАШҚЫН АУЫЛ 1 Жан-жағы шағыл құм, сексеуілді түлей ішінде бой жасырын бір ауыл отыр. Қоңыртөбел елу-алпыс үй. Елден жырақ осынау ит арқасы қияндағы құмайт арасына ойдан қырдан келіп бас қосқан бұл ауыл "кәмпескеден" үріккен елдің бір шеті. Үстірттің құс қанаты талатын сусыз қиян шөлінен өтіп бұнда келіп жатқан өкімет жоқ. Тыныш. Тағдыр желі қанкөбелек айдап әкеп Хансұлуды да осы ауылдан бір-ақ шығарған. Оған да бір жыл өтті.
Хансұлу ауыл сыртындағы құмаршық, селеулі бұйратқа қарай Қаракерін текіректетіп келеді. Үстінде қынама бел қара пүліш қамзол, белін қызыл жібек түрмемен таңып алған. Назары тұнжырап шаңыт көшіп буалдырланған көкжиекке қарайды. Кімді, нені күтеді, оны өзі де білмейді. Қозбағарға матап берген елдің қармағынан құтылып Әзберген ағасына еріп түн жамылып қашқан күн қуаныштан жүрегі жарылғандай еді. Бостандыққа қолы жеткендей еді. Бірақ ол қуанышы ұзаққа созылмады. "Ертеңіміз не болар екен?" деп қалың сексеуіл ішінде бұғып, қорқып-үркіп отырған қашқын ауылға тап болды. Иті екеш итіне шейін қаттырақ үруге жасқанатын сияқты бұл ауылдың. Балалары да елдегідей асыр салып ойнамайды.
Күн райы таң атқаннан бұзылулы еді. Дауыл боларға көрінген екен. Қазір, Қаракерін текіректетіп селеулі құмсақ шағыл үстіне шыққан Хансұлудың көзін суырған құм аштырмай тұр. Ызғып жортқан ақ шаң борасынмен қабаттасып қылт-қылт туындап арқа тұстан бір шолақ көш көрінді. Хансұлу атының басын ауылға қарай бұрып қамшыны басты. Сексеуілді ойпаң түлей арасында ұйлығысып отырған ауылдың бірсыпыра әйел, бала-шағасы шашырап сыртта жүр еді. Қатты екпіндеп келген Хансұлу:
— Жеңеше, — деп атынан дік етіп секіріп түсті.
— Ау, Еркежан! — деп Рәш жеңгесі (Әзбергеннің келіншегі) сасқалақтап қайын сіңлісіне қарсы жүгірді.
— Жеңеше! Мылтықты кісілер келеді! Әскер ме деймін!
Ел жақтан!
— Өш қасқа! Енді қайттік?!
Сөйткенше, қалтарыстан сау етіп төрт-бес түйеге жүк артқан көш, іле мылтық асынған төрт-бес қызыл әскер шыға келді. Әйелдер бықпырт тигендей шуылдап үйді-үйіне қашты.
— Ойбай! Ойбай!
— Құрыдық! Қасқайдық!
Әйел бала-шағаның дені Әзбергеннің үйіне кіріп кеткен. Зәре-құт жоқ. Кемпірлер немерелерін бауырына қысып зар-зар етеді. Балқия, Хансұлу да осы үйде.
— Ау, халайық, неге қаштыңдар' Жау емеспіз! Өкімет адамдарымыз! Тілдесіндер! — деген дауыс шықты сырттан.
Жұрт дір етті.
— Құрысын... мынау Асан ғой! — деп сыбыр етті, Балқия бетін сызып.
— Онысы кім тағы? — деп іргеге тығылып отырған бір кемпір күңк етті.
Ақ көйлегінің етегі көлең етіп ортадағы қоңыр үйден дембелше бойлы ақ сары келіншек жайнаңдап шыға келгенде Асан бастап келген топ — Сұржекей, Бұқабай мелиса, Шеге, Ждақайлардың көздері жарқ еткендей болды.
— Мінекей, іздеген жоғымыздың бірі алдымыздан шықты, — деп басында орыс кепкасы бар арық қара Асан ырсиып күлді. Беті шалбарланып кететін баяғы күлкісі.
— Ал Балқия, бұл ауылдың бөріктілері қайда?
— Келіп қалар...
— Сонда бұ... қайда кеткені... олардың?
— Оны келгесін өздерінен сұрай жатарсыздар! Үйге кіріңіздер!
Суырма желден мазалары кетіп тұрған Асан мен Сұржекей бір-біріне қарады. "Не істейміз?" дегендері еді. Асан шешімге келді.
— Қазір... Қазір кіреміз! — деді Балқияға ізетпен бас иіп.
Келіншек ішке кіріп кеткеннен кейін Асан мен Сұржекей ақылдасты. "Қырдың астында бұғып жатып, үйге кірісімен тарпа бас салмасын, әлгі келіншектің шайға шақыруы бекер емес" деді Сұржекей. Ауыл маңын шолып шығуға Шеге мен Ждақайды жұмсады. Бітік көз Бұқабай аттардың қасында қалып, Асан мен Сұржекей әлгі Балқия кіріп кеткен үйдің есігін ашты. Өңшең кемпір-сампыр, әйелдер өре түрегеп, кейін шегініп жол берді. Түстері қашып кеткен. Балқия ортада тұрған мосыға шәйнек іліп жатыр.
— Ау, неге қорықтыңыздар? Немене кепкі киген кісі көрмеп пе едіңіздер? — деп Асан төрге озып, көрпешенің үстіне тізе бүкті. Бесатарын керегеге сүйеді. Сұржекей де отыра беріп:
— О-го, және бір жоғымыз табылды! — деп босаға тұста үркіңкіреп тұрған үзын бойлы, шалбарлы қыз Хансұлу жаққа иек қақты. Асан киіктің лағындай көзі жалт-жүлт еткен бидай өңді бойшаң сұлуға бір ауық назар ірікті.Күйеуін менсінбей бүкіл елді шулатып қашып кеткен қайсар қалыңдықты содан бері көріп тұрғаны осы.
— Қорықпаңдар! — деді Асан, әйелдердің үрпиген түрлеріне қарап. — Сіздерге істейтін жамандығымыз... әрі кетсе... елге қосу ғана. Басқа мақсат жоқ бізде.
Кемпірлер суық демдерін алды. Тоңторыс үнсіз күйде бәрі. Үшбұт мосыға ілінген қара шәйнек қана зыңылдайды. Үйдің түндік бауларын ұрғылап сыртта жел гулейді. Ат тұяғының дүрсілі естілді.
— Асан аға! — деген Шегенің ащы үні шықты. Алдымен Сұржекей ытып кетті. Іле Асан да ұмтылды есікке. Үйдегі қатын-қалаш дүрлігіп қалды. Бірақ сыртқа шығуға қорықты.
Хансұлу Шегенің дауысын естіп елең еткен. "Анық сол ма?" деп Шегені өз көзімен көргісі келіп есіктің саңылауына еңкейді.
Кемпірлер сарнап жатыр.
— Иә, Жаппар ием!
— Иә, Барақ ата! Иә, Бекет ата! — деп.
Хансұлу есіктің жақтауына жабысып сыртқа көз тікті. Байлаулы тұрған аттарына қарай жүгірген әлгі екеуді, олардың қасында сары айғырдың басымен алысып шығыс тұсқа қамшысының сабын шошаңдатып тұрған Шегені көрді. Оның да басында былғары кепкі. Бірақ үстінде әлгілердікіндей қызыл әскер киімі жоқ. Белін белдікпен буған жүн шапан. Иығында — мылтық. Мынау баяғы "ақсүйекке" таласып жүретін қара сирақ Шеге емес, дегенмен. Түсі суық пышақтың қырындай таралып өскен естияр жігіт. Әнеки, ар жағынан далбақтап шауып Ждақай келеді. Асанның қасына жиналып жатыр. Күн желкем. Олардың не деп жатқаны естілмейді.
— Қаптаған қол... Асан аға... Қаптаған...— деп ышқынған Ждақайдың дауысы ғана үзік-үзік жетті құлағына.
— Біздің адамдар келеді білем... — деді Хансұлу.
— Иә, сақтай гөр! Ата-бабалар аруақтары жар бола гөр!
Сөйткенше ауыл алдындағы қалың сексеуіл арасынан шоғырланып топ атты ауыл адамдары шыға келді. Ақ түйесінің шудасы желпілдеп арасыңда ахун келеді. Ауыл шетіндегі әскерді көріп қалса керек, алғы шептен бір атты әжептарқы айқайлап жіберіп, жалт берді. Үркердей топ кейін серпіле түсіп іркілді. Қаруларын жалма-жан қолға алды. Ахун ғана сасқан жоқ. Түйесін алшаңдата желдіріп алға оза берді.
— Бауа, тоқтаңыз! Ауылда әскер бар! — деген айқай-ұйқайға көңіл бөлер емес. Әлдебір дұғаны танау астынан ыңылдаған күйі мылтықтары шошайып ауыл алдында иіріліп тұрған бес-алты аттыға қарай желпілдеп желіп келеді.
ЬІсқырған жел түйе табаны астынан бұрқ-бұрқ шаң алып қашып жатыр. Шалдың алдынан Асан бәлшебек атын тебініп қарсы шықты.
— Ассалаумағалейкум, ахун бауа!
— Уағалайкүм-ассалам, балам. Жол болсын!
— Айтқаныңыз келсін, бауа! Бірлік іздеп келдік.
— Лекин... Бірлікті қарудың күшімен іздемес болар, балам!
— Рас, бауа! Сұхбатқа көшелік онда!
Түйе үстінде отырған шал ойланып аппақ сақалын саумалай берді. Ақ кірпігінің астындағы нұрлы кәрі жанарында ой тұнған. Әлден соң түйесін бұрып анадайда иіріліп тұрған топқа қол бұлғады. Аналар не істерін білмей дағдарып тұр.Ахун: - Жүрсеңдер, әй, өңшең су жүректер! Елуі тұрып бес адамнан қорқады-ай! — деп бас шайқады. Бір-бірлеп тыста қатын-қалаштар бой көрсете бастады. Сұржекей,
Бұқабай мелисаларды көріп ит көрген мысықтай жиырылып келеді ауыл еркектері. Алда — Бұлыш. Ол да шық-шыты шодырайып, тістеніп, іштей шиыршық атады. Ортада
тұрған Лабақ ахун мен Асанға жақындай беріп іркілді.
Қалғандары алысырақ тоқтады.
— Ассалаумағалейкум, Ас-еке! — деді Бұлыш. Сұржекей мен Бұқабайды әдейі көрмегенсіді. Асан:
— Ал азаматтар, аман барсыздар ма? — деді ширақ дауыстап.
— Шүкір!
Сол-ақ екен қалың нөкер:
— Ау, өкімет сау болса, біз де саумыз! — деп жамырап қоя берісті. Асан:
— Ал, жігіттер! Жауласқалы емес, елдескелі келдік.
Өкімет атынан келдік. Айтар сөзіміз бар өздеріңізге!
Басшыңызды кім деп білеміз! — деді көпшілікке қарап.
— Басшымыз — Бұлыш, ақылшымыз — ахун! — деп топ аттының ортасынан қызыл бөрікті бүйрек бет жігіт шаңқ-шаңқ етті.
Түйе үстінен Лабақ ахун:
— Уай, Асан балам! Сұхбат дегенді үйде отырып айтар болмай ма?— деді сақалын салалап.
— Ахун бауа! Күллі жұрт естісін деген сөзіміз бар еді..!
— Ләббай, болсын айтқаның! Уай, жиналыңдар түге!
Лабақ ахун ырғайдай арық мойнын созып жан-жағына қарады. Бұ кезде көпшілік онсыз да анталап жиналып қалған еді.
Атын тебініп, түксиіп Әзберген жақындады Бұлышқа.
— Былай жүрші! — деді күңк етіп.
Әзберген мен Бұлыш екі атты болып жұрттан бөлініп шаңытқан далаға қарай шыға берді.
— Құлағым сенде! — деді Бұлыш Әзбергеннің түнерген қабағын жақтырмай. Бұлыш осы пәтшағарды о бастан суқаны сүймейтін. Кедей-кембағал, жетім-жесірге тізесін батырмаса ішкен асы бойына сіңбейтін осы әпербақанды көргенде бұның да арқасы құрыстап қоя беретін. Іштей тиіссе екен деп тілейтін. Тәубасын келтіріп жұдырық сілтегеннің не екенін көрсетер еді. Бірақ
Әзберген өлсе бұған жоламайтын.
— Сен, немене, анау алжығанға еріп шоқынған кәмөнесті тындағалы тұрсың ба? — деді Әзберген дүңк-дүңк етіп. — Оның жыры белгілі, одан да сөйлеттірмей басын қағып алу керек! Оның емі сол!
Бұлыш өңкиген шомбал қара Әзбергеннің түр, әлпетіне бажырайып тіп-тік қарады. Әзбергеннің түк басқан қалың беті бүлк етер емес.
— Сен не көкіп тұрсың?— деді Бұлыш та бұрқ ашуланып. — Бізді баңды етіп, бүкіл өкіметке қарсы коймақсың ба, сонда?
— Кәмөнестің басын алғың келмейді екен ғой... — деп қалың беті түтігіп, қанасына сыймай атын тебініп бір орында шыр айналды Әзберген. — Онда көр де тұр, сенің басынды ертең ол алады!
— "Елдесуге келіп тұрмыз" демеді ме!!
— Шоқынғанға сенім жоқ!— деп ақырды Әзберген, көзі қанталап. Бұлыш мына кәпірдің түрінен сескенейін деді.
— "Сенім жоқ" болғанда не істемек, небары бес-ақ адам?
— Сөйлемесін, керегі жоқ сөзінің! Ортамызда тұрып басынбасын! Бас керек болса кетсін! Жоғалсын!
— Әзберген! — деді Бұлыш ашуын ақылға жендіріп. —
Сен тек өзіңді ойлаулы... Ізімізге ерген ел бар, қатын, бала-шаға бар. Мен соларды ойлаулы...
Осыны айтты да Бұлыш атының басын жиылған топқа бұрды. Бұлыштың ту сыртынан окты көзімен ата қарап аласұрды Әзберген. Әзбергеннің қасына кәнпеске болған Мажанның үш ұлы Мотан, Шотан, Қапандар топ құрап шапшаң жиналып қалды.
Бұлыштың келуін күтіп тұрған Асан бәлшебек атын тебініп ортаға шықты. Жиылған қауым Асанның аузына қарады.
— Ау, жұртым! — деді Асан ашық дауысы саңқылдап.— Ал менің бір сұрамағым бар сендерден!
— Ай, бәрекелді, сұра!
— Сұра! Сұра!
— Ау жүртым, сендер елден қашқанда, өкіметтен қашқанда қайда бармақсыздар? Әлде бас құрап өкіметті төңкермек ниеттесіздер ме? Соны айтындаршы!
Көпшілік гуілдеп толқып кетті.
— Тоқтаңдар, біреуің айтыңдар! — деді Асан бәлшебек.
Ақ түйенің үстінде аппақ сақалын саумалап отырған аққудай ахунға қарады көпшілік. Ахунның сөзі дайын екен.
— Уай, балам! — деп Асанға бағыштап сөйледі. — Уай,
"Үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас, тұғырына саңғыған сұңқар оңбас" деген. Біз хөкиматпен белдесіп береке табамыз деп айтпаймыз. Хөкимат алдымыздағы малдан, аузымыздағы дұғадан, көші-қонмен жүрген еркіндігімізден айырса қазаққа одан артық өлім бар ма? Елден безген бетіміз содан-дүр. Алдымызда не күтіп тұр? О жағы бізге қараңғы.
— Дұрыс айтады ахун!
— Бәрекелде... сөз-ақ! — деген қошемет айқайлар естілді.
— Ахун бауа! — деп тағы айқайлап сөз бастады Асан.—
Бұл ауылдың өкіметке деген үш өкпесін айттыңыз! Енді сол өкпе орынды ма, соны айтайын, ау, ағайын, аздап құлақ сал! "Өкімет малды алды" дедіңіз. Рас. Малды алғаны рас. Бірақ байдың малын алды. Алды да кедей-кембағалдың, жоқ-жітіктің алдына салды. Қалғаны мемлекет мүлкіне айналды. Айналып келгенде ол да халықтікі. Бір ме?! Екінші — "ауыздағы дұғадан айырды" дедіңіз. Халық аузындағы дұғасын тастасын деген заңды көргем жоқ. Екі ме? Үшінші —көші-қонмен жүрген ел едік, "еркімізден айырды" дедіңіз,ахун бауа! Бұныңызға айтар дауым бар! Заман алға озды.Ат жалын тартып мінген киіз туырлықты көшпенділер отарба, айырпланды замана жүйрікке жете алмады. Далақтап артта калды. Ең болмаса мына іздеріңе ерген шиеттей бала-шағаның обалын неге ойламайсыздар!
Осы жерде атымен екпіндеп кимелеп жұртты бұзып-жарып ортаға шыға келген Әзберген қамшымен Асан бәлшебекті қақ бастан тартып жіберді. Асанның кепкасы ұшып түсті. Мандайынан қан саулап берді. Опыр-топыр болды да кетті төңірек. Жаяу жұрт бытырап тұра қашты. Аттылар алысып араласып кеткендей. Тарс-түрс мылтық атылды. Көпшілік ішінде түрған Хансұлудың байқағаны Шегені біреу, шамасы, Шотан болуы керек ат үстінен сыпырып алып жатты. Сұржекей, Бұқабай мелисаларды жігіттер көзді ашып-жұмғанша мылтықтарын тартып алып, қолдарын қайырып байлап тастады. Ждақайды біреу топыраққа аузын былғап бақыртып тепкілеп жатыр. Әзберген Асан бәлшебекті көкпарша сүйреп тақымға ала бергенде, Әзбергеннің желкесінен Бұлыш қона түсті. Лабақ ахунның түйесі үркіп өзі шеттеп шығып кеткен, Оның сөзін ешкім елеп тыңдап жатқан жоқ. Шаңыт аралас қым-қуыт аласапыран. Жаяу халық, ішінде Хансұлу да бар, үріккен қойдай серпіліп анадай жерге барып іркіліп бұрылып қарап тұрды. Асан бәлшебек, Сұржекей, Бұқабай мелиса, Шеге, Ждақайлар қолдары арттарына байлаулы, аузы-бастары қан-қан болып жерде жатты. Енді үрпиген қалың нөкердің алдында, жаяу алысып жүрген Бұлыш пен Әзберген еді. Өзінен бойы да биік, әлпеті де зор Әзбергенмен Бұлыштың айқасын дос та, дұшпан да бірауық қаңтарылып, қызыға тамашалап қалғандай. Бітіспес бір-біріне әзелден өш, түздің ызалы екі тағысы андаусызда жолығып қалып өліспей беріспес жекпе-жекке шыққандай. Шын басшының тағдыры да қазір осыңда шешілетіндей. Екеуі де өлермен, киімдері дал-дүл айрылып жалаң бас алысады. Өңкиген алпауыт тұрықты Әзбергенді, қайың денелі, қабыландай шапшаң Бұлыш айналдырып әкеп бір кезде қалың нөкердің алдына былғап ұрды. Жұрт гу етті. Омырылған теректей етбетінен сұлаған Әзбергеннің қолын жауырына сындыра қайырып арқасына қонжиып мініп алған Бұлыш:
— Әкел жіпті! — деп ақырды дағдарған топқа қарап.
Біреу аттың шылбырын лақтырды. Әзбергеннің қос қолын арқасына байлап болған Бұлыш енді оны әлгі жатқандарға қарай сүйреді. Тура Асан бәлшебектің қасына сүйреп әкелді.
— Әп-бәрекелді! — дей береді Лабақ ахун.
— Шешіңдер қолдарын! — деп жекіді Бұлыш жігіттерге.
Өзі Асан бәлшебектің байлауын шешіп жатыр. Мотан,
Шотан, Қапан бастаған бір топ айқай салды.
— Дұшпанды неге босатамыз?
— Босатпау керек!
— Ат көтіне байлау керек!
— Көздерін жою керек! —- десе, Бүлыштың ісін қолдаған мол нөпір дауыс:
— Бұлыштікі жөн!
— Өкіметпен жаулықтың керегі жоқ!
— Біз банды емеспіз!
— Басымызға тыныштық керек! — десіп айқай салды.
Лабақ ахун да:
— Бұлыш баламдікі жөн! Ақылмен іс қылмақ лазым! — деп жатыр көзін жұма тақуа кейіпке еніп.
Қолдары босатылып ұсқындары қашып орындарынан тұрған өкімет адамдарының алдарына әкеліп аттарын көлденең тартты жігіттер.
— Қаруларын да беріндер! — деп Бүлыш сұсын қадады
Мажан балаларына қарап. Бұлыштан ғана емес көпшіліктен қаймыққан Мажан балалары өкімет адамдарынан әлгінде тартып алған бесатар, нагаңдарын өздеріне қайтарды. Асаңда да, Сұржекейде де, Бұқабайда да, Шегеде де, Ждақайда үн жоқ. Қаруларын алып, үсті-бастарын реттеп ат беліне қонып жатыр. Жел гулеп соғып тұр. Ышқынып азынап ысқырады. Қара арғымағына мінгесін Бұлыш Асанға қарап:
— Асеке! — деп дауыстады. — "Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" деген. Сол айтқан келді. Бір ақымақтың кесірінен біз міне қарабет болулы. Жолымыз енді екі айрылулы...
— Рас айтасың! — деді Асан бәлшебек бетінің қанын сүрткіштеп. — Жолымыздың екі айрылғаны рас. Біз қайттық, ендеше!
Асан бәлшебек атын тебініп қалды. Бес атты саудырап бөлініп шыға келді. Құйрық жалы желбіреген сары айғырдың үстіндегі Шегеден, кетіп бара жатқан Шегеден көз алмай топ арасынан Хансұлу қарайды. Қыздың бүгін байқағаны Шеге өзгерген, өскен. Бұрынғы бала Шеге емес. Құйрық, жалы желге желбіреген сары айғырдың үстіндегі Шеге кенет жалт бұрылып кейін қарады. Топ ішінен назары Хансұлуға түсті. Хансұлу да көз алмай қараумен тұр еді... Бірақ Шегелер ұзай берді.
2 "Өкімет адамдарының'" қарасы үзілісімен ауыл опай-топай үйлерін жығуға кірісті. Бала жылап, ит үріп, түйе бақырып азан-қазан болып жатыр. Бұл кезде Лабақ ахун Әзберген мәселесін де бір жәйлі еткен. Әзбергеннің қолын шештіріп Шотан, Мотан, Қапандарды да шақырып алып ер-азаматтардың көзінше ақ сақалын саумалап тұрып пәтуа айтқан. "Уай, Әзберген ұғлым, бүгін біз Бұлышты басшы сайлап баталастық. Сен батаны бұздың. Арамызға іріткі салдың! Көнсең осы, көнбесең жөнінді тап дейміз. Көп тілегі осы!" деп айтты. Әзберген түнеріп ұзақ тұрып бір кезде: "Айып бізден, ахун бауа!" деді кінәсін мойнына алып. Көпшілік Әзбергеннің кінәсін кешті.
Шай қайнатым уақыт ішінде дауылмен араласып дүрліккен ауыл жүктерін түйелерге артып та тастады.
Ақ түйесіне мініп алған Лабақ ахун:
— Ал, Жаппар Ием, жар болғай! Жорытқанда жолымыз, Қыдыр ата жолдасымыз болғай! Тарт, балам! — деді дауысы саңқылдап.
Бұлыш қара арғымағын текіректетіп жолға түсті. Соңынан тізіліп салқар көш қозғалды.
Көзді буған қым-қиғаш шаңыт әлі ұлып соғып тұр. Көп сексеуілді, арагідік жайдақ құмсақ адырмен күнбатысты шекеге ала отырып, кіші бесін шамасында бір ескі молаға тұмсық тіреді. Ойпаңнан басталып шағын төбе үсті түгел жауып жатқан өңшең төрт құлақты бейіттер. Саздан, қара тастан аралас соғылған. Қасқайып қарап тұрған төртқұлақ тамдар. "Барак ата", "Барақ ата" бейіті деген күбір қашты көшті жағалап. Жағын қызыл орамалмен байлап алған Хансұлу бір топ атты қыз-келіншектердің арасында тұрған. Лабақ ахун бас болып ер-азаматтар домаланып аттан түсе бастады. Жұрттың айтуынша, анау төбе басына таман тұрған кәрі сексеуілдің түбіндегі төрт құлақты мола — Барақ атанікі, одан төмен ойпаңдағы төрт құлақты тас бейіт оның баласы Асаудікі. Ерліктері жырға, аттары аңызға айналып кеткен әкелі-балалы батырлардың бейіттерін Хансұлудың көріп тұрғаны осы. Жырда айтылатын бүкіл уақиғалар көз алдыңда тіріліп, елестеп, жүрегі лүпіл қақты.
Жұрт аруақты бабаның бейітіне жүз беріп тізе бүгіп, бас ие мүлгиді. Лабақ ахун қалың көпшіліктің алдында, жел өтінде ақ сақалы желбіреп отырып әндетіп құран оқыды. Ахунның қазіргі аят оқысы бөлек. Сазды үнін шырқай созып боз інгендей боздап, аруанадай зарлайды. Құлак түбінен ысқырған жел, бас шұлғыған бұта түгел баянсыз мезгілдей жүйткіген опасыз тірліктен хабар бергендей шал үніне үндесіп жадау сыңсиды. Аяттың орта тұсында ахун үні бүзылып қалтырап сала берді. Шал орамалымен көзін сүртті. Сол-ақ екен, қаптап отырған қалың жұрт әйелі, еркегі бар түгел бырсылдап жылауға көшсін.
— Қош, бабам! Қош! Қош! — деп көз жасын сыға отырып ахун аятын аяқтағанда, бордай езіліп отырған жұрт енселерін көтере алмай бірауық қыбырсыз қалды. Кіндік қаны тамған жер — ата жұртпен ауыл осылай жаназаға жиналғандай жылап-сықтап қоштасты.
Батар Күнді бағытқа алып көш тағы салдыртып кетті. Алыс жол, алды қараңғы сапар алдында аңырап дауыс еткен әйелдер жағының да үндері бірсін-бірсін толастап акыры көкірек айыра күрсініспен тыншыды. Жас, кәрі, қатын-қалаш енді неге де болса белді бекем буған түрлері бар. Түйенің итің ырғағы ғана жұртты бір қалыпты тербеп келеді.
Түнде қалың сексеуіл арасына түйелерін шөгеріп, таң саз бергенше көз шырымын алып ауыл елең-аланмен тағы көтерілді. Күн шыға Сам құмының кедір-бұдыр бұйраттарын артқа салып, көш Үстірттің жылмиған тегіс айқай жазығына шықты. Толас таппастай көрінген жел де Алланың әмірімен тыйылып көкжиек далиып кеңіп сала берді. Көліктің белін суыту үшін ғана түсте, кеште байыздағаны болмаса ауыл іркілместен үдере тартады. Қауіптері — артта. Қуғын келіп қалама дейді. Жалтақтап, жауды ылғи осылайша желкеден күтіп келе жатқанда, үшінші күн дегенде жау тура мандай тұстан шықты. Үстірттің тақтай жазығы таусылып, енді бытпылдық құмға келіп кірген еді. Төңіректің бұтасы да іріленіп, өзгеріп сала берді. Қоянсүйек, дүзген, нарселеу тәрізді құм бұталары кезіге бастады.
Келе жатқандары ескі керуен жолы еді. Қазылып төмен түсіп кеткен. Күн нарттай қызарып алыс жал құмдардың басына қона берген шама. Ер-азаматтар бөлек топ болып көштен оқ бойы алда келе жатқан. Алдағы, көлденеңдеп шөккен нардай дүңкіс жотаны айналып өткелі келе жатқан. Сөйткенше, тұмсықтың тасасынан саудырап үркердей бір топ атты шыға келді. Өңшең мылтық асынған сеңсең бөрікті салт атты түрікпендер.
Жүрегі зу етті Хансұлудың. "Қазір атыс, у-шу қырғын басталады. Өкіметтен қашып жүргеңде енді баспашыға жем болдық".
— Иә, Барақ ата! Иә, Бекет ата! — деп шулап қоя берді көш.
Хансұлу да пірлерге жалбарынды.
Көшті көріп түрікпендер аттарының басын тартып тұра қалды.
Көш те іркілген. Елді тонап, қыз-келіншектерін олжа ғып алып кететін аты шулы жауды Хансұлу көзбен көріп тұрғаны осы.
Түрікпендер қиястап жолдан шығып қозғала берді. Әлдене деп қауқылдасқан үндеріне шейін естілді. Өнбойы мұздап сала берді Хансұлудың.
Бұлыш бастаған ер-азаматтар дағдарып тұр. Олар да әккі жаудың мына қылығын ұға алмай дағдарғандай. Бірақ бәрінің көзі қапталдай берген жауда. Шекпендерінің белін қатармен шарт буған түрікпен жігіттері қаз мойын сәйгүліктерін текіректетіп айналып өтіп барады. Бәрінің де бөктерген қоржындары бар. Көшке көз қиықтарын салып өтіп барады. Түйенің пысқырғанынан басқа дыбыс білінбейді. Зар жақ әйелдерге шейін жым болған. Баланың да, кәрінің де көзі — түрікпендерде. Түрікпендердің алдында алааяқ жарау торы үстінде өзінен бөркі үлкен, кішкентай қабасақал кісі барады. Тіп-тік отырысына қарағанда осы нөкердің басшысына ұқсайды.
"Шынымен бір оқ атпай-ақ өткені ме?" деп, Хансұлу
тізгінді қысып қарысып қалған уысын әрең жазып, төңірегіне қарады. Жұртта өң-түс жоқ. Есеңгірегендей қалыпта. Сөйткенше, көш тағы дүр ете түсті. Тағы түгел жау жаққа қарады. Қараса, нөкерлерін алға оздырып жіберіп әлгі алааяқ торы мінген қабасақал көлденендеп тұр екен. Әлдене деп қол бұлғады. Көшке қарап айқайлады. Көп үзамай ауыл азаматтарының арасынан Бұлыш жалғыз шығып әлгі түрікпенге карай жорта жөнелді.
— Жасаған-ау, бұнысы несі?
— Тағы не тапты? — деп әлгі зар жақ әйелдер сарнап қоя берді.
Бұлыш көп тәжікелеспеді. Екеуі де ат үстінде тұрып шолақ ғана тіл қатысты. Содан кейін қабасақал түрікпен нөкерлерінің ізінен желе шауып кетті де, Бұлыш кейін бұрылды. Лабақ ахун бас болып, жұрт назары түгел қара арғымағын шапшаң аяндатып келе жатқан шойын қара жігіт Бұлышта. Бұлыш түсі қатулы. Анадайдан-ақ қамшысын алға сілтеп:
— Тарта беріңдер!— деді. Дауысы қайратты, өжет үкімдей, жұртты жігерлендіріп жіберді.
Көшпен қатар келе жатқан қыз-келіншек тобына Бұлыш хабары жеткен жоқ. Бұлыш түрікпенмен болған әңгімені алдымен ер-азаматтар құлағына тигізді. Көп ұзамай ол хабар әйелдер тобына да жетті.
— Қайдан келіп, қайда бара жатқан көш бұл?— депті түрікпен.
— Өкіметтен қашып Ауған асып барулымыз!— деп жауап береді Бұлыш.
— Өкіметтен қашпау керек, өкіметпен алысу керек, — депті түрікпен.
— Өкіметпен алысар шама бізде жок, — депті Бұлыш.
— Сізде жоқ болса, бізде бар. Шағыл деген құдыққа қарай бұр көшті! Өкіметің көп ұзамай сол құдықтың басында жерленер,— депті түрікпен.
— Бізге әмір етпеңіз, жолаушы! Бұл ауылдың әлі өз еркі өзінде!— депті Бұлыш.
— Әй, қазақ, өкіметтің құрығынан құтылғанмен Ханжөнейттің құрығынан құтылмассың! — деп түрікпен атын тебініп қалыпты. Болған әңгіме осы. Бұл әңгіменің астары жұрттың үрейіне үрей қосты. "Енді өкшеңе жалғыз ғана өкімет емес, тағы бір көкжал — Ханжөнейттің баспашылары да түсті десеңші" деп, көпті көрген кәрілер жағы қапа шекті.
Жол жүрген сайын ұшы-қиыры жоқ біріне-бірі мінгескен жал-жал құмдарға бойлап кіре берді. Тап-таза сусыма құмдар оңында да, солында да қалып барады. Сарғайып, алтын шашақтанып қураған құм селеулер. Құмаршық, дүзгендер. Жантақтар. О заманда бұ заман мал тұяғы тимеген, иесіз қу медиен шөл дала. Күн де қайтадан ысыған. Таңдай құрғатып, қаталатып, бетті жалындай шарпып құм аптабы еседі. Көшкен ауыл енді түн баласында ұйықтарда төбе басына қарауыл қоятын болды. Жолда кездескен бір-екі құдықтан ауылдың мал-жаны түгел қанып су іше алмай тарығып келе жатқанда суы мол бір құдықтың үстінен түсті. Саршейіт деген құдық екен. Төңірегінің түйе жайылатын жантағы да мол. Жұрт жүктерін түсіріп, көлік малды суарып, түгел сол жантаққа жіберді. Ауыл кешті осында батырып, таңғы салқынмен жүруді ұйғарды.
3 Құрамында еріктілер, халық милициясы аралас елу кісі жасағы бар Апанас бастаған отряд қашқан ауылды ескі керуен жолымен қуып келеді. Күн демей, түн демей отрядты алып келе жатқан — Асан Айтжанов. Түрікпеннің Қарақұмына кіргеннен кейін үшінші күн бесін шамасында Асан Айгжановтың көзі жұрттан бұрын алыста құм арасында қылт еткен түйенің мойнын шалып қалды. Отряд сайдан шыға берген. Сайға қайта шегінді.
— Мал көрінді. Ауылға жеттік! — деді Асан бәлшебек дүрбісін оңтайлай берген Апанасқа. Апанас дүрбімен алысқа шұқшиып біраз қарады.
Апанас Ждақай мен Шегені шақырып алып бөлек сөйлесті.
— Анау тау құм басында карауыл түр. Жалғыз адам, — деді Апанас таза қазақша сөйлеп. — Сіздер отрядтағы ең саналы жастарсыздар. Революция атынан бұйрық етемін! Сол қарауылдың дымын шығармай қолға түсіресіздер! Шамаларың келгенінше қолға тірі түсіріңдер! Біз ауылды ұйқыда жатқан таң қараңғысында басып қалуымыз керек. Өйтпеген күнде олар атқа отырып қарсыласып кетсе қан төгіс болады. Ұқтыңдар ма?
Отряд командирінің алдында әскерше тіп-тік тұрған екі бала жігіт, көздері жайнап:
— Ұқтық, жолдас командир!— деп қосарласып жауап берді.
— Бұл сіздердің алғашқы жауынгерлік тапсырмаларың!
Бұлжытпай орындайсыздар деп сенемін! Көп үзамай Ай да туады. Төңірек анық көрінетін болады. Қарауылды қолға түсірген минутында сол төбенің үстінде бой көрсетіп қол бұлғап белгі бересіздер! — деді Апанас.
Командирден бұйрықты алғаннан кейін Шеге мен Ждақай сай-сайды қуалап бұқпақтап алға жылжыды. Әлі тұтасқан қою қараңғы. Селтигеннің бәрі жолыңды тосқан жау сияқты. Екеуінің де жүректері дүрсілдеп кеуделеріне сияр емес.
Былайырак шыққан соң Ждақай сыбыр етті:
— Қасқа бала, қасқиған деген осы...
— Қорқып келесің бе? — деді Шеге мырс етіп.
— Қорықпай... еңгезердей біреу келіп қазір желкеңе қона кетсе не істейсің...
— Жалғыз қарауылдан басқасы ұйқыда... Қорқа берме!!
Аяқ астында сытырлаған шөп.
— Ойбай, сытырлатпа!— дейді Шеге сыбырлап Ждақайға ұрсып.
Екеуінің де көзі түйе өркешіндей үшбүрыштанып аспанға шаншылған құмтөбенің ұшар басында қарауытып тұрған кісі сүлбасыңда. Екеуінде — екі бесатар. Екі сапы пышақ. Болғаны сол. Еңкеңдеп, бүкең-бүкең жортады. Ай тумай тұрып бітіргеңдері — сол қарауыл төбенің иек астына жетті. Басы күрдек үйдей дөңгеленген дүзгеннің тасасында етпеттеп жатыр.
Қарауыл иығында шошайған мылтығы, төбе басында қалқиып әлі тұр. Болмашы қозғалып дүниенің төрт бұрышына сонау биіктен бұрылып қарап қояды.
— Бұл әкеңнің... бүйтіп тұра берсе манайлатпас... — деді Ждақай күйініп.
— ... Күту керек. Әлі уақыт көп таңға шейін, — деп сыбырлады Шеге.
Құмды аймақтың бедері айқындалып қараңғы сұйылып, ұзамай дүниенің бір бұрышында жарты күлше нандай қызарып Ай да туды.
Ждақай Шегені нұқып қалып, иегімен төбе басын нұсқады. Шеге бұта тасасынан ақырын мойнын созып қараса, қарауыл мылтығын құшақтап малдас құрып отырыпты.
— Құдай берді... — деді Ждақай асығыс сыбырлап. — Отырғаны дұрыс болды. "Тынығайын" деді ғой қасқа.
Шеге аспан төріне қарай ысырылған Айға, Ай сәулесі себездеген құм өлкесінің таңғажайып келбетіне карап тамсанды. Түс тәрізді. Жалаң аяқ жүгіргің келеді сол ұлпа құм бетімен. Хансұлу екеуі неге, сөйтіп, осынау Ай астындағы айдаланы кезіп кетпейді?
Қарауылға қарап қойып бұта түбінде бұққан Ждақайдың да іште бұққан өз арманы бар. Ол — Балқия, орта бойлы дембелше келген ақ сарының әдемісі Балқия. Көзі жабайы мысықтың көзіңдей жайнаған сұлу Балқия.
- Ждақай, — деп сыбыр етті Шеге. Қиялға шомып отырған Ждақай селк етті.
— Анау калғып отыр... шамасы.
Ай аспан төріне жуықтаған түн ортасы мезгіл болыпты. Бойды тітіркетіп, селеу басын қозғап түн түкпірінен салқын самал суырылып еседі.
Бұлар төбе басында мойыны салбырап отырған қарауылға біраз тесіле карады. Қарауыл шынында қалғып отырғанға ұқсайды.
Екеуі сәл шегініп төбенің етегіне түсіп бүкендеп айналып жүріп кетті. Бір тәуірі, бүйірлі құмның басындағы кісіге етегі көрінбейді екен. Бұлар құмды ық жағынан айналып өтіп қарауылдың ту желке тұсынан құм төбеге өрмелей бастады. Кесірткедей жер бауырлап жылжиды. Бұл тұстан төбенің батыс ойпаңында Ай сәулесі түсіп тұрған ауқымы тай шаптырымдай алаңда шоғырланған ауыл сұлбасы шалынады. Үйлерін тікпеген екен. Керегеден есекарқа, күрке қалқитқан. Ерттеулі, қаңтарулы аттар тұр.
Еңбектеп, сусыма құмның жотасына да шықты. Алдын ала келісіп алған. Егер қарауыл оянып кеткен жағдайда Ждақай пышақ лақтырады. Тым жақын болса барысша атылып барып Шеге қарауылдың аузын бітеуге тиіс. Қалайда мылтық атпайды.
Қарауыл жас жігіт іспетті. Үстінде — түйе жүн қақпа шекпен. Белінде — жалпақ белдік. Белдікте — оқты қатар. Басыңда — дөңгелек бөрік. Мылтыкқа мандайын сүйеп ұйықтап отыр. Бір нәрсе айтқысы кеп қапталында еңбектеген Ждақай Шегенің құлағына еңкейді.
— Құдай біледі. Мынау Рысбек... — деді Ждақай,
Шегенің құлағына. Шеге ананың түріне жалт қарады.
— Кет әрі... — деді. Көзінде үрей.
"Соның өзі" дегендей Ждақай бас изеді. Екеуі бір ауық арқасы дүңкиіп отырған сұлбаға зәрелері ұшып тосылып қадала қарады.
Шегенің көз алдына Мажанның жылқысын бағатын жетім бала сопақ сары Рысбек кеп тұра қалды. Қара күшке бар, бірақ су жүректеу момын бала еді Рысбек.
Тірі ұстайық... өлтіріп алмайык сорлыны, — деді Шеге алдынан көз айырмай.
— Ұстатса... — деді Ждақай еңбектей түсіп. Енді екеуі де дымдарын шығармай жылжыды. Ұйықтап отырған қарулы Рысбекпен аралық тым жақын қалған еді. Тымық түн ішінен әредікте бұта сатыр-сұтыр ете түседі. Құм тіршілігі белгі беріп қояды. Бұлар ұйықтап отырған Рысбектің қорылын естігенде біріне-бірі қарап бас шайқады. Ұлпа сусыма құмға тіреген қол, тізелері малтығып Рысбектің ту сыртынан таяй берді. Сөйткенше, бұлар күтпеген тосын жәйт болды. Табан астынан жақын селеу арасы дүсірлеп кетті де, қоянның "биқ!", "биқ!" деп шыңғырған үні тымық түнді ап-ащы тіліп өтті.
— А?! А?! — деп қолын сермеп алақтап орнынан ыршып тұра берді Рысбек. Бірақ ту арқадан келіп қалған қауіпті әлі көрген жоқ еді. Дәл осы сәтте Ждақай да, Шеге де тісін басқан қасқырдай секіріп кеп ұзын бойлы Рысбектің арқасына жармаса кетті. Шегенің мылтығы әлгі секірген жерде қалған. Ұмтылған сәтте екі қолын созып еді. Әйтеуір, көздеген жеріне қолы ілікті. Рысбектің қоңқиған мұрны мен аузына алақаны тигенін біледі. Енді бір сәтте жанұшырып айқайлайын деп бұлқына берген жігітті екеуі бүктеп астыға салып тыпырлатып басып алды. Шегенің уысы қатты еді. Қос қолы Рысбектің аузында. Ждақайға жалт қарады. Бұл ұзынтұра жігіттің басына шапшығанда дембелше бойлы Ждақай белінен ала кеткен. Қазір құлаған жігіттің кеудесіне қонжиып мініп алған. Шеге жалт қарағанда Ждақай оң қолындағы сапыны Айға жарқ еткізіп Рысбектің ішіне ұрды. Шеге "Өй!" деп ышқынып қалды, бірақ тамағы құрғап кеткен бе, үні шықпады. Бұның үні шықпаса да, дауысын Ждақай есітті. Үшінші рет жоғары көтере берген пышақты қолын Рысбектің ішіне сілтей алмады. Екі жүзді болат ақ сапы тот басқан темірдей қарауытып тұр екен. Ждақайдың да, Шегенің де назары — қанды сапыда.
Екеуінің астындағы Рысбек біресе жиырылып, біресе созылып жан кеше алмай жатты.
Шеге Рысбектің аузын тұмшалаған қолын жұлып алып ыршып кетіп, екі-үш адым аулақ барып тұрды.
Әлгі қояндар тағы да шыңғырып биқылдады. Бұ жолы үндері бір төбенің астынан, алысырақтан естілді.
Шеге өлгелі жатқан Рысбектің көзіне түскісі келмеді. Естен айрылғаңдай мең-зең сілейген Шегеге қазір аспан айналып жерге түссе де бәрібір еді. Қазір анау ұйқыдағы ауыл оянып бұларды қоршап алып атып тастаса да орынды тәрізді. Әлден уақта Ждақай келіп жанына тізе бүкті.
— Бітті, — деді. Өкінішпен айтты. Ждақайға деген әлгі ашу-ызадан діңкесі құрып құр сүлдері отырған Шеге:
- Неге өйттің? — деді ақырын ғана.
— Болар іс болды. Пышақты қалай ұрып жібергенімді білмеймін... — деп Ждақай ұнжырғасы түсіп төмен қарады.
Таң алагеуім тартып келе жатты. Бойды тітіркетіп әлдеқайдан ескен тоңазық самал бар.
Шеге буыны дірілдеп тұрды орнынан. Алдымен өлікке қарады. Рысбек басын шығысқа беріп құм үстінде шалқасынан жатыр. Басы жалаң бас. Бөрігі домалап кеткен. Бәрігі сонау етекте ноқаттай қарауытып жатыр.
Ждақай қойын қалтасынан боз орамал шығарып таң астына қарай бұлғады.
4 Күллі ауыл түяқ серіппей үйқыға шомғанда Ай астында боз шапаны, ақ сәлдесі қылаңытып шошайып жалғыз Лабақ ахун отырған. Аяттың ара-арасында саусағы жорғалап таспиқ санап кетеді. Көзі жұмулы, көңілі ұйыған. Қанша отырғанын білмейді, әйтеуір жаздың қысқа түні сұйыла бастаған шамада ахун буын-буыны күтірлеп жайнамазын жинап түрегелді. Кейін бұрыла бергені сол, көзі қарауыл бала тұрған төбеге түсті. Төбе үсті жым-жылас. Шал байғүс өз көзіне өзі сенбей шұқшиып кеп қарады. Рас. Төбе үсті бос түр.
— Бұлыш! Ай, Бұлыш!— деп сарнай берді шал қалбалақтап. Бұйыққан тыныштықты шайқағандай шал үні.
Мылтықтарын басына жастап киімшең жатқан ауыл еркектері күркелерінен ытып-ытып шыға келді.
— Аттан! Аттан! — деп ақырды Бұлыш ойнақшыған арғымақ аттың беліне қарғып міне беріп.
Таң астына карай тұра шапқан Бұлышка ілесіп ауыл ер-азаматы қаһарлы қосынға айналып дүсірлете жөнелді. Сөйткенше, алдарынан, таң астынан мылтық шанқ етті. Бытпылдық құмға кіре берген қосын ат басын іркіп шоғырлана қалды. Құм арасында бекінген әскер барып көрді. Сол тараптан айқай естілді.
— Тоқтандар! Кәні, нақақ қан төккілерің келмесе қаруды тастаңдар! Қаруды тастаңдар! — деген айқай таңғы ауаны жаңғырықтырды.
Бұл айқайды шапанының шалғайы далақтап мылтық атылған майдан шебіне қарай жүгіріп келе жатқан Лабақ ахунның кәрі құлағы да шалды. Ызы-шу, қым-қуыт күркелерін жығып түйелеріне жүк артып жатқан қатын-қалаш.
-Иә, Бекет ата! — деп сарнап бебеу қақты ахун байғұс.
— Иә, Барақ ата! — деп дауыстаған әйел үндері құйқа шымырлатады.
— Бас иіп келгенге кешірім бар! — деп жатыр ана жақтан естілген өктем дауыс.
— Тапқан екенсің алдайтын ақымақты! — деп жатыр жігіттер.
— Жігіттер! Бой тасаландар! — деген Бұлыштың айқайы шықты. Жұрт селеулі томпақ қыратты тасалап аттарынан домаланып түсе бастады. Төбе тасасынан тарс-тұрс мылтық ата бастады.
— Бұлыш! Ай, Бұлыш мерген! Мен — Апанаспын! Сөзіме құлақ сал! Қарсыласпа, жұртты бекер қырма! Өз еріктеріңмен беріліңдер! Ант етемін! Жазаламаймыз! Елге қайтарамыз!
Апанастың ұсынысына жауап ретінде шаңқылдап екі-үш жерден мылтық атылды. Бірақ Апанас тараптан оған қарсы оқ жаумады. Жігіттер отрядтың бұл қылығына таң қалды. Бірақ отряд қайта-қайта айқайлап "қаруды тастап, соғыспай берілуін" талап етті. Жігіттер одан сайын ызаға булыға түсті.
— Ай, балаларым-ай... ай, балаларым-ай!.. — деп аса таяғы қолында, анадай жерде зарлап сақалын саумалап ахун тұр.
— Бауа, оққа ұшасыз! Бұғыңыз! — деген айқай-ұйқайға мән берер емес. Ауызында — дұға. Көзінде — жас. Отряд оқ атпаса да бекер жатпаған екен. Кенет жігіттердің оң жақ және сол жақ бүйірінен қырқа астынан:
— Тұс-тұстан қоршалдыңдар! Екі жаққа екі пулемет қойылды!
— Кәні, қаруды тастаңдар! — деген айқайлар ереуілдеп кетті.
— Бұлыш аға, қарсыласпаңдар! Бұлыш аға! — деген Шегенің айқайы шықты. — Бұлыш аға! Текке қырасыз елді! Текке қырасыз!
— Атқа... атқа отырыңдар!.. — деп бұйырды Бұлыш.
Бұлыштың да оңайлықпен беріспек ойы жоқ еді. Сөйткенше, сыртын орап бұқбақтап жүгірген екі әскердің төбесі қылт етті. Бұлыш сығаламай басып салды. Алдыңғысы шортан балықтай шоршып-ақ түсті. Екіншісі де бір жігіттің оғынан сеспей катты. Сөйткенше:
— Атыңдар! — деген каһарлы бұйрыққа іле-шала қос бүйірден қос пулемет сақылдап қоя берді. Сол-ақ екен, төрт-бес жігіт аттарынан сыпырылып қала берді. Аттарға оқ тиіп, шыңғырып, шапшыды. Көзді ашып-жұмғанша иесіз аттар ойнап шыға келді. Пулеметтер сақылдап жатыр. Ию-кию. Айқай-шу. Әркім енді өз басымен кайғы болған зобалаң сәт туды. Қардай бораған оққа кім қарсы тұрсын. Бұлыштың жігіттері бытпылдақ құмға бет алды. Құмға желдіртіп бытырап кашқан көш те кіріп бара жатты.
Ұрыс болған майданның дәл кіндік ортасында әлгі жігіттер бекінген қырқа үстінде қалқиып таң шапағына малынып ақ жалаудай ақ шапаны желбіреп ахун байғүс тұр. Қолында — таяғы. Ауызында — дұға. Қыршынынан қиылып жатқан жастарды өз көзімен көріп тұр. Қардай бораған жау оғы абжыланша ысқырып, аш бөріше ұлып шарқ ұрады ауада. Шал Құдайдан өлім тіледі.
— Иә, тәңірім, жібер ажал оғыңды! Жібер ажал оғыңды мына кәрі қақбасқа! Бұны көзім көргенше күмрә неге болмадым?! Күмрә неге болмадым! — деп сарнайды. Көз жасы сақалын жуды. Әй, бәсе! Түн үйқысы төрт бөлініп бір нәрсеге өрекпіп еді-ау жүрегі. Соны неге үқпады бұ қақбас?! Неге аттан салып ауылды түнде көшірмеді?
О, алжыған! Обалына қалдың елдің! Обалына қалдың?
Шал таяғымен жерді түйгіштеді. Күңіренді, күйреді. Енді біруақ құм арасынан елу шақты салт атты әскер дүркіреп шығып, қашқан көштің соңынан лап қойды.
Төбе басында сарнап тұрған ахунды ешкім елеп іркілген жоқ. Жан-жағынан қиқулап ағып өтіп жатыр. Бордай езіліп боздап тұрды ахун байғүс. Әлден уақытта ес жиып төңірегін шолса құдық маңы ойпат қаңырап бос қалыпты. Оққа ұшқан ат өлімтіктерінің үстіне қарға, құзғын жинала бастапты. Әріректе құм етегінде иесіз жылқылар жүр жайылып.
Ыңырсыған, ыңыранған дыбысты шалды құлағы. Мойнын созып сайға қарады. О, Жасаған Ие! Сайда жатқан бір өліктің басын сүйеп мықшындап жатқан екі кісінің жотасын көрді. Өліктердің арасында жаны шықпаған жаралылар да болғаны-ау.
Шал асатаяғы қолында кең адымдап төбеден түсіп келеді. Әлгі екеудің біреуі егделеу орыс екен. Екіншісі — жас қазақ жігіті. Ак матамен жаралының кеудесін шандып жатыр. Бұны көріп, орыс тілі бұралып:
— А, ақсақал, салам! — деді. Жаралыны тани кетті ахун.
Асан бәлшебек. Жарасы ауыр сияқты. Ыңырси береді.
— Су! Су! — дейді. Докторға көмектесіп жүрген жас жігіт брезент қалтадан Асанның аузына су тамызды. Жаралы Асанның көзі жақындай бере тоқтаған ахунға түсті. Басын шайқай берді. Сөйлесуге тілі келмеді. Өлім аузында жатқан Асанға одан әрі қарауға ахунның дәті жетпеді.
Басын шайқай берді ахун. Бет алды жүріп кетті күңіреніп. Бұ тірліктен безіп өмірді тәрк етіп дүние кезіп лағып кеткісі келді байғұстың.
— О, Жаратқан! О, Жаратқан! — деп сарнап кетіп барады. Қаңғып өлуге кетіп барады. Ендігі лайығы бұл қақбасқа сол қаңғып өлген.
Ойпаңның батыс тұсынан құм арасынан шұбатылып көш шықты. Алқа-салқа көш. Жылап-сықтаған қатын-қалаш дауысы. Көшпен қабаттасып жапырлаған жаяулар, оған іле-шала топырлаған аттылар. Жүк артқан түйелер, айдаған мал ойпаңға нөпірлеп шаңытып құлады. Ахун көшке қарсы келеді.
Апанастың бұйрығымен содан көш кешке дейін құдық басыңда іркілді. Оққа ұшқандардың ішінде біреудің баласы, біреудің әкесі, біреудің бауыры табылып, онсыз да жүрегі жаралы ауыл у-шу азалы дауыс көтерді.
Отряд та со күні түсте қаза болған Асан бәлшебекті және екі жауынгерді, оққа ұшқан ауыл адамдарымен, жерге берді. Аспанға үш дүркін мылтық атып, отряд кешке дейін аза тұтты.
Күн ысуы қайтты-ау деген шамада көш жолға шықты. Кешегі келген іздерімен кейін елге бет түзеді. Көштің дені әйел, бала-шаға, кемпір-сампыр. Қаруларын тапсырып өз еркімен беріліп бала-шағасының қасында келе жатқан ер-азаматтар да жоқ емес.
Мана, көш қаша бытырап құмға кіргенде бір жалғыз үйлі көш жылға-жылғаны қуалап бөлек кеткен. Бұл көш Балқиянікі еді. Қуғын-сүргінді көріп қалған ер мінезді келіншек, әйтеуір, отрядтың құрығынан құтылса, Бұлыштың оны қалайда тауып аларына көзі жеткен. Бұлыш жігіттері өкшелеген жаудың бетін аудару үшін қиястап қаша ұрыс салған. Отряд олардан гөрі айлалы болып шықты. Негізгі күшін Бұлыш нөкерлерін қуалауға қалдырып, бір тобы бөліне шауып көшті қайтарды. Көш қолға түскеннен кейін отрядтың негізгі күші де атысты доғарды.
Қарсыласқанмен, саны да, қару-жарағы да бұлардан әлдеқайда басым отрядтан жеңіліс табатынына көздері анық жеткен ауыл азаматтары сол арада іштей іруге айналды.
Айқай, дау, керіс басталды. Егер Бұлыш басу айтпағанда өзара ұстаса кетуге де бар еді ашынған жұрт. Бүгінгі өлім-жітімді көрген Бұлыш енді іштей шұғыл шешімге келген-ді. Ізіне ерген жұртқа соны жария етті.
— Күші басым жауға салып обалдарыңа қалулымын, жігіттер! — деді Бұлыш иіріліп тұрған нөкеріне. — Енді ұрынсақ қатын-бала көз жасына қалулымыз. Мен сендердің қатындарыңды — жесір, балаларыңды — жетім еткім келмейді. Жігіттер! Бәрің де осы жерден түгел кейін қайтыңдар! Сөз осы! Мен әрі қарай жалғыз кетулімін!
Ат үстінде қаздиып отырған сіреңке қара Бұлыштың түсі түтігіп, көзі қанталап кеткен еді. Бесатарын алдына көлденең ұстаған. Басқаны күтсе де жұрт Бұлыштан дәл бұндайды күтпеген тәрізді. Сең сокқандай теңселіп кетті.
— Менің қайтар жолым кесулі. Мен не көрсем де алдымнан көрулімін. Әмірім — енді бала-шағаларыңа қосылындар! Батам осы. Енді ізіме ергеніңді атамын! — деді Бұлыш атының басын бұра беріп.
— Мәссаған!
— Ау, бізді енді... кімге тапсырғаныңыз, Бұлыш аға!?
— Апанасқа! — деді Бұлыш атының басын бұрып. —
Ол әділ орыс. Айтқан сөзінде тұрады. Кешіреді.
Бұлыш қара қасқа арғымағының басын Балқияның көшіне қарай бұрды.
Жұрт аңтарылып тұрып қалған. Көп ұзамай дау, керіс қайта басталды. Жартысы көштен қалмайтын болды да, жартысы Кеңес өкіметінің қас дұшпаны Әзбергеннің аузына қарады, Сөйтіп, нөкер екіге бөлінді. Үшінші бөлік боп Бұлыш пен Балқия кетті. Бұлыштың жалғыз үйлі шолақ көші сонау көз ұшында қылт етіп қабақтан әрі асқанша біраз жігіттер жалтақ-жалтақ қараумен болды.
Бұлыштың не ойлағаны, қайда бет алғаны көпшілік үшін жұмбақ болып қалды.
5 Көшті алып келе жатқан отряд ұшы-қиырсыз құм мұхитынан екінші күні де шыға алмады. Екінші күні де құм арасында түнеді. Ай әлі тумаған. Сары күздің май тоңғысыз түні. Қоянсүйек бұталары арасына кіріп іркілген ауыл жұрты бұ кезде ұйқыға бас қойган. Оларды қоршап, бөлек-бөлек боп отряд жатыр. Ал отрядтың сыртында тұс-тұсқа қарауыл қойылған. Соның бірі — Шеге. Көзін жұмса көз алдына Рысбек келе қалады. Құм үстінде болған уақиғаны бір сәтке ұмыта алар емес. Ұйықтай алмай екі жағы суалып, көзі кіртиіп кеткен. Содан бері Ждақайды көрсе ит көрген мысықтай жиырылады. Опат болған Асан-ды ойлайды. Өлім туралы түңғыш рет сарылып көп ойланды Шеге. Мана Лабақ ахун Апанастың өтінішімен жұртқа уағыз айтқан. Көңілін көптен торлаған қасіреттің қара бұлты содан нөсерлеп кеп берген. Жұрт бір сәтке атыс-шабыс ауыртпалықты ұмытып шалдың боздау қоңыр әуеніне тербелген. Шеге көз жасын тыя алмай құм ішіне жалғыз кетіп жылады. Жер бетінде бұның мұңын ұғар жан қалмағандай қатты жалғызсырады. Бұны бір түсінсе жалғыз Хансұлу түсінетін сияқтанды. Хансұлумен оңаша сөйлесуді көздеді. Реті келді. Жұрт кешкі асқа қамданып, сапырылысып жатқан кезде бір қаға берісте Хансұлуға бір ауыз тіл қатып, "Түнде күзетте тұрамын. Сені күтемін" деп қалды.
Көп ұзамай Ай туатын сыңайы байқалып, төңірек бозаруға айналды. Жұрт — ұйқыда. Бұл — күзетте. Қыз әлі жоқ. Шеге осы сапарда, әсіресе, кешелі-бүгін Апанасқа таң қалды. Жол-жөнекей таң намазы, бесін намазы кездерінде түйесін шөгере сап жайнамазын құм үстіне төсеп құбылаға бет бұрған Лабақ ахуңды байқап қалса болды, Апанас шапшаң бұйрық етіп көшті іркеді. Әскерді де іркеді. Сөйтіп, Лабақ ахунның және оны төңіректеп сәждеге бас қойған жұртшылықтың намазы аяқталғанша бүкіл елді иіріп күттіріп қояды. Тәртіп сақтатады. Содан Лабақ ахун бастаған ауылдың үлкен-кішілерінің Апанасқа деген көзқарасы күрт өзгерді. "Орыс та болса, бір иманды жан екен!" деп, қариялар отряд командиріне ілтипатпен қарады. Ждақай бастаған кейбір жастар ғана "Мынасы несі командиріміздің, молдаға табынып..." — деп күңкілдеді. Сұржекей сияқтылар Апанасқа: "Бұныңыз қалай, Афанасий Васильевич? Бандиттерді бүйтіп неге құрметтейсіз?" — деп наразылық та білдірді. Апанастың жауабы біреу: "Халықты құрметтеу керек, дәстүрді сыйлау керек", — дейді.
Шеге селк етті. Қараңғы ішінен бір тысыр сезілгендей. Қарауытып, майда басып бір сұлба таяп келеді. Үңіліп қарады. Хансұлу! Рас, соның өзі! Шегенің тілі байланып, тандайы құрғады. Ал енді кайтті?
Майда басып жақындай берген қыз іркілді. Соның өзі. Талдырмаштау сопайған Хансұлу. Шеге қолындағы бесатар да осы сәт шамадан тыс ауырлап кеткендей. Ұстауға ебедейсіз. Өзі де сөлекет қозғалып сөлең етіп, үнсіз тұрған қызға қарай аяқ басты.
Төбеде далиған жұлдызды аспан, табан астында шалқар құм жатқанын жөне сол жалпақ әлем қазір ұйқыда екенін шапшаң ойдан өткізді.
— Хансұлу! — деді дауысы жарықшақтанып, сыбырлағандай. Кісі есітердей емес еді. Бірақ Хансұлу есітті.
— Мен ғой!.. — деді. Үнінен жұмсақ ілтипат сезілгендей.
Шеге қызға жақын келді. Тоқтады. Қыз иығына жұқа шапанын жамылып шыққан екен. Жағасынан бүріп ұстап, бұған төменнен қайқы кірпігі түріліп сүзіле қарап тұр. Қара көлеңке түн де болса Шеге қыздың тік қадалған ағы ақ, аласы ала үлкен сұлу жанарын көрді. Алдында қол жетер жерде тұр Хансұлу. Түн жұлдызы тұрғандай алдында.
Қыз сәл миық тартты. Соңда ғана Шеге өзінің қисынсыз көп тұрып қалғанын байқады. Жүрегімен алысып:
— Жүр... қыр үстіне шығайық! — деді. Қыз бұны үнсіз қоштап қатар қозғалды. Шегенің жүрегі кеудесіне сияр емес.
Жүйрік сезімі дүниені шарлайды. Аяқ астында құрғақ шөп тысыры. Тыныштыққа құлақ түріп жан құйынымен алысады Шеге. Төбеде далиып аспан, шаңытып Құс жолы, төменде кең медиен құм жатыр. Сарғайып сағынған ғашығына не демек? "Неге шақырдың?" десе, не деп жауап катпақ?
Маңдайы жарқырап үр қызындай аяғын ерініп басып келеді Хансұлу.
Төбеге шыққасын да екеуі сол бір ыңғайсыз тұйық қалыпты бұза алмай, бедері айқындала бастаған түнгі құм өлкесіне сәл тосылып іркіліп, назар қыдыртты.
— Отырайық! — деді Шеге күрсініп, иығынан мылтығын сыпырып, ұлпа құмға тізе бүге беріп. Түн аспанының шығыс қапталы ағарып Ай шапағы мол біліне бастаған еді. Жүзін сол тұсқа беріп жанына кеп Хансұлу да жайғасты.
— Ай туып келеді,— деді қыз қиялға шомғандай.
Мұңайып айтты.
— Қазір Ай туғасын... керемет болады құм арасы!— деп іліп әкетті Шеге. — Айлы түн астыңда құм аралап көрдің бе?
Хансұлу тандайын қақты. "Жоқ" дегені.
— Біздің жақтағы Айлы түн бір басқа, мына түн бір басқа... — деп бастады әңгімесін Шеге. Құм бетіне әлденені сызып қырын отырған қыз күлімсіреп әлсін-әлсін жас жігіттің ұшқын атқан жанарына, әңгіме айтқан кездегі өзгеше құлпырған дидарына көз қиығын салып қояды.
Қыз бұрылып қарады.
— Шеге! Одан да... елге барғасын өкімет бізді не істейді, соны айтшы!
— Апанас айтты емес пе? Түк те істемейді. Артельге кіресіздер... Жаңаша өмір сүресіздер...
— Сол-ақ па? Кісінің сенгісі келмейді. Апанастың айтқанының бәрі рас болса...
— Апанас нағыз революционер,— деді Шеге бұ жерде өзінің саяси көзқарасының биік екенін танытқысы келгендей. — Апанас айтса, өтірік айтпайды.
— Сен де ребелсенерсің бе?..— деді Хансұлу.
— ...Кеңес өкіметі үшін күрескендердің бәрі революционер! — деді Шеге. Деді де кенет түйіліп, ойланып қалды. Өз жан сарайына өзі құлақ түргендей жанында бір түйткіл бар. Оны қалай айтар? Оның бетін қайтіп ашар?!
Хансұлу жігітке көзін төңкеріп бір шекесінен қарады. Күлімсіреп жігіттің Ай сәулесі түсіп тұрған қиық мұртты балаң жүзіне шамалы назар ірікті.
Шеге тағы да күрсініп жүзін бұрып қызға карады. Қыздың жұмсақ нұрланған көзіне көзі түсті. Назарын тайдырды. Хансұлудың жанарынан жылы шуақты ғүмырында тұңғыш байқауы еді. Төбесінде шаңытып — Құс жолы, табанында байтақ құм жатқаны түсті есіне. Ойласа, сол әндей шырқаған даңғыраған кең ғаламның кіндік ортасыңда Айдың сүт нұрына шомылып отыр екеуі. Қан аққан жаралы жүрегінің басына шым-шымдап шипалы бақыт тамшысы тамғандай қыбыр ете алмады Шеге. Жан түкпіріне сәуле сеуіп көкірек қуысында рауандап таң атқандай. Тынысы тарылып, жүрегі дабылдап құбылып қайта түлегендей.
— Сұлу!..— деді.
Қыз Ай астындағы ертек дүниесіндей қылаңытып жатқан құм бұйраттарға үнсіз назар жібереді.
Шеге қол созды Хансұлуға. Түңғиықтан алып шықшы деп жалбарынғандай қалпы. Қыздың бұрым ұшынан ұстап көрді. Жүрегі аласүрып кеудесіне сыймай барады... Қыз шашынан бір нәзік иіс, әтір иісі сезіледі. Сол тәтті жұпардан жұта бергісі келеді Шегенің. Екеуі де бір ауық тілдері байланғандай үнсіз қалды. Шеге Хансұлудың қолынан ұстады. Өз батылдығына өзі таңырқады. Қыздың сүйрік саусақтары алақанында... Хансұлу, сөйткенше, тітіркеніп ығысып қалды. Жәудірей қарап, қолын ақырын еппен сусытып босатып алды. Арман құсының әлгінде ғана уысында болғанын зерделеп үлгерді Шеге.
— Кеттім, — деді, шапанының өңірін қос қолдап қымтап тоңазығандай тітіркенген бойжеткен. Бақыттан басы айналған Шеге:
— Отырсай! — деп жалынды қыздың енді іркілмесін біле тұра.
— Жоқ...— деді қыз. Жымия қарап бас шайқап тұр.
Қыз қылығына табына түсті Шеге. Осы сәттің шындығына сенер емес.
Шеге теңселіп орнынан тұрды. Жібек шапан жамылған сұңғақ бойлы қыз майда басып, көлеңкедей жылжып кетіп барады. "Мен сендікпін" деп бара жатқандай ұзай берген сұлбасы.
Түн. Аспан төрінде жүзген Ай. Төбе басында состиып тұрған Шеге. Көкірегін кернеген қуаныштан, бақыттан басы айналып теңселіп тұр.