Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!



бет25/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   35
Сегізінші тарау. Қуану мен қуару

Келесі жылы «Елім-айымның» екінші кітабын журанлдың екі нөміріне шығарып, республиканың түкпір-түкпірінен Шахмина екеуміз қардай бораған хат тасқынының астында қалдық.


Шіркін халық ақ көңілімен ақтарылғанда, ырза болған жүрегінің лүпілімен-ақ іші-бауырыңа еніп кетіп, аға-іні болып та, жеңге, қарындас болып та кең, мол әрі ып-ыстық құшақтарына қысып ала қояды-ау. Көңілі қалаған жанға астындағы атын түсіп бере салатын жомарт қазақтың алғысы мен батасы қандай көп десеңізші. Айдын шалқар көл мен телегей теңіздей десең де мөлшеріне жете алмас едің.
Ол кездегі елдің тұрмысы да жақсы, пейілі де кең еді ғой. «Сәлемдесіп кеткелі әдейі ат басын бұрдық», «Қолыңды бір қысып кеткелі оралдым, балам», «Өзіңді өзімдей көріп, от басыңды, ошақ қасыңды көргелі келдім, інім!» деп үйіме соғып, алыстан жақын боп жетіп бірі аға, бірі іні болып туысып кеткендер тіпті жұмыс орнымнан да тап басып, шаңырағыма бас сұғып жұма сайын есік босатпайтын еді-ау шіркін. Сондайда Шәкем шәйнегін ызылдатып, қазанын көтеріп, дастарқанын жайып тастап бар мәзірін тілектес меймандарының алдына тосатын. Көзінен нұр, езуінен күлкі төгілетін жұбайымның сол бір күндердегі бейнесін көз алдыма елестетсем-ақ бүгінгі орнын сипап қалған күйімнің күрсінісіне көмілем де қалам.
Сол жылғы Жазушылар одағы жылдық қорытынды жиналысы нәтижесімен «Елім-айымның» бірінші кітабы «Жылдың ең үздік кітабы» аталған еді. Соны естігенде Шәкем-Шахминам мойныман құшақтап:

  • Айтпап па ем өзіңе, сен әлі-ақ жарып шығып бәйгінің алдын бермейсің деп. Мен сенің дарыныңның молдығына сенгем. Тіл-аузым тасқа, сенің екі кітабыңа жететін шығарма қазақ әдебиетінде некен саяқ қана. Осымды ұқ та, танауыңды көтермей, қаламыңды жорғасынан жаңылдырмай жаза бер, – деп маңдайыма маңдайын төсеген.

Саған сенем, иланам,
Өзімдегі өзімсің.
Сені Тәңірім сыйлаған
Жанды әлдилер сезімсің.

Мен алмайтын қамал жоқ


Құшағымда сен бар да.
Маңдайда – Күн,
табанда – от
Тарта берем тек алға

Қондырып ап нұр көзге,


Күліп өтем шаттанып.
Тарихта бір кезде
Қалар атым сақталып.

* * *
1980 жылдың 26 ақпаны болатын.


Жұмыста отырғам. Қызыл телефон шар ете қалды. Трубканы зауықсыз көтердім.

  • Маған жолдас Сматаев керек еді.

  • Мен едім ол.

  • Сіз, Сматаев жолдас, ертең күндізгі үште Председательдің қабылдауына келіңіз!

Председательдің бас әріппен айтылғанын сезсем де, кім екенін қайдан ажыратайын.

  • Председательдің? Қандай Председательдің?

  • Кешіріңз. Таныстырмаппын өзімді Мен – Министрлер Советі Председателінің көмекшісімін.

  • Министрлер Советі? Мені қайтеді? – Таңдану да, қобалжу да қабаттасқан дірілді толқын тұлабойымды билеп алып кетті.

  • Кешікпеңіз, жолдас Сматаев! – Дауыс үзілді.

«Неге шақырды? Не істеп қойдым?».
Мүлдем мазам қашты. Өзімнен жастары да үлкен, атақ, лауазымдары да жоғары талай мықты әріптестерімнің Төрағаға айлап емес, жылдап кіре алмай жүретінін білетінмін. Сол берік қақпа маған не үшін ашылмақ?
Жауабы табылмас мол сұрақты арқалап үйге де жеттім-ау.
Мән-жайды естігенде Шәкем қолын шапалақтап жіберіп, мені бассалды.

Көңілім сәл орнына түскендей болды.
«Мынау биттің қабығындай жұп-жұқа қабырғасы бар үш бөлмелі пәтерді ауыстырып бер десем бе...»
Өтінішімді қағазға жазып, папкама жытырдым.
«Кешікпеңіз!»
Неге кешігейін. Дәл үште ұзын да ұзақ дәліздерден өтіп, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасының қабылдау бөлмесіне жүрексіне ендім. Бөлмедегі жігіт өзіме қарсы жүрді.

  • Фамилияңыз...

Айттым. Еденнен төбеге бір-ақ шапшыған қапталды қос есікті ашқан көмекші мені иығымнан итеріп кіргізді. Қарсыма аласа бойлы көзі шақырайған адам шыға келіп, кеудемнен кері итерді.

  • Сіз шыға тұрыңыз. Үлкен кісі келеді.

Зәуре-құтым қалмай артыма бұрыла беріп едім, көмекшінің мені нұқып көрсетіп тұрған саусағын байқап қалдым.
Әлгі адам күрт жымиды.

  • Сәке, төрлетіңіз!

Сөйтіп Төрағаны дәл қасымнан көрдім.
Орта бойлы, кең маңдайлы, ашық жүзді Бәйкен аға Әшімов болып, маған орындықты икемдеді.

  • Адам ойы қандай адасқыш. Мен сізді асқақ бойлы, жасы алпысты қаусырған адам ғой деп елестетуші едім жап. Жап-жас жігіт екенсің ғой.

  • Қартаю қашпас, аға... – күрсіндім білем, Бәкең күліп жіберді.

  • Асықпа қартаюға. Жастықтың жалынын жоғалтпауға не жетсін. КазГу-ді қашан бітіріп едіңіз?

  • Аға, мен Мәскеудің Болат институтын тәмамдағам. Мамандығым – инженер-металлург.

  • Оу, сонда сіз инженер бола жүріп, кітап жазасыз.

  • Жоқ, аға. Инженерлік қойып кеткем.

  • Бәрібір молодецсің! – Бәйкен аға «сіз» бен «сенін» араластырып отырғанын байқамайды. – КазГУ бітірмей-ақ мықты жазушы болғансыз.

  • Бөке, әлде Болмыс, әлде табиғат дарын сыйласа, сол туа біткен таланты жалқаулықты желкеге мінгізбесе әлгі пендеден не ақын, не әнші, не күйші шығарады дейді білгіштер. Менікі де сондай бір хал болар. Өйткені, тағы бір оқымыстылардың тұжырымдауынша ешқандай оқумен, үйретумен қаламгер жасау мүмкін емес тәрізді.

Бәйкен аға сақылдай күлді. Шынай күлкіге мен одан сайын далидым. Папкамнан екі кітабымды шығардым да, үлкен кісінің алдына қойдым.
«Елім-айымның» бірінші кітабын ашып қарады.

  • Қолтаңбаңыз бар екен. Бұрын оқып ырза болғам. Ал мына «Ақжелең» романыңызды үй ішімізбен тездетіп оқып шығуға уәде беремін.

Қайта-қайта бес шұлғыдым. Жазушы бақыты – жазғанының оқылуы, еленуі. Оқырман ықыласына бөленуі.

  • Рахмет, аға, рахмет!

  • Рахметті қайта біз сіздерге айтуымыз керек, Сәке. Дарын иесі – нағыз құдырет. Мүлгіген ойды қозғайды. Қобалжыған кеудені тыншытады, – деді де бетіме қарады. – «Елім-айдың» екінші кітабын қашан оқимыз?

– Биыл шығады. Алғашқы данасын өзіңізге әкеліп беремін, – деп желпіне уәде бердім.
Бәкең сәл жымия басын изеді.
– Лауреаттыққа ұсыну керек. «Елім-айыңыз» – тәуір шығарма.
– Солай сияқты, Бәке.
Бәкең қарқ-қарқ күледі.
– Да-а, жазушыға кейде мақтануына да болады. Мықты дүние туғызғанда, – деп көз қиығын алдындағы сағатқа түсірді. – Маған, Сәке, қандай бұйымдайыңыз бар?
Қипақтап отырып, папкадан өтінішімді алып ұсындым. Төраға қағазға көз жүгіртіп өтті де, бетіме бұрылып қарады. Ағы көптеу көздерден суық сұс білінді.
– Сонда төрт бөлме керек қой.
– Берсеңіз бесеуді де көпсінбеймін, – деп әзілдеген болдым.
Күлген жоқ. Өтініштің бұрышына әлдене жаза бастады.
– Қазір дайын пәтер жоқ. Совминнің салынып жатқан үйі декабрьде бітеді. Соны күтесіз, Сәке.
Мені аяқ астына түлен түрткені.
– Онда аға, тағы алты ай жаз автобуста сығылысып, мына аласа бойыммен, қоламса сасыған талай қолтықты иіскейтін болдым ғой.
– Онда жеке машина сатып алыңыз.
– Оны маған кім береді?
– Совминге арыз жазыңыз, – деп бір парақ қағазды алдыма сырғытты. Мен тез-тез сүйкектетіп, қағазды кері сырғыттым. Төраға көз жүгіртіп барып, тамағын қырнады.
– «Волга» дейсіз, ә. Жорға құнандай жүйткитін «Жугилиді» менсізбейсіз. Жарайды онда.
Бәйкен аға қолын ұсынып қоштасты. Сыртқа мен қанат біткендей желпініп шықтым.
«Қандай алды кең, жақсы адам! «Ұлық болсаң, кішік болды» дәлелдеген нағыз азамат басшы екен ғой. Биліктінің бәрін берекесіз көруді қашан тоқтатамыз? Қандай бақытты заманның қайраткері едік! Түсінді. Шығармашылығымды терең түсінді-ау! Әй, азамат-ақ екен! Қанат байлады-ау.
«Волгаға» үш мың сомым жетпейді екен. Бәйкен ағаға кіріп, машина алатынымды айтып қарыз сұрағанымда, ағаларым қаңсып, тұстастарым тақырланып шыға келгені. «Бізден бұрын бұл неме «Волга» мініп кекіреймек пе?» дейтіндерін ұқтым.
Екі күннен кейін кезекші телефон соқты.

  • «Волгаңызды» қашан аласыз?

– Бәкең маған әзірше «Жигулиге» мініңіз деп еді, – деп міңгірлей беріп ем, трубканы тастай салды.
Сонымен маған «Жигули» ғана бұйырды.
Жаз өтті, қыс түсті. Желтоқсан келді. Бірақ Үкімет үйінен де, қалалық кеңестен де еш хабар-ошар болмады.
Шәкем ғана: «Асықпа. Бір жағдай болар», – деп жүргенде қыс өтіп, көктем жетті. Мамырлап 1981 жылдың 7 майы туды.
Қызыл телефон шар ете қалды.
– Жолдас Сматаев, сағат үште Председательдің қабылдауына келіңіз. Бүгін! Кешікпеңіз!
Саған үште келіп, екінші бір залда бес министрдің қасында кезегімді тосып отырмын.
Жиырма минут шамасында іштен Жұбақаң, бастығым Жұбан Молдағалиев шықты. Мені көріп амандасты. Жүзі сынықтау екен. Сол екі ортада кезекші мені ерте жөнелді.
Баяғы ауыр сұсты есіктер ашылып мені жұтып жіберді.
Ұзын столдың шетінде отырған Бәйкен Әшімов иегімен қасындағы орындықты көрсетті.
Жайлап жайластым да:
– Бәке, мен сізге інілік ырзалығымды білдіріп көп-көп алғысымды айтамын.
– Не үшін? – деді Төраға қатқыл дауыспен.
– Былтыр сіз маған «Жигули» босатқансыз.
– Енді тағы не сұрап, қол жайып келдіңіз?
Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей сілейдім де қалдым. «Міне саған безгелдек! Шақыртқан өзі. Қазақ шақырып алып итті де ұрмайды. Бәкеңнің мұнысы несі?»
– Бәке, мені шақыртқан өзіңіз. Уәде бергенсіз...
– Осы жазушылар-ақ ығыр қылды, әбден. Әлгінде жазушыларға деп қырық пәтер бөлгізсем, бірінші секретарың бізге панель үй керек емес деп кергиді. Сондай-ақ жазушылар құдай ма екен.
Тұла бойымды діріл буды. Осыған дейінгі Бәкеңе деген шаң жуытпас табыну тәріздес, құлшыну іспеттес құрмет тұтуым зым-зия жоғалды.
«Пендеден Тәңір шықпайды екен-ау! Биік тұғыр қолға билік бергенмен, пендеге ізгілік ендірмейді екен-ау! Неге олай? Неге? Неге?»
– Неге үндемейсіз? – деді Төраға.
– Үндегенде... Былтыр декабрьде пәтер берем деп уәде еткенсіз. Ал қазір... неге жақпай қалғанымды жобалай алар емеспін, – деп папкамнан шығарып екінші кітапты алдына қойдым.

  • Совминнің жақында берілер үйі жоқ. Асықпасаңыз біреуі ноябрьде бітіп қалады. Ал, асықсаңыз, әлгінде Молдағалиевқа жазушыларға деп әр министрліктен қырық пәтер бердім, соның біреуін алыңыз. Әйтпесе ноябрьді күтесіз.

– Жақсы, Бәке, сау болыңыз, – деп шығып кеттім.
Екінші рет кездеспеуім керек еді. Сенім шіркін де кейде алдағыш қой.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет