СӨЖ 5 Шернияз – Махамбет, Исатай бастаған халық көтерілісінің жыршысы. 1836—1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық-азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі жердің жетіспеушілігі еді. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы шаруашылығы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі помещиктер мен байлар өзара бөлісіп алып қойған болатын. Қатардағы қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әр түрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.
Ресей помещиктері Юсупов пен Безбородконың Каспий теңізі жағасында көлемі орасан зор жер телімдері болды.Жайық әскери кеңесі Үлкен және Кіші Өзен бойындағы және Қамыс-Самара көлдерінің төңірегіндегі жерлерді өз пайдасына басып алды.Жайық бойындағы жерлерді Жайық қазақ әскерлері иемденді. Қазақтардың кесіп өтіп, жағалаудағы жайылымдарды пайдалануына қатаң тыйым салынды.Далалық қазақтар ішкі жақ бетке, ішкі жақ қазақтары далалық сыртқы жақ бетке өте алмады. Жердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтар жерді Астрахан губерниясының шаруаларынан, Жайық қазақтарынан, жер иеленуші ірі помещиктер мен қазақ байларынан қымбат бағамен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жіберді. Ол өз жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді.Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискальдық қаржы жүйесіне араласпады.
1836 жылы халық көтерілісі басталды. Оның қозғаушы күші қатардағы бақташы қазақтар болды.Көтеріліс туының астына бірқатар старшындар да жиналды. Сұлтандар мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалды немесе көтерілісшілерге қарсы шықты.
Халық көтерілісін елге белгілі беделді батырлар Исатай Тайманұлы (1791-1838) мен Махамбет Өтемісұлы (1803-1845) басқарды.Оның екеуі де беріш руының жайық атасынан болатын.
Исатай Тайманұлы 1791 жылы дүниеге келген.1808 жылы Жайықтың сол жағалауында қатты ашаршылық болған кезде оның руы жақсы жағдай іздеп, Ішкі Ордаға өтіп кетуге мәжбүр болған еді.Исатай 21 жасында өз руының жайық атасына старшын болып тағайындалады.Ол өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді.
Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы болды.Ол татар және орыс тілдерін жақсы білетін. Біраз уақыт Орынбор қаласында тұрған. Махамбет Өтемісұлы белгілі орыс жазушысы әрі этнографы В. И. Дальмен жақсы таныс болды. В.И. Даль Орынбор генерал-губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік қызметін атқаратын. Махамбет саяхатшы ғалым Г.С. Карелинмен де тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Г.С. Карелин әр кездері Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген болатын.Махамбеттің патша әкімшілігінің қолшоқпары хан, сұлтандар мен оның төңірегіндегілердің озбырлығын айыптайтын жалынды жырлары барлық қазаққа таныс.
«Өздеріндей хандардың,
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім,
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім,
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім!», —деп Махамбет халық-азаттық күрестің мақсаты туралы шабыттана жырлады.