Шырағым, қарағым, шырақ, қарындас, iнiшек, ағай, апай, атай, әжей тәрiздi қаратпа сөздер үлкен мен кiшiнiң арасындағы iлтипатты бiлдiредi. Тәрбиелi адамның сiз бен сен сөзiнiң жұмсалу дәстүрiнен жөнсiз ауытқымайтыны да этикет сақтауға жатады.
Сөйлеу этикетiне жататын сөздердiң тiлiмiзде сан алуан түрлерi бар. Тiл жұмсау дағдымызда мұндай сөздердi жиi қолданамыз. Сондықтан болар, бұл сөздер тiлiмiзге еш қиындықсыз орала кететiн оп-оңай нәрседей көрiнедi. Мәселен, амандық сұрасудың еш қиындығы жоқ тәрiздi (Сәлеметсiз бе?... Аман-есенсiз бе?, Армысыз! Сәлем бердiк! Ассалаумағалайкум! Кеш жарық т.б.).
Алайда, бұлардың толып жатқан түрлерi, синонимдерi, варианттары бар. Сондықтан оларды талғап, таңдап қолдануға тура келедi. Олардан туатын ерекшелiктерге мән бермесек, онда сөз қолданысымызда еш мүкiстiк жоқ деп айта алмаймыз.
Амандық сұрасу – тұрмыста жиi айтылатын, құлаққа жиi естiлетiн сөздерiмiз. Бiрақ бұлардағы мағыналық, стильдiк реңк оларды талғап, таңдап өз орайында, өз орнында қолдануды қажет етедi. Мысалы, Сәлеметсiз бе? деп амандасу үлкен-кiшiге, таныс-бейтанысқа, ресми жағдайда да, еркiн жағдайда да қолданыла беретiнiн байқасақ, ал Ассалаумағалайкум! деп амандасуды ауылдағы кейбiр жасы үлкен ақсақалдар ұнатып тұрады.
Әжелерiмiз бен апаларымызға бұлай амандасу қолайсыз жағдайға душар қылады. Немесе мектеп шәкiртi ұстазымен Сәлеметсiз бе? деп сыпайы сәлемдеседi. Мiне, бұл тәрiздi ерекшелiк амандасуға жататын этикет сөздерде мағына, стильдiк өзгешелiктермен қоса әлеуметтiк сипат барын аңғартады. Ал кiшiнiң үлкендерге Сәлем бердiк! деп қолын ербеңдетуi, не жүрдiм-бардым амандасуы тым әдепсiздiкке жатады.
Мұндайда амандық сұрасудың қарапайым этикетi бұзылады. Әрине, сәлемдесу, амандасу адамның бойындағы сыпайы мiнез, iзеттiлiкпен астасып жатса жарасымды шығады. М. Әуезовтiң өзiмiз сүйiп оқитын «Абай жолы» романынан мынадай екi эпизодты еске түсiрейiкшi.
«Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кiсiдей кәлденеңдеп көп, тосып тұрды. Аттылар мұның қозғалысын оқыс көрдi ме немесе таныды ма, аттарын баяу бастыра бастап, жақындап тұстас келдi.
Сол уақытта Абай үлкен ыкылас бiлдiрiп, айрықша бiр тағзыммен төсiн басып, катты дауыстап:
— Ассалаумағалайкум.!.. деп сәлем бердi... Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бiр алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды бiлем... атының басын тежей берiп:
— Уағалайкумәссалам, балам!... – деп тоқтай қалды».
Осылайша кiшiнiң әдеп сақтап, үлкенге ықылас қоя берген сәлемi әрдайым оның кiшiпейiлдiлiгiн көрсетiп, тәрбие-парасатын аңғартып тұрады.
Ал сыпайылықтан алыс жатқан даңғаза амандықты сәлем алушылар салғырт қабылдайды
. «Ендi бiразда ауыз үйдiң есiгi ашылып, қолына қамшы ұстаған, бет-аузын қырау басқан, табанының қары шақыр- шұқыр еткен, аяздаған бiр жолаушы кiрiп келедi екен. Ол кiре бере:
— Ассалаумағалайкум! – деп, мәжiлiске даурыға сәлем бердi. Отырған жұрт бұның сәлемiн тосырқай, жақтырмай, ақырын алды»
. Сәлем – сөздiң анасы. Жылы кейiп, жақсы сөз алдымен амандық-саулықтан басталады.
Сәлемдесу, амандық сұрасу сөздерiнiң бiрнеше синонимi бар екендiгi айтылды. Алайда тiлдiң осындай оралымды мүмкiндiгiн кейбiреуiмiз үнемi ескере бермейтiн тәрiздiмiз. Кейде сәлем алушы басқа сөз таппағандай сәлем берушiнi қайталап жатады. Сәлеметсiз бе? деп амандасқан адамға оның өз сөзiн қайталап Сәлеметсiз (бе)? деуден гөрi «Аман-есенсiз бе?».. деп жауап қату жарасымды болар едi.
Сөйлеу этикетiне жататын сөздердiң бiрi қоштасуға қатысты сөз легi: Сау болыңыз, қош болып тұрыңыз, келесi кездескенше, көрiскенше күн жақсы, жайлы жатып, жақсы тұрыңыз, жолыңыз болсын, сапар сәттi болсын т.б. Ситуацияға орай қолданылатын мұндай сөздерде де мағыналық ренк, айырма бар. Мәселен, бүгiн-ертең немесе таяу күнде кездесетiн, хабарласатын қызметтес адаммен көрiскенше күн жақсы, аман барып, сау қайтыңыз!деп коштаспайтынымыз белгiлi. Ал алыс жол, ұзақ сапарға аттанып бара жатқан танысымызға сау болыңыз! деп қана қою салғырттықты бiлдiредi, сондықтан мұндайда сапар сәттi болсын!, жолыңыз болсын! тәрiздi эмоция, экспрессиясы басымдау сөз орамдарын қолданамыз.
Тiптi сапар сәттi болсын мен жолың болсын дегеннiң өзiнде елеулi айырма барын сөз мәдениетiне жанашыр жазушымыздың бiрi өте орынды көрсеткен: «Алматыдан тоғыз тарау жол шығады. Солардың бәрiнiң жағасында «Сәттi сапар!» деген игi тiлектi жазулар тұрады. Бұл – соның қатарындағы «Счастливого путидiң» аудармасы. Дәлме-дәл аудармасы. Түсiнiктi болғанмен, қазақша емес. Халқымыз жолаушыға «Жолың болсын!» деушi едi. «Сапарың сәттi болсын!» деуге де болады. Тек мынаны еске түту керек: жолаушылап кайту мен сапарға шығу бiр емес. «Сапар жолы – қиын жол» дейтiн мәтел тегiн айтылмаған. Бiрақ әлгi тақтайларды жол бойына орнатқан жолдастардың оны ажыратарлық шамасы болмаған шығар. Ал қолына қалам ұстап, газет-журнал бетiнде бiрдi-екiлi мақала жариялап жүрген, яки жазсам деп талаптанып жүрген адам мойынға бұлардан герi үлкенiрек жауапкершiлiк алуға тиiс» (газеттен).
Сәлемдесу, қоштасуға байланысты сөздер тiлiмiзде мол болғанымен, олардың әрқайсының жұмсалу аясы, қолданылатын орны бар екен. Сөйлеу мәдениетiне ысылған адам ондай ерекшелiктердi аңғара отырып, олардың жiгiн тауып қолданады.
Сөйлеу этикетiне жататын эмоция, экспрессияға аса бай сөз легiнiң бiрi – кұттықтауға қатысты сөздер. Қазiргi өмiрiмiзде қуаныш дара сипатты емес, коғамдық мәнi бар. Қызметтес адамның қуанышты жүзi айналасын жақсы әсерге бөлеп, көңiлiн көтередi. Ондай адамның қуанышына әрдайым ортақтасып, ықылас тiлегiңiздi бiлдiресiз. Әсiресе жасы үлкен кiсiлерден небiр сөз асылын естуге болады. Олар үйленген жастарға «Қосағыңмен қоса ағар!», «Босағаң берiк, шаңырағың биiк болсын!», «Қадамдарыңа гүл бiтсiн», «Нұр жаусын!» деп ақ тiлеу, адал ниеттерiн бiлдiрiп жатады. Шын көңiлден шыққан сөз жүрек тебiрентедi.
Алайда аузымыздан шыққан құттықтау сөздiң бәрi бiрдей жүрекке жол тауып, жарасымды шығып жата ма? Көбiмiзге белгiлi мынадай оқиғаға назар аударайықшы. Өзiмiзге жақсы таныс ата-аналардың бiрi тұңғышының мектеп табалдырығын аттағанын қызық көрiп, көңiл жақын жора-жолдастарын шақырып, сәбидiң тiлашар тойын жасайды. Мұндайда қуанышқа жиналған жұрт құтты болсын айтып, тәттi тiлек, ыстық ықыластарын бiлдiретiнi сөзсiз. Алайда тойға келген жастардың бiр алуаны сәбидi Мектепке баруыңмен! деп құттықтап жатты. Мағына үйлесiмi жоқ, әсер, реңнен жұрдай мұндай күрмеулi құттықтау сәби жүрегiне жеттi ме екен деп күдiктенесiз. Осылайша көңiлге күмән үялап тұрғанда: Қадамың құтты, болсын, құлыным! деп, жүзi балбұл жанған немересiнiң маңдайынан иiскеп айтқан ақ жаркын әже сөзi бәрiнен де мейiрiмдi естiлдi.
Алыс жол, ұзақ сапардан келген, кезектi демалысынан оралған жора-жолдас, қызметтес әрiптестерiмiзбен қауышып, қуаныш бiлдiрiп, көнiлiн аулаймыз. Мұндайда кейбiрiмiз Келуiңiзбен! деп құттықтауды дағдыға айналдырдық. Әрине, қызметтес жора- жолдастардың көңiлiн көтерiп, жақсы әсер қалдыру өте орынды. Керек десеңiз, мәдениеттi адам үшiн аса қажет дәстүр. Алайда Келуiңiзбен! деп үйлесiмi жоқ емеурiн бiлдiру осы ниетiмiзбен қабысып жата ма? Ал ата буын, тiлге ысылған адамның сөз қолданысына ден қойсақ, мұндай жасанды сөзден гөрi Ат-көлiк аман ба, аман-есен келдiң бе?, Аман барып, сау қайттыңыз ба? т.т. тәрiздi тiгiсi жатық, дәстүрлi сөз орамдарын тұтынатынын байқаймыз
Құттықтау сөздер экспрессия, эмоцияға бай болса, сөздiң де әсерлi болатыны белгiлi. Кейде сөздердiң қолдану аясын саралай бiлмесек, ондай әсердi әлсiретiп аламыз. Мәселен, өзiңiз қадiрлейтiн қарияны Пенсияға шығуыңызбен! деп құттықтамас едiңiз. Себебi мұндай сөз орамының (пенсияға шығу сөзiнiң) көбiне ресми стильде, iс-қағаздары тiлiнде қолданылатынын сезiнесiз. Сөзiңiз бейтарап шықпас үшiн Құрметтi демалысыңыз құтты болсын! тәрiздi еркiн сөз орамдарының бiрiн талғайсыз. Пенсия сөзiн құрметтi демалыс деп атап, сөзiңiзге жағымды рең үстейсiз. Бұл– өте орынды талап. Өйткенi құттықтау сөзiне аса қажет эмоция, экспрессиясыз сөз тосын құлаққа салқындау естiлуi мүмкiн.
Алайда эмоция-экспрессиялық әсерге бай екен деп сөздердi талғаусыз кез келген жерде қолдана беруге тағы болмайтыны белгiлi. Екi бүктелiп еңкейiп отырмаса да, кей ерлi-зайыпты жас жұбайлар бiрiн-бiрi шал!, кемпiр! деп отырады. Шалың келдi ме? Кемпiрiң қайда? тәрiздiлердi әзiлi жарасқан құрбылардың айтып отырғанын да ара-тұра естiп қаласыз. Мұндай сөздердi қолдану кейбiреуге тiптi тұрпайы көрiнедi. Әрине, «мына сөздi айт, мына сөздi айтпа», деп, бiреудiң аузына бiреу қақпақ бола алмайды. Мұндай сөздердi егер қатар-құрбы, ерлi-зайыптылар өрескел көрмесе, кемсiту деп түсiнбесе, өзара ғана қолдана беруiне болатын да сияқты. Ал бейтаныс ортада, үлкен-кiшi аралас отырыста, қоғамдық орындарда әлгiдей «iш тарта» айтылған сөздi араластырып сөйлеу жағымсыз эмоция тудырады. Ондайды үлкендi сыйламағандық, кiшiнi елемегендiк деп түсiнедi. Осы тәрiздi бiр алуан этикет сөздер ортамен есептесiп, санасып отыруды талап етедi.
Егер шындыққа жүгiнiп, өткенге көз салсақ, «мықтылар қауымынан» гөрi әйелдер iзеттi ме деп қаласыз. Өйткенi олар еркектер тәрiздi Әй, пәленше!, Әй, түгенше! деп, зайыбының атын атап, Әй-дi қосақтап айтуға ауыздары бармайды. Болаттың көкесi-ау!, Асқардың әкесi-ау! Бiздiң үйдегi кiсi деп сыпайы үнмен сынық сөйлеп отырады. Бұлайша атауға бұрынғы замандағы әлеуметтiк теңсiздiк мәжбүр еткен. Сондықтан болар, әйелiн жек көрiп айтпаса да, бiразға дейiн еркектер «әй» деп сейлеуге әдеттенiп кеткен. Дөрекi бiреу болмаса қазiргi кезде «әй»-дi ешкiм айта қоймайды. «Әй»-дiң заманы алыстаған. Қазiргi заманда ерлi-зайыптылар бiрiн-бiрi қалай атаймын десе өз еркi. Сондықтан да болу керек, отбасында отырғанның өзiнде кейбiреулер бiрiнiң атын бiрi «жеке куәліктегідей» атап отырады. Дегенмен ынтымағы жарасқан отбасының өз этикетiнiң болуы жарасымды емес пе?. «Жаным десе, жан семiредi» дегендей ерлi-зайыптылар бiрiнiң атын бiрi тура атап, «пәленше»,«түгенше» дегеннен гөрi, сыпайылықпен iш тарта атаса несi айып? Ондай жылы шырай, сыпайы рең үстейтiн тәсiл тiлiмiзде бар ма? Ерлi-зайыптылар бiрiн-бiрi қалай атағаны жөн?
Мысалды алыстан iздемей-ақ қояйық. Сонау соғыс жылдарында майдангерлердiң зайыбымен жазысқан хаттарын еске түсiрейiкшi. Сәлем хаттағы «Дүйсенжан, Сейсентай, Бейсеш, Майраш, Жамалжан, Жұмажан» тәрiздi ыстық сөз солдаттың сарғайған сағынышы iспеттi емес пе?
Сыйластығы мол, тату-тәттi кейбiр ерлi-зайыптылар осындай түрде Сәуленi– Сәулеш, Нұрбектi– Нұржан т.б. деп атайды.
Кейбiрiмiз қолдансақ та, кейбiрiмiз елей бермейтiн мұндай жаңамалап атауды от басының әдебiне айналдырсақ, сыйласымға сыпайылық үстемей ме? Оның үстiне кiсi есiмiн бұлайша жаңамалап атау – атты бүрмалау емес. Халық дәстүрiнде баланы кiшкене кезiнен еркелетiгi атау дағдысы бар. Осындайдан барып Құдайберген – Құдыш, Тәңiрберген – Тәкен, Әбдiрахман – Әбiш, Еламан – Елен, Сәдуақас – Сәкен, Сақыпжамал – Сақыш болып, дербес есiмге айналғаны көбiмiздiң қаперiмiзге келе бермейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |