Байланыстырып сөйлеуін тексеру Байланыстырып сөйлеуін тексеру үшін төменгідегідей әдістерді қолдануға болады:
сурет бойынша әңгіме құрастыру.
сериялы сурет бойынша әңгіме құрастыру.
Нұсқау. Суретке қарап, оларды ретімен қойып әңгіме құрастыр.
3. Мәтінді тыңдап мазмұнын айту.
Нұсқау. Мен қазір әңгіме оқып беремін, сен мұқият тыңдап, есіңе сақтап мазмұнын айтып беруің керек.
Мәтін екі реттен көп оқылмайды. Арнайы әдебиеттерде байланыстырып сөйлеудің бірнеше критерийлері қарастырылады. Олар: байланыстылығы, кезектілігі, логикалық-мазмұндық жағы, яғни оның тақырыпқа сәйкестілігі, толықтылығы.
Кейінгі әдебиеттерде (Р.И. Лалаева, Т.А. Фотекова) байланыстырып сөйлеудің қалпы төменгідегідей критерийлер бойынша бағаланады:
мазмұндық тұтастығы – мазмұнның негізгі бөліктері дұрыс кезектілікпен, тақырыпқа сай берілген, себеп-салдары толық ашылады;
әңгіменің лексикалық-грамматикалық өңделуі, дұрыс қолдануы, сөздерді мағынасы, ұқсастығы бойынша шатастыру, алмастырудың байқалмауы, аграмматизмнің болмауы;
тапсырманы өзбетімен орындауы - әңгімені өзбетімен бірден құрастыруы. Көмек көрсетілуі, көмектің түрі.
Осы аталған критерийлер бойынша баланың байланыстырып сөйлеуінің даму денгейі қортындыланады.
Сөйлеу тілін түсінуін тексеру Тексеру барысында сөйлеу тілін түсінуді де анықтайды. Сөздік қорын тексерген кезде бала заттың атын атай алмаса немесе дұрыс атамаса, онда оның сөйлеу тілінің енжарлығын тексеру керектігі, бұрын да айтылған болатын. Сонымен қатар сөйлеу тіліндегі айтылған сөздің мағынасын бала қалай түсінетіндігін ескеру керектігі көрсетілген болатын.
Сөйлеу тілін түсінуін тексерудің ең қарапайым тәсілі — баланың ауызекі бұйрықты орындауы. Мысалы: "Кітапты ал. Есікті жап. Қағаз, қаламыңды ал". Балаға бір сөйлемнің ішіндегі екі-үш қимыл әрекетті бірден орындауды ұсынатын тәсіл қиынға соғады. Мысалы, балаға: "Дәптерді үстелдің үстіне қой, есікті жап, орындықты алып бер" деген сөйлемді айтады. Нұскауды дұрыс орындау үшін бала сөйлемнің ішіндегі сөздердің құрамын және олардың синтаксистік байланысын түсінуі тиіс.
Әр түрлі сөйлемдерді түсінуін тексеру кезінде негізгі назарды баланың жеке сөздерді қалай түсінетідігіне ғана аударып қоймайды, сонымен бірге ол сөздердің сөйлем ішіндегі байланысын қалай түсінетіндігіне де аударады. Сөйлеу тіліндегі кейбір грамматикалық тұлғаларды түсінуін анықтау үшін қолданылатын арнайы тәсілдердің түрлері бар.
Зат есімнің жекеше және көпше түріндегі тұлғаларын түсінуін тексеру. Тексеру үшін біреуінде қалам, екіншіснде қаламдар бейнеленген екі суретті балаға көрсетеді де: "Мына суреттердің қайсысында қаламдар бейнеленгенін көрсет" деп нұсқау береді.
Етістіктің және сын есімнің жекеше және көпше түріндегі тұлғаларын түсінуін тексеру. Тексеру үшін екі бейнелі суретті пайдаланады. Суреттің біреуінде сәкіде отырған бала, екіншісінде сәкіде отырған балалар бейнеленген. Суреттің біреуінде ағаштың бұтағында отырган балапаннын кішкентайлары. Балаға: "Ықыласпен тыңда. Мен қазір бір бейнелі суретті айтамын, ал сен қайсысын айтқанымды көрсетесің: "Сәкіде отырғандар .... Ағаштың бұтағында отырған ...." деп айтады. Егер бала аталған суреттерді түсінсе, онда суретті дұрыс көрсетеді.
Балалардың жалғаулықтарды қалай түсінетіндігін аныктау үшін бірнеше мысалдар келтіріп тексереді. "Кітапты үстелдің үстіне қой да, дәптерді астына қой " немесе "Бүгін ауа-райы қандай екен?" - "Қар жауып тұр, әрі күн суық".
Септік жалғауларды қалай түсінетіндігін тексеру үшін, ең қарапайым тәсілдің түрін қолданады. Мысалы, баланың алдына қаламды, дәптерді, сызғышты қояды да, дәптерді және сызғышты көрсетуін өтінеді. Сосын: "Қаламмен сызғышты көрсет. Сызғышпен қаламды көрсет. Дәптерді сызғышпен, қаламды дәптермен, қаламмен дәптерді көрсет" деген нұскауларды орындатқызады.
Сөйлеу тілін түсіну деңгейін анықтау үшін басқа тәсілдерді де қолданады. Мысалы, балаға логопед екі сөйлемді ауызекі айтады да, соның қайсысы дұрысын қайталауды өтінеді. «Көктемнен бұрын жаз келеді. Жаздан бұрын көктем келеді».
Логопед екі сөйлемді айтады да баладан «Екі сөйлем бірдей ме?» - деп сұрайды: «Бала иттің артынан жугіреді. Ит баланың артынан жүгіреді». Немесе, «Бала иттің артынан жүгіреді» деген сөйлемді анығырақ түсіну үшін: "алдында не жүгіріп бара жатыр?" деген сурақты қояды. Сөйлемнің мынандай түрін де қолданады: "Мен үйге берілген сабақты орындағаннан кейін, мектепке кеттім." Баланың түсінігін байқау үшін "Бала, бұған дейін не істеді?" деген сұрақ қояды.
Жоғарыда келтірілген сөйлемдер тіркестерінің тікелей әсер етуі бойынша түсіну мүмкін емес, себебі олар заттардың, қимыл-әрекеттердің, сапаларының бейнесін жеке оқшаулап көрсетпейді, керісінше олардың ара-қатынасы не тікелей өзгерген сөздермен, не көмекші сөздердің жәрдемімен немесе сөйлемдегі сөздердің ретімен көрсетілген.