ӘДІЛЕТ-ШАПҚАТ Жоғарыда айтылған ж ә у а н м ә р т л і к ілімнің бір көрінісі — Әділет екендігін байқадық. Содан тарайтын шапқатпен адамдардың бір-бірлеріне деген мейірімдері көрінбек. Ұлы Абай осы мәселелерді өзінің көсіле толғанып жазған 38-ші қара сөзінде толып жатқан инабаттық (этикалық) сипаттармен салыстыра қарастырып, аса терең рухани ұғымдарға үңіледі. Өз уақыты үшін тым биік те аса көрегендікпен жаңа тұжырымдар жасайды. Мәселен, ол осы 38-ші сөзінде: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім?! Сіздерге адам ұғымының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (ескерткіш) қалдырайын. Ықлас-бірлән оқып, ұғып алыңыздар, жаның үшін махаббатың толады. Махаббат ‑ әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер-бірлән.Мұның табылмақтығына себептер ‑әуелі х а у а с с ә л и м (ішкі сезім, жақсы сипат) һәм т ә н саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.Талап, ұғым‑махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттан дырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен, яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздейтіндей болғанша», — түбегейлі нәрселерді түре айтып, күллі педагогикалық тәлім мен тәрбиенің негізгі әдістеріне жөн сілтейді. Бүкіл шығыс мәдениетінің терең сезімталдық (хауас) пен ойшылдыққа құрылған ілімдері мен ойын өрнектеп және замана өзгерістеріне лайықтап жетілдіріп те отырады. Абайдай кемеңгердің педагогикалық еңбектерінен, иісі Түркі халықтарынан шыққан ғұламалардың еңбектерінің ізін көріп, Фараби мен Баласағұн шығармаларын тебіренген тереңдікпен зерттегендігін байқау қиын емес. Сондықтан да оның ұрпағына сыр ғып қалдырған, «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» дейтін мұңға толы өсиетінің сипаты да, сол өзінің алдыңда өткен ілімдерді түбегейлі зерттеп білгендігінде жатса керек. Осы айтылғандардың айқын айғағындай, тағы да Абайдың өзін тыңдап көрелік: — «Қашан бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты — а д а м болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат (пайдалыны алу) ....дәфғы музарратларны (залалдыдан қашу), айырмашылық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады.Болмаса жоқ... ең болмаса шала Арың үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, иә ол балалары өздері барған болады — бірақ ешбір бәһра (пайда, нәтиже) болмайды. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқатқа да (нану, сену), қиянатбірлән (қиянатшыл) болады. Олардың адамшылығының кәмеләт (жетілу, толығу) таппағы — қиынның қиыны...»1 — дей келіп, соншама үлкен тәлімдік тұжырым ұсынады да, телегей теңіз тереңдікте жатқан тәрбиенің мәнін суыртпақтай түсіп: ‑«...Себебі, алла тағала өзі ‑ хақиқат жолы. Хақиқат бірлән растық ‑ қиянаттың дұшпаны, дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде ‑ өзге махаббат тұрғанда — хақылықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады...» ‑ деп, біз ұсынып отырған жүрек тәрбиесінің жүйесі ғана жетілдіретін инабат пен имандылыққа қоса, физиологиялық әр кезеңнің өзіне тән тәлімі мен тәрбиенің ақ жолын көрсетіп отыр. Жалпы, Абайдың тәрбие жайында жазылған басқа еңбектерін алмай-ақ, тек осы 38-ші қара сөзінен ғана, тылсым сыры мол ғажайып зерттеу кітабының жазыларына күмән жоқ. Міне, сол зерттеу кітапта Түркі елдерінің халық педагогикасының ерекшеліктері мен Фараби ілімдерінің астасуы және оны түркі елдерінен шыққан ғұламалардың қалай дамытқандығын егжей-тегжей таратылып айтылатындығына сенгің келеді. Әрине, ол келешектің ісі, әйтседағы ұрпағының ұлттық тәрбиесін қалыптастыруға ұмтылыс жасап жатқан халқымыз, Абайдың педагогикалық мұраларына сипай қараудан тез арада тыйылған жөн дер едік.
Абайдың бүкіл өмір жолын зерделей қарасақ, ол айтқан ойлары мен сөздерін, іс жүзінде асыруға ерекше күш салған. Соның бір айғағындай, оның өз кіндігінен туған балаларын сонау Семей қаласындағы, жаңаша білім беретін мектептерге беріп оқытуы дер едік. Абайдың кіші ұлы Мағауия мен қызы Гүлбадан Семейдегі орыс мектебінде оқыса, үлкен ұлы Әбдірахман Петрбордағы артиллериялық училищені оқып бітіреді. Осылайша, ол өзінің іс-әрекеттерімен де айналасына үлгі шашып, қара нардай сахарада шөгіп, қараңғылықтың құрсауында жатқан елін, үнемі оқу-білімге шақырумен болды. Өзі өмір сүрген заманына және уақытына лайықты ұлы ғұламаның осы талпыныстарының берген жемістері де аз емес екенін әділетпен айтқанымыз жөн.
Абайдың ағартушылық жолындағы жасаған екінші бір пәрменді үлгісі, өзінің айналасындағы талапты жастардың бастарын біріктіріп ашқан «ақындық мектебі» еді. Бұл мәселені де, кезінде жан-жақты зерттеп, бір жүйеге келтірген, ғұлама-жазушы М. О. Әуезов болатын. Белгілі ғалым М. Мырзахметов өзінің «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» атты монографиясында, бұл мәселені барынша тереңдете көрсетіп, көптеген жаңа пікірлер айтады. Осы кітапта: ‑ «...Бұл тұста Абаймен күнделікті тұрмыста тікелей араласып, көркем шығармалар жазған ақын шәкірттері ретінде ‑ Көкбай (1864-1927), Әріп (1856-1924), Ақылбай (1868-1904), Мағауия (1870-1904), Бейсенбай (1880-1934), Әубәкір (1880-1934), ‑ сияқты алты ақынды атап көрсетеді. М. Әуезов өзінің 1944 жылғы тезистерінде, осы аттары аталған алтауын Абай дәстүрін жалғастырушы талантты шәкірттері деп бағалаған.
Осыған қоса, «Абай жолы» эпопеясынын кейіпкерлеріне айналып кеткен бір топ өнерлі жастар бар. Абайдың маңайына үйірілген осы өнерлі топтың ішінде шәкірт ақындар мен бірге ақын шығармаларын, әндерін даралап танушылар, ел ішіне оны әр түрлі жолдармен таратушы өнерлі жастар ретінде Көкбай, Ақылбай, Шұбар, Мағауия, әншілер ‑ Мұқа, Мұхамеджан, Әлмағамбет, Әйгерім, ертегіші ‑ Баймағамбет және Кәкітай, Әбіш, Уәйіс т. б. толып жатқан эпизодтық кейіпкерлер әрекеті беріледі»1, — деп ғалым һәм жазушы Мұхаңа (М. Әуезов) сілтеме жасай отырып, «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымның ішкі сырларына үңіле түседі.
Жалпы, Абай өзінің айналасындағы өнер қуған шәкірттерімен білім, ғылым, өмір көріністері мен тұрмыс тәлкектерін, адам мінездері мен кісілікке лайық келбеттерін шешіле талдап, тежеусіз пікір алысуды үнемі жетілдіріп отыруға тырысқан. Сонымен қоса, Абай шәкірттерінің ыңғайларына орай, өнердің сан-сала жолдарын арнайы тапсырып, олардың осы салаға бейімделе білім жинауына көмектесіп отырған. Мәселен, шәкірттерінің біріне ‑ шығыс ойшылдарының еңбегімен танысуды жүктесе, екіншісіне ‑ батыс мәдениетіндегі өнер мен әдебиеттің даму бағыттарына зер салуды тапсырады. Мұның өзі, келе-келе әрбір отырыстың мәнді де, терең сипат алуына барынша ықпал ететін болған. Осындай отырыстар ұстаз бен шәкірттердің ашық сырласуларына әкеліп, шын мәніндегі ұстаздықтың үлгісін нәрлендіре түскен. Кейінірек мұндай сәттерді кейде ауыл адамдарының ортасында өткізетін болған. Бұл да тәрбие бағытындағы Абай тәлімінің бір саласы екенін атап айтқан жөн.