§ 3. АБАЙДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
«Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге.»
АБАЙ.
Кілт. Абайдың педагогикалық, еңбектерін дұрыс түсініп игеру
арқылы ғана, шынайы халқымызға тән тәлім-тәрбиеміздің қайнарынан қанып ішуге мүмкіндік ашамыз. Сонда ғана, Абайдың ұрпағына өсиет етіп қалдырған «мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деген сөзінің мәніне түсінеміз. Ол үшін аз-көп Абай заманының алдыңда өткен ғұламаларға сәл ғана болса да үңіліп көрелік.
Күллі адамзат қауымында өткен, ақыл-парасат алыптарының ішінде, ой кермегін татып, тіршілік тұңғиықтарын ұғынған сайын, өздерінің кемелдеріне жеткен кемеңгерліктерін ұрпақ тәрбиесіне арнамағандары аз. Сонау, көне дүние данышпандары: Сократ та, Платон да, Аристотель де төрткүл тіршіліктің тылсым сырларын шешкен ата-бабаларымыз — Әбунасыр әл-Фараби, Әбу Абдолла ибн-Мұса әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, Ғаббас ибн-Сейд әл-Жауһари, Әбу Әли ибн-Сина, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Тарағай Ұлықбек, Ғұламаһи Дауани да мектеп ашып, шымырлай акқан ой құдіретін ұрпақ тәрбиесіне бұрған. Олай болса, ұлы ойшылдардың қол созған мұраттарының тірелер жері, тікелей адам тәрбиесімен астасып жатыр. Тіпті, кешегі өткен — Декарт, Локк, Ян Каменский, Ж.ЖРуссо, Л. Толстой да тәрбие саласына бар жиған-терген толғаныстарын, тіршілікпен тікелей жалғасу үшін, екі түрлі арнаға — педагогика мен психология ‑ салаларымен үндесе қабысуға мәжбүр болған екен. Осыдан келіп, кемеңгерлікке жеткен жанның қос қанаты — ойшылдық пен ұстаздық ‑ бірін-бірі толықтырып, ғажайып үндестікке жеткенін аңғарамыз. Міне, осындай ойшылдардың бірі—қазақ халқының ұлы данышпаны Абай (Ибрагим) Құнанбай баласы екені анық.
Жұмбағы мол, асылы көп еңбек. Жалпы ғұлама Абайдың философиялық-психологиялық және педагогикалық көзқарастарын сөз еткенде, ең негізгі де көмескі жатқан сауалдың шынайы жауабын ашып алуымыз қажет сияқты. Ол бүгінгі таңға дейін айтылып та жазылып келген: ‑«Абай арнайы философиялық және педагогикалық шығармалар жазбаған еді» — деп басталатын тұжырымдар дұрыс па? Әлде, бұл ұғым жалтақтықтан туындап келген, жабатоқыған жайдақ пікірме? Әуелі осы жағдайды анықтап алған жөн.
Ол үшін, адамзат қауымына кеңінен белгілі кемел ойшылдардың еңбек ету ә д і ст е р і мен ой толғаныстарын жеткізген жазу үлгілеріне көңіл аударып көрелік.Мәселен, ойшылдардың атасы—Сократ өз ойларын сұхбат түрінде жетілдіріп, тіпті көбінесе қағаз бетіне түсірмеген де ғой. Сонда оның жазбаша еңбектері жоқ, философ емес деп кім айта алар екен? Сол сияқты Платон мен Аристотель де, өздерінің ой тұжырымдарын бір-бірлеріне ұксамайтын формалар мен үлгілерде берген. Немесе, шығыстың ұлы ойшылдары әл-Фараби мен ибн-Синаның шығармаларының түр-тұлғаларына да көңіл аударсақ өздеріне тән ерекшеліктерімен жазылғандығын байқауға болады. Осы аталған данышпандардың қай-қайсысы да, өз ойларын бұрын-соңды ешкім де пайдаланбаған жаңа түр мен үлгіде жеткізуге тырысқан. Бірақ, олардың өзіне тән жазу үлгілеріне қарап, «философиялық немесе психологиялық шығармалар жазбаған» деп айтуға ешкімнің де дәті жетпеген. Тіпті, олай деудің өзі — нағыз есерсоқтық болар еді?!
Ендеше, ұлы Абай да өзінің философиялық, психологиялық және педагогикалық еңбектерін ешкімге де ұқсамайтын үлгіде, өзі ұнатып тапқан формаларда жазып отырғанын түсінетін мезгіл жеткен тәрізді. Тіпті, қазіргі кездегі жазылып жүрген жаман-жұтық, құрап-сұраған докторлық диссертациялар, Абайдың бір қара сөзінде ғана айтылған мазмұнның шылауына тұрар ма екен?!.Оның үстіне, осындайлар өзі жығылып жатып, Абайдың еңбектеріне, жалтақ та нәрсіз ұғым тастап, жоғарыдағы айтылған пікірлерді қалыптастырған еді. Оған арамдығы мол, астары сұмдық әділетсіз заманның да ықпалы болмай қалған жоқ. Енді, өз еркіндігімізді алып егеменді ел болғаннан кейін де бүгежектей бергеніміз болмас. Еңсені көтеріп, есті жинайық, ұрпағының келешегін ойлайтын зиялы қауым! Мәселен, Абайдың «ғақлия» түрінде жазылған 3-4-7-19-25-32-37-38-ші қара сөздерін, педагогикалық шығармалар емес деуге қандай қақымыз бар. Егер дәлелді болу үшін, осы тектес еңбектермен танысқыңыз келсе, әлемге әйгілі ағылшынның ойшыл-педагогы Джон Локктің шығармаларымен салыстырып көруге болады. Әрине, ұлы ойшылдардан қаз-қалпында қайталанатын дәлме-дәлдікке жақын ұқсастықтар табу мүмкін де емес. Әйтсе де, жазылып қалған еңбектерінен үндестіктерге толы ойлар мен деректі үлгілерді байқамау да қиын.
Мысалы, Джон Локк (т. 3, § 34, стр. 432, М., 1988): «...Большая ошибка, которую я наблюдал в деле воспитания детей, заключается в том, что родители редко уделяют достаточное внимание тому, чтобы сделать душу ребенка послушной дисциплине и разуму, как раз в тот наиболее подходящий для того период, когда юная душа наиболее нежна и легче всего подвержена воздействию...» — деп толғана тебіренсе, Абай өзінің «Оныншы» қара сөзінде: «...Әуелі баланы өзің алдайсың; Әне, оны берем, міне, мұны берем деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра, балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп тауып алып, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?..» — деп, нақтылай түсіп, тіпті көзге ұрғандай етіп дәлдеп айтылған сөз ғой. Мінеки, екі ғұламаның тәрбие қақындағы сөздерінен нағыз ұстаздықпен айтылған пікірлерді көрдік. Әлемге әйгілі ойшыл-педагог Джон Локктің пікірімен шендесіп те, тіпті, одан тереңдеп те айтылған Абайдың осы еңбегін көріп тұрып, «арнайы жазылған педагогикалық шығармасы жоқ» дегенді, кезінде мәніне жетпеген ж а й д а қ айтылған пікір екендігін батыл түрде айтуымыз керек.
Ұлы Абайдың даналығын тануда әлі күнге дейін, ашық айтылып батыл түрде талданбай жүрген, оның өзге ойшылдардан оқ бойы оқшау тұрған, өзіне тән ерекшеліктерін даралай көрсетіп айтуымыз керек. Бұл жерде, біз мұны айтқанда да тезис түрінде ғана, барынша қысқа етіп тоқталуға мәжбүрміз. Әйтпесе, мұның өзі де ұзақ әңгіме.
Біріншіден, Абайдай данышпанның ешкімге ұқсамас шәкірттік ғұмыры дер едік, екі жыл — ауыл молдасында оқыса, үш жыл — медресе қабырғасында болады. Бар болғаны он үш жасында қайыра ауыл адамдарының ортасына оралады. Екіншіден, оның өмір сүрген ортасының өзі, бұрын-соңды өткен ешбір ғұламалардың тіршілігіне ұксамайды. Өйткені, адамзат тарихындағы ірі тұлғалардың барлығы да, университеттік білімдерімен қоса, күнделікті араласып отырған білімпаз орталары болған. Үшінші, жалпы әлеуметтік деңгей мен отарлық сипаттағы қоғамдық ортаның зұлымдыққа толы жан төзгісіз ерекшеліктері және жаппай сауатсыздықпен қараңғы жатқан халықтың дәрменсіз күйі дер едік. Ал, Абай болса сол үш кластық медресе оқуынан кейін, сонау феодалдық дәуірдегі қарадүрсін пенделердің ортасында өмір сүрді. Ол сол ортаның тас қараңғы зұлматынан серпіле шығып, бүкіл айналасындағы түн-түнекті сейілте нұрландырып қана қоймай, оған ақыл-парасатқа толы адамдықтың ұрығын еккен ғұлама еді. Ол өзін-өзі тәрбиелеп жетілдірумен, ойшылдық білім мен ілімнің көптеген салаларында, аса биік мұраттарға жеткен кемеңгер.
Міне, осыдан келіп Абай нәр алған данышпандықтың бастауы неде? Қайнар көзі қайда? Осындай сауалдарға қысқаша болса да жауап іздей отырып, оны ұлылыққа ұмтылдырған тәлімі мен тәрбиесін сөз еткен жөн. Сондағы, ең әуелі шоқтығы биік болып көрінетін құдіреттің бірі — осы біздер тәптіштей талдап отырған х а л ы қ педагогикасының маңызы мен мәнінде жатқандығы айдан анық. Осыншама мол қазынаның ішінде, ұрпақ тәрбиесінде ала бөтен орны бар, халқымыздың болашағына арнап қалдырған аксиомалық ұғымдары еске түседі. Соның бірі — «Алып анадан туады» ‑ дейтін тылсым сыры әлі ашыла қоймаған ұлағатты сөз бар. Абай феноменінің бірі болғанда да — бірегейі осы болса керек. Ол анасының құрсағында — жүрек тәрбиесі —.жетіліп туған алып екендігін қадап айтқымыз келеді. Тіпті, бұл жүрек тәрбиесі хақындағы ұғымымыздың — мысалы ретіндегі баламасы деуімізге әбден болады. Өйткені, Құнанбайдың төрт әйелінің ішінде, тек осы Ұлжанның балаларының ғана бағасы бөлек?! Басқасын айтпағанның өзінде, бір Абайдың өзі-ақ көп нәрсені терең ойлануға жетелейді. Оны дүниеге әкелген мейі-рімді Ананың парасатымен, бауырына басып тәрбиелеген дарқан мінезді Әженің шапағаты, жүрек тәрбиесі оянып келген сәбиді, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық тәлімнің алтын бесігімен тербей отырып ержеткізгенін көруге болады. Осы уақыттарға дейін зерттеліп жеткен деректер де, Абайдың туған анасы — Ұлжан да, адамдықтың алғашқы әліппесін үйреткен әжесі — Зере де, аймағына аттары аңыз боп кеткен, аса аяулы, инабатты жандар екен. Осындай аналардың бауырында өскен зерделі сәбидің ақыл тәрбиесі де — бесік жырынан бастау алып, халқымыздың ұланғайыр фольклорлық әдебиетінің айдынында кұлаш ұрғанын білеміз. Абайдың балалық шағында ерекше әсер еткен, сол тұстағы халқымыздың сөз өнерінің асқар шыңы — Дулат-жыраудың берген тәлімі де аз болмаған. Кейінірек, даналыққа жеткен Абай мен Дулат творчествосының үндестіктерінде ғажайып үлкен сыр жатыр. Оны талантты ғалымымыз Қ. Өмірәлиевтің «Қазақ поэзиясының жанры және стилі»1 атты ғылыми монографиясынан оқып білуімізге болады. Мінеки, кысқаша ғана айтқанда, Абай тұнығынан канып ішкен, бастаулардың алғашқы көздері осылар. Жалпы, Абайды тәрбиелеген өмір мектебінің шынайы көріністерін, заманымыздың заңғар жазушысы ойшыл-ұстазымыз М.О.Әуезовтың «Абай жолы» атты эпопеясында барынша терең тебіреніспен жазылған. Бұл еңбек қазір адамзат игілігіне айналып отыр.
Абайдың өзі де ес біле бастағаннан-ақ шәкірттікке жан-тәнімен беріліп, тәрбие мен тәлімге ерекше ынтызарлық танытады. Оның балиғат жасына жаңа жеткен балалық мінәжатына құлақ түрсек:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдоуси,
Хожа Хафиз — бу һаммәси
Мәдәт бер шағири' фәрияд2
(1. Ақын. 2. Тілек, сыйыну)
деген үнінен тәлімге тәнті әппақ сезімдерін аңғармау мүмкін емес. Ол шынайы сүйіспеншілікпен тәрбиелі болуға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның осынау бір инабат пен имандылыққа деген саналы кұштарлығы, уақыт озып жасы ұлғая келе дария-шалқар ұстаздық парасатқа ауысады. Абай өзінің телегей теңіз ұстаздық даналығын сөз өнерімен көркемдеп, әуелі өлең сөздің — патшасы арқылы ұсынса, кейінірек ғақлия үлгісінде қара сөзбен өрнектеуге тырысқан. Ол өз бойындағы білім мен ілім жолындағы тәлімінің аздығына өкінішті екенін де жасырмаған:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Адам баласының тіршілігіндегі тәлім мен тәрбиеге ерекше мән беріп, өмірінің ақырына дейін өзінің ағартушылық міндетін терең сезініп өткен. Ол өзінің жазып қалдырған педагогикалық еңбектерінде ойларын жалпылама айтпай, саралай бөліп салалай жіктеп көрсетуге ерекше мән берген.
Мәселен, «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба», — дей келіп, адам мінездеріне жақсы да, жаман әсер ететін сипаттарды тарата жіктеп даралай түсіндіріп береді. Поэтикалық сөз қуатының күші мен тұжырымдарын топтастыра жинақтап, «Бес нәрседен қашық бол»: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, саусақпен санағандай: «Бес нәрсеге асық бол»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой дейді. Мұнан артық нақтылық, бұдан терең тәрбиелік сөзді табудың өзі қиын. Жалпы, Абайдың педагогикалық көз-қарастарында инабат (этика) қатегорияларын даралай көрсетіп талдауға тырысқанын байқау қиын емес. Оның өзіне тән жазу үлгісі де осы мақсаттарын аша түскен. Ендеше, Абайдай ғұлама ұстаздың өзі ұсынған жолымен жүруге тырысалық.
Достарыңызбен бөлісу: |