Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартты. Оның біріншісі – барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен “бір+бір” формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы – Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.
1992 жылдан бері Қазақстан тек қана халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде қабылданып қоймай, сонымен бірге онда өзінің лайықты орнын таба білді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы
1992 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің, қорларының және бағдарламаларының өкілдіктері жұмыс істеуде. Олардың қызметі техникалық, кеңес және қаржылық көмек көрсетуге бағытталған.
Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Қазақстанда келесі 15 ұйымы жұмыс істейді: Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Халық қоныстану қоры (ЮНФПА), БҰҰ есірткі және қылмыс мәселері жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЖКББ), БҰҰ Еріктілері (БҰҰЕ), Әйелдер қоры (ЮНИФЕМ), Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), БҰҰ өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО), Дүниежізілік Банк (ДБ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), АТҚБ/ЖТҚБ жөніндегі БҰҰ бағдарламасы (ЮНЭЙДС) және Қоғамдық ақпарат жөніндегі департамент (ҚАД).
Қазақстанның БҰҰ жүйесі жұмысына қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі, ол елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізіп, әлеуметтік-саяси, экономикалық және қоғамның т.б. салаларында қолайлы халықаралық жағдайларды туғызады. Осы бағыттың негізгі мақсаты халықаралық сахнада ҚР-ның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін, саясат пен экономикада әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты даму ортасын құруды, әлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруді көздейді.