2.2 Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың мүмкіндіктері Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауда тірек етіліп отырған жаңартылған білім мазмұнына талдау жасау барысында оның дәстүрлі бағдарламамен ара қатынасын «инновация – дәстүр» деп қарастыруға болады.Дәстүрлі оқыту мен инновациялық оқытудың тек әдіс-тәсілдерге ғана емес, ең алдымен, білім мазмұнына қатысты екендігін жаңартылған білім мазмұны берілген оқу бағдарламаларын талдау барысы айқын көрсетеді. Дәстүрлі жүйеде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімі үшін өзінің оқу-тәрбие жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін белгілі бір педагогикалық әдіс-тәсілдер техникасын меңгеруі жеткілікті деп саналатыны белгілі. Ал инновациялық әрекетке арнайы даярланған педагогтің инновациялық тәртіппен жұмыс жасауға әрдайым дайын болуы қажет болады.
2-4 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» пәні оқу бағдарламасының білім мазмұны әзірлене сала оқыту үдерісіне енгізілген құжат емес екенін еске түсіріп өту керек деп санаймыз. Бұл жаңартылған оқу бағдарламасы –қолданысқа түсер алдында бірнеше жыл мектептер пилоттық тәжірибеде сыналған, содан соң барып, ғалымдар мен практик-мұғалімдердің ұжымымен кейбір түзетулер енгізіліп, инновациялық трансформацияланған құжат.
Жаңартылған білім мазмұндағы оқу бағдарламасының мақсаты мен міндеттері осыған дейінгі дәстүрлі бағдарламадан түбегейлі ерекше екендігі, оның инновациялық бағытта құрылғаны, қазіргі қазақстандық педагогтер қауымына тегіс танымал болды. Ол инновациялылықты келесідей белгілерден тануға болады.
Біріншіден, «Бастауыш білім беру деңгейінің 2-4-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен үлгілік оқу бағдарламасында» пәнді оқытудың мақсаты – «сөйлеу әрекетінің түрлерін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды дамыту арқылы тіл туралы бастапқы білімді меңгерту және оны тілдік нормаларды сақтай отырып, оқу әрекеті мен күнделікті өмірде қолдану» деп көрсетілген. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін шешілуі тиіс келесі міндеттер көрсетілген:
тіл білімі бойынша бастапқы теориялық түсініктер беру;
сөйлеу әрекетінің түрлерін (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) дамыту;
білім алушылардың сөздік қорын толықтыру және сөздің грамматикалық құрылысын меңгерте отырып, тілін дамыту және жетілдіру;
тілдің қоғамдық мәнін түсінуге, қарым-қатынас жасау салалары мен түрлі жағдаяттарда өз ойларын сауатты және мәдениетті түрде жеткізе білуге дағдыландыру;
түрлі мәтіндер негізінде білім алушыларға адамдардың өзара түсінісуі, сыйластық, құрмет сезімдері, адамгершілік қасиеттері, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарай білуі сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыру;
түрлі қарым-қатынас жағдаяттарында сөйлеу этикетін қолдану;
ауызша және жазбаша сөйлеу нормалары мен тіл мәдениеті негіздерін меңгерту;
қарым-қатынас жасаудың түрлерін мақсатты түрде қолдануға, ойын жинақтауға, ауызша немесе жазбаша мәтіндерге сүйене отырып, өзіндік пайымдау жасауға үйрету» [152].
Болашақ бастауыш сынып мұғалімін инновациялық әрекетке даярлау жаңартылған «Қазақ тілі» бағдарламасымен тікелей байланыста қарастырылғандықтан, студенттің алдағы мұғалімдік қызметінде «Қазақ тілі» пәнін оқытуға жаңартылған бағдарламаның инновациялық сипатын меңгеріп баруы жөн болып табылады.Бұл міндетті шешу қазіргі уақытта бастауыш сыныптағы барлық пәндерді оқытудағы мұғалімнің инновациялық әрекетінің тиімді болуын қамтамасыз ететін мүмкіншіліктермен байланысты болып отыр. Осымен байланысты, 2-4 сыныптарда оқылатын «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған бағдарламасындағы инновациялық мазмұнды болашақ бастауыш сынып мұғалімінің инновациялық әрекетімен ұштастыру мүмкіндіктерін қарастыру маңызды болмақ.
«Қазақ тілі» пәнін бастауыш сынып оқушыларына жаңартылған бағдарлама негізінде оқытудың басты ерекшелігі жөнінде ғалым Г.И.Уайсованың келесідей пікірін келтіруге болады деп ойлаймыз: «Бастауыш сынып жасында оқу, яғни білімді игеру жетекші іс-әрекеттік сипатқа ие болады... Бастауыш сынып оқушыларының іс-әрекеті – жас ұрпақты қоғамдық қатынастар жүйесіне, ашық ұжымдық қызметке енгізудің негізгі тетіктерінің бірі, оның барысында кез келген ұжымдық іс-әрекеттің негізі болып табылатын құндылықтар мен нормалар сіңіріледі. Оқыту, сонымен қатар, кіші жастағы оқушылардың бойында жаңа біліктердің, қасиеттердің дамуына ықпал етеді. Мысалы: жеке және интеллектуалды рефлексия, психикалық үдерістердің еріктілігі, ішкі әрекет жоспары» [153].
Оқу әрекеті – бастауыш сынып оқушыларының басты әрекеттерінің алдыңғы қатарынан орын алғандықтан, қазақ тілін оқыту барысында оқушы қоғамдық қатынастарға сауаттылықпен ене алуы керек. Нақ осы мәселе жаңартылған оқу бағдарламасының өзегін танытады. Өйткені, дәстүрлі бағдарламадағы жаттанды білім мазмұнынан жаңартылған оқу бағдарламасындағы «әрекеттік» мазмұнға өту арқылы оқушының ана тілінде ойлау тетіктері мен сөйлеу тілі де коммуникативтік әрекеттер негізінде жүзеге асырылып, бастауыш сынып оқушысының әлеуметтенуі арқылы өзінің алған білімінің күнделікті өмірде де, болашақта да тілдік-сөйлеу қажеттілігін қанағаттандыра алатынына сенімділік пайда болады.Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауда нақты жаңартылған оқу бағдарламасын негіз етіп алудың тағы бір қыры – жаңартылған бағдарлама мазмұнының мұғалім мен оқушылардың өзара ынтымақтастықтар түрлі инновациялық және шығармашылық әдістермен, амал-тәсілдермен жұмыс жасау әлеуеті үлкен.
Жаңартылған бағдарламаның дидактикалық тұрғыдан шығармашылық деңгейі өте жоғары, өйткені бағдарламада көрсетілген оқу мақсаттарының түрлілігі мұғалімнің инновациялық әрекет иесі болуын қажет мүмкіншіліктерге толы.
Бастауыш мектепке арналған «Қазақ тілі» пәні бойынша жаңартылған оқу бағдарламасының құрылымы мен мазмұнының инновациялық сипаты – мұғалімнің инновациялық әрекетінің іргетасы. Оны бағдарламаның мазмұны мен құрылымын талдаудан айқын көруге болады.
«Қазақ тілі» пәнінен 2-4 сыныптарға арналған бағдарламадағы базалық білім мазмұны келесілерден құралады:
тіл және сөйлеу;
сөйлеу мәдениеті;
фонетика;
мәтін; мәтіннің құрылымы; мәтін түрлері;
сөйлем, сөйлемдегі сөздердің байланысы;
қаратпа сөз;
сөз және оның мағыналары;
күрделі сөз;
сөз құрамы;
сөз таптары;
шығармашылық жұмыс түрлері;
диалогпен жұмыс.
Осы он екі бөлім өз ішінде одан әрі жіктеліп, әр сынып өзіндік және жас ерекшеліктеріне сай оқу мақсаттары қойылған.
Базалық білім мазмұнына сүйене отырып, оқушылардың коммуникативтік тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, әрекеттерін қалыптастыру барысы одан әрі сараланып, мұғалім мен оқушының алдына айқын оқу мақсаты беріледі. Мысалы, 2-сыныпқа тыңдаған оқу материалының мазмұнын түсінуді дағдыландыру үшін көзделетін оқу мақсаты алдымен «Тыңдаған материалдың мазмұнын түсіну» деп, ол одан әрі дараланып, «2.1.4.1 тірек сөздерді қатыстыра отырып, берілген тақырып бойынша әңгіме құрау» деп нақтыланып берілген.
Мұғалім осы оқу мақсатына қол жеткізуі үшін, оқушының оқу әрекетін шығармашылық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып нәтижелі ететін мүмкіншіліктерді ізденеді. Ол ізденістің бастауы мұғалім үшін арнайы әзірленген «2-4-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді жоспар» болып саналады.
Жоғарыда аталған оқу мақсатына жетуде 1-тоқсанда «Өзім туралы», «Менің отбасым және достарым» атты тақырыптармен жұмыс жасалынады. Бұл – тек 2-сыныптағы 1-тоқсанда өтуге белгіленген көп оқу мақсаттарының бірі. Ал тыңдалым бойынша 2-тоқсанға, 3-тоқсанға, 4-тоқсанға арналған оқу мақсаттары саны жағынан 18, ал орындайтын оқу іс-әрекеті бойынша – сан түрлі. Бір ғана сыныптағы осындай сан түрлі оқу мақсаттарына 3-сыныпқа және 4-сыныпқа арналған оқу мақсаттарының түрлілігі қосылатын болса, оқушының 2-4 сыныптарда бір әрекетті меңгерудегі әрбір танымдық қадамының жаңартылған оқу бағдарламасында мол етіп беріліп отырғаны танылады. Тоқсаннан тоқсанға, сыныптан келесі сыныпқа қарай жүре отырып, бастауыш сынып оқушылары тіл мен сөйлеу құзыреттіліктерін қалыптастырудың ширатыла дамыған логикалық жолымен «жүріп өтеді».
2-4 сыныптарда берілген бір ғана «Тыңдалым» коммуникативтік әрекетіне байланысты қарастыратын болсақ, оқу мақсатының сабақтастықпен және шеңберлене дамытыла келіп, бір тоқсаннан екінші тоқсанға қарай, бір сыныптан келесі сыныпқа қарай мағыналық жағынан да жетіліп, сапалық жағынан да дамып отырғанын көру қиын емес. Бұл даму үдерісінің логикасын келесі 16 суреттен көруге болады.
Сурет 16 – Жаңартылған бағдарламадағы «Тыңдалым» бойынша
2-4 сыныптардағы оқу мақсаттарының сапалы даму логикасының көрінісі
Бұл көрсетілген жол арқылы бастауыш сынып мұғалімінің инновациялық әрекетінің үзілмей, жүйелі жүргізілетіндей мол мүмкіншіліктер де танылады. Жаңартылған бағдарламада «Оқылым», «Жазылым», «Айтылым» коммуникативтік әрекеттерінің де қалыптастырылуы мен дамытылуы дәл осылай градациялық даму жолымен берілген.
«Бастауыш білім беру деңгейінің 2-4-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен үлгілік оқу бағдарламасы» (жаңартылған бағдарлама) мен дәстүрлі «Қазақ тілі» оқу бағдарламасына салыстырмалы талдау жасау негізінде жаңартылған білім мазмұнының инновациялық сипатының деңгейі жоғары екендігі айқын танылады. Жаңартылған оқу бағдарламасының инновациялылығы келесідей белгілерімен анықталады:
оқу бағдарламасындағы білім мазмұны тек пәндік білім мазмұнын ғана емес, сонымен бірге тілдік-сөйлеу, коммуникативтік құзыреттерін қалыптастырып, дамытуға бағытталады;
жаңартылған оқу бағдарламасында берілген оқу мақсаттары мұғалімнің білім беру әдістері және оқушының білім алу әдістері белсенді, шығармашылық, креативтік әдістермен қол жеткізілетіні анық көрсетілген;
жаңартылған оқу бағдарламасында мұғалімнің білім беруші емес, оқушының білім алуға бара жатқан жолында кеңесшісі, ақылшысы, ойына жетекшілік ететін ынтымақтастығы жарасқан танымдық үдерістегі сенімді серігі ретінде әрекет ететіндігі де анық көрсетілген;
жаңартылған оқу бағдарламасында заманауи педагогикалық технологияларының белсенді қолданылу қажеттілігі айқын көрсетілген;
жаңартылған оқу бағдарламасында дидактикалық ресурстар, интернет ресурстар мүмкіндігінше молынан көрсетілген.
Болашақ бастауыш сынып мұғалімі «Қазақ тілі» пәнін жаңартылған оқу бағдарламасымен оқытуға студент кезінен дайындалатыны анық. Жаңартылған оқу бағдарламасының инновациялық тұрғыдан әзірленгені белгілі. Сондықтан, оны оқыту инновациялық әрекет негізінде жүзеге асырылуы керек.
Қазіргі мектепте еңбек етіп жүрген бастауыш сынып мұғалімдерінің жаңартылған оқу бағдарламасын енгізілгеннен кейін арнайы дайындық курстарынан өткені белгілі. Ал қазіргі университетте дайындалып жатқан болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке дайындалып шығуы білім берудің сапалылығын алдын ала инновациялық білікті маманмен қамтамасыз ету болып табылады [154].
Осынысымен де болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке дайындаудың өзектілігі айқындала түседі. Университет қабырғасында жүріп инновациялық әрекетке даярланған болашақ мұғалімнің ойлауы, әрекет ету стилінің ерекшелігі мен жаңашылдығы көзге айқын көрініп тұрады.
2-4 сыныптарда оқылатын «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс жасау арқылы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке даярлаудың мазмұны мен құрылымын, бағытын болжау үшін, тиімді деп танылған SWOT-талдау әдісін қолданамыз.
SWOT-талдау арқылы болашақ бастауыш сынып мұғалімін даярлау барысының күтетін нәтижелілігін, мүмкіншіліктері, туындауы мүмкін күтпеген факторларды анықтауға болады деп ойламыз.
SWOT-талдау дегеніміз – стратегиялық болжам жасау барысында қолданылатын, кездесуі мүмкін жағдайларды 4 категорияға бөліп қарастыру. Олар келесідей:
S – strengths – болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың күшті жақтары;