Стамбекова жазира курмангалиевна



бет19/44
Дата14.09.2023
өлшемі6,09 Mb.
#107065
түріДиссертация
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   44
Байланысты:
stambekova-zh-k-phd-s-sp

Инновациялық тұғыр – білім беру жүйесіндегі педагогикалық технологияларды жетілдіру үдерістері, оқыту әдістері мен құралдарының жиынтығы ретінде түсіндіріледі. Инновациялық тұғыр бүкіл өмірдің теориясы мен практикасы ретінде бүгінгі таңда қоғамның, атап айтқанда білім беру мен тәрбиенің ең өткір және өзекті тақырыбы болып табылады.
Инновациялық тұғыр негізінде қолайлы нәтижеге қол жеткізуге, оқу үдерісінің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін мәселелерді шешуде қолданылатын жаңа әдістер деп атауға болады. Жаңа әдістемені, әдістерді, құралдарды қолдана отырып, педагогикалық қызметті жетілдіруге негізделеді. Инновациялар білім берудегі белгілі бір өзгерістерге, білім беру саласындағы бастаманың сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етуге әкеледі. Инновациялық тұғыр болашақ бастауыш сынып педгогтерін инновациялық әрекетке даярлауда олардың жаңашылдыққа бейімділігінен, ізденістерінен, мәселелерді шешу барысында сыни пікір беріп, тәуекелге бара алу қасиеттерінен көрініс табады. Біздің ойымызша кәсіби әрекетте биіктерді бағындырған маманның инновациялық әрекеттегі даярлығы жоғары деуге болады. Себебі оның жаңашылдыққа ұмтылысының артуы, дербес тұлға ретінде әрекет етуі, өз психологиялық ахуалын реттей алуы, шығармашылық белсенділігінің артуы, барлық танымдық мүмкіндіктерінің жоғары деңгейі өз кезегінде әлеуметтік зияттылығының жоғары деңгейінің айқын көрінісін береді.
Қандай инновациялық әрекет болса да, ол, ең алдымен, идеядан бастау алады. Мұғалім өзінің идеясын сабақ берудің және тұтас оқу-тәрбие үдерісінің жаңа сапаға өсуіне іргетас қалайтын өнімге – әдіс-тәсілге немесе оқу құрал-жабдығына айналдырып, жүзеге асырғанша, ол идея инновациялық әрекетті орындағаны болып табылады. Бастауыш сынып педагогінің инновациялық әрекетінің «идея – оны іске асыруға жұмсалған уақыты мен әзірлеген инновациялық әдістемелік құралдары, әдістемесі – инновация» деген логикасы, шын мәнінде, инновациялық әрекеттің философиясын білдіреді.
Философ ғалымдардың айтуынша, инновация мен инновациялық әрекетті айыра танудың орны зор. Инновациялық әрекеттің философиялық негізін жаһандану аясында қарастыратын ғалымдар инновацияның философиясын тереңірек тану қажеттілігін атап көрсетеді [108-109].
Платон мен Аристотельдің философиялық ілімін инновация тұрғысынан талдаған ғалымдардың пікіріне сүйенсек, материалдық емес (нәрсе) идеяның нақты материалдық іске айналуы инновация деп аталады [110].
Философияда инновациялық әрекет жалпы мағынасында білімнің әлеуметтік және мәдени түрде трансформациялануы деп анықталады. Бұл мәселе инновация мен дәстүрдің өзара әрекет жасасуы деп түсініледі. Дәстүр – инновацияға қарама-қарсы түсінілетін ұғым. Дәстүр ескі мағынасына жақындау келеді, сөйтіп инновация мен дәстүрдің өзара байланысы «жаңа мен ескі» оппозициясында танылады.
Дәстүр дегеніміз – әлеуметтік-мәдени мұраның ұзақ уақыт бойына адамдар атадан балаға қалдыратын, әдетке айналған, сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың құндылықтар жүйесі мен ережелеріне ұласқан бөлігі [111].
Бір қырынан қарағанда, дәстүр – тарихи қалып. Қалып, екінші қырынан қарайтын болсақ, ескі болғанымен, түптеп келгенде, ол – инновацияның шығар бастау көзі.
Бүгінгі күні білім беру саласында, соның ішінде бастауыш мектепте білім беру саласында да, оқу-тәрбие жүйесіндегі ондаған жылдардың сынына шыдаған мемлекеттілік, патриоттық, гуманистік, діни сияқты дәстүр мен бастамашылдық, әлеуметтік мобильділік, іскерлік, толеранттылық сияқты жаңа заманның шынайылылығының көріністері қатар келіп отырғаны белгілі [112].
Білім беру мен тәрбие үдерісінде дәстүр мен инновацияның алатын орны бөлек. Білім берудегі инновация – қоғамдық маңызы зор әлеуметтік серпін беретін күш. Бастауыш мектепте қазіргі уақытта қолданылып жатқан жаңартылған стандарт, жаңартылған оқу бағдарламалары, жаңа сапалы оқулықтар мен оқу құралдары, жаңа интернет ресурс құрау т.б. оқушылар білімін бағалаудың жаңа жүйесі – барлығы, түптеп келгенде, уақыт талабынан туындаған инновациялық өнімдер. Жаңартылған білім мазмұнының инновациялық өнімдер бола алатын себебін философиялық тұрғыдан былайша сипаттауға болады деп ойлаймыз. Жаңартылған білім мазмұнының инновациялылығы оның құрылымдық-мазмұндық жүйесінде оқушының білімі мен дағдысының біртұтас универсалдық бағдар ұсталуынан оқу бағдарламасының философиялық сипаты танылады.
Жаңартылған бағдарламада оқу мақсаттары мен оқу міндеттері тек жаттанды білім мазмұнын емес, оқушының күнделікті өмірде қолдана алатын білімі мен соған сәйкес дағдысын қатар меңгерту көзделінген. Оқу міндеттерінің құрамында оқушының жеке тұлғасының рухани жетілуі, қоғамымыздың рухани жаңғыруы айқын көрсетілген. Бұл мәселе білім мазмұнының гуманистік ұстанымдарға негізделгенін көрсетеді және инновациялық әрекеттің әлеуметтік басымдығын айқындай түседі.
Жаңартылған оқу бағдарламасындағы оқу мақсаттарының берілуі – инновациялық әрекеттің жемісі. Өйткені оның алдыңғы дәстүрлі білім беру жүйесіндегі оқу бағдарламаларынан айырмашылығы – оқу мақсаттарының сапалы өзгертілуі, оқушы жекелеген практикалық міндеттерді орындауда жалпығылыми ұстанымдарға назар аударады, оқушының әлеуметтік белсенділігі артады, жасампаздық қабілеті ұшталады.
Болашақ бастауыш сынып педагогін инновациялық әрекетке даярлаудың макродеңгейлік жүйесі мен микродеңгейлік жүйесі бар деп санаймыз. Оның макродеңгейлік жүйесі – білім берудегі мемлекеттік инновациялық саясаттан басталып, университеттегі барлық білім беру үдерісінің инновациялық сипатта құрылуын қажет етеді. Ал микродеңгейлік жүйесін кафедра деңгейінен бастап, оқылатын барлық пәндер мен курстар және бакалаврдың жеке басына дейінгі аралықта деп анықтауға болады.
Қазақстан Республикасының даму бағытында ұстанар бағдарының бірі болып саналатын тұрақтылық – қоғамның жайлы өмір сүруінің маңызды шарты. Тірек болар тетіктерінің негізінде қалыптасқан әлеуметтік өзгерістер жүйесі бойынша өмір сүретін дамуға бет алған қоғам – тұрақты қоғам. Бірақ тұрақты қоғам дегеннің мағынасы еш өзгермейтін, жаңармайтын дегенді білдірмейді. Есесіне, мұндай қоғамда дамып келе жатқан қоғамның сұраныстарына сай келетін инновациялық шешімдерді іздеудің орныққан жүйесі қалыптасады. Ол орныққан жүйенің құрамында білім беру жүйесі үлкен де маңызды орынға ие болатыны белгілі. Сондықтан білім беру жүйесінде туындайтын инновациялар өзіне дейінгі нәтижеге қол жеткізген білім беру жүйесін сапалы биіктерге тартуға ұмтылған жаңа болып табылады.
Әлеуметтік субъект өзінің алдына өзін қоршаған табиғат және әлеуметтік ортаны сапалы тұрғыдан өзгертуге мақсатты, саналы түрде бағдар ұстанған болса ол әрекетті инновациялық әрекет деп атауға болады. Болашақ бастауыш сынып педагогі университетте оқыған пәндері бойынша меңгерген әдіс-тәсілдерін сабақ беру барысында тиімділікпен комбинаторикалау арқылы жаңа сапаға көтеріле алатындай инновациялық әдістеме жасай алатын болса, онда ол адам тұлғалық деңгейге өскен, шығармашылық қабілеттері кәсібіне жетекшілік ете алатын шебер тұлға деп саналады.
Таным теориясының мәнісі оның инновацияны өз қуатымен дами алатын динамикалық үдеріс деп тануында. Педагогикадағы инновациялардың диалектикалық-әдіснамалық негіздемелері инновацияның дәрежесінің биік және сенімді болуына қызмет етеді. Инновацияның мазмұны объективті қоғамдық қажеттіліктер мен әлеуметтік жағдаяттардың ерекшеліктерімен нақтыланады. Қазақстандық және кеңестік педагогикада ХХ ғасырдың 80-жылдарында қарқынды дамыған инновациялық үдерістер ХХІ ғасырда сабақтастықпен дамыды деп айту қиын. Өйткені тәуелсіздік алған ТМД мемлекеттерінің педагогикалық жүйелерінде басшылыққа алынған әдіснамалық негіздемелер түрліше болды. Бірақ әдіснаманың, теория мен практиканың философиялық негіздемесі, көп жағдайда ұлттық және кей жағдайда ортақ қағидаттардан бастау алды.
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың тағы бір ерекше қыры осы жүйенің рефлексивтік-инновациялық қыры болып табылады. Рефлексивтік-инновациялық тәсілдеменің ерекшеліктерін қарастыру болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке даярлауда мәні зор және өзекті мәселелердің қатарынан болып саналады. Болашақ мұғалімдерді даярлау үдерісіне рефлексивтікті қосудың өзі, түптеп келгенде, инновацияны тудыратын серпін күші болып келеді.
Болашақ бастауыш сынып педагогтеріне жобалауды, коммуникативтілікті, рефлексивтікті оқыту арқылы бакалаврлердің білім алуында, кәсіби шеберліктерін меңгеруді белсендіріп, сыни ойлау дағдылары мен өз әрекетін бағалауын дамытады және алдына қойылған мәселені оңтайлы шешуді белсендіреді. Ғалымдардың пікірімен келісе отырып, болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауда рефлексия мен инновация оқытушы мен студенттердің өзара субъектаралық сұхбаты сипатында өткізілетін оқыту процесінде іске асырылатынына көз жеткіздік [113].
Студенттерді оқыту үдерісіне рефлексивтік тәжірибені қосып отыру арқылы инновациялықты, жаңа тәжірибені туындату мүмкіндігі пайда болады. Студенттердің рефлексивтік-инновациялық дағдыларын қалыптастыру үшін оқыту үдерісіндегі күрмеулі мәселелерді шешу, проблемаларды шешу, рөлдік ойындар, рефлексиялық тәжірибе әдістері қолданылады.
Білім беру үдерісіндегі инновацияның табиғаты – оқыту барысында биік нәтижелерді қамтамасыз етуге бағытталған, кең қолданыс табатын, оқу-тәрбие үдерісінде үлкен өзгерістерге алып келетін реттелген элементтердің, іс-әрекеттер мен қатынастардың белгілі бір жүйесі. Олай болса, бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың әдіснамалық негіздерінің бір көзі жүйе теориясы болып табылады.
Жүйенің жалпы теориясының қағидаларын назарда ұстай отырып, оны инновациялық әрекетке қатысты келесідей тұжырымдауға болады. Біріншіден, барлық жүйелер дамуы керек, яғни жүйенің құрылымдық-функционалдық қасиеттері уақыт өтуімен өзгеруі тиіс. Екіншіден, жүйе өзінің дамуы барысында өзін сақтауға және тұрақты болуға ұмтылады, яғни жүйенің қасиеттері кездейсоқ өзгере салмайды, есесіне, жүйенің белгілі бір кедергілерін жеңе отырып өзгереді. Жүйе өзін сақтауға және тұрақты болуға ұмтыла отырып, сыртқы әсер етуші әрекеттердің тиімділігін төмендетуге ұмтылады. Сондықтан жүйені өзгерту үшін мақсатты түрде ұйымдастырылған ықпалдар жасалуы керек. Жүйенің немесе бұрынғы күйінің өзгеруі дискретті сипатта болып келеді, өзгерістің нәтижесінде жүйенің жаңа күйі болып табылады. Бұл жерде инновациялық үдерістің сипаты тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда инновациялық әрекеттің нәтижесінде жүйеде құрылымдық және функционалдық мазмұны жағынан жаңа өзгерістер болып өтеді, динамикалық өзгерістер инновацияның пайда болуына алып келеді деп айта аламыз. Инновацияның жүйеде пайда болғандығының критерийі – жүйеде пайда болған және орныққан жаңа сипаттамалар болуы, басқаша айтқанда, жүйенің жаңа күйге енуі [114]. Жүйелік ұстаным жүйелік талдаудың негізі болып табылады, дамытушылық ұстаным синергетиканың негізі болып табылады. Екеуі де жүйелік зерттеулердің нәтижелеріне сүйенеді [115].
Синергетика жүйенің өн бойындағы жаңа байланыстар мен қатынастардың пайда болуы мен олардың ыдырау үдерісін, даму барысын қарастырады. Даму барысында жаңа түзілімдер мен құрылымдардың пайда болу үдерісін қарастыра отырып, синергетикалық идеялар әлеуметтік ортадағы инновациялардың дәстүрді жүйеден жаңа жүйеге қарай өту барысын, дамудың жаңа жолға түсу барысын, оның бағыт-бағдарын тануға мүмкіндік береді. Жаңашылдықтың табиғаты тек инновацияның пайда болуымен ғана емес, ол инновацияны басқарып, игеріп, пайдаға жарата білудің ерекшелігін меңгерумен де құнды болмақ. Бұл туралы белгілі ғалымдардың мына пікірімен келісеміз: «Жасанды, қолдан жасалынған жүйе детерминденген болып келеді және ол қайтымды болып табылады. Ал табиғи жүйе болса, оның құрамында кездейсоқтық элементі мен қайтарымсыздық элементі болады. Әлемге дәстүрлі көзқарастан тыс жаңа көзқараспен қараудың ерекшеліктері өте терең, бұл мәселе адамның табиғатпен жаңаша диалог құруын керек етеді» [116].
Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетін қалыптастыру барысы үдеріс ретінде болғандықтан, оның кибернетикалық болмысын анықтау арнайы әдістеменің резервтік мүмкіншіліктерін реттеудің негізін қалайды (сурет 12) [117].
Сурет 12 – Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетін
қалыптастырудың қарапайым кибернетикалық болмысы

Бакалаврларды инновациялық әрекетке даярлаудың арнайы әзірленген әдістемесінің педагогикалық мәнісі осы кезге дейін әзірленген әдістемелік-технологиялық ресурстарды, алдағы уақытта әзірленетін оқу-әдістемелік құралдарды, қайта әзірленетін оқу құралдарды бағалаудан құралады. Бұл кибернетикалық болмыс болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауда басты екі категорияны – студенттердің әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсетеді. Осы сұлбаға сүйене отырып, студенттерді инновациялық әрекетке даярлауда олардың мүмкіндіктері мен шектеуліліктерін анықтай аламыз.


Инновациялық әрекет – педагогикалық әрекеттің шығармашылық дамуының тәсілі. Бірақ педагогтің шығармашылығы тек шығармашылық үшін қызмет етпейді, оның көздейтін мақсаты – білім алушы жас ұрпақтың қайталанбас дербес тұлғасын жаңа және келер заман талаптарына сай біліммен, қоғамдық тәрбиемен қаруландыру. Сонымен бірге, инновациялық әрекет педагогикалық әрекет пен шығармашылықтың өзара ұштасуымен сипатталады. Осындай келесі мәселеге диалектикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, бірқатар объективті әлеуметтік-педагогикалық қарама-қайшылықты таныр едік.
Бастауыш білім беру жүйесіне енгізілген жаңартылған оқу бағдарламасының мақсатқа сай жүзеге асырылуы педагогтердің инновациялық әрекетінің сәйкес жүргізілуіне тікелей байланысты. Білім мазмұны жаңартылғанымен, мұғалімдердің ол білім мазмұнын бірден ұғынып және жаңартылған мазмұнға сай әдіс-тәсілдерді жүйелі қолдануға дайын болмауы осы екі арадағы қарама-қайшылық болып табылады.
Одан соңғы қарама-қайшылық қоғамда орын алған жаттанды білім мазмұны мен түбегейлі өзгертіліп, әрекеттік, коммуникативтік бағытта білім алуда оқушының өзі де басты тұлғаға айналуын көздеген оқу бағдарламасының мазмұны арасындағы қарама-қайшылықты да тек қана мұғалімдерді инновациялық әрекетке сапалы даярлау арқылы жоюға болады.
Одан кейінгі әлеуметтік-педагогикалық қарама-қайшылықты бастауыш мектепке енгізілген жаңартылған білім мазмұны мен қазіргі уақытта университеттерде даярланып жатқан бакалаврлердің әдістемелік даярлығы, негізінен, дәстүрлі жүйемен оқытылып жатқандығының арасынан көруге болады. Өйткені болашақ бастауыш сынып педагогтерінің кәсіби қызметке орналасқан соң қойылатын жоғары талаптар тек жаңартылған білім мазмұнына ғана байланысты емес, әлеуметтік ортада болып жатқан, ғылыми ортада танылып жатқан, ақпараттық-технологиялық коммуникация саласында болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерге де тікелей байланысты туындап жататыны анық.
Осымен байланысты болашақ бастауыш сынып педагогтерінің мобильді, әрекетшіл, өзгеріске бейімделгіш, жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптасуы маңызды мәселе болып отыр. Өйткені бұл қасиеттер мен қабілеттер қазақстандық білім беру жүйесінің дамуына, әлеуметтік ортаның қалыпты болуына, жас ұрпақты саналы және мақсатты бағытта дамытудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бір қыры болып саналады.
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың маңыздылығы да болашақ педагогтерге заманауи сапалы білім беру және ХХІ ғасырдың бастауыш білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін дер уақытында шешіп, инновациялық жолды танып, қалыптастыра алатын, сол арқылы бастауыш білім беруді іргесі мықты жүйеге айналдыратын тұлғаны қалыптастыру арқылы танылады. Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін арнайы қарастырған немесе жанама түрде сөз етілген еңбектерге талдау жасалынды. З.Т. Абетова өзінің білім берудегі инновация бойынша мақаласында әлеуметтік қандай нәтижелер күтілетіні, студенттердің инновацияға деген көзқарасы мен даярлығы туралы қарастырған [118]. Автор өзінің зерттеу мақсатын 1-4 курс студенттерінің Қазақстан Республикасындағы инновациядан нендей әлеуметтік нәтижелер күтетіні туралы талдау деп анықтайды. Әлеуметтік-педагогикалық зерттеу нәтижесінде студенттердің 57%-ы инновация дегенді компьютерлік модельдеумен байланыстыратыны анықталған. Ал «инновациялық әрекет» деген ұғымды студенттердің 31,5%-ы оқытудың жаңа формаларын іздеу және пайдалану деп түсінетіні анықталған. Сонымен бірге студенттердің 40%-ы ЖОО инновация жасауға қабілетті деп атап көрсеткен. Тағы бір қойылған сұрақ бойынша респонденттердің 60%-дан астамы жоғары оқу орындарында студенттердің, магистранттардың, жас оқытушылардың инновациялық әрекетін дамытуға бағытталған ынталандырушы күштерді енгізу өте әлсіз деп атап өткен. З.Т. Абетованың жүргізген эксперименті мен талдау негізінде жасаған келесідей қорытындыларымен біз де келісеміз. Атап айтқанда:

  • инновация студенттер мен оқушыларға болашақтағы өмірі үшін қажет;

  • инновация–прогрестің қозғаушы күші;

  • студенттер университетте даярлық кезінде болашақ жұмысындағы инновациялық әрекетке 100% даяр болуы керек;

  • жоғары оқу орындары түлектерінің бәсекеге қабілеттілігі жоғары болуы керек;

  • еліміздің жоғары оқу орындарындағы инновациялық үдеріс тиімді болуы үшін инновациялық-білім беру технологиялары мен инновациялық оқыту әдістемелерін дамыту керек;

  • еліміздегі жүргізіліп жатқан инновациялық үдерістер туралы қазіргі ЖОО-да оқып жатқан студенттердің бейхабар немесе ақпараттануы өте әлсіз.

З.Т. Абетова, студенттер мен эксперттермен жүргізілген сауалнама нәтижесінде жоғары оқу орындарындағы инновациялық орта мен инновациялық әрекет орташа деңгейде, инновация енгізілгенімен, қажетті деңгейде дамытылмай отырғандығын атап көрсетеді.
Әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік педагогикалық зерттеулерде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке даярлаудың қырлары мен тетіктерін арнайы жүйелі зерттеу жүзеге асырылмағандықтан, бұл бағыт бойынша айқын нақтылаған теориялық-әдіснамалық негіздеме анықталмаған. Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау үшін әлеуметтік психологияның беретін мол мүмкіндіктері әлі де болса толыққанды қарастыруды қажет етеді.
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың психологиялық қырларын талдауда бакалаврлардың кәсіби танымын дамыту мәселесі үлкен орын алады. Өйткені бұл мәселеде әлеуметтік, кәсіби бағдар беру, өмірлік әрекет, кәсіби шыңдалу-жетілу бойынша бакалаврлардың өзіндік болмысы, ой-пікірі толысып жетілуі маңызды болып табылады.
Заманауи психологиялық көзқарас тұрғысынан алғанда бакалаврлардың өзін кәсіби тұрғыдан танып-қалыптасуы тұлғаның өмірлік өзін тану үдерісі, өзінің педагогтік кәсібіне әлеуметтік ортаның қоятын талаптары мен өз мүмкіндіктері-қалауының арасындағы кезеңдеп шешуе алатын болуы деп анықталады. Сонымен бірге бакаврлардың болашақ педагогтік кәсібіне қажетті кәсіби мотивациясының, кәсіби педагогтік құзыреттілігінің, кәсіби маңызды болып табылатын қасиеттерінің қалыптасуы да кәсіби пісіп-қалыптасуы деп танылады.
Инновациялық әрекетке даярлану үдерісінде болашақ бастауыш сынып педагогі өзінің кәсібіне деген саналы инновациялық көзқарасын бір мезетте қалыптастыра алмайтыны белгілі. Бұл тұста студенттің жеке тұлғасының даму ерекшеліктері алдыңғы қатардан орын алады. Өйткені инновациялық әрекетте мұғалімнің жеке тұлғасы шынайы ерекше маңызға ие болады, тұлғалық тұрғыдан өседі. Ал тұлғалық өсуі арқылы мұғалім кәсіби дамиды және кәсіби құзыреттілігі жетіледі [119].
Педагогтің тұлғалық мүмкіндіктерінің жүзеге асырылуы дегенді Ю.Б. Гатановтың [120] ізімен біз де:

  • мұғалімнің шығармашылық ойлауының жүзеге асырылуы;

  • бастамашылдық қабілетінің жақсы дамуы;

  • белгілі бір дәрежедегі тәуекелшілдікке бара алуы;

  • өзіне деген сенімі мол;

  • өзінің мүмкіндіктерін бағалай білуі алға қойған мақсатына жетуге сай;

  • әріптестерімен ынтымақтастықта жұмыс істейу қабілеті зор;

  • жұмыс жасау қабілеттілігі ерекше деп түсінеміз.

Болашақ мұғалімдік қызметіне енбес бұрын бакалаврда инновациялық әрекеттің ішкі когнитивтік шарттары қалыптасуы керек. Нақты атап көрсететін болсақ, олар – интеллектуалдық (зияткерлік) ресурстың болуы, әрекет субъектісінің жаңаға деген толеранттылығы болуы, өзін реттейтін күш-қуаты жеткілікті болуы [121].
Бұл жерде интеллектуалдық ресурсқа студенттің университетте оқып жүргенде пайдаланып жүрген өзіндік функционалды интеллектуалдық қоры және меңгеріп жатқан білімінің негізінде қаланып жатқан интеллектуалдық қоры алынатынын атап кетеміз. Болашақ бастауыш сынып педагогі инновациялық әрекет субъектісі ретінде өзге де жаңаларға толерантты бола алуы тиіс. Бұл жерде бакалавриатта жүрген болашақ мұғалім жаңа идеяны қабылдай білуге және өзінің ойлау стилін жақсы жаңалыққа сай өзгерте білуге, бейімдей білуге дағдылануы тиіс екенідігіне назар аударылып отыр. Сондай дағдыны меңгерген студенттің болашақ мұғалімдік қызметінде жаңаны қабылдауға да, жаңаны жасауға да дайындығы бар деп саналады.
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке дайындаудың психологиялық аспектісінде тек инновациялық жүйені қабылдаушы, жасаушы, орындаушы ретінде ғана емес, сонымен бірге, инновациялықты танушы, талдай білуші эксперт ретінде де даярлау мәселелері қарастырылған [122].
Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекеті белгілі бір әлеуметтік топтың, қоғамның жүйесінде орындалатын болғандықтан, әлеуметтік жүйеде, қоғамда орны өсіп отырған экспертттік міндетті де шеше алатын дағдыларға ие болуы керек. Өйткені әлеуметтік маңызды педагогикалық инновациялық әрекетке кірісу барысында инновациялық жобаның салдары, инновацияның бастапқы бағытын өзгертуі мүмкін жағдайлар, алдағы уақытта болуы мүмкін белгісіз жағдайлардың ықпалынан инновацияның басқаша сценариймен жүргізілуі т.б. болуы мүмкін жағдайлардың барлығы эксперттік дағдының қалыптасуын талап етеді. Осындай жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білуі дағдылары да болашақ сынып педагогінің инновациялық әрекетінің құрамдас компоненті болып табылады. Өйткені білім беру – мемлекеттің маңызды саясатының бірі, қоғамның ең нәзік те күрделі міндетін шешетін, яғни мемлекеттің болашақ азаматтарын қалыптастыратын үдеріс. Сондықтан қандай инновациялық үдеріс, инновациялық жоба болса да, оны енгізуші де, қолдаушы да, эксперт те – бір адамның бойынан табылуы тиіс. Ол үшін арнайы дайындық жоғары оқу орнында мамандықты игеруі үдерісінде жүргізілуі тиіс.
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың дидактикалық негіздері әдіснамалық негіздерінің маңызды бір бастау көзі болып табылады. Университетті аяқтаған студенттің кәсіби педагогтік қызметін бастарда кәсіби педагогикалық білімі мен тәрбиелік қасиет-қабілеті, инновациялық әрекетке бейміділігі толыққанды құрылымда қалыптасқан болуы міндетті екені белгілі. Осы аталғандардың ішінде инновациялық әрекеттің әдіс-тәсілдерінің толыққанды жүзеге асырылуы университет қабырғасында арнайы дайындалу барысында ғана іске асырылады. Ол үшін дидактикалық жүйенің «мақсат – құрал – нәтиже» логикасына сүйене отырып, дидактикалық ұстанымдарды анықтай отырып, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке даярлаудың біртұтас дидактикалық тұғырын жүйеге түсіру қажет болады.
Болашақ педагогтерді инновациялық әрекетке даярлаудың дайын сара жолы болмағандықтан, бұл мәселеде дидактикалық даярлықтың алатын орны зор екені түсінікті. Өйткені болашақ педагог өзінің педагогикалық қызметінде инновациялық вектормен жүретін болса, оған дидактикалық қордың өте көп және сапалы болуы аса маңызды екені белгілі [123]. Сондықтан болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауда олардың болашақ педагог кәсібіне деген жайлы мотивациясын дамыту әдістері мен инновациялық әрекетке даярлығын қамтамасыз ететін әдістер жүйесін арнайы әдістемелік технология негізінде жинақтау керек. Ол әдістемеде мұғалімдік қызметі мен инновацияға деген құндылық көзқарасын қалыптастыру міндеттері шешіліп, инновацияның барлық түріне толеранттылықпен қарауға дағдыландырып, инновацияларға баға беруде эксперт-сарапшы маман болуға жан-жақты даярлығын қамтамасыз ету керек. Бұл көрсетілген талаптардың сапалы орындалуында дидактикалық негіздердің атқаратын рөлі зор [124].
Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетке дидактикалық тұрғыдан дайындығын қамтамасыз етуде басшылыққа алынатын дидактикалық ұстанымдарды анықтау ерекше орынға ие. Өйткені дидактикалық ұстанымдар инновациялық әрекетті белгілі бір тәртіпке түзуге басшылық ететін ереже ретінде қызмет атқарады. Зерттеу жұмысымызда келесі дидактикалық ұстанымдарды тірек ету көзделініп отыр (сурет 13).



Сурет 13 – Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетке дайындауда басшылыққа алынатын дидактикалық ұстанымдар


Дидактикалық ұстанымдарды басшылыққа ала отырып, болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауға арналған, біздің тарапымыздан әзірленген авторлық әдістемелік жүйенің атқаратын негізгі дидактикалық функциялары ретінде В.А. Сластенин мен Л.С. Подымова ұсынған функцияларды ұстанамыз [125]. Олар келесілер:



  • мотив пен диспозицияға сүйене отырып, педагогтік кәсіби қызметіне саналы түрде талдау жасау;

  • шынайы болмысты проблемалық және драмалық тұрғыдан тани білу, олардың мазмұнындағы тікелей танылмайтын сәйкессіздіктерді тану;

  • дайындалған нормативтік құжаттарға сыни көзқараста болу;

  • рефлексиялау және мәнділіктердің жүйесін құру, мәнділіктер шығармашылығын дамыту;

  • өзін қоршаған ортаны, әлемді шығармашылық көзбен танып, оны өзгерту, қалыптағы нормативтердің шегінен шыға білу;

  • өзінің білімдік, интеллектуалдық барлық басқа мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ұмтылу, өзінің кәсіби шеберлігін лайықты мақсатына жетуге, өмірлік ережелерінің құруға ұмтылу;

  • өзін қоршаған ортаға әлемге, ашық болу, әсіресе, жаңалыққа, жақсы жаңаларға құштар болу;

  • мазмұндық элементтерді өзінің тұлғалық мәнділік мазмұнына айналдыра білу.

Дидактикалық функциялардың өзінің тұлғалық болмысының мазмұнының мәніне айналдыруда студенттің зияткерлігінің биік танымдық функциясы қалыптастырылады. Рефлексиялық сәті студенттің табиғатындағы өзін әлемнің, адамзаттың, табиғаттың, елдің, қоғамның, педагогикалық жүйенің және болашақ оқушысымен бірге өтетін субъект-субъектілік дидактикалық үдерістің келбетін санасында сәулелендіреді. Осындай биіктерге жеткізу үшін студентке ұсынылатын инновациялық әрекетке даярлау білімі мен дағдыларын қалыптастыратын әдістемелік мазмұны асқақ та шынайы болуы міндет.
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың дидактикалық негіздері қазыналы кен іспетті мол әрі оңтайлы сипатта болуы қажет деп саналады. Өйткені инновациялық әрекетке даярлауда бакаврлардың жас ерекшеліктері, білім деңгейі, ақпаратты қабылдау ерекшеліктері де үлкен орын алады. Сонымен бірге инновациялық әрекет шығармашылық деген нәзік тұспен байланысты болғандықтан, бакалавлардың жан-жақты даярлығына терең назар салып отыру керек.
Негізінде, дидактикалық үдерістің білім алушы мен білім берушінің арасындағы танымдық ерекше қырлары мол үдеріс екендігі белгілі болғандықтан, рухани тіл табысудың мәнісі зор екенін атап өту керек. Оқытушы болашақ инноватор ұстаз даярлап жатқанын тұрақты түрде есінде ұстай отырып, бакалаврларды дидактикалық үдерістің құндылық қырларын да түсіністікпен игеріп отыруға дағдыландыруы тиіс.
Адамзат жинаған мәдениетті инновациялық әрекет негізінде өзінің болашақ бастауыш сынып оқушыларына жеткізуші тұлғаның нақ өзі екенін студент университет кезінен бастап терең түсінуі керек. Сол кезде ол өзіне де, ұстаздарына да, меңгеретін білімі мен игеретін дағдыларына да, қоршаған әлеуметтік ортасы мен әлемге де, болашақта сыныпта қарсы алатын шәкірттеріне де құндылық деп қарайтын болады. Бұл пікірді метафоралық немес пафостық деңгейде емес, дидактиканың қуатты күшін аксиологиялық-акмеологиялық тұрғыдан тану деңгейінде айтып отырғанымызды атап өтеміз. Себебі, шындап келгенде, дидактикалық үдеріс – білім беруші ұстаз бен білім алушы шәкірттің арасындағы адамзат мәдениетін бір ұрпақтың екінші ұрпаққа жеткізу, санасына орнықтыру сәті.
Сөз бұл жерде болашақ бастауыш сынып педагогтерін сан қырлы инновациялық әрекетке даярлау үдерісінің «клеткасын» зерделеуде болып отырғаны белгілі. Ал осындай бағалы да маңызы терең дидактикалық үдерісті оқытушы қандай формада ұйымдастырғаны дұрыс болады десек, дәстүрлі дәріс, семинар, өзіндік жұмыстардың инновациялық қырларын танып, бір арнаға жүйелеу қажет болады [126].
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың дидактикалық негіздерінің орталығында арнайы білім мазмұны тұратыны анық. Бұл міндетті шешуде студенттерге оқылатын «Бастауыш білім беруде инновациялық әрекетке даярлау негіздері» тақырыбындағы элективті курстың құрылымы мен соған сәйкес мазмұны қалыптастырылды.

Қазақстандық және шетелдік педагог ғалымдардың Т.Сабыровтың [127], Н.Д.Хмель [128], Г.А.Уманов [128], М.Н.Сарыбеков [130], С.А. Ұзақбаева [131], Г.К.Нұрғалиева [132], Б.С.Гершунский [133], А.А.Вербицкий [134], С.И.Архангельский [135], Н.Р.Юсуфбекова [136] еңбектерінде көрсетілген ЖОО-да оқыту формаларын талдай келе, олардың дәстүрлі және заманауи оқыту формаларының өзара біріктіріле қолданылуы көбірек кездесетінін айтып кету керек.


Оларды бір жүйеге түсірілген келесі 14 суретте көруге болады.
Сурет 14 – Дәстүрлі және заманауи оқыту формалары

Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауда дәстүрлі классикалық дәрістер мен заманауи дәрістер формалары, студенттердің өзіндік жұмыс түрлі, білімді бағалаудың жаңа формалары кіріктіріле қолданылады. Дәрістерде, семинар сабақтар мен лабораториялық сабақтарда алға қойылған дидактикалық мақсаттарға қол жеткізілуі үшін ақпараттық-коммуникациялық құралдарды қолданудың рөлі ерекше. Бұл тұста да болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке даярлау қажеттілігі мен осы мақсат үшін арнайы жүйеленбеген, осы мәселені шешудегі тиімділігі анықталмаған дидактикалық шарттардың арасындағы қарама-қайшылықты жеңу міндетін шешу керек. Дидактикалық негіздердің кең және құнарлы мазмұнды болуы – болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау үдерісін мазмұнды және сапалы нәтижеге қол жететіндей формада ұйымдастырудың сенімді тірегі.


Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың дидактикалық негіздері келесідей маңыздылыққа ие болады.
Ең алдымен, болашақ студенттердің инновацияға, инновациялық әрекетке деген объективті қатынасын қалыптастыруда дидактикалық негіздердің сенімді болуы баса ескеріледі. Бұл жерде студенттің азаматтық жауапкершілігі мен әлеуметтік белсенділігі, мұғалімдік қызметке деген шынайы қызығушылығы мен оқытуға деген үлкен ықыласы болуы маңызды рөлге ие болады. Сонымен қатар, студенттің кәсіби шеберлігін әрдайым жетілдіріп, жаңартып отыруды тек жеке басының өсуі үшін ғана емес, қоғамның да дамуы үшін қажетті міндет деп түсінуі де студенттің жоғары жауапкершілігін, азаматтық тұлғасын танытады.
Жүйеленген дидактикалық негіздер университетте оқып жүрген бүгінгі бакалавр ертеңгі бастауыш сынып мұғалімі екеніне оқуға түскен сәттен бастап назар аудартып, келешек педагогтік қызметінде инновациялық әрекетті орындауға даярлауға тірек болуы тиіс. Осыған қажетті арнайы білім мазмұны мен керекті әдіс-тәсілдер, дағдылар меңгертілуі керек. Олардың ішінде келесідей кейбірін атап өтуге болады: педагогикалық қарым-қатынас, қазақ ұлттық педагогикалық қарым-қатынасын құра білу, болжам жасай білу, жоба құра білу, мобильді болу, ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен еркін жұмыс жасау, басқару, дамыту, рефлексия жасау және оқушыларға рефлексиялық тапсырмалар орындату, талдау жасау, өз бетімен білімін жетілдіру т.б.
Болашақ бастауыш сынып педагогін инновациялық әрекетке даярлаудың дидактикалық негіздері студенттерді келешек педагог кәсібінде инновациялық үдерістің белсенді субъектісіне айналуына сенімді тұғыр бола алады деп ойлаймыз.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет